Өнер мен мәдениеттің асыл мекені

Астананың мәдени жүрегінде ғасырлар бойы өнердің нәзік үндесуі жалғасып келеді. Қаламыздың музыкалық өмірін қалыптастырған, халықтың рухани қазынасы саналатын Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония – өнердің, мәдениеттің асыл мекені. 1998 жылы Астана қаласының Мемлекеттік филармониясы ретінде құрылып, кейінгі жылдары елорда мәдениетінің жарқын сәулетіне айналған бұл мекеме – өткен мен бүгінді, дәстүр мен жаңалықты бір арнада тоғыстырып, тыңдарман жүрегіне жол тауып жүрген өнер ордасы. 2014 жылы Мемлекеттік академиялық филармония мәртебесіне ие болып, 2021 жылы көрнекті қазақ композиторы Еркеғали Рахмадиевтің есімі берілген бұл мекемеде бүгінгі таңда 13 шығармашылық ұжым қызмет етуде. Сол ұжымдардың бірі де бірегейі – қазақ оркестрі ұжымы.

Оркестр тарихы сонау  1997 жылдан бастау алады. Оркестрдің алғашқы көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері- талантты музыкант әрі өңдеуші, педагог  Мұхаметқали Тналин болды. Кейін, 1998 жылы оркестрдің көркемдік жетекшісі қызметіне керемет музыкант, педагог, ұйымдастырушы, дирижер Мырзағали Айдаболов тағайындалды. Ең алғашқы концерт те сол жылы 7 сәуірде “Конгресс хол” сахнасында өткен болатын. Әр жылдары дирижерлік қызметте  Дәурен Ғылымов, Ерлан Бақтыгерей, Нұрлан Бекенов секілді талантты музыканттар, кәсіби дирижерлар  қызмет етіп, оркестр шеберлігін жоғары деңгейге көтере білді. 2008 жылдан бас­тап оркестрдің көркемдік же­тек­шісі әрі бас дирижері болып   Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері, «Парасат» орденінің иегері Айтқали Жайымов қызметке кіріскен еді. Ол кісінің ұлттық өнер үшін сіңірген еңбегі орасан зор десек артық айтқанымыз емес. Қазақ музыкасының шынайы сазы мен ұлттық дәстүрінің мәнін тыңдарманға жеткізуде айтарлықтай үлес қосып жүрген тау тұлға, аңыз адам. Оның басшылығындағы қазақ оркестрі бүгінгі таңда шетелдік сахналарда өнер көрсетіп,  еліміздің алдыңғы қатарлы ұжымдарының көшін бастап тұр.

Қазақ оркестрі ұжымы ұлттық өнерді дәріптеп, ұлттық үннің халық жүрегіне орнауы үшін еңбектеніп келеді. Ай сайынғы түрлі тақырыптағы  концерттер, іс- шаралар соның дәлелі болса керек. Осы наурыз айының өзінде бірнеше маңызды кештер, концерттер өткен болатын. Соның бірі- көктемнің алғашқы күндерінің бірінде өткен “Асыл қазына” атты Ботагөз Ташимованың жеке концерті.

Ташимова Ботагөз Махсұтханқызы 1983 жылы 17 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. 1989-2000 жылдары А.Жұбанов атындағы Республикалық музыкалық мектепте кобыз-примада Шуженова Ләззат ұстаздан білім алған. Кейін жоғарғы білімін белгілі қобызшы Раушан Мұсаходжаева сыныбында жалғастырды. Фуат Мансұров, Шамғон Қажығалиев, Айтқали Жайымов, Дүйсен Үкібай секілді белгілі дирижерлармен үлкен сахналарда өнер көрсеткен. 2002 жылдан Қазақ оркестрінің әртісі әрі сымқобыз тобының концертмейстері,  “Мәдениет саласының үздігі”, қобыз өнерін елімізде және шетелдерде танытып, дәріптеп жүрген алдыңғы қатарлы қобызшылардың бірі. Жеке кешінде ол қобыз сазының терең мәнін, оның жан тербейтін әуенін және философиялық тереңдігін көрсете білді. Шығармалар әрбір орындауында тыңдарманды қобыздың сырлы әлеміне елітіп, ұлттық мұраның сырын ашты. Концерттік бағдарлама қазақ музыкасының классигі Ахмет Жұбановтың «Вальсімен» басталып, Йоганнес Брамс, Сергей Рахманинов секілді композиторлардың шоқтығы биік туындылары орындалды. Қобызға арналған заманауи шығармалар да назардан тыс қалмады. Арман Жайымның «Күй дастан» фантазиясы қобыздың жаңа тынысын танытса, Еділ Құсайыновтың “Терме” шығармасы ұлттық бояуы қанық композиция ретінде кешке ерекше әр берді. Қобызшылар ансамблінің орындауында Астор Пьяцолланың “Акуласы” тыңдарманның ерекше қошеметіне бөленді. Концерттің көркемдік құрылымы, орындаушылардың кәсібилігі мен дұрыс таңдалған репертуар – бәрі де кешті ерекше деңгейге көтерді. Анар Межкенова, Арайлым Тұрмағанбетова, Алина Әуесхан, Толқынхан Самғар сынды өнер иелерінің қатысуы кештің көркемдік сапасын айшықтай түсті. Ұлттық мұрамыздың, әсіресе қобыз сазының асыл қазынасы дәріптелген сырлы кеш болды.

Елімізде Наурыз тойы осы жылы ерекше тойланды десек артық айтқанымыз емес. Табиғаттың жаңғыруы мен жаңа өмірдің қуанышы,  ұлттық дәстүрлер мен қазіргі заманның үйлесімі – бәрі бір арнада тоғысып, наурыз думанға ұласты. Осы ерекше мереке аясында Қазақ оркестрі түрлі бағыттағы концерттік кештер ұйымдастырған болатын.

Соның бірі 21 наурызда — EXPO көрме кешенінде өткен «Наурыз-думан» мерекесі. Бұл шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қатысып, ұлттық мерекенің мәнін арттырды. Наурыз жаршысы «Жарапазанмен» басталған концерт халық əндерінен құрылған попурримен жалғасын тапты. “Сараның əні”, “Желкілдек”, “Тəлім”, “Маржан қыз” əндері наурыз -думан көркін қыздыра түсті. Сонымен қатар, оркестр сүйемелдеуімен Айгүл Үлкенбаева, Абылай Тілепберген, Нұржан Тəжікенов “Шалқыма” күйін шалқыта орындады. Елімізге танымал бірқатар танымал әншілер де әннен шашу шашып, мереке көркін қыздыра түсті.

Және сол күні Ұлыстың ұлы мерекесі аясында бірлікті, ынтымақтастықты дәріптейтін «Достық сазы» атты концерт кеші де өткен болатын.  Халықтар арасындағы достық пен мәдениеттер үндестігінің нағыз көрінісі болған бұл кеште қазақтың ұлы күйшілері – Құрманғазы, Тәттімбет, Нұрғиса Тілендиев, Мұхаметқали Тналин күйлерімен қатар өзбек, әзербайжан, қырғыз, түрік, молдаван, румын, грузин және башқұрт елдерінің музыкалық туындылары тыңдарманға ұсынылды. Арам Хачатурянның əлемге əйгілі «Қылышпен билеу» шығармасы оркестрдің шеберлігі мен кəсібилігін көрсетті. Нұрлан Бекеновтың “ Тұғырлы хан” шығармасы сахнада алғаш орындалып, тыңдарманның ыстық ықыласына, зор қошеметке бөленді. “Достық сазы”- халықтар үнін біріктірген кеш болды.

 28 наурызда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Nauryz ball» атты салтанатты- дипломатиялық мерекелік балл өткен болатын. Бұл шарада Қазақ оркестрінің қобызшылар ансамблі белгілі композитор Сатжан Шаменовпен бірлесіп, халық әні “Әгугайды”  жаңа музыкалық өңдеуде тыңдарманға ұсынды. Дəстүрлі саздың заманауи интерпретациясы тыңдарманды ұлттық əуеннің жаңа бояуларымен таныстырып, ерекше əсер сыйлады.

Әр концертте қазақ оркестрінің кәсіби шеберлігі, шығармашылық жаңашылдығы тыңдарманға ерекше әсер етті. Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясырың қазақ оркестрі – өткен мен бүгінді жалғап, болашаққа сенім мен үміт сыйлайтын рухани көпір салуда. Ұлттық мұрамызды жаңғыртып, асыл құндылығымыз ұлттық музыканы болашақ ұрпаққа жеткізуде оркестрдің ұжымының еңбегі ұшан-теңіз. Оркестр ұжымына шығармашылық шабыт пен мол табыс тілейміз!

Кенжекей Әбілсейт

Республиканский еженедельник онлайн