
20 ақпан күні Алматыда сайлауға өзін-өзі ұсынған бір топ кандидат баспасөз мәслихатын өткізіп, халыққа арнап манифест жариялады. Елдегі өзгеріске тәнті тәуелсіз үміткерлер бұл сайлауға қатысу – Жаңа Қазақстан құруға құштар халыққа жауапты науқан екенін ескертті және журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берді. Төменде сол манифестің мәтіні толық жарияланып отыр.
Біз – сайлауға өзін-өзі ұсынушы тәуелсіз кандидаттар, елімізде нақты өзгерістер жасау үшін, біліміміз бен тәжірибемізді біріктірдік.
Бүгінгі жағдай тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдарға қарағанда әлдеқайда қиын. Қазба байлықтарымыз тоналды, жеріміз уланды, қазынамыз ысырап болды, ал келешек ұрпақтың болашағы бұлыңғырлана түсті. Еліміздің елдігі мен аумақтық тұтастығына қауіп төніп тұр.
Жері бай елдің халқын кедейлікке душар еткен ашкөздер Жаңа Қазақстан құруға қауқарлы ма? Жоқ. Себебі – билік тізгінін ұстағандарды халық таңдаған жоқ.
Біз әрбір қазақстандықтың мұң-мұқтажын түсінеміз, естиміз және сеземіз – біз сіздермен біргеміз! Біз мемлекеттік басқару жүйесінің неге ақсап жатқанын және оны азаматтардың игілігі үшін қалай жаңарту керек екенін білеміз. Мұндай міндетті тек ортақ мақсаты берік, қайратты, еркін жігерлі, өз саласының мықты мамандары ғана орындай алады. Демократияның жалғыз кепілі – әділ сайлау арқылы тікелей халықтың берген мандаты болғандықтан, әрбіріміздің өзгеріске жол ашуға мүмкіндігіз бар.
Біздің мақсатымыз – жаңа қоғамдық шарт қалыптастыру, яғни Парламенттік Республиканың Конституциясын жаңарту.
Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаттары ретінде бірінші кезекте мәжіліске оның заңнамалық және бюджеттік рөлін, ал мәслихаттарға жергілікті өзін-өзі басқару құзіретін қайтарамыз. Заң үстемдігі, мықты Парламент және есеп беретін үкімет орнату арқылы биліктің үш тармағының тежемелі тепе-теңдігін қамтасыз етіп қана қоймай, сонымен бірге төртінші билік саналатын бұқаралық ақпарат құралдарының да тәуелсіздік мәртебесін көтереміз.
Еліміздің басты байлығы саналатын жеріміз, қазба байлығымыз, табиғи ресурстарымыз, мемлекеттің басқарушы үстемдігіне қарамастан, тікелей халықтың игілігіне ғана жаратылуы тиіс. Себебі әр отбасының әл-ауқаты – ел байлығының негізі.
Ресурстарды бөлу тетіктері (салық, бюджет және ақшаны басқару) Парламент арқылы халықтың бақылауында болуы тиіс. Бүгінгі таңда ол тетіктер тек клептократтардың қалтасын қампайту үшін миллиондаған халықты қанауға ғана бағытталған.
- Біз аталған өзгерістерді жасау үшін, 5 өзекті қағидаға сүйенеміз:
1) Адам өмірін ең жоғары құндылық ретінде тану арқылы адам капиталын ұлтымызды біріктіретін әлеуметтік бағытқа жинақтау;
2) Өмір сапасын арттыру, тіршілік ету ортасын жақсарту және әрбір азамат үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыру;
3) Заң үстемдігін орнату, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету;
4) Ресурстарды әділ бөлісу, мемлекет үлесін мейлінше азайта отырып, ашық және шынайы бәсекеге қабілетті экономика құру;
5) Әділ сайлау процесі негізінде тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру.
Біздің әрқайсымыздың өз саламыз бойынша айтарымыз бар, бірақ елімізді жаңарту үшін бүгін бірігіп, бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығаратын кез туғанын түсініп, платформаларымызды біріктіріп жатырмыз.
Өзгерістер үшін әркімнің дауысы маңызды!.
Аятжан Ахметжанұлы
Батыр Адайбаев
Ермұрат Бапи
Санжар Боқаев
Ерлан Қалиев
Думан Мұхаммедкәрім
Арайлым Назарова
Мұхтар Тайжан
Айман Тұрсынқан
Сұлтанхан Жүсіп