Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа арналған «қазан жолдауында» аймақтық әкімдердің қызметтерінде қалу-қалмауын «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының орындалу барысымен бағалайтынын айтқан еді. Ал биылғы көктемнен бері қолға алынған бұл бағдарламаның орындалу жағдайы қалай?
Инвестиция және даму министрлігінің деректеріне қарағанда, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламамен баспанаға ие болу мүмкіндігі 4,6 миллион қазақстандыққа ғана бұйыратын түрі бар. Министрліктің Құрылыс істері жөніндегі комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің парламент депутаттарына берген түсініктемесіне қарағанда, елдегі 18,3 млн адамның 13,7 миллионының мүмкіндігі шектеулі екен: 3,7 миллионның мойнында банкілік несие бар, 15 жасқа дейінгі балалар – 5,3 млн, өз күнін өзі көргендер – 2,1 млн, зейнеткерлер – 2,1 млн, 250 мың адам банкіге қарыздар, студенттер – 500 мың.
Яғни, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы халықтың барлығын баспанамен қарық қылуы мүмкін емес. Оның үстіне қазақстандықтардың бұл бағдарламаға қатысты сұрақтары да аз емес. Оларды қандай банктер арқылы несие рәсімделеді, алғашқы жарна көлемі қандай және пәтерге қол жеткізу үшін қанша жалақы алу керек деген сұрақтар толғандырады. Құрылыс компаниялары, қаржы институттары тарапынан түскен ақпараттар БАҚ беттерінде жиі бұрмаланып жатады. Ең бастысы – банкілік несиесі өтелмеген азаматтар бағдарламаның берерінен қағылуы әбден мүмкін.
Бұл екі арада «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына алдын ала төлем жасау үшін, қазақстандықтарға тұрғын үй сертификаттары беріледі, деп хабарлайды «Баспана» ипотекалық ұйымның баспасөз қызметі.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауының аясында берген тапсырмасын орындау үшін алдын ала төлемді азайтуға кемінде 50 мың тұрғын үй сертификаты шығарылады. 2018 жылдың соңына қарай қазақстандықтарға 10 мыңға жуық сертификат беріледі», – делінген хабарламада.
Солай бола тұрса да, жеңілдетілген ипотекалық несие беру барысы батпаққа батып жатыр. Неге?
«Жұмыс істейтін жұрттың бәріне қолжетімді болады деген жаңа ипотекалық бағдарлама өтірік екен. Табысы төмендер оған қатыса алмайтын болып шықты», деп жазады бұл орайда Іnformburo.kz порталы.
Бұл бағдарламаны дардай қылып «7-20-25» деп жазады порталға сілтеме жасаған 365info.kz. Ипотеканың жеңілдік шарттары ертегі сияқты естілген. Бізде негізі ипотекалардың ставкалары өте жоғары, ал мына ресми инфляциямен деңгейлес 7 пайыздық арзан несиеге бәріміз қуанып-ақ қалғанбыз.
Бірақ мұндай кең ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруға арзан, әрі ұзақ ақша керек. Ондай ақша теорияда – не Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорында, не Болашақ ұрпақтар қорының резервтерінде, не Ұлттық банкте болуы мүмкін. Билік уәде берді ғой, енді орындайтын шығар деп сенгенбіз…
Енді ол ертегінің өтірік екені ашыла бастады. Бағдарламаны жүзеге асыратын оператор әрі бекітілмеген. Несие лимиті, бағдарламаға қатысатын баспананың қандай талаптарға сай болуы тиіс екені де белгісіз.
Нешетүрлі ұсыныстар болды. «Нұр Отан» партиясы тіпті ипотекалық несие бойынша алғашқы жарна ретінде зейнетақы жинағындағы ақшаны пайдалануға мүмкіндік беруді ұсынған болатын. Ең қызығы, «7-20-25» бағдарламасындағы «жұмыс істейтін әрбір қазақстандық алатын болады» деген негізгі идея қатты өзгеріп кетті. Енді ол әрбір қазақстандықтың қолы жетпейтін бағдарлама болып кетті.
Алдымен қазақстандықтарды «ушлыйлар» мен «ушлый еместер» деп екіге бөліп тастады. «Ушлый» дегені – өз атында кез келген баспанасы бар адам. Оның қандай күйдегі баспана екенінде ешкімнің шаруасы жоқ. «Күрке болса да, үйің бар екен, сен «ушлыйсың», аулақ жүр» деп, ондай азаматтарды бірден аластатты. Сонда тар пәтерде тұратын отбасы бағдарламаның көмегімен үйін кеңейте алмайтын болды. Сосын бағдарлама бойынша тек жаңа үйлер беріледі деді, өзіңізге ұнаған ескілеу баспананы ала алмайсыз. Ең соңында баспана құнына да өңірлер бойынша шектеу енгізді – Астана, Алматы, Ақтау мен Атыраудың лимиті 25 миллион теңге, қалған өңірлерде – 15 миллион теңге.
2018 жылғы маусымның соңында «7-20-25» бағдарламасы толықтай әзірленді. Сондағы нәтижесі мынау: мен, 15 жыл бойы тоқтамай жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан азаматы, баласы бар жас отбасы, бұл бағдарламаға қатыса алмайды екенмін. Өйткені «ушлыймын». Екі бөлмелі тар пәтерім бар. Соған мәз болудың орнына үш бөлмелі пәтерді армандауға маған не жорық?
Сонда «әрбір жұмыс істейтін қазақстандыққа» арналған бағдарлама – қандай бағдарлама?
2018 жылдың 20 тамызында Ұлттық банк «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1 мың 26 өтінішті мақұлдағанын мәлім етті. 18 миллион халық үшін бұл аз ба, көп пе? Мақұлданған өтініштердің жалпы сомасы – 11,9 миллиард теңге.
Сонда ипотекалық несиенің орташа бағасы шамамен 11,6 миллион теңге екен. Егер оған 20 пайыздық алғашқы жарнаны қоссақ, «7-20-25» бойынша алатын үйіңіздің жалпы құны 14,5 миллион теңге, немесе қазіргі бағам бойынша шамамен $40 000 болады.
Ақыр аяғында жылына 7 пайыздық 11,5 млн теңгенің несиесі деген мынадай болмақ:
• 25 жылда төлейтін проценттеріңіз 12 млн 995 916 теңге;
• жалпы 24 млн 595 мың 916 теңге төлейсіз;
• 300 рет ай сайын 81 986 теңгеден төлеп отырасыз.
Банкте жұмыс істеген тәжірибем бойынша, несие бойынша ай сайынғы төлем максималды дегенде қарыз алушының табысының 30-50% болуы тиіс. Өйткені қарыз алушы мен оның отбасы мүшелерінің өмірлік мұқтаждықтарына ақша қалуы керек. Бұл дегеніміз, ондай несие алушының айлығы 164 000 – 273 000 теңге шамасында болуы қажет.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетіне сенсек, 2018 жылдың бірінші тоқсанында орташа номиналды жалақы 158 000 теңгені құрап, жан басына шаққандағы орташа ақшалай табыс шамамен 84 000 теңгені құраған.
Ресми статистикамен дауласпай-ақ қояйық. Бірақ соның өзі жұмыс істейтін орташа қазақстандықтың «7-20-25» бағдарламасы бойынша орташа статистикалық несиені төлеуге күйі келмейтінін көрсетеді. Нәтижесінде қолжетімді ипотека бар, бірақ оған кол жеткізуге жағдайы жететін адамдар жоқ» – деп қорытынды жасайды 365info.kz.
Сонда, тәуелсіз сарапшылар мен қаржыгер-мамандардың пікірін саралай келгенде, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы кім үшін жасалған деген сұрақ туындайды. Білікті ақпарат көздерінің ақпарына сүйенсек, бұл бағдарлама бірінші кезекте құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған.
Ал бұл индустрияға негізінен биліктің өкілдері өздерінің ірі-ірі құрылыс компаниялары арқылы қожайындық жасайды. Түптеп келгенде, елдегі негізгі қаржы институттары – екінші деңгейлі банктердің барлығы Ақордалық биліктің бақылауында. Бұдан шығатын қорытынды – елдегі банкілік капиталдың иесі өзінің бақылауындағы қаржыны өз құрылыс компанияларына құю арқылы жеке активтерін еселей түспек.
Бұдан қара халыққа қандай пайда түспек? Әрине, 365info.kz жазғандай, «ушлый еместер» қолжетімді баспанаға ие болуы мүмкін. Бірақ олардың саны – елдегі 18,3 миллион халықтың 4,6 миллионы ғана. Ал қалғандары жоғарыда көрсетілген себептермен жеңілдетілген ипотекалық несиеден қағылғандар қатырына қосылады. Олардың қатарына ептеп-септеген баспанасы бар «ушлыйларды» қосатын болсақ, бұл бағдарламаның несібесіне Қазақстан халқының 30 пайызға жетер-жетпесі ғана ие бола алады.
Бірақ бұл жоба банкілік капитал мен құрылыс индустриясы арасындағы қаржылық қисап арқылы жүретін болса, екі тізгінді қатар ұстап, халықтың есебінен пайда таппақ болған негізгі акционер/акционерлер бұл шектеуге көне ме? Мәселе осында. Ал бұл қисаптың арғы барысы қалай болады – ол негізгі акционердің пәрменіне қатысты болмақ. Бір жағынан, оның бақылауындағы банкілерге қарыздар несиегерлердің саны көп, екінші жағынан – халықты қолжетімді баспанаға кенелту арқылы өз есебін түгендеуге деген ындыны қатты: ал таразының екі басындағы бұл таңдаудың түбі не болады – оны жыл аяғына дейінгі уақыт көрсетеді.
Сырым ДАТОВ
(медиа-проект «DAT» №38 (450) от 25 октября 2018 г.)