«Общественная позиция»
(проект «DAT» №16 (287) от 23 апреля 2015 г.
Төте сұрақ
Үш күннен кейін – 26 сәуір – ҚР президентін сайлау күні. Кезексіз сайлауда «кезекті» президенттің кім болары – бесіктегі балаға белгілі жәйт: Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік құзіреті тағы да бес жылға созылады. Осыған орай газет редакциясына «бұрынғы және болашақ» президенттің атына көптеген аманат хаттар келуде. Соның бірін біз төменде қаз-қалпында басып отырмыз.
Азаттық таңы атқанда…
Сіз Қазақстан Республикасының Президенті болып ресми сайланған соң, 1992 жылдың маусымында «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» (әрі қарай – «Стратегия») деген Мемлекет басшысы ретіндегі жоспарларыңызды айқындайтын бағдарламалық еңбегіңізді халыққа 70 мың тиражбен жария еткенсіз. Менде сол кітабыңыз әлі де сақтаулы. Сол кітаптың алғы бетінде «Егер біз шындап аяғымыздан тік тұрып, қалыпты өмір сүргіміз келсе, бұл жолға түсуге тиіспіз» – деп жазыпсыз.
Содан бері 23 жыл өтіпті… Аз уақыт емес. Қазір біз басқа ғасыр емес, тіпті, басқа мыңжылдықта өмір сүріп жатырмыз. Халық өзгерді, заман өзгерді. Өзгермеген – тек Сіздің басшылығыңыз… 25 жыл Қазақ Елін басқарып келесіз, тағы бес жыл тақта қалайын деп отырсыз. Мына «сайлау» деп отырған науқанның сыры қазір бесіктегі балаға дейін белгілі… Сіз қойған шенеуніктердің бассыздығынан соған босқа кететін миллиардтарды топан суға батып жатқан Арқадағы халыққа үй салып, мал, мүлік алып беруіне жұмсаған абзал болар еді.
Сол халық 1991 жылғы 1 желтоқсанда Сізге мемлекетті басқаруды сеніп тапсырғанда, өзіңіз сол кітапта айтқаныңыздай, ұсынған жолда қандай жеңіс, межелерге жеттік, не істелді, қандай уәделеріңіз орындалмай қалды, енді соның маңызды деген тұстарын талдап көрейікші.
Өкінішке орай, бұл еңбегіңіз: «Қиын толғаныстар мен шешімдер, өмірді түбегейлі қайта өзгерту уақыты тағдырдың жазуымен біздің үлесімізге тиіп отыр» – деп әдемі басталса да, одан кейінгі: «Иә, біз бұлыңғыр және ешкімге түсініксіз марксизм-ленинизм жобалары бойынша «жарқын болашақты» құрудан бас тарттық» – деген сөздеріңіз Сіздің бәрімізге белгілі коммунистік өмір жолыңызбен үйлеспей тұрғанын бірден байқауға болады. Өйткені жас кезіңізден Теміртауда саналы түрде қызыл ту көтеріп, өзіңіз мойындағандай, Компартияның жалған жарапазандарын ұрандатып, 44 жасыңызда – үкімет басшысы, 49 жасыңызда – Қазақ ССР Компартиясының, яғни республика басшылығы деңгейіне дейін жеткеніңіз ақиқат…
«Айқын мақсатсыз адам да, билік жүргізуші құрылым да, қоғам да өмір сүре алмайды. Саналы мұратсыз, асқақ армансыз өмір сүретін адамдарды ұсақ, тоғышарлық мүдде, бір сәттік жеке бастың материалдық пайдасын ойлау стихиясы арбап алады. Сөйтіп, соның салдарынан қоғамда азғындау басталады. Бүгінде әркімге біздің қозғалысымыздың бағытын көруге, оқиғаны болжап білуге, түпкі мақсатқа қол жеткізуге сенімді болуға мүмкіндік беретін Қазақстан қоғамы дамуының айқын және нақты тұжырымдамасы, міне, сондықтан да қажет. Ұсынылып отырған егеменді Қазақстан Республикасының қалыптасу және даму стратегиясы осы қажетке сай келеді деп ойлаймын» – деген сөздеріңіздің, орысшадан аударылғаны сезіліп тұрса да, өте керемет, нағыз көрегендікпен жазылғанын екі қолды көтеріп қолдауға болады.
БІРІНШІ УӘДЕ: Ұлттық мемлекет құру
Қазақ халқының Ресейдің патшалық отарлауы, соның жалғасы – Кеңес Одағы кезіндегі алдамшы, жалған мемлекеттіліктен құтылып, тәуелсіз өз Мемлекетін құруға жол бұрғанын айқын да, ашық жазғаныңыз мына сөздерден көрініп тұр: «…өз тағдырын өзі айқындаған қазақ ұлтының мемлекеті…», «…ұлттық мемлекеттің қалыптасуы үшін…», «…мемлекеттік құрылымның ұлттық белгілерін қорғап, оның шайылып кетуіне жол бермеу маңызды, әйтпесе ол әкімшілік-территориялық бірліктің жай ғана жиынтығына айналады…», «Өзінің дамуына кедергі кездестірмеген қазақ ұлты, сөз жоқ, басқа халықтардың мүддесі мен сұранысына түсіністікпен және құрметпен қарайды…», «Әңгіме – қазақ ұлтының топтастырушы миссиясы туралы болып отыр…».
Ал сол жердегі мына сөздеріңіздің дәл айтылғаны соншалық, қолымда мүмкіндік болса, соны әдемі билбордтарға жазып, әр қала, әр ауылдың төріне іліп қояр едім:
«ҰЛТ МЕМЛЕКЕТСІЗ ӨМІР СҮРЕ АЛМАЙДЫ. ӨЗ КЕЗЕГІНДЕ ҰЛТТЫҢ ЖОЙЫЛУЫ ОНЫҢ МЕМЛЕКЕТІНІҢ ӨМІР СҮРУІН МӘНСІЗ ЕТЕДІ. МӘСЕЛЕНІҢ ҚАТАҢ ДИАЛЕКТИКАСЫ ОСЫНДАЙ».
Сіздің сол кездегі тұжырымдарыңыздың дәлелі ретінде мынадай ауқымды цитата келтіруге мәжбүрмін: «…Сондықтан, қай ұлтқа жататынына қарамастан, барлығы үшін мүмкіндіктер теңдігі мен барлығының заң алдында тең принципін жүзеге асырушы біздің мемлекетте тұрғылықты ұлт – қазақтардың мүддесі жекелеген жағдайда бітқатар мемлекетте орнын алып отырғанындай, ерекше бөліп айтылатыны да әбден орынды. Бұл ұлттық мәдениет пен тілді түлетуге, қазақ диаспорасымен рухани-мәдени және басқалай байланыстарды қалпына келтіруге, Қазақстанды тастап кетуге мәжбүр болған адамдардың өз Отанына қайтып оралуына қандай да болмасын алғышарт жасауға қатысты. Орталықтың қайта құруға дейінгі державалық саясаты оның әртүрлі көрінісінде қазақ ұлтының апат және жойылып кету шегіне қойып, ондаған жылдар бойы мәдениетінен айыру және ұлтсыздандырудың мақсатты процесі жүргізілгені баршаның есінде…».
Осы уәденің іс жүзінде орындалуы қандай болды? Өкінішке орай, Қазақ мемлекетін құрудан алғашқы шегініс бұл бағдарламадан бұрын, 1991 жылдың 10 желтоқсанында болды. Сол күні Кеңес Одағы заманында сайланған Жоғары Кеңес, Сіздің қолдауыңызбен еліміздің «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» деген атауын «Қазақстан Республикасы» дегенге өзгертіп жіберген. Дұрысында – «Советтік Социалистік» деген коммунистік идеологиялық тіркестер алынып тасталып, «ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫ» деген ат қалу керек еді. Сонда республиканың азаматтарының бәрі жалпы атпен – «ҚАЗАҚТАР» деп есептелер еді, құжаттарында басқа ұлт жазулы тұрса да. Бұл ұлттық мемлекетке бірінші қадам болар еді. Оны мойындамаған басқа ұлт өкілдерінің өз отандарына оралуына жолдары ашық болатын.
1992–1995 жылдары осы айтылған бағытта біраз өзгерістер болды. Ең басты, ең қуанышты оқиға – ҚР Жоғарғы Кеңесі ұлттық мемлекетіміздің алғашқы Конституциясын зор консенсуспен (309 – «қолдады», 3 – «қарсы») 1993 жылдың 28 қаңтарында қабылдады. Сол Ата заңның: «…Қазақ мемлекеттілігінің бұлжымастығын негізге ала отырып», … «…Өзін-өзі билейтін қазақ ұлты мемлекеттілігінің түрі ретінде..» – деген баптар ұлттық Қазақ мемлекетінің нағыз алтын қазықтары еді!
Бірақ Сіз көп жылдан бері осы жазғандарыңызға тура қарама-қайшы, ұлттық мемлекетімізге қарсы, қазақ халқын ұлтсыздандыру жұмысын пәрменді істетіп отырсыз! Ол істеріңіз мынадай:
- 1995 жылғы 30 тамызда, Жоғарғы Кеңес тарқаған кезде «заңдық күші бар» деген желеумен Жарлық шығарып, Конституцияның 64-7, 78-7-баптарын бұзу болып табылатын заңсыз референдум өткізіп, заңсыз Конституция қабылдап, алғашқы заңды Конституцияның күшін жойдыңыз, Конституциядағы қазақ ұлтына, мемлекеттігіне байланысты баптарды құртып, Қазақстанды жоғарыда өзіңіз жазған: «әкімшілік-территориялық бірліктің жай ғана жиынтығына» айналдырып жібердіңіз. «Қазақ» деген сөз соның екі жерінде ғана, әзірге, сақталып қалған – ел мен жердің атауында. Оны да кейінгі кезде ауызша өзгертіп «казахстанская земля» – деп жүргеніңіз құпия емес. Осы жағдайға байланысты Сіздің сөзіңіз бен істеріңіз екі басқа екені таң қалдырады… Серікболсын Әбділдиннің «Парламент Казахстана: от Союза к государственности» (1993 ж.) деген кітабында мынадай жолдар бар (57-бет): «…Н.А.Назарбаев, который, в целом одобряя альтернативность подхода, тем не менее выразил несогласие с теми, кто хочет убрать слова о национальной государственности и вообще о казахском народе, мотивируя тем, что «гражданское общество – задача не текущего момента, а, будущего, к которому надо последовательно идти…».
Сонда қалай, ұлттық мемлекеттің Конституциясы қабылданғанына екі жыл толмай жатып, «будущее» келіп қалғаны ма? Қазір ел ішінде Ресейге арқа сүйеніп: «Бұл менің мемлекетім, менің жерім!» – дейтіндер көбейіп келеді… Егер басынан мемлекеттің аты Қазақ Республикасы, Конституцияда бұл «қазақтың ұлттық мемлекеті» – деп тұрса, бәрінің ауызына құм құйылар еді.
- Бүгін бүкіл мемлекеттік идеологияда «қазақ халқы», «қазақ мүддесі» деген тіркестер жойылған, тек ауызекі әңгімеде, таза қазақ аудиторияларында ғана айтылады. Оның орнына бүкіл БАҚ, басқа жолдар арқылы: «Қазақстан халқы», «қазақстандықтар», «көп ұлтты халық», «130 ұлт» деген сияқты, қитұрқы, ұлтымыздың мүддесіне қарама-қайшы түсініктер қалыптастырылып отыр. Қазір санымыз көп болса да, сол «130 ұлттың» бірі ғана болып отырмыз. халқымыздың жартысын жойған жауыз Сталиннің де ұлтымыздың атын жою ойына келмепті! Жеке құжаттарымыздағы ұлттың атауын да жоюға тырыстыңыз, тек ұлтшылдардың наразылығынан сескеніп тоқтаттыңыз. Сіз 1993 жылы шығарған: «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық негізінде» деген еңбегіңіздің 7-бетінде ұлттық дағдарыс туралы былай деп жазыпсыз: «Интернационализмді жариялағанына қарамастан, социалистік жүйе ондаған жылдар бойына халықтардың еркін дамуын қатаң түрде бұғаулап келді». Ал, енді 24 жыл Мәскеу де жоқ, социализм де жоқ, сонда өз халқыңызды өзіңіз бұғаулауыңыздың мақсаты қандай, президенттікке үміткер Назарбаев мырза?
- Қазақта «Жаман үйдің қонағы билейді» – деген сөз бар. Кезінде биттеп-құрттап, қазақ жеріне айдалып келгенде, халқымыз өзі аш отырса да, қолындағы бір жапырақ нанын бөліп беріп, жандарын аман алып қалғандардың ұрпақтарын Астанаға жинап алып, халықтың ақшасымен жарылқап, бүкіл қазақ халқына ақыл айтқызып отырсыз, Нұреке! Бұл тіпті әлемде жоқ масқара ғой!
- Шекарадан тыс қалған қазақ халқының үштен бірінің тағдырына байланысты «Қазақ ССР-і Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясындағы»: «Қазақ ССР-і Республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiл жөнiндегi қажетiн қанағаттандыруға қамқорлық жасайды» – деген бап мүлдем орындалмады.
- Кедендік одаққа кіріп, экономикалық тәуелсіздіктен айырылып едік, енді Еуразиялық экономикалық одаққа кіріп, саяси тәуелсіздіктен айырылудың алдында отырмыз. Халықтың, зиялы қауымның қарсылығына құлақ асқан жоқсыз. Бұның арты неге апаратынын жақын арада түсінесіз деп ойлаймын. Бірақ Сіздің бұл көзсіз шешімдеріңіздің қазақ халқы үшін де, Сіз үшін де зардабы ауыр болатыны күмәнсіз.
ЕКІНШІ УӘДЕ: Ана тілі мәселесін шешу
Тәуелсіздік алмай тұрып, 1989 жылы, сол кездегі жағдайда үлкен жеңіс болған «Тілдер туралы Заң» қабылданған. Бәрі де анық: Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі. 1993 жылғы алғашқы Конституцияның 8-бабы да тура сол жағдайды заңдастырды: «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі болып табылады». Тәуелсіздік алғалы ана тілімізді қолдануды қалпына келтіреміз деп, тоқтамай айтып келесіз: қабылданған бағдарламаларда сан жоқ, кеткен қаржыда есеп жоқ.
Ал енді осы уәденің іс жүзінде орындалуы қандай? Жалпы бірлі-жарым позитивтік өзгерістер болғанымен, ана тіліміз осы күнге дейін тиісті дәрежедегі мемлекеттік тіл бола алмады…
Оның басты себебі – 1995 жылғы Конституциядағы тілге арналған 7-бапқа Сіздің орыс тілінің статусын көтеру мақсатында ендірген өзгерісіңіздің нәтижесі: «1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады».
Бұл қосымшамен Сіз ана тілімізді тәуелсіздік алмаған 1989 жылғы жағдайынан да төмен түсіріп жібердіңіз. Турасын айтсақ, бұл қазақ тілінің түбіріне балта шапқан жағдай болды! Өйткені 1995 жылдан бері орыс тілі іс жүзінде ресми ғана емес, бірінші мемлекеттік тіл статусын алып отыр. Президент әкімшілігі, үкімет, парламент, барлық министрліктер мен Ұлттық компаниялар іс қағаздарын орыс тілінде жүргізеді, заңдар орыс тілінде дайындалады, оның талқылауы да орыс тілінде өтеді. Сіздің өзіңіз Ресейден басқа шетелдерде орысша сөйлеп жүрсеңіз, министрлеріңіз ана тілін «қақпаса» – бұған енді басқа қандай дәлел керек?
Сондықтан бүгін қазақшадан басқа тілде мектеп бітіретіндер екі сөздің басын қоса алмайды, өйткені қазақ тіліне мемлекеттік қажеттілік жоқ: Ұлттық бірыңғай тестілеуге қосылмайды, мемлекеттік қызметке қабылдану кезінде, басқа ресми орындарда ондай талап қойылмайды. Ана тіліне қажеттілік бар: оны қажетсінген адамдар жанталасып, өз ақшаларын төлеп, бірнеше айдың ішінде үйреніп жатады.
Сондықтан «Отаным!» – деп, Моңғолия, Қытай және басқа елдерден аңырап келген ағайындарымыз орыс тілін білмей, жұмыс таба алмай, өз атамекенінде өгейдің күнін кешіп жүр.
Кейбіреулері қайтадан кері көшіп жатыр. Басқа ұлттың өкілдері өмір бойы қазақ жерінде тұрып, қазақтың нанын жеп, суын ішсе де, қазақпен тіпті қазақша бір ауыз амандасқанды да өздеріне намыс санайды: яғни, қазақ ұлтын менсінбейді деген сөз. Міне, Сіздің елді 25 жыл басқаруыңыздың нақты нәтижесі, Назарбаев мырза!
Есіңізде болса, 133 қазақ зиялысы Конституциядағы сол екінші тарамды алып тастау, мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қабылдау туралы жазған Ашық хатына, нақты ұсыныстары мен арыз-талаптарына пысқырған да жоқсыз – бұл не асқаныңыз? Айбынды Хан – Батыр Абылай бабамыз да халықтың айтқанын жерде қалдырмағаны белгілі…
ҮШІНШІ УӘДЕ: Қазақстанды гүлденген қоғамға айналдыру
Сіз сол «Стратегияңызда»: «Гүлденген қоғамға нарық, ашық экономика, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау арқылы жетуге болады. Егер барынша нақты айтатын болсақ, онда таяудағы үш жылда бізде тұтыну рыногын қалпына келтіру, келесі 7–10 жылда экономиканың шикізат сипатын жою және инфрақұрылымдықты дамыту үшін ірі қадамдар жасау, тағы бір 5–7 жылда жаңа индустриялық елдердің қатарына қосылу міндеті тұр. Мұны уақыттың ықпалымен жасалған өкімет пен халықтың арасындағы әлеуметтік келісім деп қарау керек. Бұл орайда екі жақ оны орындау жөніндегі міндеттемелерін ойдағыдай жүзеге асыруы керек» – депсіз.
Басқаша айтқанда, бұны халық кедергі болмаса, 15–20 жылдың ішінде елді ГҮЛДЕНГЕН ҚОҒАМҒА жетеміз деген бағыттағы мәлімдеме деп түсінуге болады. Бұл сөздерге қарап, сол кездердің өзінде болашақта ұзақ мерзімді билік жүргізуді жоспарлағаныңыз байқалатын сияқты…
Ендеше осы уәдеңіздің іс жүзінде орындалуы не жағдайда? Бұған жауаптарды жоғарыдағы мәтіннен шығаруға болады.
Гүлденген қоғам болдық па? Жоқ!
Тұтыну рыногы қалпына келтірілді ме? (Біз өзімізді-өзіміз керек тауарлармен қамтамасыз ете аламыз ба?) Жоқ!
Экономиканың шикізат сипаты жойылды ма? Жоқ!
Инфрақұрылымдықты дамыту үшін қажетті қадамдар толығымен жасалды ма? Жоқ!
Жаңа индустриалды елдер қатарына қосылдық па? Жоқ!
Бір бұған қосатын жайт – Кеңес Одағы тарағанда, біздің ешкімге қарызымыз болмаған, қайта әлемнің басқа елдері бізге 24 миллиард сом қарыз болған. Ал 24 жылдан кейін біздің мемлекеттің сыртқы қарызы 156 миллиард АҚШ долларынан асып кетті…
ТӨРТІНШІ УӘДЕ: саяси реформалар жасау
Сол «Стратегияда»: «Демократиялық өзгерістерді тереңдететін және көпұлтты қоғамды топтастыруға жағдай туғызатын жаңа саяси қайраткерлер мен лидерлер ұсынатын көппартиялы жүйе құру» – деген мақсат қойыпсыз.
Ал Сіз 1993 жылы қараша айында шығарған: «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық негізінде» – деген еңбегіңіздің 22-бетінде ұлттық қозғалыстарға өте жоғары баға беріпсіз: «Қазір ұлттық қозғалыстардың, әсіресе жаңа тәуелсіз мемлекеттерде орасан зор роль атқаратынына ешкімнің де көзін жеткізіп жатудың қажеті бола қоймас. Кез келген халықтың сана-сезімінің, мәдениетінің, рухының, салт-дәстүрінің, тілінің қайта өрлеуінен көрініс табатын ұлттық мүдделерді елеулі дәрежеде қорғайтын да нақ осы қозғалыстар. Қазақстанда да қазір осы процесстер жүріп жатыр. Ұлттық идеяны жүзеге асыру қоғамға көптеген оң нәтижелер берді. Мұны көрмеу, ұлттардың қайта өрлеуге деген табиғи ұмтылысын тек басқалардың құқықтарын шектеу немесе әлдебір үрдіске үстірт еліктеу, көбінесе сыртқы сипаты ғана бар өткенге үңілу деп қарау үлкен қате болар еді».
Сол 1993 жылы Ақтөбе облысына Сергей Пачинді әкімдікке тағайындаған актив жиналысында сол кезде «Азат» қозғалысының облыстың бөлімшесіне және Республикалық халық партиясы филиалына жетекшілік етіп жүрген мен Сізге: «Саяси реформаларды кешеуілдетіп жатырсыз, жаңаша ойлайтын, нарықты түсінетін, таза сайлаулар нәтижесінде халық арасынан жаңа көшбасшылар шығаруы керек», – деген едім. Сонда Сіз демократиялық өзгерістер міндетті түрде жақын арада болады деп, уәде бергенсіз. Міне, содан бері де 23 жыл өтті – Сіздің саяси билігіңіз содан бері өзгеріссіз қалды.
Айтпақшы, сол уәде сөз жүзінде қалғанын мына жағдайлардан көруге болады: 1993 жылғы Конституция бойынша, елімізде парламенттік-президенттік саяси құрылым болып, биліктің үш тармағы тепе-теңдік жағдайына сай бөлініп, Сіз тек атқару билігін басқарған едіңіз. Ал 1995 жылғы Конституцияға сай, бүкіл биліктің барлық тармағы Сіздің қолыңызға көшті.
Содан бері сол билікті ұстап отырсыз. Осы «сайлаудан» кейін тағы да бес жыл патша боласыз. «Патша» дейтінім – Сізді сайлау арқылы ауыстыру мүмкін емес. Себебі кез келген сайлаудың нәтижесі солай болатынына барлық жағдайды ыңғайлап қойғаныңызды бүкіл әлем біліп отыр. Бірақ сол орасан зор билікті мемлекеттің нығаюына, халықтың жағдайының өсіп, жер қойнауы байлығының ырыздығын көріп отырған араб елдерінің әлеуметтік жағдайына жеткізуге, саяси институттардың дамып, алдыңғы қатарлы елдердің деңгейіне көтеруіңізге барлық мүмкіндігіңіз болды…
Кезінде ұлттың мүддесі үшін құрылған «Азат» қозғалысын, Республикалық халық партиясын, кейіннен «Нағыз Ақ жол» және «Алға» партияларын ыдыратуға ұшыраттыңыз, «Азат» газетін жаптырдыңыз, Ұлттық-Демократиялық партияны, «Халық Рухы» партиясын тіркетпедіңіз. «Нұр Отаннан» басқа ресми тізімде жүрген партиялар тек қоғамдық ұйымдардың қуыршақ нобайы екені бесенеден белгілі.
Президенттік сайлауға оппозицияны ғана емес, қарапайым журналисті де жолатпадыңыз. Халықаралық ұйымдар сайлау адал болмады десе, Сіздің президенттік намысыңызға тимей ме? Бұл Сізге ғана емес, бүкі елге тағы да таңба емес пе? Шетелдіктер Қазақстанды Борат арқылы «танығаны» кездейсоқ деп ойлайсыз ба?
«Желтоқсанға» әлі күнге дейін саяси баға берілмесе, бір топ саясаткер жазықсыз қамауда отырса, Жаңаөзен-Шетпе қырғынына кім жауаптылығы анықталмаса, демократиялық елде тұрамыз деп қалай айтамыз? Бүгінде Сіздің бір әкім, бір министріңізден халықтың мәселелері туралы жауапкершілікті талап ету мүмкін емес, тіпті сол халықты жыл сайын топан суға ағызып жатса да…
Тегі, Алладан қорқасыз ба, жоқ қорықпайсыз ба, қажы Нұреке?
Серік САПАРҒАЛИ,
Қоғам қайраткері