БҰРЫНҒЫ «атқамінерлер» ҚАЙДА?  

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №15 (286) от 16 апреля 2015 г.

 

Тураби тұғыры

 

Думан Бықай:

Біраз бұрын әлгі «Зона» жаңа бағдарлама ашты. «О чем говорят казахи?» деп атапты. Жоба жақсы-ақ. Әй, бірақ… атауы жаман атаңа нәлеттің.

Жобаның жетекшісі Игорь Хеннің кім екенін білмейміз, бірақ ол осы елдің қожасы, осы елдің иесі іспетті. Біз болсақ отаршылдар қырып-жойған Америкадағы аз ғана үндіс пен Австралиядағы абориген сияқтымыз. «Әй, бұлар не деп жатыр? Тыңдай салайықшы осы. Не шатиды екен…» дейтіндей. Негізі бұл сауалды әлгі Хенге мына біз қойсақ, жарасар ма еді? «О чем говорят корейцы? Как им живется в Казахстане?». Жалпы, кәріске ғана емес, орысқа да сондай сауал қойсақ заңды. Себебі бұл жердің қожасы – қазақ. Асылы, біздің не деп жатқанымызды әлгі Хен біз айтпай-ақ білуі тиіс еді. Бірақ ол тіл білмейді ғой.

 

Амангелді Керімтаев:

Табанына қара жердің қыртысын тигізбеуге талпынған, тектілігі тәкаппар жалғыз жұрт бұл фәниде қазақ екені даусыз. Қазақтың сорлысының тақымында кем дегенде бір «көк шолағы» болған. Қойшысы қой торысын мінді. Диханы кер тұғырына бұт артты. Кісілік ат жалын тартып мінумен өлшенді. Қатардан озып, соңынан ел-жұртын ерте алған қазақ «Атқамінер» атанды. Олар әлеуметті парасатты іске жұмылдырды. Сондықтан атқамінерлер халық арасында үлкен бедел-құрметке ие болды. Уақыт өте келе, «атқамінер» ұғымы жағымсыз реңк ала бастады. Қазір тұтас қара түске боянып алды. Өкінішті-ақ!!!

 

Асылхан Мамашұлы:

Фото-Асылхан мамашұлыҚазақстанның бүкіл құпиясын білетін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, президент күзеті басшысының шетел сотында кісендеулі отырғаны, қалай болғанда да, өте қолайсыз көрініс қой. Мәселен, басқа бір елдің дәл сондай лауазымды қызметкерінің Қазақстанда тергеуге алынып жатқанын еш елестете алмайды екем. Отырғандар – Рахат Әлиевтің көмекшісі Кошляк. Айдарынан жел ескен, түкірігі жерге түспеген Әлнұр Мұсаевты айтам да: Құдай екінің біріне бұйырмайтын бақ, ат пен тақ берді. Ендігі отырыс мынау: табаламаймын, жаным да ашымайды.

Әлі есімде, «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының 5-томына Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі ретінде Әкежан Қажыгелдин туралы ғұмырнамалық мақала кіруі керек болатын. Кіріп те кеткен. Жеме-жемге келгенде, бас редактор Әбдімәлік Нысанбаев «президентіміздің саясатына қарсы адам» деп алдыртып тастады. Энциклопедия саясаты аздау, ғылыми деректері көптеу жинақ қой – сонда да шығып қалды. Арада бір жылдан кейін 6-томға қазақтан шыққан генералдар критерийі бойынша Әлнұр Мұсаев кірді. Ол кезде генералдар аз. Сөйтіп «әскери қайраткер, қолбасшы» Әлнұр Мұсаев суретімен жарқырап шықты. 1998 жылы шыққан І-томда марқұм Мұқтар Әлиев те тұр.

Енді бір 100 жылдан кейін зерттеушілер әуелі мақтап, артынан боқтайтын, әдепкі батыр дегені кейін сатқын болатын, желді күнгі қамыстай олай да, былай да жапырыла беретін неғылған қоғам орнатқан бұлар дейтін шығар.

 

Нұрсерік Мұрат:

Баяғыда бір ауылдың әкімі қарамағындағы жас жігітті қудалап, жұмыстан шығарып жіберсе керек. Кейінірек, жылдар өтіп, әлгі қудаланып кеткен жігіт ауданға әкім болып кепті дейді. Баяғы «әңгіме» ұмытылмаған. Ауылдың әкімін жиналысқа шақырып, табаға салып шыжғырса керек. Жиналыстан тері шүмектеп шыққан әлгі әкім бір ауылдың тұсында ойнап жүрген бала-шағаны көріп, шопырына тоқташы депті. Сосын көліктен түсе салып, балалардың әрқайсына барып, «ассалаумағалейкум» деп, қос қолдап амандасып шығыпты да, көлігіне отырыпты. Шопыры аң-таң, не болды демей ме?! Сөйтсе әкім көкесі, «е-е, ертең қайсысы ауданға әкім болып келетінін қайдан білесің?!» дейтін көрінеді терін сүртіп.

Артым таққа тиді екен деп, шалқақтамау керек. Бүгін бала-шаға дегенмен… Өмір алма-кезек.

 

Жұлдыз Әбділда:

Біз бизнес дегенде, тезірек көп ақша тауып, байып кетуді ойлайтын сияқтымыз. Бәріміз болмасақ та, көпшілігіміз солай. Сосын, егер бизнес бастасақ, алдымен міндетті түрде «Камри» не «Прадо» мініп алуымыз керек, үйімізді кеңейту де «парыз», қымбат киім, асыл бұйым, сонымен ақырында бизнесімізді жүргізуге тиынымыз қалмай қалады. Ал финдердің бизнеске қатысты түсінігі маған қатты ұнаған еді. Олар бизнесті атадан балаға мұра болып қалатын отбасылық табыс көзі ретінде қарастырады екен. Сондықтан «Тиккурила» бояуларының 150 жылдан бері нарықтан түспей келе жатқанына аса қатты таңғалмадық. Мысалы, көпшілігіміз пайдаланып жүрген «Нокиан Тайерс» доңғалақтары да, жүздеген жылдан бері шығарылып келе жатқан бұйым. Бастапқыда резеңке галоштар шығарған, бірте-бірте кеңейтіп, осы күні, қателеспесем, миллион жұп доңғалақ шығарады. Бізде қалай?

 

Ахметбек Нұрсила:

Ел алдында бетке неге айта алмайтын болғанбыз? Неге жалтақтаймыз?

Менің жекеме жазған кей жазбаларды көптің назарына шығара саламын кейде. Әрине, ол жерде жеке адамның басының құпиясы болмаса, ел ұятқа қалатындай сөздер болмаса.

Ал «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, ханға да қасқайып қарап шындықты бетке айтатын өжет халықтың ұрпағы едік қой! Неге күлбелете береміз? Неге жасық болып қалғанбыз?

Ойларыңды ашық айтып үйреніңдер деп айтқым келеді жастарға. Барлық адамның ойы, пікірі бір жерден шығуы мүмкін емес қой… Басқа адамдардың ой-пікірімен келіспесеңіз – оны ашық айтыңыз. Бірақ сынағанның жөні осы екен деп, «Жаптым – жала, жақтым – күйе» емес, сын дәлелді болсын. Және де сынаған екенсің, өзің дұрыс жолын көрсет. «Мен болсам былай істер едім, былай айтар едім, мына жерінің орнына мынандай нәрсе істеу керек еді» дегендей.

Сын түзелмей, мін түзелмейді!

(Пікірлер интернеттің әлеуметтік желілерінен nалынды)

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн