Қазақстан Конституциясының 23-бабы бойынша, республика азаматтарының бірлесу бостандығына құқығы бар. Ал оның 5-бабында ҚР-да идеологиялық және саяси әралуандылық танылатыны айтылады. Алайда бұл жердегі «әралуандықтың» да өзінің шегі бар. Өйткені сол Конституцияның өзінде әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға тыйым салынатындығы тағы шегеленген.
«Саяси партиялар туралы» заңның 5-бабында «Азаматтардың кәсiби, нәсiлдiк, ұлттық, этникалық және дiни белгiлерi бойынша саяси партиялар құруға, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында саяси партиялардың бастауыш партия ұйымдарын құруға жол берiлмейдi» дегені тағы бар.
Жарайды дейік те, кәсiби, нәсiлдiк, ұлттық, этникалық, дiни белгiлерге қатысы жоқ партия құруға тырысып көрейік…
Сол «Саяси партиялар туралы» заңның 6-бабында: «Саяси партия саны бір мың адамнан кем емес, саяси партияның құрылтай съезін (конференциясын) шақыратын және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың үштен екісінің атынан өкілдік ететін Қазақстан Республикасы азаматтары тобының бастамасы бойынша құрылады. Азаматтар саяси партияның құрылтай съезіне (конференциясына) жеке өзі қатысады. Азаматтардың саяси партияның құрылтай съезінде (конференциясында) сенімхат бойынша өкілдік етуіне жол берілмейді. Саяси партияның құрылтай съезін (конференциясын) дайындау және өткізу үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының бастамашы тобы мүшелерінің қатарынан құрамында кемінде он адам болатын ұйымдастыру комитеті құрылады» деп жазылып тұр.
Бұдан шығатын қорытынды – егер белгілі бір азаматтар саяси партия құрғысы келсе, мынандай шараларды ұйымдастыруы тиіс:
Бірінші, саяси партия құрғысы келген азаматтарының бастамашы тобы мүшелерінің қатарынан құрамында кемінде 10 адам болатын ұйымдастыру комитеті құрылады. Сол топ болашақ партияның жарғысын, бағдарламасын дайындап, партияның атауын, жұмысының бағыт-бағдарын айқындайды, қаражатын табады және басқа қажетті ұйымдастыру шараларын атқарып, партия құруға ниетін білдіретін жиын хаттамасын және құру туралы хабарлама тапсырады.
Екінші, тіркеуші орган, яғни әділет органдары ұйымдастыру тобының барлық құжаттары мен мәліметтерін тексеріп, бәрі дұрыс болса, ұйымдастыру комитетінің жұмыс істеуіне рұқсат ететін растама құжат береді.
Ұйымдастыру комитеті тіркеуші орган растама бергеннен кейін ғана өз қызметіне кірісуге құқылы, яғни растаманы алған сәттен бастап, ұйымдастыру комитетінің заңды қызметі басталды деп есептеледі. Ұйымдастыру комитеті құзіретінің мерзімі 6 айдан аспайтынына баса назар аударған жөн.
Үшінші, ұйымдастыру комитеті растама берілген күннен бастап екі айдың ішінде саяси партияның құрылтай съезін (конференциясын) өткізуге тиіс. Ол съезге кемінде 1 мың адам қатысуы керек және оның құрамында облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың үштен екісінің өкілдері қатысуы тиіс. Ол үшін әрбір облыста, Астана мен Алматыда кемінде 600 адамнан тұратын партия құрушы топтардың жиналысы өтіп, олар өз араларынан партия съезіне делегаттар жібереді және ол жиналыстың хаттамасы түзілуі тиіс. Хаттамада аты-жөні көрсетілген азаматтар съезге тікелей өздері қатысуы тиіс, өкілін жіберуге болмайды. Съезде саяси партияны құру, оның атауы, жарғысы, бағдарламасы туралы шешімдер қабылданады және оның басшы органдары құрылады.
Төртінші, съез шешімімен саяси партия құрылды деп жарияланған уақыттан бастап, саяси партияны мемлекеттiк тiркеу үшiн оның құрамында партияның барлық облыстардағы, республикалық маңызы бар қала мен астанадағы әрқайсысында кемiнде алты жүз партия мүшесi бар құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) атынан өкiлдiк ететiн кем дегенде қырық мың партия мүшесi болуға тиiс.
Бесінші, жоғарыда көрсетілген ұйымдастыру шараларының бәрін аяқтаған соң барып, саяси партияны әділет органдарына ресми түрде тіркеуге ұсынылады. Ресми тіркеуге ұсынылған күннен бастап, 10 күн ішінде саяси партия тіркелуі тиіс немесе 1 айға дейінгі мерзімге тіркелу тоқтатылуы мүмкін. Аталған 1 ай ішінде әділет органдары тіркеу немесе тіркеуден бас тарту туралы соңғы шешімін қабылдайды. Әділет органдары тіркеуден бас тартқан жағдайда, ұйымдастыру комитеті 3 айдан кейін 1 рет қайтадан тіркеуге ұсына алады. Ал 6 ай өткен соң, Ұйымдастыру комитетінің құзіреті жойылады.
Енді осындай талаптар бар кезде азаматтар өз еріктерімен саяси партия құра ала ма деген заңды сұрақ туындайды. Сонымен бірге:
Біріншіден, неге құрылтай съезіне 1 мың адам қатысуы керек? Бұл сан қайдан шықты және қандай заңдылыққа сүйенген? Егер әр облыстан және Алматы мен Астанадан қатысатын адамдар саны 10 адамнан болса, барлығы 160 адам болар еді де, 100 адамнан болса, барлығы 1600 болар еді.
Екіншіден, неге саяси партияны тiркеу үшiн оның құрамында партияның барлық облыстардағы, республикалық маңызы бар қала мен астанадағы әрқайсысында кемiнде 600 партия мүшесi болуы керек? Егер 14 облыс пен 2 республикалық маңызы бар қаладан 600 ден адам қатысса, барлығы 9600 адам болмай ма? Олай болса 40 мың деген сан қайдан пайда болды?
Үшіншіден, партияны тіркеу үшін оның мүшесінің саны 40 мыңнан кем болмауы керек? Неге жоғарыда көрсетілгендей 9600 емес? Егер 14 облыстан және 2 қаладан 1 мың адам деп алсақ, барлығы 16 мың болуы тиіс емес пе?
Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – бүгінгідей әділет органдарының тіркеуден бас тартуға аса көп мүмкіндігі болып тұрған және көпе-көрнеу, қасақана тіркемей қойғаны үшін қандай да бір жауапкершілікке тарту мүмкін емес, сот әділдігіне жүгінген күннің өзінде оның әділ шешім шығаратыны күмәнді болып тұрған шақта ерікті азаматтардың еркін саяси партиясын құру мүмкін бе?
Әлде тәуекел етіп, 1 мың адам жинап съез өткізіп, 40 мың мүше жинап, тіркеуге тырысып көреміз бе?
Мақсат ІЛИЯСҰЛЫ,
заңгер