Воскресенье , 20 апреля 2025

Бүтін қазақ оянып кетпесін деп, БІЗДІҢ БИЛІК ҰЙҚЫСЫЗ ЖҮР

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №14 (285) от 09 апреля 2015 г.

Ойдан-қырдан

Толғам

 

Бұл туралы ой бізге Әділхан Ержановтың Халықаралық Канн фестивалінен жүлде алған бір фильміне жолыққанда туған еді. Содан ғой – тап осыдан екі апта бұрын газетімізде «Канн болмаса, Әділханды білмей кетеді екенбіз» деп, көпке беймәлім қазақстандық кинорежиссер Әділхан Ержанов туралы аз-маз «сүйкей» салғанымыз бар еді. Енді сол ойды таратып айтудың реті келген сияқты.

 

Айтпақшы, осы жігіттің «Үкілі Кәмшат» фильмін көрген адам бар ма? Жоқ! (Астанадағы әуелгі өткен пресс-көрсетіліміне қатысқан аз қазақты қоспағанда.) Неге дейсіз ғой? Халықаралық Канн кинофестивалінде аталған фильм «Канның жаңалығы» болғанын қайдам, біздің елде осы кинотуындының аяғына «шеберлер» қолымен шешілмес кісен салынған деседі.

Тіпті бұл фильмді арнайы көрсетілімде көрген «зиялылардың» бірі үрке қарап: «Сіздің ұлтыңызға жаныңыз ашымайды, қазақты мансұқтап жатырсыз, сатқынсыз!» – десе, енді біреулері: «Бұлай өзгеше ойлауға кім сізге рұқсат берді?!» – деп, сөздің зілін сездірген көрінеді. Өкінішке орай, біздегі көдедей көп зиялысымақтардың сиық-сықпыты әзірге осы болып тұрғанға ұқсайды (әрине, көпке топырақ шашудан әсте аулақпыз)!

Сонда бұл фильм бұларға несімен жақпады?

Гәп мынада екен: фильмнің фабуласы бойынша, жетім қалған үш ағайынды қаладан көшіп келеді. Онда да ауылды сағынғанынан емес: қалада жан баға алмай, ауылдағы ата-анадан мұраға қалған ескі үйлеріне оралған. Қолдарында заңды құжаттары бар – заңды иесі осылар. Бірақ олар мұнда тұра алмайды. Анығы – жергілікті ауылдық әділетсіздік тұрғызбайды. Қилы-қилы, қым-қуыт, шым-шытырық жымысқы әрекеттер үш жетімнің жолын кесе берген…

Ал фильмнің алып шыққан идеясы жайлы айтсақ, төбе құйқаң шымырлап, тіксініп қаласың: қазіргі қазақ қоғамында қала тұрыпты, ауылдан да адамгершілік қасиеттің ауып кеткені айтылып, ауылдың азып-тозған бейнесі суреттелген. Тіптен сот орнының өзінде әділдік төбесін көрсетпейтін, жергілікті әміршіл-жемшіл биліктің бүгінгі кейіп-кеспірі мен мемлекеттік тұтас жүйенің былығын бетіне былш еткізген.

Енді осыдан соң Әділхан еңбегі ескерілсін, байтақ Қазақстанға «Үкілі Кәмшат» фильмі тарап көрсін?! Алда-жалда тарап кетсе, тұтас қазақ қоғамының төбесінен ақиқаттың ұртоқпағы тоңқ етті дей беріңіз! Ал ондай болса, қазақ оянады деген сөз! Мұндай шындықпен бетпе-бет келу – билікті қойшы, қазақ қоғамы үшін де сондай «қайғылы һәм қасіретті» болып тұр… Қазақты оятып алмайын деп, біздің биліктің ұйқысыз жүргені – содан.

Қозыбай ҚҰРМАН,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн