ӘЙТЕЙДЕГІ ӘУРЕГЕ шенеуніктер неге бас ауыртпайды?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №11 (282) от 19 марта 2015 г.

 

 Жер дауы

 

Алматының іргесіндегі Әйтей ауылына қарасты аумақтан сатып алған жерлеріне иелік ете алмай жүргендер Талдықорған мен Алматының ортасында сенделіп жүр. Облыстық соттың апелляциялық сатысында 10 жылға созылып бара жатқан жер дауы бойынша іс қаралуда. Ашық деп жарияланған сотқа журналистер ешбір себепсіз кіргізілмеді.

Жалпы жиыны 600-ге жуық отбасы 2006 жылы «Алтын ұя» ЖШС иелерінен 8 сотықтан жер сатып алған. Қарасай ауданы әкімдігі мен аудандық жер қатынастары бөлімінің шенеуніктері серіктестік басшылары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді сатқан деп танып, жерді сатып алғандарға иеліктерін заңға сәйкес рәсімдеп беруден бас тартады.

Аудандық әкімдік өкілдерін сотқа бергендер «жергілікті басшылық бұл әрекетімен аудандық мәслихатпен бірге 2008 жылы шілденің 9-да Әйтей ауылының қарамағына қосымша 30 га жер кіргізу туралы шығарған өз шешіміне қарсы шығуда» деп санайды. Ауылға енген аумақ қатарында «Алтын ұя» серіктестігінің сатылған жерлері барын, оны растау үшін ауылға берілген жерлердің сызбасы да көрсетілгенін айғақ ретінде алға тартады. Яғни, шаруа қожалығы есебіндегі бұл жерлерді өзіндік қосалқы шаруашылық түріне ауыстырып, сатып алған адамдарға рәсімдеп беруге еш кедергі жоқ деп есептейді.

Қарасай ауданы әкімдігі мен жер қатынастары бөлімін, жер-кадастр филиалы мен аудандық сәулет бөлімінің әрекетін 2013 жылдың сәуірінде өткен аудандық сот отырысы заңға қайшы деп тапқанымен, соттың «Алтын ұя» серіктестігінің жерін ауыл шаруашылығы мақсатынан өзіндік қосалқы шаруашылық түріне аударып беруді және жер телімдерін рәсімдеуді міндеттеген шешімін орындауға асыққан шенеунікті көрмедік дейді наразы жұрт. Сатып алған ұлтарақтай жер теліміне ие бола алмай сырттан телміргендер одан кейін де өткен соттың жер қатынастары бөлімін азаматтардан құжаттарын қабылдап, мемлекеттік актілерін беруді міндеттейтін тағы бір мәжбүрлеуші шешіміне қыңқ еткен қызметкердің болмағанына налиды.

Соңғы он жылда жерін даулағандар күрестің сан түріне жүгінген. Талай мәрте наразылық шарасын өткізіп, әкім-қара атаулының кабинеттерінің табалдырығын тоздырған. Түрлі құзырлы органдардан бастап, «Нұр Отанға» дейін жазған шағым-хаттарын жинаса, таудай макулатура шығады. Алматы мен Талдықорғанның ортасында шапқылап жүргендер бір соттан кезекті сотқа дейін күн кешуде.

Бұл уақыт ішінде «Алтын ұя» ЖШС-нің 9 өкілі жерді сатуда жалған құжат жасады деген айыппен алды – тоғыз, арты – 3 жылдан жаза арқалап үлгерген. Төзімі таусылған жұртшылық өзара қырықпышақ болуда. Баласына үй салу үшін несие алып, жер сатып алған Айгүл Әдитжанова барлық сот отырысына қатысып келеді. Оның айтуынша, аудандық прокуратура мен әкімдік өкілдері мәселені шешу үшін сатып алған жер үлестерін бір адамға жинап беруге кеңес берген. Осы жағдайда, түсініксіз жағдайда соттың емес, сот орындаушысының шешімімен жүздеген адамның сатып алған үлесі бар 30 га жер Жолдасбек Ерменбаевтың иелігіне өткен. «Алтын ұя» серіктестігінің өкілдері «қаншама адамның сатып алған мүлкі бұл жерге еш қатысы жоқ адамның қолына заңсыз өтіп кетті» деп отыр.

Өз кезегінде Ерменбаев «сот жер телімдерін маған берісімен, бәрін артымнан ерген адамдарға тегін үлестіріп беремін» деп ант-су ішеді.

Алайда жерін даулағандардың келесі бөлігі Ерменбаевтың уәдесіне сенбейді. Аталған топ «оның артында билігі мықты адамдар тұр және олар жерге ие болысымен, бәрімізді тақырға отырғызып кетеді» деген күдігін жасырмайды. Бұл адамдардың мүддесін қорғап жүрген заңгер Бибігүл Асқарбекова: «Даулы жердің мақсатты пайдалану мәртебесін өзгертіп, адамдарға бөліп берсін деген сот шешімін шенеуніктер орындаса, бар түйткіл баяғыда-ақ шешілер еді. Алайда шенеуніктер өздеріне ғана мәлім себептермен сот шешімдерін орындаудан бас тартуда», – дейді. Бұған дейін аудан әкімдігінің алдында наразылық шарасын өткізгендердің алдына шыққан Қарасай ауданының әкімі жерді заңдастырып бермей отырғанының бір себебін инфрақұрылым салуға қажет қаржының жоқтығымен байланыстырған еді. Әкімнің қисынына салсақ, жер телімінен үлесін алған соң, халық «жол сал», «электр желісін», «газ тартып бер», «су жүргіз» деп мазаны алатын көрінеді. Ал қарапайым халықты ондай игіліктермен әлпештейтіндей қазынада қаржы жоқ көрінеді. Жер телімдеріне жете алмай жүргендер суын да, газын да өзіміз тартамыз деген сөзге шенеуніктер құлақ аспай отыр.

Жерін даулап жүрген жандардың бұл тобы «Қарасай аудандық сот орындаушысы жер телімін біздің келісімімсіз Жолдасбек Ерменбаевқа заңсыз беріп жіберген» деп санайды. Жер телімі иелерінің заңды өкілі сот орындаушысы өз шешімімен өзгелердің жерін бір адамға беріп жібергенін, сөйтіп сот орындаушысы өрескел заң бұзғанын айтады. 2014 жылдың сәуірінде Алматы облыстық сотының апелляциялық коллегиясында судья К.Шалбаева Қарасай аудандық сот орындаушысының серіктестіктің адамдарға сатқан жерін Ж.Ерменбаевқа беру туралы 2013 жылғы шешімін заңсыз деп таныған. Алайда облыстық кассациялық коллегия бұл шешімнің күшін бұзған. Заңгер Бибігүл Асқарбекова былтырғы жылдың аяғында Қарасай аудандық сотының судьясы Ж.Байғожаев шағымданған жандардың қатысуынсыз өткен отырыста жерді өзге біреуге берген сот орындаушысының шешімін сол күйінде қалдырғанына наразы.

Журналистер үшін жабық өткен кезекті апелляциялық сот отырысы нәтижесіз аяқталды. Жауапкер ретінде шақырылған мемлекеттік орган өкілдері сотқа сол күйі келмеді. Сот залында бірнеше сағат бойы сарыла күткен жәбірленушілер шенеуніктерге Фемиданың пәрмені жүрмейді екен деп, басын шайқап тарасты. Ал ашық сот отырысына БАҚ өкілдерін неге жібермеді деген сұраққа облыстық сот өкілдерінен бастап, біз хабарласқан Жоғарғы соттың сенім телефонының тұтқасын көтергендер де жауап бере алмады.

Дәнеш АЗАТҰЛЫ,

Алматы облысы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн