Айгүл БАЖАНОВА: Өнерің өміршең болса, АТЫҢДЫ ХАЛЫҚ ТАНИДЫ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №17 (288) от 29 апреля 2015 г.

 

Бейсенбідегі бетпе-бет

 

Тыңдарманы әндеріне құлақ құрышын қандырып тыңдайтын көпшілік қауымға өз есімі еміс-еміс естілсе де, әні «хитке» айналып үлгерген… Өнер әлемінде өзіндік қолтаңбасы бола тұра, «танымал» болуды қаламайтын… Туындылары тыңдарманның жүрегінен жол тапқан әнші…. Әндері тұнып тұрған лирика… Әншілердің өздері жаңа әндерін қояр да қоймай сұрап алатын…

Осының бәрі – бүгінгі «Бейсенбідегі бетпе-бет» айдарының қонағы, сазгер, әнші Айгүл Бажановаға қатысты өрбіген ойлар.

 

–Айгүл ханым, сіздің «хитке» айналған әндеріңіз бүгінде ел аузында жүр, бірақ сазгер ретінде өзіңізді көпшілікке танытуға ынтасыз сияқтысыз – осының себебі неде? Құлықсыздық па, әлде қарапайымдылық па?

– Жалпы, егер қатты қаласаң, орындалмайтын тілек болмайды дегенге сенем – тек таза көңіліңмен ниеттенсең болды. Демек, сіз сұраған жағдай танымалдылықты қатты қажет етпегендігім шығар. Мен үшін ең бастысы – кіршіксіз абыройым. Егер өнерің өміршең болса, сен қаласаң да, қаламасаң да, атың халықтың есінде қалары, тыңдарман ғана емес, барша жұртқа танымал боларың даусыз. Ондай адамды халықтың өзі «тауып алады»…

– Дегенмен, сіздің әншілік қабілетіңіз бола тұра, сазгерлікті жаныңызға жақын тартатын сияқтысыз: бүгінде танымалдық та, табыс та, атақ пен даңқ та әншінің үлесіне тиіп жатқанда, сіздің бұл таңдауыңызды қалай түсінуге болады?

– Бұл да алғашқы сұраққа берген жауабымның жалғасына байланысты жағдай: әншілік қабілет тұрмақ, даусым да, «слухым» да өте жақсы дамыған. Оны мен емес, музыка мамандары айтады. Сезімталмын. Тек әншіліктің қыр-cырын меңгеріп, оқуын оқып алсам, сыршыл әндердің әдемі орындаушысы болып шыға келемін. Бірақ мен өзімді алдымен сазгермін деп санаймын. Содан соң менің әндерім аса бір «тойдың әндері» емес: біреуге ұнау үшін немесе тойда билеуге арнап жазбаймын. Мүмкін, содан болар, әндерімді жалпы халық түсіне бермейді. «Ештен кеш жақсы» демекші, қазіргі жұрттың қалыптасқан талғамына сай сұранысқа ие әндерді де жазып, жайлап орындап жүрген жайым бар.

– Ал сіз Қазақстан композиторлар одағына мүше болуға талпыныс танытып көрмедіңіз бе?

– Композиторлар одағына мүше болу үшін кәсіби сазгер болуым керек, яғни музыканы нотамен жазатын, музыкалық сауаты жоғары маман болуым қажет. Композиторлар одағына мүше сазгерлер мен сияқтыларды менсінбейді – «әуесқой» деп атайды. Бәлкім, бұл дұрыс та шығар…

– Айтпақшы, тойдан табыс тауып жүрген бір әріптестеріңіз шығармашылық иелерінің басын қосатын Композиторлар одағынан гөрі, көлденең көк атты көлбеңдеп жүрген бүгінгі шоу-бизнесті жоғары бағалайды екен. Бәлкім, бұл, шынында да, дұрыс таңдау шығар, қалай ойлайсыз?

– Композиторлар одағындағы табыстан мүлдем хабарым жоқ. Алайда Авторлар қоғамынан гонорар алып тұрамын. Менде негізі табыс қууға деген «ептілік», «икемділік», «пысықтық» жоқ: шоу-бизнесте де көп қаражат болмағаннан кейін, «лыпылдақ» болуың керек сияқты. Ондай қасиеттер бойыма дарымаған соң, жаратқанның бергенін қанағат етем. Не де болса, бұйыртар несібеге еңбегім арқылы жетсем деймін.

– Елді экономикалық дағдарыс жайлап алса да, биылғы Қой жылы әншілер бірінінен соң бірі Алматының Республика сарайында концерттерін беріп жатыр. Ал сіздің жеке концертіңізді күтіп жүрген тыңдарманыңызға не уәж айта аласыз?

– Концерт беру ойымда бар. Оған қадам жасап жатырмын. «Хит» болған бір әні үшін концерт беріп жатқандарды да көріп жүрмін. Олар үшін мен ұяламын. Халық сусындап, рухани байып, көңілдері марқайып, бір деммен бастап, бір деммен аяқтайтындай, ғажайып бір көңіл-күйде кететіндей кеш өткізбеген соң, елдің мазасын алып, не ұйқысы келгенше қинайтындай кеш өткізгенше, оны өткізбеген жақсы. «Сабақты ине сәтімен». Жақын арада концертімді беретініме сенемін. Менің сахнадағы концертімді анашым көріп кетсе – арманым сол.

– Қазақ эстрадасын «жаулап алған» «әу» деуден арғысы жоқ бала-шаға қазақ әнінің қадірін кетірген жоқ па?

– «Бала-шаға» деп, бөліп-жарғым келмейді. Бірақ, шынында, өнерді коммерцияға айналдырып алдық. «Фейс», «формат» деп жүріп, небір талантты жастарымызды жоғалтып алып жатырмыз.

Өздерінде қаржы жоқ, ешкім көмектескісі келмейтін небір талантты жастарды көріп, қалталы азаматтардың есігін солар үшін қағып, солар үшін көмек сұрағым келеді.

Өнер, оның ішінде ән өнері – елдің дәрежесін көтеретін, рухани қуаттандырып, мәдени тарихын қалыптастыратын бірден-бір дүние деп қарасақ, өз тамырымызға өзіміз балта шауып жатқанымызды түсінуіміз керек. Мемлекет, қоғам тарапынан қамқорлық қажет-ақ.

– Бүгінгі әншінің бағын ашатын, оны танымал ететін дауысы мен таланты емес, «әу» деуіне келе қалған әннің құдіреті деген пікірге қандай ой айтар едіңіз? Мысалы, «аспанға қарап жүріп» атаққа ілінген әншілер бар ғой…

– Ойыңызды түсіндім… Мен ешкім жайлы оғаш пікір айтпай-ақ қояйын: өзім үшін ғана жауап берейін. Бұл қажеттіліктен туған құбылыс шығар. Қарапайым халықтың бәрінің «слухы» жоғары дәрежеде емес, музыкалық қабылдау мәдениеті әлі төмен: бүгінгі көпшілік жұрт «тарсылдақ», тез жатталатын, 3–4 нотадан аспайтын әндерге әуес. Сондықтан тойларда да ешнәрсе ойламай, көңіл көтергісі келетін шығар. Әншілер де күнкөрістің қамымен сол сұранысқа сай жұмыс істейді. Сондықтан оларды қинай алмайсың. Уақыт өте бәрінің қалыптасатынына, өсетініне сенемін.

– Қазір өзі – ақын, өзі – композитор, өзі – әнші «әмбебаптар» қаптап кетті. Соның салдарынан әнсымақ әуендер қазақ эстрадасын «ауылдың алты ауызы» деңгейіне түсіріп жіберген жоқ па?

– Ия, ол рас. «Сатып алғанша, өзім жазып алмаймын ба?» – деген де пікірлерді естіп, таң қалдым. Сонда ән жазу оп-оңай дүние болғаны ғой. Мұндай сауатсыздықпен өспек тұрмақ, одан арыға құлдырап кететініміз анық. Менің атыма, жазған дүниеме қызығып, «мен де ән жаза бастамасам» деген қыз-жігіттерді де көрдім.

Мен ән жазуды кеше, не бүгін бірден бастап кеткендей көреді. Рухани бос кеудеден қандай ән шықпақ сонда? Тіпті маған «ән жазыңыз» деп, жұтаң-жұтаң өлең мәтіндерін де тықпалап жатады. Ұнатпасаң – жатып келіп ренжиді. Ән сұрап тұрған өлең болса, ән өзі-ақ шығады.

– Ал осы әншілік, ақындық және сазгерлік тізгінді бірдей алып жүрген әріптестеріңізден кімдерді бөле-жара атар едіңіз?

– Әлбетте, Ақмарал Леубаева, Индира Елубаева, Бауыржан Есебаев, Жарылқасын Дәулетов… Ал Роза Әлқожа да өлеңін өзі жазады: оның ақындығы басым.

– Қырғыз елі әнді айқайлап айтуға тыйым салыпты деген әзіл шығып жүр. Себебі дауыстары қатты шығып кетсе, қазақтар естіп қойып, «жиендік» жасайды, әнімізді ұрлап алады деп қорқады екен. Осы әзілдің астарында ақиқат бар ма?

– Шынында, қырғыздың әндері әуезді әрі әдемі. Көршілес болған соң ба, әлде этникалық ұқсастық па екен – әндері қазаққа жат емес, құлаққа өте жағымды. Қырғыз елінің әндері сіңісті болып кеткені өтірік емес. Оның үстіне – арзан. Ондай дайын дүниеден кім қашсын?!

– Президенттік сайлаудан кейін елде қандай өзгерістер болғанын қалар едіңіз?

– Пәлендей өзгеріс болады деп ойламаймын. Бастысы – тыныштық, ынтымақ-бірлік сақталса болды. Әркім өз ісінің жетік маманы болса, елі үшін қызмет жасаса, жастар білім алуға ұмтылса, намысты болса, Отанын, елің сүйсе – бәрі жақсы болатынына сенемін.

– Айтпақшы, құпия болмаса, сайлауда сіз кімге дауыс бердіңіз? Не үшін?

– Әрине, қателік шығар: мен сайлауға дауыс беруге бармадым. Алдын ала шешіліп қойған нәрсеге не деп барамын?!

Сұхбаттасқан –

Жансая ЕРТАЙ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн