Дәурен БАБАМҰРАТ: Шетелді көрген бай баласы СИЫРДЫҢ ҚИЫ САСИТЫН ауылға барып тұра ала ма?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №16 (287) от 23 апреля 2015 г.

 

ДАТ!

 

Бірер күннен соң жасанды сайлау науқанына да нүкте қойылады. Дегенмен, осы ойынға қатысты азат ойлы ел жастарының пікіріне құлақ салу – болашаққа болжам жасауға үндейтіндей. Сол болжамның бұлдырап тұрғаны – келер күнге деген сенімге селкеу түскені. Алайда сайлауда ғана сайрайтын, даңғаза даурығатын жастардан бөлек тәуелсіз ұйымдар бар екенін көпшілік жұрт біле бермейді. «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратов осы төңіректе әңгіме қозғайды.

 

– Дәурен, апыл-ғұпыл асығыс өтіп жатқан президенттік сайлау кезінде сіз жетекшілік ететін жастар ұйымы баррикаданың қай жағында қандай тірлік құрып жатыр?

– «Апыл-ғұпыл өтіп жатқан» деп дәл айттыңыз. Баррикаданың қай жағында екеніміз – айтпаса да түсінікті. Жеке ойы бар, аз да болса қарсылық көрсетіп, өз пікірі үшін айтысуға, тартысуға дайын тұрған жастар бүгінгі қазақ қоғамында баршылық! Бірақ олар бүгінгі ел ішіндегі саяси ойынға қатысушылардың ешқайсысына да керек емес.

Сол себепті бүгінгі сайлаудың сыртында қалғанымызбен, үніміз шықпай отыр деп айта алмаймын. Күні кеше сайлауалды науқан басталғанда, ұлтшылдардың арасынан бір үміткер шығуы керек деген ұранмен дөңгелек үстел өткізіп, артынан осы бағытта шама келгенше жұмыс жүргізгеніміз бар. Нәтижесі де жоқ емес: ұлтшылдардың басы бірігіп, қол жинауды бастағанда, биліктің бір сілкінгенін байқадық. Қазақстанда қандайда бір сайлауалды науқанын ұлт патриоттарының қатысынсыз елестете алмаймын. Олардың бүгінгі жүйеде жеңіске жете алмасы анық, бірақ саяси іске қатысуға құқылы екені сөзсіз. Көрші Ресейде ұлтшылдардың жүздеген қоғамдық бірлестіктерінің билік тармақтарында өз өкілдері бар: біздің де сондай мүмкіндігіміз және өкілеттілігіміз болуы керек деп есептеймін.

– Өткен аптада президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанада болған Жастар форумында айтылған мәселелерден түйген ой-жоралғыны саралайтын болсақ, сайлаудан соң жастар саясатына қатысты бір өзгеріс басталады деп ойлайсыз ба?

– Сөздің шыны керек, сол форумда не айтылғанын көрмедім де, оқымадым да. Маған ондай жиын қызық емес, тіпті маңызы да жоқ. Үлкен форумдарда, мәслихат пен жиындарда жастар мәселесі түгілі, ұлттық тақырыпқа қатысты жалпы мәселе көтерілгенін естімеппін. Әдетте елдің тағдыры шектелген шеңбердің ішінде шешіліп жатады. Сондықтан форум нәтижесінде өзгеріс болуы мүмкін дегенге келісе алмаймын. Өзгерістер болатын шығар, бірақ оған дәл осы форумның түк те қатысы жоқ. Ал жастар саясаты қазақ елінде тұралап қалғаны ақиқат. Өзгерістердің қажет екені талай жерде айтылып та, жазылып та жүр.

Үлкен мінберден сөйлеп тұрып, ел ағалары жетістік ретінде қайтадан «Жасыл ел» бағдарламасын тілге тиек еткенде, іштей қатты қынжыласың: «Жасыл ел» жабылып жүріп, соңғы рет тал еккеніне де 7–8 жыл өткен шығар. Сонда сол уақыттан бері билік дайындаған жастардың мардымды ештеңе істемеген ме?! Басқа мақтанарлық бірде-бір ұйым, бірде-бір іс жоқ болғаны ма?! Сегіз жыл дегеніміз – тау қопарарлық уақыт қой?! Қайда жастарға бөлінген миллиондаған ақша, артылған үміт, міндет, сенім?..

– Айтпақшы, есіңізде болса, ел президенті осы сайлау қарсаңында бес институциональдық реформа жүргізу жөнінде бастама көтерді ғой. Бірақ сол бес бастаманың ішінде саяси өзгерістер жөнінде бір ауыз сөз болмағанын ескерсек, елдегі бүгінгі саяси-экономикалық ахуал сайлаудан кейін де осы күйі қала беретін сияқты ма?

– Біздің қоғамға біреу «тас бол!» деген секілді. Бәрі қатып қалған, шетінен консерваторлар мен тұрақтылықты қастерлегіштер. Дәл бүгінгі қазақ үшін әлгі бес реформаның түпкі, игі мақсаты нәтижелі түрде жүзеге асса, жаман болмас еді ғой. Тәп-тәуір мәселелер мінберлерден айтылып, билікке тәуелді газет беттерінде жарияланып жатады: оқып, естіп отырып қуанасың. Оны жүзеге асыру үшін қомақты қаржы бөлінеді. Нәтижесі сол – сөзден іске көшкенде, бәрі тоқтап қалады. Осындайда бір ортан қол шенеуніктің айтқаны есіме жиі түседі: «Бөлінген ақша кей жағдайда тіпті Астана шекарасынан сыртқа шығып та үлгермейді»,– дегені бар. Жаппай жемқорлық, кез келген игі істің басына су құяды. Бүгінгі жағдайда шынайы оппозиция биліктің ішінде отырған сияқты: ол неге біз емеспіз десеңіз – біз биліктің ішінен шыққан жоқпыз, өзіміздің берік позициямыз бар! Ал бүгінде билікпен біте қайнасқандармен сөйлесе кетсең, өз-өзін табалап, жамандай кететін шенеуніктер де жетерлік. Тіпті жағаңды ұстайсың! Институционалды реформа соларға қарсы шығарылған болса керек.

– Елдегі жұмыссыз жастар мәселесінің ушығып тұрғанын қаперге алғанда, президент «Нұр Отан» партиясының соңғы съезінде атаған сол бес реформаның бірі – мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру мәселесі еске түседі. Осыған байланысты жастарды мемлекеттік қызметке тарту жағдайы бұрынғыдан да қиындай түсетін сияқты ма, қалай ойлайсыз?

– Тиімділігін арттыру дегенді өз басым «сенімді күшейту» деп білем. Яғни, мемлекеттік қызмет ішінде жүргендер тағы бір сараланып, ішінде билікке сәл де болса сенімсіздік білдіргендер қатардан шығарылады. Басқаша болуы мүмкін емес. Сіз дұрыс айттыңыз: жаңадан қызметке кіретіндерге талаптар күшейтіледі, бірақ қызметтің тиімділігін арттыру үшін емес, «сенімді күшейту» үшін. Елдегі болжанып отырған ауыр экономикалық жағдай билік үшін өз қаупін алып келеді. Басты қауіп «сенімі» төмендегі орта қолды шенеуніктерден төнетін сыңайлы, реформа соларға керек.

Ал жұмыссыздық біздің қоғамда әдемі сөзбен алмастырылған, ол сөз «самозанятый», яғни біздің елдегі жұмыссыздардың бәрі «өзін-өзі асырайтындар». Олардың саны 2 миллионнан асып түседі. Мемлекеттік қызметтің ішінде жүргендердің бәріне топырақ шашуға болмас: елі мен өзіне адал азаматтар, қазақ елінің болашағы үшін тынбай жұмыс істеп жүрген ұл-қыздарымыз көп. Бірақ дәл сол уақытта өз қызметінің тіпті мәні мен мағынасын түсінбейтін, мансапқор, көрсеқызар, ақшаның құлы болған, тойдан қолы босамайтын, халықты құл санайтын, қызметін сатып алғанын жасырмайтын, мемлекет мүлкін өз меншігі санайтын шенеуніктер де жетерлік. Сіз атаған реформадан кейін, соңғыларының қатары көбеймесе, азаймайды: себебі соларға «сенім» күшті.

Өз басым алдыңғы жылы шалғай ауылдарды аралап жүріп, сондай әкім-шенеуніктердің біразын көрдім. Күні кеше Алматы қаласындағы Сыртқы істер министрлігінің консулдығында виза рәсімдеп жүріп, тағы жолықтым: «қазақ тілін енгізуде – біріншіміз» дейді, ал визалық құжаттарды қазақша қабылдамайды. Орысша білмейтін, сырттан келген қандастарымыздың күні қандай болатынын осыдан-ақ біле беріңіз. Егер қолыма мүмкіндік тисе, «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендердің бәрін алыс ауыл мен аудандарға әкімнің орынбасарлары етіп жіберер едім. Сол кезде қазаққа олардан шынайы көмек болар еді.

Осы реформаның тағы бір сорақы болмысын енді естіп жатырмыз. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қызметкері Динара Жәненова ханым ресми брифингте былай деп мәлімдеді: «Ендігі кезекте мемлекеттік қызметте «А» және «Б» корпусына алыну үшін, магистратура талап етілмек, шетел дипломы мен магистратурасына басымдық беріледі». Бұл – биліктің қай сасқаны?!

– Шетелдік оқу орнының дипломын алу – екі қазақтың бірінің қолынан келмейтін жағдай екені бесенеден белгілі жәйт. Сонда қазақ жастарының мемлекет басқару ісіне араласу мүмкіндігі күрт шектеледі ғой?

– Әрине! Бұл заң дәл сол үшін жасалып отыр. Аталған шешімнің «мемлекеттік қызмет тиімділігін» арттыруға еш қатысы жоқ. Бізде Құдайдың деңгейіне дейін көтерілген шетел дипломы өз-өзінен адамды саналы, адал, білімді, халықты түсінгіш, елге жақын, қазақша білгіш, еңбекқор етпейді. «Шетел көрсе болды» деген қағида о бастан қате түсінік! Бұл шешім миллиондаған қазақтың қаржысы жұмсалып, шетелде оқыған бай-манаптардың бала-шағасын тиімді мемлекеттік қызметке отырғызу үшін ғана қажет.

Ертең «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алатындар азайып, не болмаса мүлдем жабылып қалуы мүмкін (экономикалық дағдарыс жағдайына байланысты), сол кезде ауылдан шыққан азамат кездейсоқ жолмен де биліктің ең биік мінберіне көтеріле алмайды. Бір кездері «Болашақты» бітіргендер ең аз дегенде, министрлікте департамент басшысы болсын деу – «осы өлеңнің» сөзі. Ал «Болашақты» бітіргендер ауыл әкімі болсын деуге болмай ма?! Бұл тиімді шешім болар еді. Бірақ шетелді көрген байдың баласы сиырдың қиы саситын ауылға барып тұра ала ма?

– Бұл жағдай белгілі қазақ ертегісіндегі бай баласы Асан мен жарлы баласы Үсенді көпе-көрнеу жікке бөлу болып шыға келмей ме?

– Әрине, дәл солай болады! Бұл реформаны қолдап отырған топтың да басты мақсаты сол – қазақты тапқа бөлу. Яғни, бүгінгі жиған-терген ақшасы мен билігін қазақ арасында мәңгілік заңдастырып, ал жарлы өзін – жарлымын деп мойынсұнуы керек. Шетелде оқу – ең бірінші ақылға емес, жағдай мен қалтаға байланысты. Шын білімді болсаң, Массачусетсте тегін оқисың деген ертегі. Ол үшін жүздеген факторлар өзара сәйкесуі тиіс. Ол факторлар қайтадан қалтаға байланысты. Айналып келгенде, бүгінгі асандардың әкелері ертегідегі Асанның әкесіндей жомарт болса, қалың қазақтың үсендері «жарлы» болуға дайын сияқты. Заманында қалың қазақ өзі келіп, биліктің кілтін хан мен биге табыстап, «Хан талапай» принципін үнемі естеріне салып отырған.

– Былтыр ел үкіметінің құрылымы оңтайластырылған кезде Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің функциялық қызмет ауқымы өзергенін білесіз. Сол өзгерістен кейін осы агенттіктің мұрагер басшысы болған Қайрат Қожамжаров мырза мемлекеттік қызметтегі «А» және «Б» корпустары бұдан былай болмайды, оған өтуге емтихан тапсыру – жемқорлыққа жол ашатын жағдай деген еді. Арада бір жыл өтсе де, сол корпустар өзгеріссіз қалу себебін қалай түсіндірер едіңіз?

– Өзгеріссіз қалған былай тұрсын, енді «А» және «Б» корпусына өту үшін, сіз шетелде оқуыңыз керек. Ол корпустағылар – қазақты басқарып отырған ең жоғарғы санаттағы шенеуніктер: олардың саны – 155 адам. Алдағы уақытта дәл осы екі корпустың құрамында болу үшін немесе қатарына ілігу үшін күрес күшейе бермек. Билікке таласуға жақын тұрған әртүрлі топтар әлгі екі корпусты мың рет жұлмалайды.

Уақыты келгенде, елді басқаратын адамның аяғы аспаннан салбырап түспейді ғой: осы екі корпустың ішінен шығады. Әрі ол қатарға «кездейсоқ» адам кіріп кетпеуі керек. Сол себепті сіз сөз еткен емтихан төңірегіндегі әңгіме «сопақ» болып қалуы ықтимал. Біздің жұрт «сайлау келді», «су басты» деп қырда жүргенде, «А» және «Б» корпусын талай өзгеріс күтіп тұр. Бұл өзгерістерге тек қазақ емес, арғы-бергі көршілеріміз де мүдделі. Әсіресе «А» мен «Б» болу үшін, шетелде оқу керек деген талап олардың құлағына майдай жағатынына күмәніңіз болмасын. Қолдан жасалатын әртүрлі рейтингтерді өзгертіп, біздің білімқұмар екі корпус үшін Ресейдің, Қытайдың, Батыстың мүддесіне сәйкес оқу орындары жер жүзінде бірінші деп танылып, ең басты «ақыл жинайтын» ордаларға айналуы мүмкін. Одан арғысы айтпаса да түсінікті. Сол себепті «мемлекеттік қызметке», жалпы соның ішінде «А» және «Б» корпусындағы әртүрлі реформаларға өте сақ болуымыз қажет.

– Жалпы, сіз жетекшілік ететін жастар ұйымы елдегі жұмыссыз жастар мәселесіне мониторинг жүргізе ме, жастар арасындағы қазіргі жұмыссыздықтың жағдайы жөнінде нендей түйген ойларыңыз бар?

– Жұмыссыздық – қазақ жастары арасында өршіп тұрған проблема. Ол мүлдем оқымаған Манатқа да, қазақстандық университетті «қызылға» бітірген Қанатқа да, шетелде екі рет оқып келген Мақсатқа да ортақ. Яғни, бүгінгі қалыптасқан жағдайда сіздің жақсы қызметке тұруыңыз – сіздің біліміңізге байланысты емес. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» дәл өзі – осы. Ең төменнен бастайтын болсақ, барлық проблема мектепте туындайды. Мектептерді жиі аралап, жастарға лекциялар оқимын. Сондағы байқағаным – қазақ баласы мүлдем мамандық таңдамайды екен. Ата-ана мен мұғалім балаға ең бірінші мектеп бітіруге жақын қалғанда ғана керекті пәнді таңдатады. Басты мақсат – білім алып жұмысқа тұру емес, пән таңдап, грант ұтып алу. Ал мамандық таңдау аса маңызды емес екенін бала біледі. Сәйкесінше, мамандық таңдауда қателесіп, кездейсоқ ЖОО-ға түскен бала ешқашан ынта-жігерімен оқуға құлшынбайды. Бұны – бір деңіз!

Екіншіден, бала университетке келіп, оқуын бастағанда, қате таңдалған мамандық болған соң, үлгерімі нашарлайды. Яғни, алғаны кілең «екілік» болып шыға келеді! Бірақ бірде-бір университет оны оқудан шығармайды, үлгерімі нашарлаған соң, оқудан қуылыпты дегенді естімеппіз. Яғни, университет бала оқыса да, оқымаса да, келсе де, келмесе де, оны ешқашан оқудан қумайды. Нәтижесінде қате таңдаған мамандық бойынша өтірік «қызыл дипломын» арқалап, жұмыссыздардың қатарына бәсекелестікке қабілетсіз «самозанятый» болып қосылады. Сондықтан біздің елдегі құрылысшылар – өзбек ағайындар, базардағылар – қырғыздар, қызмет көрсету мен тамақ саудасы саласында – түрік ағайын, ірі-ірі корпорацияларда – орекеңдер мен шетелден келген топ-менеджерлер. Ал қазақтардың бәрі шетінен шенеунік! (Қалай шенеунік болғаны – тағы белгілі).

Айтсам – күлесіз, Қазақстан жылына 30 мыңнан аса заңгерді дайындайды. Ал біздегі ірі компаниялар ел ішінен білікті заңгер таппай, оларды шетелден алдырады. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі қазақ баласы бәсекеге қабілетсіз. Егер бәсекеге қабілетті болатын болса, тіл білсе, әлдеқашан шетел асып, АҚШ пен Еуропаның төрінде жүрер еді. Патриоттық сезімі «ұстап», шетке кетпей қалды дегенге сенбес едік.

Бірақ осы қалыптасқан жағдайға жастар кінәлі деуден аулақпын. Жағдайды түзету үшін, ең бірінші университеттердің өзара бәсекелестігін, оның ішінде ұстаздардың бәсекелестігін арттыру керек. «Ұлттық» деген аты бар, бірақ ісімен ұлтқа қарсы университеттерді нарықтық, бәсекелік ортаға тастау керек. Теория мен практиканы ұштастырмаған оқытушыны қызметке алмау керек. Грант бөлу жүйесін өзгертіп, мектепте жүріп, талантын көрсетіп үлгерген баланың миын ҰБТ-мен ашытпай, қолына бірден грант беру керек. Ол үшін университет ректорлары мен декандары өздері мектептерді, ауылдарды аралап, талантты жастарды таңдауы қажет. Қалай білім жүйесі түзеледі, артынша бәсекеге қабілетті жастар елін де, тіпті әлемді бағындыруға дайын болмақ.

– Бәрекелді, бұл пікіріңіз санаға сіңерлік екен! Дегенмен, Қазақстанның жер қойнауындағы байлығы мен бары-жоғы 17 миллионның маңындағы халық санын салыстырар болсақ, қытайлар айтпақшы, «санаулы ғана» халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын әлемдік даму деңгейіне жеткізуге болмас па еді? Бұл орайда жастар арасында қандай ойлар бар?

– Жастар арасында бұған қатысты ой көп. Бірақ бір өкініштісі – бүгінгі күйіне жалпы қазақ қатты күйінбейтін сияқты. Мейрамханалар мен кафелердің іші лық толы, әншілеріміз тойдан босар емес, шетелге ұшақ билетін сататын кассалардың алдында қазақтар басым десек, нанын қара суға матырып, азғантай айлықты ешқайда жеткізе алмай, баласын балабақшаға беруге ақша таппай отырған қазақ та жоқ емес. Әлеуметтік мемлекет құрдық деп мақтанамыз да, күніне 10 сағат бала оқытып, өз баласына жылына бір рет лагерьге демалуға жолдама әпере алмай жүрген мұғалімдердің жайын да көріп жүрміз. Халық бәріне де шыдайды екен: кез келген төтенше жағдайда етігімен су кешуге дайын. Бізді қынжылтатыны сол – әлеуметтік мемлекет құрдық дей тұра, ел арасында қарапайым әділеттілікті орната алмадық. Ежелгі Римнің бір данышпаны: «Халыққа тек әділ басшылар мен әділетті заңдар ғана керек», – деген екен. Біздің қазаққа да керегі, жастардың да сұрайтыны сол. Ел тұрғындары шетінен бай болмай-ақ қойсын (ол мүмкін де емес шығар), бірақ адал еңбек еткен жағдайда тиісті ақысын алатынына көзі жетсін. Ал еңбексіз, еріншектің күйін кешкен қазақ, тіпті шенеуніктің баласы болса да, қоғамнан өзінің орынын алсын.

– Айтпақшы, мемлекеттік емес ұйымдарға (НПО) мемлекеттік грант беру мәселесі орталықтандырылып, ол ұйымдарды қаржыландыру бір мемлекеттік оператордың иелігіне беріледі деген сөз шығып жатыр. Осыған сіздің пікіріңіз қандай болмақ?

– Ол – мемлекеттің, яғни халықтың салығы есебінен жиналған қаржы. Сол себепті ол ақшаны алуға барлық МЕҰ-ның тең мүмкіндігі болу керек. Біздің ұйым, бірнеше жыл болды, мемлекеттік грант алған емес, халықаралық ұйымдардың грантына өмір сүріп жүрміз. Естігенім – аталған заң қағазбастылықты азайтып, есеп өткізуді жеңілдетіп, әр министрліктен МЕҰ-ға берілетін гранттарды бір жерден таратады. «Қосылғыштардың орны өзгергенімен, қосынды өзгермейді»,– дейтін қарапайым математиканың заңы, сол себепті грантты кімге беру тәртібі өзгере қоятынына сену қиын.

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн