Тазабек СӘМБЕТБАЙ: Форумға жиналған жастар ДӘРІС ТЫҢДАП ҚАЙТТЫ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №15 (286) от 16 апреля 2015 г.

ДАТ!

 

Кезектен тыс сайлау науқаны барысында Астана қаласында жастар форумы өтіп, «Нұрсұлтан – Қазақстан!» деген даңғаза ұранды ресми БАҚ дабыра етті. Біз де өз тарапымыздан Алматы қаласында саяси-қоғамдық мәселелердің бел ортасында жүрген белсенді жастардың өкілдері бұл форумға қатысқан шығар деп, Жалпыұлттық социал-демократтар партиясы «Жастар қанатының» жетекшісі Тазабек СӘМБЕТБАЙДЫ іздеген едік. Сөйтсек, ол жігіт Бостандық аудандық сотында Алматы қалалық мәслихатымен соттасып жүр екен.

 

–Тазабек, мәслихаттың мәселесін «майшаммен» қарап болдыңыздар ма? Сот шешімі кімнің пайдасын көздеді?

– Қайдан, қазақ соттарында азаматтық ерік-жігер талабы жеңіске жетуші ме еді?! Әділетсіз шешімнің кебін тағы кидік..

 

– Оқырманға түсінікті болуы үшін, сіздердің партия мәслихатты сотқа берген мәселенің мән-жайын толығырақ айта кетсеңіз…

– Алматы қаласында және Алматы облысының біраз аумағында оңтүстік астанаға жаңа елді мекендер қосылуына байланысты жаңадан 43 сайлау учаскесі ашылғаны мәлім. Сол жерге мәслихат депутаттары жаңа мүшелерін сайлады. Талғар және Қарасай аудандарының кей аумақтары қосылуына байланысты қалалық мәслихат биыл наурыздың 31-і күні қосымша учаскелік және аумақтық сайлау комиссияларын құру үшін сайлау өткізген. Сол күні сайланған 43 учаскелік сайлау комиссиясы мүшелігіне билікті қолдаушы «Бірлік», «Ақжол», «Нұр Отан», «Ауыл», Патриоттар және Қазақстан халықтық коммунистік партиясы – алты саяси ұйымның өкілдері өткен. «Сайлау туралы заңның» 10-бабы бойынша, сайлау комиссиялары саяси партиялардан ғана құралуы тиіс. Қазақстанда ресми тіркелген жеті саяси партия бар. Сайлау комиссиялары да жеті мүшеден құралуы тиіс. Бірақ ЖСДП ұсынған өкілдердің ешбірі сайланбады. Жеті адамнан тұратын сайлау комиссиясына жетінші етіп әлдебір белгісіз қоғамдық бірлестікті қосты. Ал басымдық саяси партияларға берілуі тиіс еді. Осы негізде біз партия атынан мәслихатты сотқа берген едік, алайда сот шешімі мәслихаттың пайдасына шешілді. Біз бұл шешімді әділетсіз деп санаймыз, келесі сот инстанцияларына шағымданамыз, қажет болса, бұл істі халықаралық сотқа дейін жеткіземіз.

 

– Іске сәт! Ал сіздер бұл жақта соттасып жүргенде, Астанада аяқ астынан жастар форумы өтті ғой: оған шақыру алмадыңыз ба?

– Оған бізді кім шақырар дейсіз?! Оны «Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған «Жас Отан» деп аталатын ұйым өткізді. Тіпті, шақырылған күннің өзінде, жетіп барар жайымыз жоқ. Себебі бұл жастар мәселесін шешетін алқалы жиын емес, сайлаудың қамымен өткен науқандық қана шара ғой. Ұраны көп, нәтижесі жоқ жиынға қатысуға біз де аса құлықты емеспіз.

 

– Сонда бұл форумға кімдер қатысқан – ол жағынан хабарыңыз бар ма?

– «Жас Отанның» мәлімдеуінше, қатарында 170 мыңнан астам мүшесі бар-мыс ұйымның орталық кеңесіндегі 50-ден астам жастар осы жиынның құрметті қонағы болған екен. Атағын дардай етіп жүрген билік партиясының құзырындағы жастар тобы елдегі саяси процестерге ықпалы жоқ екені бізге белгілі: билік тармақтарына өкілін ұсына алмайды, тіпті парламенттің партиялық тізіміне де енбеген. Олар биліктің саяси науқанындағы ұрандаушы топқа айналған. Парламенттегі ең жас деген депуттаттың жасы 36-да екен, ал көрші Ресейдің думасында жасы отызға толмаған депутаттардың қатары баршылық. Болашақ жастардың қолында десек, жастар болашақтан жырақ қалды. Билік партиясының сойылын соғып жүргендер осы мәселе төңірегінде ойланатынына күмәнім бар.

 

– Дегенмен, жастарға қатысты жиын болған соң, онда айтылған жәйттердің тақырыбынан БАҚ арқылы болсын хабарыңыз бар шығар? Мәселен, аю сияқты ұйықтай бермей, қимылдау қажет деген ақылдан басқа жастарға қатысты қандай мәселе сіздің көңіліңізге қонды?

– Президент осы форумда жастарға дәріс оқуды жөн санапты. Сайлауалды сарсаңның сықпыты ғой… Көңілге қонымды нақты ұсыныс айтылған жоқ, жастарға қажетті өзекті мәселелерді шешу жолдарын да ести алмадым. Тек жалындаған ұран мен мән-мағынасыз масаттанған сөздерді ғана естідік.

 

– Дегенмен, ол форумда елдегі жастар мәселесінен бұрын, ақталу жағы басым болған сияқты: бізде күн жылы болғанда, бай ел болар едік, өкінішке орай, климатымыз суық болған соң, осындай жағдайға тап болдық деген сияқты. Ширек ғасырға жуық уақыттан кейін дәрменсіздіктен ақталғандай сыңай танытқан Нұрсұлтан Назарбаевтың осы сөзінен кейін оның ендігі президенттік билігінен қандай үміт күтер едіңіз?

– Әдетке айналған мезгілінен бұрын өтетін сайлаудың нәтижесі қалай болатыны, «жеңіске» кімнің жететіні белгілі. Сондықтан «атымның сыры маған белгілі» дегендей, саяси реформалар қолға алынады дегенге аса сенімім жоқ. Жастар жаңалыққа ұмтылады, егер келешекке деген сенімім нық деп, өзімді өтірікпен алдайтын болсам, мен де «Жас Отанның» қатарында жүрер ме едім, бәлкім?.. Бағыма қарай, мен демократиялық алаңда тәуелсіз көзқарасы, өзінің берік ұстанымы бар партияның «Жастар қанатында» жүргеніме мақтанамын.

Өзіңіз айтып отырған климаттық ерекшеліктерге байланысты айтқан президенттің сөзін естіп отырған жастар тропикалық қоңыржай елдерге қарай көшіп кеткісі келген шығар. Қысы қатты, мәселен, Норвегия, Канада, Швеция елдерін қақаған аяз айналып өтіп жатыр ма екен? Ал аяз бен қарды түсінде көретін Араб Әмірлігі мен Қазақстанды салыстырмақ болған президенттің айтқан уәжі де көңілге қонымсыз. Аптап ыстық климатта, құм басқан шөл далада салынған ірі қалаларындағы ғимараттарды салқындатуға жұмсалатын шығын еліміздегі қалаларды жылытуға кететтін шығынды бірнеше есе орайды. Демек, республикамыздағы климаттық ерекшелікті көлденең тартып, ақталудың реті жоқ сияқты.

 

– Сіз сайлаудан кейін Нұрсұлтан көкеңізден не күтесіз: ол елге әлдебір жылымық әкелер өзгерістер жасайды деп айта аласыз ба?

– Жастардың болашаққа деген сенімі тұрғысында айтар болсам, жылымыққа жоралғы болар талпынысты байқай алмай отырмыз. Үмітті де үзгіміз келмейді: егер президент саяси реформалар жасауға, сонымен бірге отандық кәсіпорындардың дамуына, әлеуметтік жағдайды реттеуге, елдің болашағы – жастарға жол ашылуына мүмкіндік жасалуына қарай бет бұрса, кеш қалдық демес едім.

 

– Сол форумда «Нұрсұлтан – Қазақстан!» деп ұрандаған жастар елдегі өз замандастарының қаншасы жұмыссыз жүргенін біле ме екен? Сіз осы көңілсіз статистиканы олардың есіне сала аласыз ба?

– Елімізде ресми мәлімет бойынша, 14–30 жастың аралығын қамтитын 5 миллионға жуық азамат бар. Ал осы азаматтардың бес пайызы ресми түрде жұмыссыздар деп саналыпты. Тәуелсіз сарапшылардың мәліметіне жүгінсек, осы бес пайыз жұмыссыздың саны, өзін-өзі қамтитын жастарды қосқанда – 60 пайызға жетіп жығылады екен. Өзін-өзі қамтиды деп, базарда арба сүйреп, ауылда көрші-қолаңның малын бағып жүргендерді ресми мәлімет бойынша жұмыспен қамтылғандардың қатарына қосқан билікке не айтарсыз? Сонда еліміздегі жастардың басым бөлігі – жұмыссыздар армиясын құрап отыр десем, артық айтты демессіз.

Осыдан үш жыл бұрын Алматының «Прайм-Плаза» ойын-сауық кешеніндегі концертте тәртіп бұзғандардың дені жұмыссыз жастар болғаны белгілі. Сол жағдайға барған жастарды айыптаудан аулақпын: жұмыссыздық пен болашаққа деген сенімнің жоқтығы әртүрлі әрекеттерге апарып соғатынын «Жасотандықтар» білсе де, білмеген кейіп танытып отыр. Тіпті сол форумда дауысы жыртыла айқайлағандар ертеңгі болашағына сенімді ме екен – оған мен дүдәмалмын.

 

– Айтпақшы, сіз «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жастардың елге деген патриоттық сезімін оята алды деп ойлайсыз ба? Мәселен, біздің редакцияға осы тақырып төңірегінде келетін хаттардың мазмұнын топтайтын болсақ, жоғары оқу орнын бітірген жастар ауылға осы бағдарламаның көтерме ақшасын алу үшін ғана барады екен…

– Бастама жақсы-ақ, бірақ нәтижесі қайсы? Алыс ауылға барған мамандарға көтерме ақша да демеу болмай жатқаны өкінішті. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысына барған дәрігерлер қызметтерінен кететіні жөнінде мәлімдегенін телеарналардан көрсетті. Ауылды жерге барған мамандарды құшақ жая күтіп тұрған жұмыс орындары жоқтың қасы, сонымен бірге тұрғын үймен қамту мәселесі дұрыс жолға қойылмаған. Көтерме ақша алғаны үшін мемлекетке берешек болып, кері қайтып, жұмыссыздардың қатарына қосылып жатқандары қаншама? Жергілікті жерде білім беру және денсаулық сақтау саласына мамандар жетіспейді деп дабыл қаққанымен, сол мамандарды қабылдаудың заңды тетігі жасалмаған.

 

– Біздегі студент-жастардың қоғамдық белсенділігі неге төмен деп ойлайсыз?

– Тәуелсіздік жылдарында жастар мәселесі биліктің назарынан тыс қалғаны белгілі жәйт. Жастар саяси науқанда дабыра айқай көтеретін жанкүйерге айналған. Басқа уақытта бар-жоғы есепке алынбайды. Жастарға сенім артылып, жауапты істерге жұмылдырылмайды. Бүгінгі жастар бес қаруы сай, білімі білігіне теңескен – тек мемлекет тарапынан қолдауға ие бола алмай отыр.

Биылғы ақпан айында «Жастар саясаты туралы Заңға» президент қол қойған болатын. Жаңа заңның ескі заңнан айырмашылығы жоқ: жоғарыдан төмен қарай түсетін бұйрық, нұсқауларды орындауды жүзеге асыруды ғана реттеген сияқты. Жастардың мүддесін қорғау мақсаты көзделмеген, керісінше, мүмкіндіктері шектелген. Біз ЖСДП партиясының «Жастар қанаты» болғандықтан, заңды талқылау барысында өз тарапымыздан ондаған тармақтан тұратын ұсыныстарымызды жібергенбіз. Әлеуметтік қолдау, жас кәсіпкерлікті дамыту, баспана мәселесін шешуге арналған ұсыныстарымыз қолдау таппады. Демек, заң жүзінде де жастар мәселесі толық қорғалмаған деп айта аламын.

 

– Бүгінде жастар интернеттің әлеуметтік желілерін көп пайдаланатынын ескерсек, бұл виртуальды әлемнің ерік-жігері ертеңгі күні лықсып, қоғамдық ортаға шыға алады деп ойлайсыз ба?

– Әлеуметтік желідегі белсенділік әр қилы бағаланады. Біз білетін белсенділік баяғы сол «ас үйдегі әңгімеден» аса алған жоқ. Тіпті кейбіреулер сол белсенділерді «дивандағы әскерлер» деп те атайды екен. Жастар әлеуметтік белсенділікке қызығушылық танытуға да ынталы емес сияқты. Оған себеп – Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер негізінде әлеуметтік желі БАҚ-пен теңестіріліп, шектеу қойылған. Қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыруды мақсат етіп, белсенділік танытқысы келетін азаматтар жауапқа тартылмас үшін, аяқтарын аңдап басуына тура келіп тұр. Желідегі жедел жазбасы үшін күні кеше ғана екі ай бойы абақтыға қамалған Сәкен Байкеновке байланысты әділетсіз сот ісі жастардың біразына ескерту болған сияқты. Дегенмен де, озық технология дамыған заманда әлеуметтік желінің жігері алаңға дейін жетпейді деп, ешкім кепілдік бере алмайды.

 

– Ал осы интернет иіріміндегі тролльдар армиясына қарсы жаппай «соғыс жариялау» науқанын ұйымдастыру ойыңызда жоқ па? Әлде бұл іріткілермен күресу мүмкін емес пе?

– Ондай тролльдармен күресіп береке таппаймыз: олардың әрекеті «жұқпалы вирусқа» ұқсас – бір ошағын өшірсең, екіншісі пайда болады. Дер кезінде дәлелді жауап беріп, бетін қағып тастап отыру – оларға қарсы күрестің салмақты жолы болмақ! Осы жағдайдың өзі тәуелсіз азаматтардың ұстанымын нықтай түсетін сияқты. Ой еркіндігіне жасалатын қарсы әрекеттің өзі күрес тәсілін шыңдау үшін қажетті бір сынақ іспетті.

 

– ЖСДП партиясының «Жастар қанаты» қазір қандай шаруамен айналысып жатқанын айта аласыз ба?

– Ресми ақпаратты ақтарып отырған қауым ел жастары билік партиясының маңына ғана топтасқан десе, қатты қателеседі. Саяси алаңда «алабөтен» көзқарасы бар тәуелсіз жастар ЖСДП партиясының маңына топтасуда. Біз қызылды-жасылды шаралар өткізіп, жасанды қойылым қоюға мүдделі емеспіз. Әзірге үлкен саяси шаралар өткізбесек те, қайырымдылық іс-шараларын өткізіп, заң кеңесіне зәру азаматтарға қолдау көрсетіп жүрміз. Ал үлкен саяси шараның ошағын бізге биліктің өзі үрлеп беріп жатыр…

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн