10 БАЛАЛЫ ОТБАСЫ бір бөлмелі суық пәтерде КҮНЕЛТІП ЖАТЫР

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №44 (315) от 17 декабря 2015 г.

 

Тәуелсіздік күнгі суреттер

 

Тәуелсіздік күні қарсаңында Астанада шүлен таратылып, орден-медаль үлестіріліп жатқан кезде Шымкентте он балалы отбасы бір бөлмелі суық кепеде күн көріп жатқан еді.

 

10 балалы Қарлығаш Дәрібаеваның отбасы Шымкенттегі «Ынтымақ» шағын ауданында бір бөлмелі жер үйде тұрып жатыр. Кіреберістегі аядай дәліз – ас үй әрі аяқ киім шешетін орын. Қабырғасының сылақтары түсе бастаған негізгі бөлменің төрінде домбыра ілулі тұр. Сыз еденге жұқа кілемше төселген. Бір бұрышта балалардың кітап-дәптер, киім-кешектері салынған, есіктері сынған екі шкаф тұр. Босағада тұрған сандықта тозығы жеткен көрпе-жастық жиналған.

Қарлығаш Дәрібаева мен жұбайы бұл үйде үлкені 15 жастағы, кішісі 5 айлық 10 баласымен (жетеуі – мектеп оқушысы) бірге уақытша тегін тұрып жатыр.

– 12 жан бір бөлмеде тұрамыз. Қыздарым есейіп қалды. Бір бөлмеде ұйықтауға қысылады. Жатын бөлмеміз де, шәй ішетін, жуынатын, балалар сабақ оқитын бөлме де – осы жер. Үйіміз суық. Төсенішіміз де жұқа. Көрпе-төсегіміз бәрімізге бірдей жете бермейді. Балаларымның киімі де толық емес, – дейді Қарлығаш Дәрібаева.

Ол үйдің суықтығынан балалары ауруға шалдыққанын айтады. Аналарының сөзінше, балалардың бірі тұмауратып қалған, енді бірінің құлағына суық тиіп, асқынып кеткен.

Бірақ 10 баланың анасы Қарлығаш Дәрібаева бұл қиындықтардың бәрі уақытша деп біледі. «Алтын алқа» иегері ретінде айына 12 мың теңге, кенже қызы бір жасқа толғанша айына 17 мың теңге, күнкөрісі төмен отбасы ретінде айына 20 мың теңге көмек алатын, күзетші болып жұмыс істейтін ері 40 мың теңге ақша табатын ана басты уайымы баспана екенін айтады.

– Күйеуім жұмыс істеп тұрса, бала-шағасын аш қалдырмайды. Амалдаймыз ғой әйтеуір. Ең маңыздысы – бізге баспана қажет болып тұр. Балаларым суық үйден шетінен ауру тауып жатыр. Басқа пәтер жалдап тұрайын десек, 10 баланы естігенде, бәрі ат-тонын ала қашады, – дейді Қарлығаш Дәрібаева.

2012 жылы көпбалалы ана ретінде тұрғын үй кезегіне тіркелген Қарлығаш Дәрібаева биыл наурызда қала әкімдігінен хат алғанын, онда әкімдіктің «тұрмыстық жағдайыңызды ескере отырып, пәтер мәселесін 2015 жылы шешіп береміз» деп уәде еткенін айтады.

Қарлығаш Дәрібаеваның көпбалалы отбасы ретінде пәтер кезегіне 2012 жылы тұрғанын Шымкент қаласы әкімдігі тұрғын үй секторының меңгерушісі Гүлнәр Құдайбердіқызы да растады.

– Бүгінде әлеуметтік әлсіз топ ретінде тіркелген Қарлығаш Дәрібаеваның реттік нөмірі – 2721. Қалада 1145 адам көпбалалы отбасы ретінде пәтер кезегінде тұр. Кезекке тіркелген адамдар пәтерді кезек ретімен алады… Бұл топта 7600 адам пәтер кезегінде тұр. Қазір пәтер алуға кезегі келгендер – 1987–1990 жылдары пәтер кезегіне тұрған азаматтар. Ал Қарлығаш Дәрібаеваның кезекке тіркелген кезі – 2012 жыл, – дейді әкімдік өкілі.

 

Дилара ИСА,

Azattyq.org

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн