40 үйден тыйым… «ШАЛДАРҒА» АРНАЛАДЫ

Қарап отырсам, Теңіздегі жағдайдан кейін бәрі әйел тәрбиесімен, қыз тәрбиесімен айналысып кетіпті. Ақыл айтқыш еркек, диван батырлары көп-ақ.

Біз негізі өте екіжүзді қоғамда өмір сүреміз. «Қыздарды сөйту керек, келіндерді бүйту керек» деп, шұбар-шұбар мақала, пост жазып жүрген ағашкалардың біраз бөлігі шын өмірде сол жастарға теріс үлгі боп жүргендер. Үйлерінде қыз тәрбиелеп отырады, ал ұжымда жап-жас қыздарды белінен, қолынан ұстап, анайы әзілдерімен бәрін қарқ қылдым деп ойлайды.

Харрасмент еліміз үшін өте өзекті мәселе! Бұл жабық тақырып. Оны қозғау қоғамға қарсы қылмыс. Біз патриархалды қоғамда өмір сүреміз. Қандай салада болмасын, бастық болған әйелдерге қарасаңыз, не біреудің әйелі болғаны үшін, не тоқалы (көңілдесі) болғаны үшін немесе еркекпен теңдей дәрежеде сөйлей алатын, жеке өмірін ұмытқан, ана болу бақытынан қол үзген жанкешті «юбкадағы Шварценеггерге» айналғаны үшін үлкен қызметке жеткенін байқайсыз. Қоғам сондай. 

Кейбір шалдар ФБ-да қылжақтап отырады… Жас жігіттер де, орта жастағылар да үйде келіншегі толғатып отырғанына қарамастан, көзін сүзіп қояды ақ некеден үмітті бойжеткендерге. Қызды, әйелді жөнге салып, тәрбие көрсеткілерің келеді-ақ, ал өз нәпсілерің тәрбиеленген бе? Өз құмарлықтарың тізгінделген бе? «Шешеңнің» деп боқтанасыңдар, бірақ өз аналарыңа тіл тигізіп отырғандарыңды білмейсіңдер. Бәрің ақыл айтқышсыңдар. Тіпті теріс ағымдар бүкіл қазақ қыздарын алып, қара ниһабқа орап тастағысы келеді. Сосын «4 әйел алу лимитінен» де асып, 16 рет үйленгісі келеді… (көз алдымызда БАҚ-тан талай сорақылықты көрдік қой). Ешбір ағымға жатпайтындардың әйелге деген құрметі пафос сөздермен шектеледі. Болды! 

Сондықтан, айналайын әпке-сіңлілерім, харрасментке жол бермеңдер! Ешкімнің сізге зат ретінде қарауға қақысы жоқ! Сіз Тұлғасыз! Ешкімнің де сіздің қолыңызды ұстауға, құшақтауға, басқа да теріс әрекеттер жасауға қақысы жоқ. Сотқа беріңдер. Прецедент жасаңдар. Қоғам сондай деп, өз армандарыңнан бас тартпаңдар дегім келеді. 

Жезөкшелер арабта, шешенде жоқтай, басқа ұлттарды үлгі еткен посттарды көрсем, бәрін банға тығам. Ата-баба жолымен, өнеге-өсиетімен жүрсек, қазақтан таза халық жоқ. Абай атамыз айтқандай, күніне, аптасына, айына, тым құрығанда жылына бір рет есеп алыңыздар өздеріңізден. Еске түсіріңіздер, қанша қызға құрғақ уәде беріп, көз жасына қалғаныңызды… 

Содан кейін ғана қазақ қызының намысы туралы сөз ете аласыз ба, жоқ па – белгілі болады…

Кәмшат ТАСБОЛАТ

Республиканский еженедельник онлайн