Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы жыл басынан бері 4,76 пайызға артып, 2014 жылғы 31 желтоқсандағы есеп бойынша, 157 миллиард долларға жетті ($157 062,2 млн), деп хабарлайды ҚазТАГ ҚР Ұлттық банк сайтында жарияланған ақпаратқа сілтеме жасап. Бұл көрсеткіш 2013 жылғы 31 желтоқсанда $149 931,1 млн болған екен.
Атап айтқанда, мемлекеттік және мемлекеттің тарапынан кепілденген сыртқы қарыз биылғы өткен 31 желтоқсанында 2013 жылдың 31 желтоқсанындағы $6 156,7 млн-мен (жалпы сыртқы қарыздың жалпы көлемінің 4,1%-ын) салыстырғанда $8635,1 млн болды (жалпы сыртқы қарыздың барлық көлемінің 5,5%).
Мемлекеттің тарапынан кепілденбеген сыртқы қарыз сәйкесінше $148 427,1 млн-ға (94,5%) қарсы $143 774,5 млн-ға (95,9%) жеткен.
Айта кетуге тура келеді: «кепілденген» немесе «кепілденбеген» деген ескерту – көз алдаудың ғана амалы. Біріншісі – мемлекет тарапынан жасалған қарыз алу әрекеттерінің көрінісі. Ал екіншісі – негізінен екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) сырттан қарыз алу нәтижесі.
Ал жеме-жемге келгенде, халықаралық қаржы-қарыз заңдылықтарына сәйкес, бұның екеуіне де мемлекет жауап береді. Себебі ЕДБ үшін қарызға қаржы алу тәртібін жасап, оны парламент пен президенттің пәрмені арқылы заңдастырып беруші – мемлекет. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекет дегеніміз – халық. Ендеше біздің сыртқы қарызымыз Қазақстанның 6–7 жылдық бюджетіне пара-пар деген сөз.
«D»
Павлодарда
ЛЕНИН
неғып тұр?
Сәбет өкіметіне барып қайтқандай болдым. Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Голубовка ауылына (сәбет өкіметі кезінде «Абай» совxозы болған екен) барсам, Мәдениет үйінің алдында қасқайып мына қасқабас тұр (суретте). Ауылдың кіре берісінде орыстың тарихи көліктері тас тұғырда қаздай тізіліп, өткен ғасырдан үн қатып тұр. Өркениетпен тілдестіріп тұрған «Билайннан» басқа оператор жоқ. Қалғанын айтпай, осы жерден тоқтай қалайын. Әйтпесе айтқанның – аузы жаман, көргеннің – көзі жаман. Мен 25 жыл артқа топ ете қалсам, сендер алдыңғы елу елдің қатарындамыз дейсіңдер!
Ұлан НҮСІПӘЛІ,
әртіс, ҚР қоғам қайраткері
(«Фейсбуктағы» парақшасынан)
Ұлт үстіне шығатындай,
ОЛ ҚАНДАЙ ОРТАҚ АҚША?
Өткен аптада Ресей президенті Путин ортақ валюта туралы әңгіменің шетін тағы шығарды. Бір емес, екі рет. Әуелі Мәскеуде қозғап, сосын Астанада айтып қалды. Лукашенконың бұл мәселеге позициясы белгілі. «Мен президент болып тұрғанда, ортақ валюта болмайды», – деген мықтыңыз осы. Ал Астана әлі өз позициясын ашық білдіре қойған жоқ. Әңгімені осымен бітіріп, мәселенің мән-жайы анықталғанша жылы жауып қоя тұруға болушы еді, бірақ…
Соңғы күндері ресейлік БАҚ-тарда сарапшылар ортақ валюта жайындағы өз басшыларының бастамасын қызу насихаттауға көшіп кетті. Тіпті оның рубль болып қалуы ғажап емес екендігін де айтып қалуда… Демек, бұл тегін шу емес. Жоспарлы «шу» болуы әбден мүмкін.
Қазақстандық экономист Олжас Құдайбергеновтың пікірінше, ортақ валюта әзірге болмайды. Экономикасы шикізатқа тәуелді елдерге одан келіп-кетер пайда да жоқ. Әңгіме «наднациональная валюта» жөнінде болуы мүмкін. Қазақшаласақ – «ұлтүстілік валюта»! Аудармасы қандай жаман еді! Ұлттың үстіне шығып алатындай, бұл не қылған валюта? Экономикалық сөздіктерде «одаққа мүше елдердің банктері арасындағы есептесу бірлігі» делінген екен.
Бір кездері Еуропада ЭКЮ деген болған. Қолмен ұстамай, көзбен көрмей, ірі қаржы операциялары осы ЭКЮ-мен жасала беретін. Еуразиялық одақ осы «ұлтүсті валютаны» ортақ қыла ма, немесе рубльді таңдай ма, әлде әлгі айта беретін «алтынға» көше ме? Бұл сауалдардың әзірге жауабы жоқ. Бірақ Еуразиялық одақты оның елесі кезіп жүргені рас енді…
Арман СҚАБЫЛҰЛЫ,
ult.kz
ЖАҢА НАЗ – «20 ЕВРАЗ…»
Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ортақ ақша айналымын қалыптастырып, қолданысқа шыт жаңа валюта енгізу туралы Ресей президенті В. Путиннің бастамасы сөзден іске көше бастаған сыңайлы. (Оқыңыз: http://abai.kz/post/view?id=3200). Шынтуайтында, шөп басын қимылдатқан жайт әлдекімдердің сәтсіз әзілі немесе арандатуы да болуы ғажап емес…
Әлеуметтік желі қолданушылары қызу талқылаған бұл суретте ЕАЭО-ның болашақта қолданысқа енгізілуі ықтимал ақша бірлігінің үлгісі бейнеленген. «Евраз» атты атау берілген «банкноттың» кіндік әкесі Денис Прокопов деген дизайнер екен. Еуро мен доллардың «шағылысуынан» шыққан дүбәра идеяның қағаздағы шартты бірлігі – 20 евраз…
Ортақ валютаның бетінде адамзаттың алғашқы ғарышкері Юрий Гагариннің күлімсіреген жүзі көрініс тапқан. Айтпақшы, банкноттың егесі одақтастар («Билет банка ЕАС»?..) болғанымен, номиналды ақшада Ресей Федерациясының мемлекеттік гербі негізгі нышан ретінде алыныпты…
Анау-мынау деу артық болар, бірақ қоғамдық пікірдің қыбылнамасын аңдып-бағуға арналған бұл қадамның астарында алыс емес айларда ресми жария болатын ақпарат жатпағандығын кім жоққа шығара алады?
Abai.kz
Үміткерге аманат
Әкежан бауырыңызды
ЕЛГЕ ҚАЙТАРЫҢЫЗ
Аса құрметті Елбасы, Сіз Қазақтың тұңғыш Президентісіз. Ғасырлар бойы тапталған ұлттық құндылығымызды игілігімізге асыруда, салт-дәстүріміздің аясын тарылтқан шолақ арқау, тар тұсаудың матауынан құтылып, еңсе тiктеуде Сіз арқалайтын жүктің салмағы батпан, жауаптылығы орасан. Сан қырлы міндеттеріңіздің бастысы да, қасиет-киесінің алғыстысы мен қарғыстысы да – ұлт қамы үшін атқарар қызметіңіз. Қиыр қонып, шет жайлап, жат бауыр боп жүрген қам көңіл қазақтың тағдырына қамқорлықтың да үлкені Сіздің мойныңызда.
Сіз жалпы қазақтың бүтіндігін сақтаумен, жалқы қазақтың да бас амандығына бірінші жауапты тұлғасыз. Халқымыздың: «Кең болсаң, кем болмайсың» деген даналығы Сіздің адам тағдырына байланысты шешімдеріңіздің ұшар басында тұратын шамшырағы болуын қалар едім. Бүгінгідей күрделі де беймаза заманда Сіздің кең де, дана да болмауға жарты мысқал да хақыңыз жоқ. Бұл – ел ішінің телісі мен тентегін тезге салмау керек деген сыңаржақ талап емес, жазадан гөрі рақымға жуық тұратын қазақы мінезге ден қоюдың тілегі.
Сіз Президент болған мезгілде талай азаматтың озық қасиетін тап басып тани білдіңіз. Солардың ортасында ерекше көзге түскені – Әкежан Қажыгелдин еді. Бірақ, өкінішке орай, бұл шәкіртініңізбен араларыңызда біз түсінбейтін бір сыр бар. Осы шәкіртіңіз бүгін етегі кесіліп, сыртта жүр. Бұдан ұтқан – бітім әкелер білтелі сөз езуіне жұқпаған, азаматтың арасын бүлдіргеннен бүлдіргі еншілеп қалуға әмсе дайын тұратын жалған «жанашырлар».
Қадірменді Нұреке! Кеше өзіңіз қайрамай өтетін қара қылыш етiп, суын жеткерген Әкежанның бүгінгідей дағдарыс кезеңінде қасыңыздан табылғанын қалар едік. Ол – өкпеден биiк тұратын ірi азамат. «Аға – бор, iнi – тас» деген қазақтың берекеге үндеген жорасын ұстап, арадағы ызғардың тоңын жібітуге өзіңізге тән кісілікпен Сiздiң бiрiншi болып кiрiскенiңiз жөн деп білемін.
Сайлау додасынан әдеттегідей шашаңызға шаң жұқпай келеріңізге сенімдімін.
Амангелді КЕРІМТАЕВ,
Аягөз қаласы
Сайлау сарсаңы
Сыздықовты
СЫНАСАҢ –
сотталасың…
Түнімен үйдің алдын прокуратура мен полиция өкілдері күзетіп, таңертең бірнеше көлікпен келген билік өкілдері қолыма «алдын ала ескерту» қағазын ұстатты.
Сондағысы – «Фейсбук» парақшамда Коммунистік партиядан (халықтық – Ред.) президенттік сайлауға түскен Тұрғын Сыздықовты сынағаным заңға «қайшы» келіпті. Сайлау науқаны тұсында «үміткерлерге» сын айтуға, оларды негізсіз айыптауға болмайды екен-мыс.
Шыны керек, бұл ұятты жағдай болды. Тарихқа қарасақ, коммунистерден көрмеген қорлығымыз жоқ. Репрессияға ұшыратты, аштыққа душар етті, миллиондаған қазақты құрбан етті. Коммунистердің бодандығынан қашан құтыламыз деп, ондаған жылдар бойы тәуелсіздікті армандап, аңсап, күттік. Енді қолымызға тәуелсіздік тигенде, коммунистік идеология мен нацизм мен фашизмді теңестіріп, оған елімізде тыйым салудың орнына оларға партия құрып беріп, парламентке жіберіп, барлық жағдайды жасап отыр.
Осының бәрі биліктің қолында емес пе, коммунистік партия емес, «социалистік» деп ауыстыра салса несі кетеді?
Жоқ, оның орнына коммунистерді сынауға болмайды деп, қолымызға қағаз таратып жүр. Масқара емес пе? Бара-бара, коммунизмді, коммунистік партияны сынау заңмен қудаланатын шығар мына түрімен.
Жанболат Мамай,
«Фейсбуктағы» парақшасынан
ОСК ОСЫНЫ
БІЛЕ МЕ ЕКЕН?
Қызылорда қаласының тұрғыны Сәкен Нұрмаханов редакцияға хабарласып, «Сіздерге менің бір сұрағым бар. Елбасын сайлау науқанының басталуына байланысты қаланың әр мектебінің, яғни білім ордасының қабырғасына «26 сәуір Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлау күні» деген билбордтарды іліп тастаған. Мен филолог емеспін, бірақ осы жерде қате бар сияқты. Дұрысы «26 сәуір Қазақстан Республикасының Президентін кезектен тыс сайлау күні» болар деймін. Сіздер қалай ойлайсыздар? Егер менікі дұрыс болса, бұл олқылықты қалай түзеуге болады? Түзейтін болсақ, қаншама қаржының желге ұшқаны ма?» – деді.
«Тілдің сақшысы» деген атымыз бар, дереу барып көрсек, учаскелік сайлау комиссиясы үйлеріне «26 сәуір 2015 жыл жексенбі», «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлау күні», «Сайлауға қатысайық!» деп жазылған екен. Тіл мамандарының айтуынша, мұнда стилистикалық қателер жіберілген. Қате жазылған мәтіндерді ретімен айтсақ, дұрысы «2015 жылдың 26 сәуірі – жексенбі» болуы керек. Өйткені жылдың мезгілін орысшадан сөзбе-сөз аудару қазақ тілінің сөйлеу заңдылығына сай келмейді. Ал екінші негізгі мәтін «Қазақстан Республикасының Президентін кезектен тыс сайлау күні» болуы керек. Бұл жерде ілік септігі жалғауының керегі жоқ. Ал енді «Президентінің» болғанның өзінде «сайлауы күні» болуы керек еді.
Мағынасына келсек те, Қазақстан Республикасы президентінің, яғни қазіргі президентіміз Назарбаевтың сайлауы емес, президентті, яғни «президент» атты лауазым иесін сайлау ғой. Осыдан соң Орталық сайлау комиссиясындағылар бұл кімнің сайлауы екенін жұртқа ашық білдіргендері шығар деп түйдік.
Осыларды айтып, облыстық сайлау комиссиясына хабарласқанымызда, Орталық сайлау комиссиясынан жіберілген мәтін екен, облыстағы 365 сайлау участкелерінің бәрінде осындай. Бұл өрескел қателер болмағандықтан, осылай қала берсін деп шештік деді. Егер орыс тіліндегі мәтінінде осындай қателер түгілі, бір үтірі қойылмай кетсе, бәрінің де астан-кестеңі шығар еді. Біздің қазақтар «соқыр тауыққа – бәрі бидай» дегендей жұта береміз. 2011 жылғы президент сайлауы кезінде кейбір қазақ азаматтарына сайлау бөлімшесінен «приглашение» келген еді. Себебін сұрастырсақ, қазақша мәтіндегі шақырулар жетіспегендіктен, Орталық сайлау комиссиясындағылар біздің үндеместігімізге кәміл сенген болулары керек, 96 пайыз қазақтары бар облысқа «приглашениенің» елу пайызын орыс тілінде жіберіпті. Осы жерде Елбасының Қазақстан халық ассамблеясындағы «100 қазақ отырған жерде 5 орыс отырса, біз орысша сөйлейміз. Біз сорлы халықпыз ғой» деген сөзі еске түседі. Сорлылықтан құтқаруды бұл кісінің өзі қолға алмаса, басқа қазақтардан қайран болмай тұр.
«Тіл сақшысы» газеті,
Қызылорда қаласы
Одағың осы ма?
Ресей мен Қазақстан арасында
«ЕТ СОҒЫСЫ» ЖҮРІП ЖАТЫР
Құс шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін мониторингтеу қорытындылары бойынша, Қазақстанда Ресейде өндірілген құс етінің бес тоннасы саудадан алынып тасталды, деп хабарлады ҚР ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметінен.
«2015 жылғы 2 наурыздан бастап ҚР ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің аумақтық департаменттері тамақ өнімдерінің 823 сынамасын іріктеп алды. Оның ішінде 231 сынама бойынша зертханалық зерттеулер нәтижелерінен кейін, техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтіні расталды (ҚазТАГ).
Одақтас болсақ, «елдер арасындағы тауар айналымы еркін жүреді» деген Ресей мен Қазақстан өз нарықтарын сол одақтастықтың зардабынан құтқару үшін, «техникалық регламент талаптары» деген шектеу тауып алды. Бұның ақыры одақтас Ресей, Беларусь және Қазақстан арасындағы «ет соғысына» ұласты. Сөйте тұра, енді бұлар Ресей патшасы Владимир Путиннің тықақтауымен «валюталық одақ» деген тағы бір шалажансар құрылым тудырмақ.
Техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін өнімдерге қатысты комитет ресейлік құс еті сапасын барлық облыстарда тексерістен өткізу үшін мониторинг жүргізу туралы аумақтық бөлімшелерге тапсырма беріпті. Осыдан кейін «одағың осы ма?» демеске лаж қалмайды.
Сырым ДАТОВ