25 ЖЫЛДЫҚ ЖЫР осы сайлаумен түгесіліп тына ма?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №08 (279) от 26 февраля 2015 г.

 

Шолу

 

Сайлау келсе, ел іші бүлінеді деп ұлы Абай айтып кеткендей, Қазақстан қоғамы мерзімінен бұрын болар сайлауға бола шала бүлініп-ақ жатыр. Бірақ, сарапшылардың пікіріне қарағанда, бұл тағы да Қазақстанда қалыптасқан ішкі-сыртқы саяси-экономикалық жағдайды нақты шешуге ықпал етудің орнына, әншейін шаң шығару ғана болатын ойын сыңайлы. Себебі осыған дейін де болған бірнеше кезектен тыс сайлау елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартып, саяси ахуалға өзгеріс әкелгенін қоғам көріп отырған жоқ.

 

1990–1991 жылдардағы сайлау

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде депутаттардың дауыс беруімен өткізілген тұңғыш президент сайлауы мұнан тура ширек ғасыр бұрын – 1990 жылы болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Бұл сайлауда Назарбаевқа балама үміткер болмаған. Әлі президенттік институт құрылмаған Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаев әрі Компартияның бірінші хатшысы, әрі президент болып, өтпелі билік біраз уақытты бастан кешкен.

Дүниежүзілік қауымдастық, әсіресе Батыс бұл сайлауды тек 1991 жылы мойындаған болатын. Бұл тұста Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, Батыстың көңілінен шығып тұрған кезтұғын.

Ал 1991 жылдың қазан айында жарияланып, 1 желтоқсан күні жалпыхалықтық дауыс берумен өткен президенттік сайлауда Назарбаев тағы да баламасыз үміткер болды. Дұрысында, сайлауға о баста үш кандидат түсіп, баламалы сайлау өтетін болған: президенттікке кандидаттардың бірі – бүгінгі Нұрсұлтан Назарбаев, екіншісі – «Невада-Семей» қозғалысының лидері, ақын Олжас Сүлейменов, үшіншісі – диссидент, желтоқсаншы қоғам қайраткері Хасен Қожахмет.

Бірақ Олжас Сүлейменов сайлауға қатысудан бас тартты, ал Хасен Қожахмет «халықтан тиісті мөлшерде қол жинай алмағандықтан», Орталық сайлау комитеті оны үміткерлер тізімінен алып тастады.

Сөйтіп, Коммунистік партияның өкілі Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның бірінші президенті ретінде билік басына келді.

 

1995 жылғы референдум

1991 жылдан соң, Қазақстандағы кезекті президент сайлауы Конституциялық талап бойынша 1996 жылы өтуі тиіс еді. Бірақ ол 1999 жылы бір-ақ өткізілді.

Бұл кезең Кеңес Одағы көлемінде түрлі байланыстар үзілген, дағдарыс және қайта құру кезеңімен есте қалғаны белгілі. Осы жылдары Грузия, Әзірбайжан басшылары тақтан тайдырылып, Беларусь пен Балтық жағалауы елдерінде, Тәжікстанда билік ауысты.

Қазақстан үшін бұл кезең жаппай партия құру кезеңімен есте сақталады. Бірақ, айналып келгенде, биліктегі президенттің өкілеттілігін ұзартудың жолы партиялар арасындағы бәсекелестік бойынша емес, референдум арқылы іске асырылды.

1994 жылы Қазақстанда Жоғарғы кеңес сайлауы өтті. Ал 1995 жылдың басында, кандидаттыққа депутат болған Татьяна Квятковскаяның шағымы бойынша, сайлау қорытындысы заңсыз болып табылып, Жоғарғы кеңес таратылды.

1995 жылдың наурыз айында ҚХА (Қазақстанның халықтар ассамблеясы) құрылып, іле-шала, осы ассамблеяның ұсынысы бойынша, президент өкілеттілігінің мерзімін ұзарту үшін референдум өткізуге ұсыныс жасалды. Оның қорытындысы бойынша, Қазақстан президентінің өкілеттілігі 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартылды. Конституцияда алғаш рет басқарудың президенттік моделі жасалды.

Осы тұста Қырғызстан мен Өзбекстанда да президенттер референдум жолымен өкілеттіліктерін ұзартқан еді. (Орта Азия мемлекеттерінің арасынан сол 90-жылдары тек Сапармұрат Ниязов қана бірден халықтық сайлауға түскен-ді). Ресми Қазақстан болса, референдумды «Орта Азия бойынша аймақтық ішкі тұрақтылықты сақтау үшін» деп тұжырымдады.

Қазақстандағы президенттік сайлау мерзімі 2000 жылға белгіленгенімен, ол тағы да өзгерді. Дұрысы – өзгертілді.

Бұл кезең Қазақстан үшін азиялық қаржы дағдарысымен тұспа-тұс келеді. Елде наразылық белгілері таныла бастаған соң, тез арада қоғамда жағдай біршама тұрақты және тыныш болып тұрған кезде сайлау өткізуге шешім қабылданды.

1998 жылы – «саяси реформа» жылы деп аталып, 1999 жылдың қаңтар айында мерзімінен бұрын сайлау өтті. Өзге сайлаулармен салыстырмалы түрде алғанда, бұл аса тартысты өткен сайлау болды. Бұл сайлауда Назарбаевтың ең күшті қарсыласы ретінде Серікболсын Әбділдин танылды.

 

2005 жылғы сайлау

Бұл – заңда белгіленген өз уақытында өткен сайлау болды. Ол кезде президенттің сайлауалды дайындығы жарты жылға жалғасты. 2005 жылдың жаз айында президент елдің барлық аймақтарын аралап шықты. Бұл кезеңнің өз ерекшелігі – кешегі Кеңес кеңістігінде түрлі-түсті төңкерістер орын алған болатын. Бұл билік үшін – «төңкеріс атаулы адамдарға кедейлік пен жоқшылық, қан мен көз жастың төгілуін әкеледі, жаппай тәртІпсіздік орын алады» деп, үрейді жарнамалауға мүмкіндік берді. Осы жылдардан бастап қоғамды қорқытып билеу дәуірі басталды.

 

2011 жылғы сайлау

Кезекті сайлау – 2012 жылы өтуі тиіс еді. Бірақ бір жыл бұрын тағы да саяси ауыс-түйістер басталып кетті. Бұл жолы президенттің өкілеттілігін біржола ұзарту туралы, яғни мәңгілік президент етуді ұсынған бастамашыл топ пайда болды. Бір жағынан, осы уақытқа дейін қарсыластарына «дес бермей» келе жатқан президентті біржола мәңгілік президент ету дұрыс деген насихат тарады.

Бірақ мұндай ұсыныс іске асатын болса, ол дүниежүзілік қауымдастықтың сынына қалатыны да анық еді. Сөйтіп, Конституцияға тағы да өзгеріс енгізілді – президенттің өкілеттілік мерзімі қысқарды. Сол кезде президент сайлауын мерзімінен тыс өткізу «қажеттігі» туындады.

2011 жылдың сәуір айында президенттікке сайлау мерзімінен бұрын өткізілді.

 

«Мерзімінен бұрын…» деген не?

Осы заңды белден басулардың бәрінен соң, президенттікке сайлаудың кезектен тыс өту дүрмегінің бүгінгі дабырасына да таңдануға болмайды.

Бүгін Қазақстан қаржы нарығы кезекті девальвация алдында тұр. Үкімет үшін девальвацияны уақытша ноқталай тұру – сайлау өткізу үшін қажет екені де жасырын емес. Халық құны құлдырап бара жатқан теңгеге сенбей, доллар сатып алып жатса, билік «Нұрлы жол» бағдараламасы арқылы ел экономикасын долларсыздандыру науқанын бастады. Шығыс пен Батыстың арасындағы тартыс күшеюде. Қазақстанның өзара саудадағы басты әріптесі Ресейге деген Батыстың санкциясының салдары қазақстандық кәсіпкерлерді де қысып барады.

Жалпы, «кезектен тыс сайлау» дегеніміз не? Ол қандай жағдайда өтуі мүмкін?

Халықаралық түсініктер бойынша, ресми билік органының немесе билік өкілінің өкілеттілігі белгіленген мерзімнен бұрын тоқтауы салдарынан өтетін сайлау «мерзімінен тыс» болып табылады.

Бірінші жағдайда– өкілетті органдардың таратылуы кезектен тыс сайлау өткізуге себеп болуы мүмкін. Ал жеке адамның өкілеттілігіне келсек, сайланған адам отставкаға кетуі мүмкін. Осындай кезде және өкілетті адам қызметінен ерікті түрде бас тартқан кезде өкілетті тұлғаның мезгілсіз қазасына байланысты кезектен тыс сайлау өткізу орын алады.

Кезектен тыс сайлау өткізу тәртібі әр елдің өзінің ішкі заңдылықтарына бағынады. Мысалы, парламенттік республикаларда кезектен тыс сайлау – үкімет отставкаға кеткен соң өтеді. Кезектен тыс парламент сайлауы деген сөз – палатаны тұтасымен қайтадан сайлау деген сөз.

Егер сайлау бірнеше депутатқа қатысты болса, ол қосымша сайлау деп аталады. Сондай-ақ кезектен тыс сайлау – саяси шешімдерді жүзеге асыру ғана емес, үкіметтегі дағдарысты шешудегі күрес әдісі де бола алады. Мемлекет басшысы немесе үкімет парламентті тарата отырып, өзінің заңдық өкілеттілігін бекіте түсу үшін, кезектен тыс сайлау жариялайды. Басқа елдерді айтпағанда, Ресейде Борис Ельциннің отставкаға кетуінен соң жарияланған мерзімінен тыс президент сайлауы бұған мысал бола алады.

Бірқатар демократиялық елдерде «кезектен тыс сайлау» деген түсінік саяси терминологияда мүлдем қолданылмайды. Мәселен, АҚШ-та президент өз өкілеттілігінен мерзімінен бұрын бас тартатын болса немесе әлдебір саяси тартыстар салдарынан өкілетті қызметін тоқтатуға мәжбүр болса, белгіленген президенттік мерзім аяқталғанға дейін, барлық мемлекеттік құзырлы жауапкершілік вице-президентке жүктеледі.

Парламенттік-демократиялы Жапонияда үкіметтің отставкаға кетуі – кезектен тыс парламент сайлауын өткізуге себеп бола алмайды. Керісінше, парламент сайлаған жаңа премьер-министр жаңа кабинетті жасақтайды.

Ал біздегі кезектен тыс сайлаулардың өзіндік «ұлттық ерекшеліктері» қандай? Бізде 2010 жылы түрлі қитұрқы саяси амалдармен ҚР президентіне елбасы – «лидер нации» деген атақ берілді. Ал мұнан бұрын, яғни 2007 жылы парламент бүгінгі бірінші президентке сайлауға шексіз түсуге келісім беру туралы шешім қабылдады. Соған қарамастан, Конституцияның 42-бабы бойынша, бір адам екі мерзімнен артық президент бола алмайды. Бұл енді бүгінгі президент емес, одан кейінгілерге қатысты заң талабы болмақ.

Дегенмен, бүгінгі сайлаудың, қалай болғанда да, қазіргі президент үшін соңғы сайлау екенін саясаттанушылар жиі айтып жатыр. Белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаевтың айтуы бойынша, осы кезектен тыс сайлаудан соң, билік басына мұрагер іздестіру белсенді түрде жүргізілмесе, биліктің бір қолдан екінші қолға заңсыз өтуі орын алуы әбден мүмкін көрінеді.

Тағы да тәуелсіз сарапшылардың пікіріне қарағанда, біздің елдегі әлеуметтік-экономикалық ішкі дағдарыс жағдайымыз сайлауға қарап қалған жоқ. Сондықтан, тағы сол саясаттанушы Досым Сәтбаевтың айтуы бойынша, сайлау өтеді, бірақ сайлаудан кейін ел ішінде қандай жағдай орын алады, бұл – үлкен сұрақ…

Гүлмира

ТОЙБОЛДИНА,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн