«Общественная позиция»
(проект «DAT» №17 (288) от 29 апреля 2015 г.
Аңызда ақиқат бар…
Қазақтың тойы уақытында басталмайды. Мұндайда жұрттың ермегі – әңгіме. Қырықтардың мол ортасындағы бес-алты жігіт дабырасып, әлденеге келісе алар емес. Бір сәт жүзі таныс жігіт өзгелерге мені нұсқады да, барлығы маған беттеді. Жамырай амандасты.
– Аға, – дейді жаңағы азамат. – Қазақ шежіресінен азды-көпті хабардар екеніңізді білеміз. Манадан бері таласып-таласып, ұшығына жете алмадық. Көмегіңіз керек боп тұр…
– Ал, айтыңдар, білсек – жәрдемдесейік.
– Былай ғой, аға… Мен Орта жүзде «арғын – аға баласы» десем, мына Қалқаман келіспейді. Айтуынша, бұл сөздің қыпшаққа қатысы жоқ. Атам: «Арғын – найман мен қоңыратқа ғана аға. Қыпшақ, керей, уаққа ағалығы жүрмейді» деп отыратын. Себебін сонда сұрамаппын… Сіз түсіндірсеңіз, жөн болар еді…
Ойға ел оралды. Алатаудың шығыс сілемдері – Шұбарағаш пен Ойжайлаудың етегіндегі Екпіндіде қалың найманмен аралас-құралас бес-алты үй қоңыраттар тұратын. Мұны кейін біліп жүрміз ғой. Ол кезде «Кімсің? Қайдан келгенсің?» деген әңгіме жоқ. Қарияларымыз отыра қалса, түп-тереңнен Шежіре тарататын. Сонда құлақта қалған көне хикаяны жадыма оралттым…
…Есте жоқ ерте заманда, Көк Тәңірге табынған жұрт аманда, сонау Алтайдан ары асып жатқан өлкені мекендеген бір қарияның екі бірдей ұлы қапияда опат болыпты. Ақсақалдың қолында үлкен ұлдан – Нағатай, кіші ұлдан – Наймантай және Нағанай деген үш немересі қалыпты. Үш бала аса тату өсіп келе жатыпты…
Күндердің күнінде Наймантай мен Нағанайдың нағашылары қыздарын көрмекке келеді. Қонақ кәдеге разы болып, қайтарда атамызға:
– Құда, мына жиендеріңіз бен келініңіз біраз уақыт аяқ созып қайтсын. Қызымыз елге барып аунап-қунасын, жиендер нағашыларымен қойындассын, рұқсат етіңіз, – деп қолқалапты.
Атамыз қамкөңіл келінінің бой жазып қайтқанына қарсы болмайды. Бірақ Наймантай:
– Нағатай ағам жол жүріп кеткен. Атамды жалғыз тастай алмаймын. Нағанай барсын. Мен реті түскенде кейін соғармын, – деп, қалып қойыпты.
Аталас үш ұлдың жарасымын көре алмайтындар да бар екен. Солар қарияның немерелерінің арасына от тастаудың амалын таппай жүріпті. Осы сәтті пайдалана қоюды ойластырады. Наймантай мен Нағанайдың тұяғына шаң қонбайтын сәйгүлігі болады екен. Арамдық ойлаған топ Наймантайға келеді:
– Ал, бәйге берейік деп жатырмыз. Атыңды қос.
– Қоса алмаймын. Нағанаймен келісуім керек, ат екеуімізге ортақ.
– Қой әрі! Аттың бағын байлама! О несі-ей! Нағанай екібастан келіседі – деп, талай-талай дәлел келтіріп, атты бәйгеге қосқызады.
Ат әдеттегідей жеке-дара келіпті. Бәйгеге тігілген бір тоғызға әлгілер жата жабысады.
– Бөліс! Біз айтпасақ, ат қоспас едің, олжа алмас едің…
Наймантай олжаны қақ бөліп, бірін Нағанайға қалдырып, өзіне тиесілісін үлестіріп береді. Әлгілер тағы жармасады өлердей сөзін айтып.
– Нағанайдікін де бөл!
– Жоқ, келген соң өзі бөлер.
– Пәлі, осы да сөз бе? Нағанай жомарт, мәрт жігіт. Өзі болса да үлесер еді, – деп, Нағанайдың үлесін түк тастамай талап әкетеді.
Сөйтеді де, қолма-қол Нағанайға ат шаптырады.
– Ағаң сені ұмытты. Сенімен келіспей атты бәйгеге қосты. Алған бәйгесінен саған дым қалдырмай таратып жіберді. Өзінікіне тимеді. Қайт тезірек, қайт!
Мұнымен де қоймай Нағатайды жағалайды.
– Ана екеуі сенен бөлектеу жүре ме, қалай өзі? Қаймана қазақ бізге бәйгесінен шашып жатқанда, Наймантай інің саған тім құрыса қол үзік қалдырмаған ба? Әй, жатыры бөлектің аты – жатыры бөлек-ау!
Не керек, кішкентайлары мен келіндерінің қас-қабағын баққан қария сол бәйгеден бастап, немерелерінің арасында салқын соққанын аңғарады. Жай-жапсарды індете анықтайды. Немерелерінің еш кінәсі жоқ екенін ажыратады. Сөйтіп, бір шешімге келеді, үш ұрқын аналарымен жинайды.
– Аңдамаппын, сендер өскен екенсіңдер. Әр қайсың өз сөзіңді өзің ұстайтын жасқа жетіпсіңдер. Адам бір атадан сөз қуыспау үшін туады. Сендерді бір-біріңді сағынып жүретіндей ететін кез келіпті, – депті. Нағатайды жеделдете үйлендіріп, екі күндік жерге апарып орналастырыпты. Балқашты, қоқты, мөлдірей аққан өзені бар жер екен. Өзеннің аты – Арғын. Содан Нағатай келе-келе Арғын аталып кетіпті.
Араға аз-кем уақыт түсіріп, Наймантай мен Нағанайға қатар шаңырақ көтеріпті.
– Мен үшеуіңнің ортаң – Наймантайдың қолында қаламын – деп, қария Нағанайға енші бөліпті.
Ағасының мойнына мініп өскен Нағанай ерке, шолжаң екен. Наймантай ештеңеден қолын қақпай мырза жеткізіпті. Сол әдетінен қайтпаған Нағанай берген еншіге разы болмай, атасына батпай, жеңгесіне ұрынады ғой. Сонда ағасы Наймантай:
– Бауырым-ау, енші бөлген біз емес. Айтар сөзің атаңда еді. Бірақ ренішіңді мен түсінбесем, кім түсінсін. Бізді ала көз еткен бәйге еді. Бәйгеге шапқан мына сәйгүлік еді. Мініп кет, – деп, қимас інісіне ортақ тұлпарлары – қоңыр атты жетектетіп жіберіпті.
Содан Нағанай – Қоңырат аталып кете барыпты.
Ақсақалдарымыз бұл тұрғысында бірауызды. Найманы да, қоңыраты да бас шұлғитын. Осы тұста қоңыраттың бір қариясы іліге кетеді.
– Әй, ол заманда Наймантайдың билігі атасында еді. Қазір өз қолдарың өзіңде. Еншімізді түгендеп берсеңдерші! Қашанғы күтеміз?
Мен қызық көретінмін. Мың жылдың ар жағындағы аңызды құрдас аталарымыз өз замандарына алып келіп, әзілге қосатын. Десе де, наймандар есе жіберсін бе? Қолма-қол жауап қатады.
– Енші деген сөз боп па?! Сені мойынға салып өсірген біз едік. Ендеше алдымен мойын ақымызды төле. Сонан соң аласың…
– Міне, менің білетінім осы, – дедім жөн сұраған жігіттерге. – Ақсақалдың үлкен ұлынан туған соң «Арғын – аға баласы», Аталары қолында қалған соң, «Найман – қара шаңырақ» дегенде, осылай өткен оқиғаны дәлелге ұстайтын. Дастарханға ет келгенде, «Атамыздың сыбағасы» деп, басты найманның үлкеніне ұстататын, – деп әңгімемді аяқтадым.
Әрине, ешқандай шежіре, аңыз, хикая, дастандар тарихи дерек бола алмайды. Бұларда жаңылыс көп. Алайда ұрпақтан-ұрпаққа мирасқа қалып, бүгінгі күнге әртүрлі варианттармен жеткен, кейде тіпті бірін-бірі жоққа шығарар халық мұрасын да жадыда ұстауға тиіспіз. Не десек те, тарихымызды ауызша сақтаған жұртпыз ғой.
Ауылдағы сол қариялардың жасына бүгіндері біз де жетіппіз. Кемшілігіміз – жаңағыдай шежіре-аңыздарды айта жүрмейді екенбіз. Аңыздарымыз қазақ руларының бірлігін ту еткен екен. Алдағы уақытта ойда болар бір шаруа осылай шықты.
Камал ӘБДІРАХМАН,
Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы