ҚАЗАҚТЫ ЖЕРДЕН АЙЫРУ – ұлтты тоздырумен бірдей әрекет

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №15 (286) от 16 апреля 2015 г.

 

Үміткерден үміт бар ма?

 

Қазақстандағы президенттік сайлау науқаны барысында редакция поштасына ағылған хатта есеп жоқ. Соның бірін – «ҚР Президенті және келесі президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевқа» деген айдармен жазылған Ашық хатты қаз-қалпында жариялап отырмыз. Хат иесі: «20 жылға созылған зансыздыққа тосқауыл қойыңыз, жеке тұрғын үй салуға берілетін жер телімдерін бөлу, оған құжаттар дайындау ісіндегі жемқорлықты тыйыңыз!» – деп, мәселені төтесінен қояды.

 

Тәуелсіздік алғалы ширек ғасырға жуық уақыт болды. Сонда да елде үйсіз-күйсіз жүрген қазақтар саны көбейіп отыр. Бұған жер телімін, үй кезегін бөлуде жемқорлықтың кеңінен өріс алуы әсер етуде. Бір ғана Астана қаласы мен Ақмола облысында үй салатын, егін егетін шұрайлы жерлерді лауазымды қызметкерлер ақшалыларға, тамыр-таныстарына, тіпті сыныптастары мен құдаларына дейін оңды-солды таратып берген. Жекелеген прокурорлар мен қаржы полициясы қызметкерлері жемқорларды қызғыштай қорғайды.

Ал аудан, ауыл әкімдері мен жер қатынастары басқармалары қызметкерлері мемлекеттік қызметті бизнеске айналдырған. «Тәуелсіздік алғанда, елімізге қазақ басшысы сайланғанда, заңсыздықтан жапа шегеміз деп кім ойлаған?» деп қанжылады тұрғындар. Құқық қорғау органдарына, сотқа барып әділдік таба алмаған адамдардың өкіметке сенімі жоғала бастаған. Сондықтан тұрғындар өз арыздарын Президент аппаратына, Парламентке, «Нұр Отан» және тәуелсіз газеттерге жолдайды.

Есіңізге салайын, 1996 жылы Сіздің «Жер туралы» жарлығыңыз шықты. Онда тұрғын үй салуға арналған жер телімдері мемлекеттік актімен берілсін делінген еді. Жер алғандарға оны сатуға, сыйға тартуға мүмкіндік жасалуы көзделген.

Ал 2000 жылы шыққан «Жер туралы» Заңда да жеке тұрғын үй құрылысына (ЖТҚ) жер телімі мемлекеттік актімен берілуі айтылған. Осы заңды талаптар қарапайым халыққа келгенде орындалмай келеді. Халыққа жер телімі бір жылға арендаға беріледі. «Осы шешім бір жылдан соң күшін жояды» деудің өзі қиянатқа, жемқорлыққа жол ашады. Жұмыс іздеп, ауылдардан көшкен кедей қазақ бір жылда үй сала алмайды. Сатайын десе сата алмайды, сыйға тарта алмайды. Арендаға жер алғандар үйлеріне құжат дайындай алмай, сергелдеңге түседі.

Мәселен, Целиноград ауданында арендадағы жер телімін сатып алған жас азаматша А.Исина 13 жыл бойы алтын уақытын, миллиондаған ақшасын шашса, әлі күнге 10 жылдан артық тұратын үйіне құжат жасай алмай жүр. Тұрғын үй пайдалануға алынса да, техпаспорты болса да, мемлекеттік актіні ала алмады. Легализацияға берейін десе – актісіз алмайды. Бар құжаттар бұрынғы қожайынның атында. Ол қожайын жер сатар кезде, 18 жастағы Байжанова еді, 10 жылдың ішінде тұрмысқа шығып, Каримова болып ауысты. Содан оның өзіне «алаяқтық жасадың» деген айыппен қылмыстық іс қозғалып, жері арестке кетіп қалып, оны алу үшін 3 жыл жүрді.

Былтырдан бері Исинаның маңындағы үйлер жол салу үшін сырылып жатыр. Биыл бұлардың үйіне де кезек келеді. Сонда 5 балалы отбасы не ақшасыз, не үйсіз далада қалмақ. Ал 2011 жылғы Астана қалалық маслихатының шешімі бойынша, «қызыл жолақта» тұрған үйлерге мемлекеттік акті берілмейді. Сонда бұл бейбақ енді қайтпек?

Тағы бір мысал: Ақмола облысы Целиноград ауданынан 2000 жылы мемлекеттік актісіз жер телімін алған А.Байгөзин 15 жыл бойы үйіне құжат дайындай алмай жүр. 2004 жылы көлігін айдап кеткен ұрылар сайманын алып, машинаны жағып жіберген. Машинамен бірге құжаттары да өртеніп кеткен. Егер сол кезде мемлекеттік актісі болса, баяғыда көшірмесін алып үйіне құжат дайындап алушы еді.

Кейін «Көктал-2» шағын ауданы қалаға берілгендіктен, Астана қалалық жер қатынастары бөлімінен мемлекеттік актіні сұраса, оған тура Исинаға бергендей жауап қайырылған. Астана қалалық жер қатынастары мекемесін 20 жыл басқарып отырған Ж.Нұркенов ҚР Әкімшілік кодексінің 244-бабын білмей ме? Оның «үйді өз бетімен салды» деп жауап беруі – заңға қайшы. Астана қаласының прокуратурасы Байгөзинге 3 жыл бойы «формально» жауап беріп келген. Осындай заңсыздықты талай адам бастан кешіп жүр. Жеке тұрғын үй құрылысына жерді бір жылға арендаға беріп, қолдан қиындық жасаудың не қажеті бар? Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына сай келмейтін мұндай шешімдер не үшін қабылданады?

Сол сияқты арендадағы жерін сатқан С.Мұқанқызы 13 жыл қиянат көрді. Бірақ бір жылға арендаға берілген жерді сатып жіберуге мәжбүр болған. Сатып алған адамы кейін оны тағы екі адамға сатқан. Соңғы сатып алушы С.Баилинов 2004 жылы «үйім бітті, құжат дайындаймын» деп алдап, сенім хат алып кеткен. Сөйтсе үй бітпеген. 2005 жылы тамызда шала бітіріп, С.Мұқанқызының атынан коттеджді сатты деп, қолды өзі қойып, құжат алған. Оған көмектескен нотариус «сатқан адам 17 000 000 теңге алды» деп, алаяқтық жасаған. Ақырында үш баланың анасы 2007 жылы Тұрғын үй депертаментінде үй берілейін деп жатқанда, үй кезегінен шығарылады. Алты жыл бойы қала әкімі, қалалық прокуратураға жазып, шындыққа жете алмайды. Барлығы «сізде коттедж бар» деген жауап береді.

Коррупциялық қылмысқа жол беріп, А.Каримова мен С.Мұқанқызына 2002 жылы заңсыз шешім шығарған А.Шакиров қазір Сіздің аппараттағы адам құқын қорғайтын бөлімде отыр…

Тұрғын үй және жер бөлу ісінде орын алған жемқорлық жағдай туралы экс-сенатор С.Жалмағанбетоваға, мәжілістің экс-депутаттары И.Елекеевке, А.Джазинге, қазіргі депутаттар А.Базарбаев пен В.Косаревке де шағымдар жаздық. Бірақ ешкімнен көмек жоқ, ешқайсы жемқорлыққа тосқауыл қоя алмады.

Ел тілегі – республиканы жайлаған осындай заңсыздықтарға тосқауыл қойылуын күтеді. Саяси реформа керек! «Сайланбаған әкім мен сот халыққа қызмет етпейді» деген сөзге құлақ түру керек сияқты.

Целиноград ауданында ұйымдасқан жемқорлық қылмысқа 11 жыл бойы тосқауыл қойылмай келеді. Бес мыңнан астам адам бір жылға арендаға алған жерлерінің уақыты өтіп, тұрғын үйлеріне құжат дайындай алмай, сергелдеңге түсуде. «Уақыты өтіп кетті» деген сылтаумен қаншама адам жер телімінен айрылып қалды. Қоянды ауылында 10 жыл бойы созылған дау да жемқорлық кесірінен туындап отыр. Астана қаласы мен Ақмола облысының Целиноград ауданында ақшасы көптер мен шенеуініктер, олардың тамыр-таныстары жер телімдерін гектарлап алады да, сегментация жасап, халыққа үстеме бағамен сатудың есебінен баюда. «Недвижимость», «Из руки в руки» газеттерінде жер сататындардың хабарламасын оқып, жағаңды ұстайсың. Құқық қорғау органдары қайда қарайды?

Саудагерлікті өрістетіп, жер телімдерін талан-таражға салу халықтың кедейленуіне әкеп отыр. «Сыбайлас жемқорлық туралы» Заңның 4,10,12-бабтары заң бұзушыларға қатысты қолданылмайды. Ал қарапайым халыққа келгенде, кесе-көлденең заң табыла қалады. Соңғы 10 жылда ауданда жеті әкім, бес прокурор ауысты, бірақ жемқорлыққа тосқауыл қоймады. Жемқорлық қылмысқа жол берген қарамағындағы қызметкерлерін жөнге салудың орнына, Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин мырза теледидардан: «Заңсыз алған жерлерін сырып тастаймыз!» деп, Қоянды ауылындағы халыққа қыр көрсетеді. Жоғарыда айтқан мәселелерге қатысты 2014 жылы әділетсіздікке, қиянатқа, жемқорлыққа, төрешілдікке ұзақ жылдар жол берген Е.Артықовты, аудандық жер қатынастары мекемесінің бастығын, аудан әкімшілігіндегі жер телімдерін беру жөніндегі комиссия төрайымы А.Айтқожинованы облыс әкімінің тәртіптік кеңесінде қарап, шара қолдануды талап еттім. Бірақ оған құлақ асқан ешкім жоқ. Құқық қорғау органдары атқарушы биліктің бір бөлігіне айналған. Сондықтан да аудан прокуроры Д.Сүлейменов халықты емес, билікті қолдап зансыздыққа жол беруде.

Қоянды ауылындағы 10 жылға созылған дау аудан басшыларының сыбайлас жемқорлықпен айналысуынан, прокуратураның әрекетсіздігінен, бұрынғы қаржы полициясының «крыша» болуынан туындаған. Қара халыққа келгенде, заң орындары батыл да, жедел шешім қабылдайды. Жер телімдерін сатты деп айыптаған оралман азамат түрмеде қайтыс болды. Сондай айыппен 6 баланың анасын 5 жылға соттады. Қарапайым халық өкілдері әкімдер мен тиісті басшылық органдардың жетекшілері араласпаса, қалай жерді сата алады?

Жақында халықтың 10 жыл бұрын алған жерлерін заңдастырып берудің орнына аукционға шығаруды ойлап тапты. Әлемде жер көлемі жөнінде 9-орында тұрған елдің халқын қан қақсату кімге тиімді? Конститутцияның 1-бабы бойынша, адам өмірі бірінші кезекте тұруы керектігін олар білмей ме?

Осы ретте тағы бір мысал айтайын: 2004 жылы жер теліміне өтініш берген С.Мұқатұлы 10 жыл бойы құжатын ала алмай келеді. 22 жасар баласы Данияр жоғарғы оқу орнына жыл сайын 150 мың теңге төлеп, сырттай оқып жүрді. Машина майын сататын дүкен ашты, алайда Астананың ұрылары оны бір жұмада тонап кеткен. Ақыры қыршын жас 2009 жылы асылып өлді. Сол ауылда 2006 жылы аудандық комиссияның шешімі шықса да, 180 адам жер телімдерін ала алмауына кім кінәлі? «Инфрақұрылым жасалған соң береміз» деп халықты алдап келеді. Астанадан 15–20 шақырым жердегі 12 ауылдағы жаңадан салынған үйлердің көбінде әлі күнге электр жарығы, жол, су, автобус жоқ. Батыр ана Қ.Әлжанова 11 жыл бойы жер телімін ала алмай жүр. Ж. Құсайыноваға 9 жыл бойы Қараөткелден жер телімі берілмеді. 2009 жылы Талапкер ауылында бос жатқан жер жоқ деп, 9 баланың анасына жауап береді де, 2011 жылы 145 адамға жер телімін кезексіз, мемлекеттік актімен таратады. Оны облыстық прокуратура анықтап, аудандық прокуратура сотпен 60 адамның жер телімін қайтып алды. Олар соттасты: бірақ облыстық сот аудандық сот шешімін күшінде қалдырды. Осы дау бүгінде Жоғарғы сотқа жетті.

Ақмола облысындағы Ақкөл ауданында жер телімі ЖТҚ-на мемлекеттік актімен беріледі екен. Ауыл шаруашылығы бастығы В.Елисеев мырза: «Әуелде біз де арендаға бергенбіз, бірақ аудан прокуроры наразылық келтірді, үй салатын жер бір-ақ рет беріледі, ол мемлекеттік актімен берілуі керек» дейді. Сонда бір облыстағы екі аудандағы жер қатыстары мәселесі неге екі түрлі шешіледі?

Турасын айтсақ, жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін бір жылға арендаға беру – халықты қанап, бюджетке ақша түсіру үшін қасақана жасалған қылмыс. Аренда шартын жыл сайын ұзартып, 8 құжатты қайта дайындау үшін 80 000 теңге қайта төлетеді. Ал кедей қазақ үйді 6–7 жыл салады. Сонда бюджетке 500 000 теңге ақша түседі. Жыл сайын ұзартпағандарға облыстық жер инспекциясы 90 000 теңге айып салады.

Ал сонда үкіметтің 2006 жылғы «әр адамға жеке меншікке 10 сотық жер берілсін» деген қаулысы қайда қалады? Керісінше, мемлекеттік акті сұрағандардың жерлерін «игермедің» деген сылтаумен кері алып қойып, оны ақша бергендер мен тамыр-таныстарына мемлекеттік актімен, кезексіз сатып жібереді. Бұған не аудандық прокурор, не сот тосқауыл қоймайды.

Сонда Жер кодексі биліктегілер мен байлар үшін қабылданған ба? Осы мәселеге байланысты ҚР Журналистер одағының мүшесі, құқық қорғаушы ретінде алты жыл бойы тиісті орындарға мәселе қойып келем, алайда сең орнынан қозғалар емес.

Құрметті, Нұрсұлтан Әбішұлы, Целиноград ауданында сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоя алмай отырған құқық қорғау қызметкерлеріне жаза қолдануды, аудан басшыларын жауапқа тартуды сұраймын. Мәселен, жерді оңды-солды таратқандардың бірі Исабекова-Сейілқызы 145 жер телімін кезексіз бергені үшін қызметтен кетеді де, артынша облыстық «Гипрозем» мекемесіне басшылыққа келіп, қызметі көтеріліп отыр. Осы жағдай қандай заңдылыққа сай келеді?

Тіпті бір ауданның ішіндегі Ақкөл, Аршалы аудандарында жер қатынастары мәселесіне екі түрлі заңдылық қолданылуда: Ақкөлде жер телімі мемлекеттік актімен берілсе, Аршалыда 5 жылға арендаға беріледі. Осы жағдайдан кейін біздің елде жалпыға ортақ заң бар ма, жоқ па деген заңды сұрақ туады.

Осындай қиындыққа тап болған тұрғындардың барлығына жуығы – қазақтар. 2003 жылдан бері 50 мыңнан аса қазақ кезегін күтіп, далада қалды. Енді басшылар кезекте тұрғандарды далаға қалдырып, жерді ағылшын әдісімен аукционға шығару ойынын бастады.

Осы аукцион басталмас бұрын, әкім-қаралар байларға, жекелеген тамыр-таныстарына 50–100 гектарлап таратқан жерлер қайта алынсын, тексеріс жүрсін. Ол жер телімдері кезекте тұрған халыққа тегін берілсін.

Сіз осыдан төрт жыл бұрын теледидардан: «Целиноград ауданындағы жерлерді түгел шенеуніктер алған – тексеріңдер» дегенсіз. Содан бері бірде-бір тексеріс жүрмеді. Сіз мемлекеттік құжат ретінде ұсынған «Нұрлы жол» бағдарламасында заң үстемдігі болуы керек деп талап қойдыңыз. Ал жергілікті басшылар сіздің талаптарыңызға пысқырып қарайтын түрлері жоқ. «Биің әділ болмаса – еліңді дерт жайлайды» деп, Қазыбек би айтқандай, еліңізді ауыр дерт жайлаған. Оны емдеуге өзіңіз тікелей араласпайтын болсаңыз, жергілікті шенеуніктерден қайыр жоқ. Қазақстанда бар билік тек Сіздін қолыңызда болғандықтан, заңды, халықтың мүддесін аяққа таптаған жекелеген шенеуніктер, құқық қорғау қызметкерлері жазаға тартылсын.

Сөз соңында айтар үлкен мәселе бар: қазақты жерден айыру – қазақ ұлтын тоздыру, оның түп-тамырын құрту жағдайымен бірдей. Өз елінде жүріп, үй салуға тілімдей жер ала алмаса, бұл қазақтың сізге деген сенімі қала ма? Ал сіздің саясатыңызды көпе-көрнеу саботажға салған шенеуніктер қазақты құртуды мақсат тұтып жүр ме? Осыған өзіңізден жауап күтеміз.

Сағадат ҚАБЫЛДИНА,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі,

Астана қаласы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн