Соңғы уақытта ел ішіне кеңінен танымал бола бастаған «Балапан» телеарнасымен көзайым болған жұрттың пікірі көңіл қуантады. Бұл – болашақ ұлт ұрпағы қазақи құндылыққа бет бұрғанның белгісі.
Ал осы телеарнаның жетекшісі, елге етене танымал теле-ханым Ләйлә Сұлтанқызы сонымен бірге Ұлттық арнада тікелей эфирде аптасына бес рет «Әйел бақыты» бағдарламасын жүргізеді. Бір адамға, оның үстіне әйел адамға бұл орасан зор еңбек болса керек. Содан да шығар, «Бейсенбідегі бетпе-бет» айдары аясында Ләйлә ханыммен сұхбат құрудың реті де созылып кеткен-ді. Бірақ жауапкершілік атаулы міндетке жіті қарайтын Ләйлә-сұлу қат-қабат қызмет арасынан уақыт тауып, біздің сауалдарымызға құлақ асуға келісті.
–Ләйлә ханым, алдымен Наурыз мейрамы құтты болсын! Биылғы Қой жылынан нендей үміт күтесіз? Мәселен, өзіңіздің отбасыңыз үшін арман-тілегіңіз қандай?
– Рахмет! Сіздің редакция қауымын да Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Несін айтасыз, бұл жылдан күтетін үміт көп… Ең бастысы – отбасымның тыныштығы. Жақындарымның, ағайын-туыстарымның амандығы. Менің ойымша, адам кез келген кішкентай қуаныштың өзін бақыт ретінде сезіне алуы керек. Және армандаудан, армандарымызға ұмтылудан шаршамауымыз керек деп есептеймін.
– Ал қаз-қаз басқан «Балапан» телеарнасының бас директоры ретіндегі үмітіңіз ше?
– «Балапан» арнасы еліміздегі бірегей балалар арнасы болғандықтан, бұл арнаның арқалаған жүгі ауыр. Жауапкершілігіміз мол. Тек арнаның басшысы ретінде емес, ана ретінде де балаларға сапалы, маңыздылығы жоғары бағдарламаларды, мультфильмдерді ұсынуды басты міндет деп санаймын. Және осы жолда көптеген жұмыстарды атқару жоспарлануда. Бұл жоспарлардың жоғарғы деңгейде орындалуы үшін ұжым болып атсалысып жатырмыз.
– «Балапан» бөтеннің «спанч бобтары» мен «шректерінен» басым болу үшін мемлекет тарапынан әлі де көмек керек пе, жоқ әлде ендігі жерде көмекті теледидарды пайдаланушы ата-аналардан күткен дұрыс па?
– «Балапан» арнасына елбасы өзі тікелей көңіл бөліп, қолдау көрсетіп отыр. Бұл арнаны ашудағы елбасының мақсаты да отандық өнімдерімізді, ертегілерімізді насихаттап, келешек ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңдіре отырып, тәрбиелеу болатын. Міне, біз осы мақсаттан ешқашан да ауытқыған емеспіз. Жалпы, тек мемлетке ғана қарап отырмай, ел болып, бәріміз осы «Балапан» арнасына тілекші болсақ, тіпті жақсы емес пе?! Ол үшін отбасыңыздағы бала-шағаны «Балапанды» көруге баулу – нағыз қазақи болашаққа бастайтын қадам болады дер едім.
– Мәселен, менің бір танысым үйіндегі кабельдік жүйедегі бөтен елдің телеарналарын түгелдей өшіріп тастап, жалғыз «Балапанды» қалдырған екен. Оның бұл әрекеті балаларды ұлттық мультиктер негізінде тәрбиелеуге негіз бола ала ма?
– Иә, қазір әрбір үйде «Балапан» арнасы қосулы тұрады. Енді бір өкініштісі – шалғайдағы алыс ауылдарда техникалық мәселелер бойынша біздің арнамыз қолжетімді болмауы мүмкін. Алайда қазір бұл мәселе шешілуде.
Енді сіздің тікелей сұрағыңыз танысыңыздың әрекетімен байланысты болып тұр ғой, менің түсінуімше. Жалпы баланы теледидарға байлап қоюға болмайды. Мен бұл туралы үнемі айтып жүремін. Белгілі бір деңгейде шектеу болғаны дұрыс. Басқа да балалар арнасында қызықты бағдарламалар, мультфильмдер болуы мүмкін, дегенмен, «Балапанның» өнімдерінен ұлттық иіс аңқып тұрады. Тіпті шетелдік мультфильмдердің өзін ұлттық тәрбиемізге жақын етіп аударамыз! Сондықтан да сіздің танысыңыздың жасаған бұл әрекетін ерсі деп санамаймын. Құптарлық…
– Ал «Қазақстан» телеарнасында сіз жүргізетін «Әйел бақыты» бағдарламасы айтарын айтып болды деген пікірге қандай уәж айтар едіңіз?
– «Әйел бақыты» бағдарламасы жайлы әркім әртүрлі пікір айтады. Бірақ бәрібір де бағдарламаның көрсетілім рейтингі өте жоғарғы деңгейде. Тіпті біздің қыз-келіншектерімізден келіп түсетін хаттар да толассыз. Бізде халықпен байланыс бар. Өзекті деген мәселелерді көтереміз. Көмек сұраған әрбір жанға қол ұшын беруге тырысамыз. Қазіргі таңда қаншама кейіпкерлеріміз бізге алғыс айтуда. Біздің бағдарламамыздың арқасында әлеуметтік қолдауға ие болған жандар қаншама! Ал осындай нәтиже көрсетіп отырған «Әйел бақыты» бағдарламасы әлі талай тағдырдың бағын ашады деп білем.
– Сіздің өз түсінігіңізде «әйел бақыты» деген не? Бұл түйсіктің астарында ер адамның қатысынсыз жүзеге аспайтын аксиома жатыр ма, қалай ойлайсыз?
– Әйел бақыты – сүйген жары мен балаларымен бірге өмір сүру. Сүйікті жұмысыңмен айналысу. Әр қазақ қызына осындай әйел бақытын тілеймін.
– Осы ретте қыз-келіншектердің «business lady» болуға деген жан дәрмен ұмтылысы «тәуелсіз әйел» деген термин тудырып, әйел атаулының «ана болу», «ошақ басының ұйытқысы болу» деген пайымды екінші планға сырғытып барады деген пікірге қосыласыз ба?
– Ең біріншіден, әйел адам өзінің ана екенін ұмытпау керек. Біздің ең бірінші міндетіміз, парызымыз – отбасына жылу сыйлау, балаларымызға дұрыс тәрбие беру ғой. Бірақ мұнымен де шектелуге болмайды. Айтқым келгені – адам өзін жеке тұлға ретінде де дамытуы керек. Екі жақтың да басын тең ұстауға тырысқан жөн. Ал енді екеуіне бірдей үлгере алмайтындай жағдай болса, ең дұрысы – отбасыңа көбірек көңіл бөлуді таңдаған жөн деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан –
Жансая ЕРТАЙ,
«D»