Біздің «ДАТ!» айдарының «Күлкі күні» сұхбаттасқан қонағы – елге танымал сатирик-жазушы, озық ойлы азамат, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұхтар Шерім. Бүгінгі күннің тыныс-тіршілігінде күлкіге толы жағдайлар көп болғандықтан, сықақшы азаматпен арадағы әңгімеміз қотыраш қоғамның да біраз мәселесін «іліп» кетті.
– Мұхтар мырза, кеше күлкі күнінде кімге күлдіңіз? Кімдерді күлдірдіңіз?
– Ресмиленбесе де,1 сәуір күлкі күні жұрт жақын туыстары мен достарына, қызметтестеріне жалған ақпар беріп, алдап, сосын алданған адамға күліп жатады. «Ойбай, облыс әкімі есігіңнің алдына келіп тұр, қолында ордер, саған пәтер бермекші екен!» десеңіз, досыңыздың дегбірі қалмай, атып тұрып, далаға жүгіріп шығатынына жүз пайыз сенемін. Өйткені біз алданғыш, тым сенгіш халықпыз. Соны біліп қой, шіренген шенеуніктердің халықты жиі алдап қоятындары. Шетелдің «шайтандары» да «қазақ халқы қонақжай, ақкөңіл халық» десе болды, танауымыз делдиіп, жүрегіміз жарылардай қуанып, барымызды бере саламыз… Шекілдеуік шағып жүрген шенеуніктер байыған үстіне байығанымен, халықтың дені кедей тұрады. Олар бар болғаны – саусақтарын сорады… Ал саусақ сорып отырып, кімдерге күлсін? Қалай көңіл көтерсін? Жылайды да. Мұңаяды да… Ал мен халықты алдайтын әкім-қараларға, жағымпаз министрлерге күлемін. Қарқылдап күлемін…
– Мерзімінен бұрын өтетін президенттік сайлауда Косаревтің партиясынан үміткер атанған әнеу бір үміткер – аты-жөнін жан баласы жадына сақтай алмайтын коммунистің сайлауда екінші орын аламын дегені сізге қаншалықты күлкілі?
– Сайлауға үміткер ретінде тіркеліп жатқандарға шынында күлкім келеді. Бір жағынан аяп та кетемін. Құдайым-ау, шығарма жазуда 99 қате жіберген «болашақ президенттен» қандай үміт күтеміз? «Бақыттан бастарымыз айналып», шетімізден жынданып кететін шығармыз?! Оны қойшы, ана бір әйелдің сайлау комиссиясы хатшысымен жағаласып, «менің анарымнан ұстады, енді зорлайын деп жатыр!» деп айқайлағаны… Ой, соны естігенде жерге жата қалып, ой бір рахатқа бата қалып, күлгенім-ай! Әне, біздің жеткен жеріміз! Соның әсері болса керек, «Президент болайын деп едім…» атты саяси сатира жаздым. Шағын болғандықтан, толық нұсқасын келтірейін: «Шынымды айтсам, табан астында президент болғым келіп кеткені… Ақыры жұмыссызбын. Президенттік сайлауға үміткер болып тіркелсем, тақиям теріс айналып кетпес? Шәй ішіп болдым да, өзімді болашақ президенттей сезініп, емтихан алатын комиссияға келдім…
– Можына, – дедім есіктен сығалап. – Қазақшасы: рұхсат па?
– Кіріңіз, – деді комиссия төрағасы.
– Президент болайын деп…
– «Үміткер болайын» деп деңіз…
– Кім біледі, ата-бабамның әруақтары қолдап, президент болып кетсем…
– Қайда жұмыс істейсіз?
– Сол… Жұмыссыз болған соң, президент бола салайын деп… Халқым – әйелім, бала-шағаларым да қарсы емес…
«Шіркін-ай, шіркін…» деген тақырыпта шығарма жаздым. Ойланып отырмын. «Менің атым – Қожадағы» Қожаберген сияқты қиялдың қиқымын тазалап отырмын… «Шіркін-ай, шіркін, осыдан бар ғой, президент болып кетсем, президент болғанымды достарыма, туыстарыма жуып, жеті шелпек таратып, мешітке 700 теңге садақа тастап, мощный кәстүм-шалбар сатып алар едім. Кабинетімде керіліп отырамын. Неден бастасам екен? Әрине, президент болу оңай емес, әуелі халқыма қол бұлғауды үйренемін, терезені ашып та қол бұлғаймын, ұшақта кетіп бара жатып та қол бұлғаймын. Тіпті ұйықтап жатып та қол бұлғап қоямын. Шіркін-ай, шірікін, осыдан президент болып кетсем, айлығымды жинай беремін, жинай беремін. Сөйтіп, мықты бір вилла салып алмасам… Орыс кемпірдің пәтеріне ақша төлеп өлдім ғой тегі! Шетелдік президенттердің бәрін қонаққа шақырып, бір миллион доллардан гәп ойнаймыз. Гәптен түскен ақшаны жетім-жесірлерге таратып беремін… Шіркін-ай, осыдан президент болып кетсем, жағымпаз министрлер мен әкімдерді Калачиге жинап алып, ұйықтатып тастар едім, қысқасы, сұмдық игі істер бастар едім! Керек десеңіз, насыбай атуымды да тастар едім!»
Комиссия төрағасы осы шығармамнан 99 қате тапты! Сонда мен… Осыдан президент болып кетсем бар ғой, өмір бойы шығарма жазып жүруім керек пе? Халқыма шығарманың керегі не? Басқа да шаруалар жетіп жатыр емес пе? Президент болсам, отырайын, кабинетімде шығарма жазып… «Ұлы Абай қай жылы қайтыс болды?» деп сұрайды. Мен өлтіргендей… Мен қайдан білейін? Көңіл айтып барған жоқпын, қырқына, жылына қатыспасам, аралас-құраласым болмаса…
Үйге келіп, әйелімді құшақтап тұрып жыладым… Күйіп кеттім де… Әне, президент болу үшін де таныс-тамыр керек…
Енді қайдан жұмыс табайын, ағайын? Ашып кеткен ақылдарыңыз болса да, айтыңыздаршы!»
Міне, осылай саяси сайлауды сайқымазаққа айналдырғандарды көріп, күлкім келеді. Коммунистің сайлауда екінші орын аламын дегені – трагикомедия…
– Айтпақшы, сіз сатирик-жазушы ретінде осы сайлаудың өзінен қандай күлкілі жағдайлар аңдай алдыңыз?
– Сайлау сайын тұрақты «кейіпкерлеріміздің» өре түрегелетіні күлкімді келтіреді. Сол баяғы адамдар… Баяғы жартас… Мызғымайды…
– Жалпы, бүгінгі қазақ әдебиетінде әзіл-сықақ жанры кенде қалды деген сөз бар. Оған бүгінгі әдебиеттегі әзіл-сықақ жанрынан да күшті күлкіге айналған бүгінгі қоғамның комедиялық жағдайы себеп болды деп айта аламыз ба? Мәселен, біз әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруге бет алдық дейміз, бірақ сөйте тұра, елімізде басқаны қойып, күректің басы мен балтаның сабы өндірілмейді екен…
– Осы сұрақ әбден жауыр болды. Бала күнімізде есекке мінетінбіз. Арқасына қарасақ, әбден жауыр болғаны соншалық, қып-қызыл болып, қанталап тұрады. Бұл сұрақ та «есек» болды. Егемендік алған жылдары мүйізі қарағайдай жазушыларымыздың өзі тақырып таппай тоқырап қалды. Түрлі қиындықтарға, нарық қыспағына шыдай алмай, мүлде жазбай кеткен жазушылардың ішінде сатириктер де бар. Бірақ, жылдар өте келіп, сықақшылар сапқа тұрды. Заман көшіне ілесіп, тұщымды әзілдер жаза бастады. Жаңа есімдер пайда болды. Мәселен, Қабдірахман Отарбай. Сөз ойнатпай-ақ, «жәй ғана» әңгімелей отырып, сатира садағымен атып салады. Кейіпкерлері шалқасынан түседі. Әзиз Несинді көп оқығаны байқалады. Сатира сарбаздары қатарында бұрыннан келе жатқан сатириктеріміз де ай қарап, «айран жалап» жатқан жоқ. Сатиралық кітаптар жарық көруде, «Қазақ әдебиетінде», «Жас Алашта», «Алматы ақшамында», «Егеменде», тағы басқа газет-журналдарда сатира беті тұрақты беріліп келеді. Бұдан артық не керек енді? Қайта айтар едім: сатира жанры поэзия мен прозалық шығармалардан алға озып кетті!
Бүгінде қандай бір еті қалың-қалың роман болсын, сағыздай созылған әңгіме болсын, жылауық өлеңдер болсын – оны халықтың бәрі бірдей оқи бермейді. Тіпті классикалық шығармаларды да… Оқитындар: көкірек көзі ашық, санасы ояу зиялы қауым, шығармашылық төңірегінде жүрген ақын-жазушылар, мұғалімдер… Жастар кітап бетін ашпайды. «Газет оқисың ба?» десең ыржияды. «Кітап оқы!» десең тыржияды. Жастар интернетке «шомылып» жатыр. Рахаттанып. Ал интернеттегі порталдарға салынған ұзақ сонар романдарға қарамайды. Олар қысқа-нұсқаны жақсы көреді. Мұндайда қысқа жазылған жауынгер жанр-сатираны ұнатады. Оқиды, пікір жазып жатады. Газеттің соңғы бетіндегі сатира бетін де оқып үлгереді. Көрдіңіз бе, сатира жанры кенжелеп қалды ма? Жоқ, әрине. Бүгінгі қоғамның «комедиялық» жағдайы сатираның сөлін сығып алды дегенге келіспеймін. Есесіне тақырып көбейді. «Не жазсам екен?» деп есеңгіреп отырмайсың. Тек шабытыңа шыбын қонып кетпесе болды… Күректің, балтаның сабына ұқсас жағдайларды жазамын десең, әжуаға малып алатын детальдар жеткілікті.
– Ал бүгінгі күні қазақ театрларында бәрі бар, бірақ саяси сатира неге жоқ деп ойлайсыз? Бәрі ұсақ-түйек әңгіме: келемежге ұшыраған кемпір-шал, маскүнем күйеу, долы әйел, жол торыған «гаишник», т.б.
– Мен өзім саяси сатираны жазып жүрмін. Ресей, Америка саясаты туралы біраз дүниелерім бар. Өз саясатымызды да сарказммен түйрейтін сатираларым «Жас Алашта» жиі жарияланады. Батыл басылым болған соң, осы газетке жіберемін. Өзгелер баса бермейді. Ал әзіл-сықақ театрларында саяси сатира неге жоқ деген мәселе – өз алдына әңгіме. Ол рас. Күлдірімпаз әртістер (сатириктер деп атауға болмайды, кейбір басылымдар сұхбат ала қалса, әртісті сатирикпен шатастырып алып жүр…) саяси сатираға тістері батпайды. «Ой, біздің көріністерімізді эфирден кесіп тастайды» деп ақталады. Әрине, бадырайтып тұрып сынап жатсаң, жасырын цензурадан өтпей қалады. Ал неге саяси сатираның кейіпкерлері мақтамен бауыздалып жатпайды… Әдемі, сондай жұқа, сондай көркем, сондай күлкілі, әжуәлі етіп ойнай алмайды. Бауыржан Ибрагимов інім айтпақшы, бәрі «көшеден» келе салған әртістер, кәсіпқой емес.
Жалпы осы әзіл-сықақта жүрген әртістер мен оның жетекшілері сатираның теориясын жетік біледі деп ойламаймын. Олар маман емес. «Сахнада теріс қарап тұрып, «жел» жіберсем, көрермен шиқылдап күлсе болды» деп ойлайды. Көптеген танымал театрлардың өзі рухани «банкрот» бола бастады. Иә, дұрыс айтасыз, тақырыптары сол баяғы – кемпір-шал, қатын-қалаш, ары кетсе, «МАИ» инспекторлары… Ілгеріде, 2000 жылдары қазақ елі күлкіге сусап отыр еді, мұны мойындайық. Сол кезде «жарқ» етіп шыққан театрлар сол баяғы беделдің белбеуімен әлі бебеулеп келеді. Өсу жоқ, өшу бар.
Бірақ саяси сатира тек жоғары билікті сынау керек деп ойлайтындар болса, қатты қателеседі… Ішкі саясатымыздағы іркілістер, жемсаулары тоймайтын парақорлар неге сахналанбайды? Әзіл-сықақ театрларында жемқорлар туралы дүние бар ма екен өзі? Олар мұндай тақырыпқа бара алмайды. Өрелері жетпейді. Сосын барып арзан күлкіні, анайы, жабайы күлкіні қаужайды. Анекдоттардың өңін айналдырып, «автор» болып алатындарын қайтерсің? Біреулер айтады: «Шаншардың» өзі шаршады» деп. Олар шаршаған жоқ, тақырып таппай, тығырыққа тірелді. Тығырықтан «шығу» үшін, әртістері әртүрлі бағдарламаларға жүргізуші болып кетті. Тақырып таппай, тұмсықтары қайраңға тірелген «Күлкі керуені», «Бауыржан-шоулар» «қайтыс» болып кетті… «Тамаша» талып қалды… Әлі есін жия алмай жүр… Сахнадағы саяси сатира қазіргі қазақ көрермендері үшін тәтті арман болып қала бермек…
– Осы сөзіңіздің жалғасы ретінде сұрайын: қоғамдағы тоқырау мен әділетсіздікке кінәлі министр мен әкімді, сот пен прокурорды сахнадан неге таба алмай жүрміз?
– Оның бірден-бір себебі – театр жетекшілері авторлармен жұмыс істегілері жоқ. Қалталарынан соқыр тиын да шығарғысы келмейді… «Авторлар сахнаға лайықтап жаза алмайды» деген уәж айтады. Онысы орынды енді. Сатириктердің бәрі «алтындай жарқырап тұр еді..» деп айта алмаймын. Десек те, кәсіпқой сатириктерден сүйегін алып, «еті ме, фаршы» ма, өздері жабыстыра салуға болады. Тым құрығанда, идеясын иіскеп көрсе… Иіскемейді. Өздерінікін өздері иіскегенді жақсы көреді. Шеттерінен данышпан, шеттерінен «жұлдыз»… Жоғарыда айтқанымдай, шенеуніктерге тістері батпайды… Тістері босап қалғандай..
– Жоғарыда өзіңіз айтқандай, біздің өнер атаулы көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын жасырын, саяси цензураға тап болған сияқты…
– Сиқыршы цензура болды ғой… Көзге көрінбесе, қолға «ұсталынбаса», бірақ билік дегендерін істеп жатса, Шындықтың қайтыс болғаны… Баяғыда «Шындық қайтыс болды» деген сатира жазған болатынмын.
– Ресейлік сықақшылар телеарналарда әзіл-сықақ хабарлар жүргізеді, тіпті Евгений Петросянның өзіндік бөлек бағдарламасы бар. Ал біздің әзілкештер (Уәлибектен басқасы) неге тележәшіктен көрінбейді? Бұл орайдағы олқылықты кімнен, неден іздеу керек деп ойлайсыз?
– «Тука» аталып кеткен ініміз де, «Шымкент-шоудағы» «қара қатын» да біраз уақыт тележүргізуші болып көрініп, кейіннен жоқ болып кеткені рас. Уәлибек інім өз миссиясын орындап жүр. Бірақ аса керемет жүргізеді деп айта алмаймын… Былтыр Тұрсынбек Қабатов «Базар жоқ алаңы» байқауын жүргізді. Сондағы Қажет (тегін ұмытып қалдым) есімді жігіт ағасы маған керемет ұнады. Тұнып тұрған күлкі. Монологты қалай күлкілі орындайды десеңізші! Тілі қандай жатық, дауыс ырғағы неткен таза! Бет-әлпетін образға лайықтап, өзгерте қойғанының өзіне ішек-сілеңіз қатады. Егер Уәлибектің орнында осы жігіт болса (бұл жерде Уәлибек інімді төмен санап отырған жоқпын, оның да өз орны, өз биігі бар), сатираны жандырар еді! Екеуін салыстырып отырғаным – кез келген нәрсе салыстырудан тұрмайды ма? Боксшыларды да салыстырып жатады ғой? Головкин мықты ма, Қанат Ислам мықты ма дегендей… Осы тұрғыдан алғанда, бағы жанбай, ел-жерде ескерусіз жүрген әзілкештер қаншама?!
– Ал сонау кеңестік заманда таралымы 150 мың данадан жоғары болған «Ара» журналын бүгінгі ұрпақ неге білмейді деп ойлайсыз?
– Жоғарыда айттым ғой, қазіргі жастар компьютер-бас болып кетті. Газет-журнал оқымайды. Ел ағалары, орта жастағылар ғана оқиды. Көзі қарақтыларды айтамын. Ал күнкөріс қамымен жүрген кедей отбасы газет сатып алып оқығанша, үйіне бір бөлке нан апарғанды несібе көреді. Жастардың қолында бір-бірден ұялы телефон, смартфон… Күні-түні интернеттен шықпайды. Олар үшін интернеттегі «домбыра әйел» қызық! Сондай роликті көріп жағамды ұстадым. Бір тойда ер адам келіншекті алдына алып, құйрығын сабалап, «домбыра» тартқан болады. Осының несі күлкі? Бұл қандай тәрбие? Қазақты қазақтың мазақ етіп жатқанын неге түсінбейді? Ал сен бүгінгі ұрпақ «Ара» журналын неге білмейді?» деп сұрайсың…
– Мұхтар мырза, «Дат» газетінің оқырмандарына су жаңа бір анекдот, бүгінде бірқақпай дейміз ғой, айтып берсеңіз?
– Одан да оймақтай ойымды айтайын. Мен айтты деңіздер: 2017 жылы ЭКСПО өтіп болған соң, біраз жауапты адамдар соттала бастайды…
– Рахмет, аға! Күлер, күлдірер күлкіңіз таусылмасын!
Cұхбаттасқан –
Жансая ЕРТАЙ,
«D»