ЕСТЕН КЕТПЕС КҮН

І.

Қазақта «сексеннің сеңгірі» деген тұрақты сөз тіркесі бар. Сол «сексеннің сеңгіріне» мен былтырғы (2014) жылдың күзінде мысықтабындап шықтым-ау…

Көрген жақсылығым: жұрт мерейлі жасымды құрметтеді, думандатты, аспандатты, жылы ықылас-ниет танытты, дәстүрлі мақтау сөздермен қошеметтеді, сый-сыяпатқа бөледі, алты-жеті кітабымды шығарды, жүзден астам мақала-сақалаларымды газет-журналдарға жариялады, теледидар-радиодан әспеттеді, елбасының жарлығымен «Достық» орденін төсіме тақты, жасымнан өскен Солтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы» атағына ие болдым.

Мақтан үшін айтып отырғаным жоқ. «Сексеннің сеңгіріне» шығу үшін де әжептеуір еңбектену керек екен. Қысқасы, көйлек көк, тамақ тоқ, әттегені – денсаулық жоқ. Енді ол жағы менің құзырымда емес.

Айтпағым басқа. Сексен жыл өмір сүрген адамның жадында ерекше бір күн қалмай ма?

Менің ең қуанышты, сәтті балалық күнім – Ұлы Жеңістің алғашқы күні. Кербез Есілдің оң жағында жайғасқан ол кездегі Ленин атындағы кеңшар. Оннан асқан шағым. Қазақ мектебінің үшінші сынып оқушысымын.

Соғыс кезіндегі ауылдардың сұрқан тірлігін мен роман-хикаяттарымда, әңгіме-очерктерімде өз әлімше талай суреттегенмін. Бұл тақырыптан қазақ жазушыларынан ада болғандары шамалы. Ол нәубатты жылдар жайында аз айтылған жоқ.

Ал жетпіс жыл бұрынғы Жеңіс күні ауылымызда қалай өткізілді, ол күн санамызда қандай орын алды? Соны қаз-қалпында оқырманға айтып берейін.

…Ауылкеңестің төрінде, қабырғада атам заманғы қара телефон ілулі тұратын. Облыс я аудан орталығына қоңырау шалғанда, оның құлағын мың-мың бұрап, жарты сағат коммутаторға «аллёулайтын». Үлкен бастықтардан оқта-текте жедел хабар келетін. Ауылда, қателеспесем, он шақты АКП белсенділері болатын. Олар кезек-кезегімен таңғы алтыға дейін қара телефонды күзететін. Жұрттың бәрі соғыстың бітуін күтіп жүрген кез. Атақты Левитан дауысы күркіреп, Жеңісімізді жариялайды-мыс.

1945 жылдың 8 мамырында қазақ ауылдарын қызмет (фельдшер-акушер) бабымен аралап келген әкем кешкілік он шамасында Ауылкеңеске кезекшілікке барды. Ертеңіне елең-алаңда зор қуаныш үстінде үйге апыл-ғұпыл келді де, шешемді оятты.

– Аня, тұр! Күткен күніміз туды! Қызыл Армия жеңді. Фашистер жеңілгенін мойындады.

– Не дейді?! Шын ба? – деді шешем үздігіп.

– Түнде ауданнан хабарлады. Өз құлағыммен естідім.

Шешем атып тұрып, тез киінді. Дауысы дірілдеп кетті.

– Онда… онда таяуда елге оралатын болармыз! Еділ өңірімен қауышамыз! Солай емес пе?

Білемін: туған елге оралу – шешемнің төрт жылдан бергі асқақ арманы.

Ұйқым шайдай ашылды. Қаннен-қаперсіз пеш түбінде Эльма қарындасым пыр-пырлап жатыр.

– Әй, қайдам… – деді әкем. – Бұл мәселе таяуда шешімін таппас…

– Неге олай дейсің? Соғыс біткен бойда айдаудағылардың бәрін еліне қайтарамыз деп, мұртты көсем айтпады ма?

– Көсемдер не демейді?!…

Мен көзімді уқалап, әке-шешеме кезек-кезек қараймын. «Оу, сонда қалай болғаны? Елімізге оралсақ, онда кіммен ойнаймын? Мұндағы дос-тамырларыммен қалай айырылысамын? Еділ бойындағы Мангеймнен есімде қалғандары еміс-еміс, ал Есіл жағасындағы қазақ ауылына үйреніп кеттім. Тағдыр шешімі қалай болмақ?».

– Әй, сен бәрін естідің бе? – деді әкем.

– Ия.

– Онда неғып жатырсың? Анау Әскер досыңды оят та, бүкіл ауылды сүйіншілеп шық. Бәрі де естісін, қуансын.

Ауылдың кемпір-шалы, қатын-қалашы, бала-шағасы түгел қуанып, көздеріне жас алып, біздерді сүйіп-құшақтап аймалап жатыр. Әскердің кенеп дорбасы кенерінен толды. Біз де еліріп кеттік. Дауысымыз қарлықты.

– Сүйінші! Сүйінші!

Біздің соңымыздан тілдері салақтап, ауылдың иттері де шапқылады.

Түске таман етікші Мұқан шалдың үйіне жеттік. Ол жуан мұртты, айбарлы кісі болатын. Тілі қыршаңқы. Әркімді кекетіп-мұқатып отыратын. Сұсты.

Ескі-құсқы етік жамап отыр екен. Дауысымыз бәсең шықты.

– Ата, сүйінші! Соғыс бітті! Біз жеңдік!

– Жеңген екеуің бе?

– Енді… – деп міңгірледі Әскер.

– Асықпен бе, көк шыбықпен бе?

Мен Әскерді қолтығынан тарттым.

– Кетейік…

Есікке бұрыла бергенде, Мұқан шал:

– Ей, тоқта! – деді. – Сүйінші сұрамастан бұрын: «Ассаламағалейкүм!» деу керек. Кира білмесе де, сенің, Әскер, білгенің жөн!

«Кира» дегені – мен. Ауылдың кемпір-шалдары мені солай атайды.

– Ал жақсы хабар жеткізгендерің үшін Әскерге жұлдыз жарқыраған әскери  жез түймем бар. Першылдың баласына қызыл құлақ қағазым бар. Айыпқа бұйырмаңыздар! Армандарыңа жетіңіздер. – Мұқан шал күс-күс қолын төсіне салып, қалталарын біраз ақтарып, төрт бүктелген қызыл отыз сомдық шығарды.

– Мә, Сары бала! Пәшістерді жеңе бер! Тұқымы құрысын!

Шалдың бар байлығы осы отыз сом болуы керек.

– Рахмет, ата!

Үйден ізетпен шықтық. Соғыста Мұқан шалдың екі ұлы шейіт болғанын білетінбіз…

 

ІІ.

Түс ауа ауылға хабар тарады: Жұрттың бәрі тай-тұяғымен мүмкіндігінше киініп, жуынып, таранып, мектепке жиналсын! Ауыл белсенділері, мұғалімдер, оқушылар, интернат балалары бірі қалмай митингіге қатыссын, шерулеп жүрсін, одан кейін Есілдің жағасында «Тас өткел» алаңында кішігірім той, ойын болмақшы.

Той десе, қазақ қалыс қала ма?

Бір қолы қысқы боранда түсіп қалған Ленин ескерткішінің түбінде ауыл тұрғындары түгел жиналды. Мектеп директоры, басқарма, ауылнай, көп балалы ана Шаку, менің әкем шын жүректен, толғанып, ауылдастарын Ұлы Жеңіспен құттықтады.

Көрінде өкіргір сұм пашис, қанішер Китлярдың әкесін, атасын, шешесін, өзін бір боқтап алып, еңбек озаты Сейіт-қожа: «Жасасын, ұлы көсеміміз Сталин!» – деп жұрттың ойынан шықты.

– Әп, бәсе! – деп риза болды жиналғандар.

Митинг біткен бойда әскери пәннің мұғалімі шолақ қол Әбікей орысша бұйрық берді.

– Колонна, стройся! В три ряда. Марш! Пуйрат!

«Пуйрат» дегені «Вперед!» екен.

– Ай, жаса, жаса! Ерғали ата!

Атамыз аттың үстінде отырып, халықты Жеңіспен құттықтады. Өзіне лайық оқығандығы да бар болып шықты.

 

ІII.

Солтүстіктің түні ашық, ұзақ келеді. Шамды кеш жағады. Я ошақтың түбінде отырып, әңгіме-дүкен құрады.

Күн батпай Әскер екеуміз «олжамызды» қызықтадық. Кенеп қапшықтан әжептәуір байлық шықты: қатып қалған бауырсақ, құрт, ірімшік, бір жапырақ сүрленген ет, бір уыс талқан, бес-алты түйір қант, бір шыны одеколон, бір-екі төс белгі, кестеленген қалта орамал, бес-алты бақыр теңге, жұлдызды әскери түйме, сыңар қолғап, сарғайып кеткен, тер сасыған пилотка, бір шеті мүжілген пряник, бір тілім таба нан.

Соның бәрін ақылдасып, бөліп, үй-үйімізге тарастық.

Шешем ондық шамның түбінде ескі неміс ұршығымен жүн иіріп отыр. Көке неміс әнін ыңылдайды. Әкем қалғып-мүлгіп, ВКП тарихының қысқаша курсын қаузаған болады. Төртінші тарауына тісі батар емес.

Мен «олжамды» үстел үстіне қойдым да, төсегіме жаттым. Ұйқы келмеді: көз алдымда қоңыр ауыл, жерлестерім, митинг, шеру, Есіл жағасындағы той тізбектеліп, санамды қуанышқа бөлейді.

Аспанда ай қалықтап, жүзіп жүр.

Сонымен көптен күткен Жеңіс күні де келді. Ертеңнен бастап, бақытты заман орнайды. Жаңа белестер ашылады.

Тәубә, тәубә! Шүкір, шүкір!…

 

***

Ертеңіне дүкенге барып, қабырғада ілулі тұрған мандолинаны Мұқан шал берген оттай қызыл отыз сомға сатып алдым…

Герольд БЕЛЬГЕР

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн