«Волоколамск тас жолы» ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛДЫ?

Өскемендік жазушы, марқұм Жүніс Ыбыраевтың (суретте) ұлы Әділ аға Ыбыраев бірде маған әкесі жазған «Майдан жыры мен сыры» деген кітапты оқып шығуға берді. Кітап сонау 1993 жылы шыққан екен. Бір деммен қызыға оқып шықтым.

Кітаптың арқауы – белгілі орыс жазушысы Александр Бектің біртуар қазақ батыры Бауыржан Момышұлының майдандағы ерлігі жайында жазылған «Волоколамск тас жолы» («Арпалыс») повесі төңірегінде екен. Анығында «екен» дегенім бос сөз – егер әдебиет ғылымының мамандары ден қояр болса, бұл кітап құрып кеткенде кандидаттық диссертацияға пара-пар еңбек еді. Оның құны мен мәнін біз газеттің осы санынан бастап жариялайтын сол кітаптың үзіндісін оқыған жұртшылық жақсы білсе керек-ті.

Баукеңнің майдандағы ерлігі жөнінде жазылған кітап аз емес. Батырдың соғыстағы ерлігі мен оның қолбасшылық дарыны бүгінде екі қазақтың біріне белгілі жәйт. Ал, бәлкім, мен білер-білмеспін: бірақ қазақтың һас батыры Бауыржан Момышұлының жазушылық жолы жөнінде жазылған мұндай ғылыми еңбек бар ма? Оған менің үлкен күмәнім бар.

Ермұрат БАПИ

 

 

Шынымды айтсам, Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» («Арпалыс») повесін ертеректе, алғаш оқығанда-ақ керемет қайран қалғанмын… Сонымен бірге кітапты оқу барысында бірқатар дүлдамал сұрақтар да туындап жатты. Бектің өзін тек айтқанды қағаз бетіне түсіруші хатшы ретінде ғана көрсетуі сол кезде қалайда түсініксіз болып қалған. Бауыржанның авторға – осы кітаптың бірінші тарауын өтірік жазсаңыз, сол қолыңызды, екінші тарауын өтірік жазсаңыз, оң қолыңызды шауып тастаймын деуі әзіл де болса, одағайлау, бірақ шындық астары да бар ма, әлде деген сезік тудырды.

Кітап бастан-аяқ дерлік Бауыржан Момышұлының атынан баяндалады. Сонда бұл кітаптың нағыз иесі кім өзі? Оның түпкі негізі қайдан шыққан? Осындай сұрауларға жауап іздеп, толқуға түскенім бар.

Бауыржан Момышұлы Ұлы Отан соғысынан бұрын әдебиетпен әуестенген бе? «Арпалыс» повесін әзірлеуге қалай әсер етті? Жазушылық жолына түсу сыры қандай? Осындай сұрақтар қызықтырып, мазаны ала берді. Аты аңызға айналған батырмен, әскери проза жанрының ғажайып шебері Бауыржан ағамызбен жолығып, әңгіме-дүкен құруды қиялдап байқадым.

Баукеңмен жолығу оңай емес екенін бұрын талай естігенмін. Сондықтан арман-сырымды Әзілхан Нұршайықов ағайға айтып көрдім. Ол кезде Әзекеңнің «Ақиқат пен аңыз» тамаша романы жарияланған. «Мен сөйлесіп байқайын» деп, Әзекең уәде берді. 1978 жылғы февральдің 14 күні жолығуға Баукең рұқсат етті. Жазып алған адрес бойынша таңғы сағат 10 мезгілінде Бауыржан Момышұлының үйіне келдім.

Бауыржан ағамыз жылы қарсы алды. Аздап науқастанып жатыр екен. Төсегінің жанына орындық қойғызып, жақынырақ отыр дегендей ыңғай танытты. Бұл Әзекеңнің ертерек ескертіп қоюының арқасы екенін түсініп отырмын. О кісіге мың да бір рахметімді айтып қоямын ішімнен. Баукең алдымен аты-жөнімді сұрады. Фамилиямды, әкемнің және өзімнің атымды толық айтқызды да, бір түрлі көңілдене жымың етті:

– Паһ, ылғи пайғамбарлардың есімдерін бір басына үйіп-төгіп алыпсың-ау, – деп күлімдеді. Егде тартқан қазаққа жолықсаң да арғы тегіңді сұрайтын әдеті бар. Бауыржан ағай да сөйтті. Ертіс жағалап, Алтай тауын мекендеген найман жұртынан екенімізді естігенде ерекше елең етті. Қазақ елінің шығыс қақпасын басқыншылардан қорғап қалуда найманның «Қарауыл жасақтары» ерте заманда батырлық көрсеткені туралы шумақ-шумақ өлеңдерді шұбырта жөнелді.

Жеңгейге бір ыстық шай алдырып, қасындағы аласа столға қойды да:

– Әлгі Әзекең сені Отан соғысы жайындағы Александр Бектің және менің шығармаларым туралы білгісі келеді деген болатын, – деп маған қарай баяу бұрылып, шайын үрлеп бір ұрттады.

– Иә, иә, солай… – дедім мен Әзекең сөзін растап.

– Онда «Арпалыс» повесі туралы Александр Альфредовичтен сұрағын. Маған «Москва үшін шайқас» туралы айт десең, бір сәрі, – деді мұртын жайлап сипап.

– Александр Бектің өзі кітаптың бас жағында-ақ мен ұқыпты жазып алушы болдым дегенде, сіздің әңгімеңізді жаза бергенге ұқсай ма, қалай? – деп таңдана сұрақ қойдым.

– Әңгімелеп бергенім де, күнделіктерімді оқытқаным да, Бектің жазып алғаны да рас.

– Сонда кітаптың иесі кім?

– «Арпалыс» повесінің авторы – Александр Бек. Ол менің күнделіктерімді, түрлі жазбаларымды, айтып берген әңгімелерімді шебер пайдаланды. Әскери тұрғыдан түрлі ақыл-кеңестер бергенім де рас. Екеуміз бұл кітаптың әзірленуі жөнінде шарт жасасқамыз, – деп ойлы жүзін терезе жаққа бұрып, сәл тыныс алды.

– Осы мәселенің анық-қанығын білгісі келетін жұрт көп. Бұл өзі бір түгел ашылмаған, көпшілікті қызықтырған құпия. Сол құпияның түйінін шешіп, сырын ашуға бола ма? – деп сыпайылап, суыртпақтап сыр тарттым.

– Қазбалап қоймадың-ау, інішек. Келешекке, әдебиеттану ғылымына кітаптың қалай пайда болуы туралы мағлұмат керек те шығар… «Арпалыстың» туу сырында мен үшін жасырын түгі жоқ. Қанды көйлек майдандастар, тылдағы жолдас-жоралар бұл кітапқа байланысты жәйттерді әртүрлі дәрежеде білуші еді. Бірақ соның бәрін бір жүйеге келтіріп баяндауға қол қысқа болып жүр. «Арпалыстың» әзірленуі жайында азын-аулақ білгенімді айтып көрейін, қойын дәптеріңді алып, жазып көргін, – деп менің қағаз алып, жаза бастауға бата алмай отырғанымды байқап, шаруаңды созақтатпай, іске кіріс дегендей ишарат білдірді.

– Алғашқы рет қоршаудан шыққанымыз маған қатты әсер етті, – деді ол. – Қандай арпалыс болып жатса да, күнделік жүргізу керек, деп өзіме қатал бұйрық бердім. Ұрыс тынышталған әредікте, көбінде түнде жазатынмын. Бұл күнделіктерде әр күн сайын батальонның басынан кешкендерін қысқаша тіркейтінмін. Сөз байлығы жетпегенде, майдан шептерін картаға сызып, бейнелейтінмін. Оның мүмкіндігі біткенде, кәдімгідей сурет салатын едім. Мен жазғанда, жолдастарым ұйықтап жататын. Жазып болған кезде мен оларды оятатын едім де, өзім ұйқыға кететінмін. Сөйтіп, қалың дәптердің екеуін толтырдық, онда батальонымыздың 35 рет ұрыс жүргізуі бейнеленді.

Нақ сол жазбалар, күнделіктер, қағаз бетіне түсірілген ой толғауы «Волоколамск тас жолы» повесіне арқау болды деп, Баукең мәселені түйіндеп тастағандай әсер қалдырып, әңгімені осымен доғарғысы келетінін аңғартып салды. Кездесу осымен үзіліп кетер ме екен деп, зәрем ұшты, қысылғанда:

– Көкейіңізде бір зіл жатқандай сезіктеніп отырмын аға, осы кітаптың жазылу тарихынан тағы да аздап сыр қозғамайсыз ба? – деп қиылып сұрадым.

– Жанға тиердей сұрақ қойып жетекке саласың, бала, ә, – деп мырс етті қарт. – Көкіректе арыстандай арпалысып, тыныштық бермей жататын сыр пернесін дөп басып отырсың. Жүректің құпиялы қылы шертілген соң, аянар жөн жоқ, өзі сыздап, шыдатпай жүрген күйімді тартуға іркілмей-ақ қояйыншы, – деді Бауыржан ағай жастыққа шынтақтай жатып, бір жөткірініп алды да, майдан жырын төгіп, сырын ағытты.

– Бекпен бірге осы кітапты әзірлеу кезінде әлгі жазбаларымның, сызбаларым мен суреттерімнің мән-мазмұнын ашып, кең түсінік бергенмін. Соғыстың ескірген әдістерінің жаңартылу себептерін айтып, әскери білімнің қағидаларына қанықтырдым.

Келісіп отырып, ұрыстың ең мәнді кездерін іріктедік, қорыттық, көркемдік сипат бердік. Турасын айтсақ, «Волоколамск тас жолы» кітабы біздің соғыс тәжірибеміздің, әскери біліміміздің жазушы Александр Бек шеберлігінің нәтижесі деп білуіміз керек.

– Бұл кітаптың жазылуы үшін автормен өзіңіз қоян-қолтық жұмыс істеген екенсіз-ау?

– Сөйтіп, 1943 жылғы «Знамя» журналының 5–6-сандарында кітаптың бірінші әңгімесі «Панфиловшылар алғы шепте» деген атпен шықты. Жұрт жапа-тармағай қызыға оқыды. Редакцияға жүздеген хаттар қаптады. Жазушылар одағы бір кезде солдаттыққа жөнелткен Александр Бек соның арқасында броньға ілікті. Ол енді жағдайын нығайта түсуге асықты. Менімен келіспей, екінші әңгімесін жазып, «Знамя» журналына ұсынды. Сөйтіп уәдесін бұзды.

Кітаптың екінші әңгімесі автор А. Бекке қайта жетілдіруге қайтарылып берілген екен. Марқұм, профессор Екатерина Николаевна Михайлова ол кезде «Знамя» журналы редакторының бірінші орынбасары болатын. Қолжазбаны қарап, оны сүреңсіз, арқаусыз, бірінші бөлімнің сәтсіз қайталануы деп тапты. Бұл жөнінде редактордың орынбасары маған ұзақ хат жазған. Барлық кемшіліктерді әңгімелей отырып, менен мына Бекке екінші бөлімді тиісті дәрежеде жазуына көмек беруімді өтінген болатын.

Осы кезге дейін түп-тамырын қопарып айтпай жүрген бір сырды ашайын, – деді қарт сұқ саусағын жайлап тік көтеріп: – 1942 жылы мартта біз Александр Бек екеуміз ауызша келісім жасағамыз. Сол шартта болашақ повесте панфиловшылардың өз есімдері сақталып, шын болған ұрыс оқиғалары ғана жазылады деп келістік. Бұл шарт 1944 жылы 18 декабрьде Москвада қағаз жүзінде бекітіліп, А. Бек екеуміздің қолымыз қойылды.

  1. …Кітап авторы Александр Бек, ал Бауыржан Момышұлы (оның естеліктері, ауызша әңгімелері, ойы, әскери жазбалары) кітап материалы болып табылады.
  2. …Кітап үшін А. Бек қана емес, Б. Момышұлы да жауап береді.
  3. Бауыржан Момышұлы кітаптағы әскери және әскери-психологиялық мәселелердің уағыздалуы дұрыстығына жауапты және Александр Бекпен келіспеушілік туса, шешуші сөз Бауыржан Момышұлына беріледі. Ал әдебиет мәселесі жөнінде алшақтық туса, шешуші сөз иесі Александр Бек болады.
  4. Бауыржан Момышұлына бұл кітаптың бірінші редакторы және қолжазба цензоры болу правосы беріледі.
  5. Қазақ тілінде шығару үшін аударушыларға еркін өзгертіп аудару правосы беріледі.

– Міне, осы жағдайды түсіндіріп, 5 апрель 1944 жылы Екатерина Николаевнаға арнайы хат жолдаған едім, – деді Баукең жастықтан басын көтеріп. Онда алдымен Екатерина Николаевнамен 1944 жылғы 28 мартта жолығып, әңгімелескенімді есіне салдым. Баукең сәл кеудесін көтеріңкіреп, қолын созды да, бұрыштағы шкафтың үстіңгі бөлімін ашып, сондағы көк папканы әперіп жіберуді өтінді. Папканы ашты да Е.Н. Михайловаға жазылған хатты оқи бастады:

«Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабы әскери-ағартушылық сипаттағы шығармалар циклінің бір бөлімі болып табылады. Оны біз соғыс, ұрыс, әскери-тәрбие тақырыбына арнап, Ұлы Отан соғысындағы ұрыстардың тәжірибесін, асыл дәстүрлерді қорытып, солдаттың ардақ тұтар қызметіндегі совет халықтарының, туыстық және достық ұлы сезімдерін көрсетуді мақсат еткен едік…

Александр Бектің иығына түскен міндет ауыр да қиын, өйткені оның шығармасы болашақта ең алдымен саяси, әдеби, тарихи, әскери-биографиялық документ болуы тиіс, оның күні бүгін тірі, ой-парасатты, жазатын кейіпкері бар – бұл жағдай авторға үлкен міндет жүктейді, оның фантазиясын мейлінше тежейді, қаламының еркін сілтеу, ойының биікке шарықтау және басқа мүмкіндіктерін тарылтады. Александр Альфредовичтің творчестволық және намысына әсер етерлік осындай қиындықтарды жеңуіне тура келеді.

… Сіз білесіз бе, мен жазбаша және ауызша дайындаушы рөлін өз мойныма алдым, бастан кешкенді Александр Бекпен бірлесіп ойда қорыту игілікті мақсатын көздедім, оның ой тереңінде суарылған салмақты шығарма тудыруына көмектеспекпін. Оны өз парызына адал жүз мыңдаған солдаттың іс-әрекеті және қанның көл боп төгілгені жайында ұрпақ үшін атқарамын, сөйтіп құрбан болған және қасірет шеккен адал солдаттарымның алдындағы қарызымды өтемекпін, мұны кейбір бастықтарымның «бұл қазіргі кезеңде менің кәсібіме және міндетіме жатпайды» деген пікірлерімен есептеспестен осылай жасаймын».

Бұл сөздерді оқығанда, қайсар батыр Баукеңнің көзіне жас іркілді. Ол дауысы сәл дірілдеңкіреп хатты одан әрі оқи берді. «Александр Альфредовичтің материалдарды игерудегі жан сала еңбектенуін бағалай отырып, істің мүддесі үшін нақтылы повесть туралы менің төмендегі ескертулеріме назар аударуыңызды өтінер едім. Еркін жазғаным үшін және осы хатпен Сіздің уақытыңызды алғаным үшін күні бұрын кешірім сұраймын.

Повестің жетістіктері туралы жазбай-ақ қояйын.

1.Өкінішке орай, төртінші рет қайта өзгертілуіне қарамастан, Александр Бек менің 1942 жылы 27 сентябрьде «Знамя» журналы редакторына жолдаған хатымда мен жазған болашақ кітаптың программасынан және менің 1943 жылғы 8 декабрьде Москва жазушылары клубында сөйлеген сөзімнен бірқатар ауытқушылыққа жол берген. Бірқатар принципті мәселелерде және ең бастысы саяси қателіктерге жол беруі – кітаптың құнын, сапасын төмендетіп, тұтастығына кері әсер етіп қана қоймай, біздің отандастарымыз үшін игілікті мақсатпен шын жүректен шыққан ниетпен басталған іске нұқсан келтіретін белгілерді байқатады».

Одан әрі хатта Александр Бектің жеке басындағы Б.Момышұлы пікірі бойынша кемшіліктері аталып көрсетіледі. Повестің екінші әңгімесі туралы хатта одан әрі былай делінген:

  1. «Кейбір жерлерінде совет офицерінің образы сәтсіз көрсетілген. Автордың терең ойланбауының және шындықтан қисынсыз айнып, нақтылы алып отырған бейнеден әдейі ауытқып, бүкіл повесте дөрекілікпен қорашсыну бар, шындықты теріс, өзінің көксегеніндей етіп көрсетті, міне, оның саяси қатесінің түп-тамыры осында жатыр:

а) « Мен біздің құрылыстың ішкі нығаюын түсінбеген едім».

Мұндай сөзге мен таңқалдым. Зиялы совет жазушысының совет офицері атынан осындай пікір білдіруге аузы барар ма еді?! Бұл сөзді революция кезінде 7–8 жастағы, одан соң совет мектібінде оқыған… және Совет өкіметіне 26 жыл өтсе де, совет құрылысының мәнін түсінбеген адам айтқан, бұл совет азаматына абырой әпермейтін іс».

Хатты түгел оқи беру шарт емес шығар дегенді айтып, енді Баукең бүгінгі таңда көңіл аударуға ең қажетті жерлеріне ғана тоқталуды жөн көрді. «Ол кезде мен саяси жұмыстың қажеттігін мойындамадым» деп сөйлейді А. Бектің повестегі геройы. Іс жүзінде оған ауызша айтылғаны да, жазылып берілгені де мына төмендегідей болатын: «Саяси жұмыстың мәні – адам жанын тебіренте білуде, биік арман-мақсаттарды ояту. Сондықтан командир жауынгерлік сөздермен қарулануы керек. Одан тәтті қиял лирикасы мен көгере кепкен нан дәмі татымасын, ол шындығымен, жан үйірерлік қарапайымдылығымен солдатты баурап алуы тиіс.

Дөрекі мылжыңды, шенеуніктікті, тоңмойынды формальділікті және сол сияқтыларды мен елеулі зияны тиетін кемшілік деп санаймын, олар мақсатқа жетуге кедергі және кері әсер етеді. Өкінішке орай, саяси жұмыс осы дегендей-ақ, кейбіреулер істі осылай жүргізеді…».

«Билігін өзіңіз шешіңізші, мен нені мойындамадым, нені дәріптедім». Өз ойы повесте бұрмаланып бара жатқанына Бауыржан ағай қатты қапаланып жазған екен. А.Бек повесть кейіпкері Б. Момышұлын былай сөйлетеді: «Мен қара қазақпын, оны бұрын кір қожалақ деп атайтын». Баукең автордың мұндай сөзіне заңды реніш білдіріп: «Бұған не дерсің, шіркін, сіз өзіңіз-ақ түсініп отырсыз ғой, Бек осылай жазады. Бұл автордың сыпайылықтан аулақ қандай дөрекілігі десеңізші?! Бұл оған абырой әпермес және ол үшін оқушылар алдында арланамын…».

Хатта кейіпкер наразылығы одан әрі жалғаса береді – Автордың ақыл безбеніне сүйелдей боп шыққан офицердің ұлттық өзгешелігі бүкіл повестің өне бойына жайылған. Ол аттап басқан сайын кейіпкердің ұлт адамы екенін оқушының есіне салып, «кешірім» өтінеді, сол үшін мүсіркеуін сұрағандай болады. Ал, шын мәнінде, соғыстың – ұрыстың қатал да әділ заңы ешқандай аяуды білмейді, солдатқа да, офицерге де, қандай ұлтқа жатпасын, кешірім етпейді. Ұрыс тек ерлікті, қабілеттікті ғана таниды, тек ептілік қана солдатты да, офицерді де алға бастайды, жоғары мәртебеге жеткізеді. Соғыс іскерлік қабілеті жоқ адамды жоғарылатуды мақұлдамайды…». Баукең журнал редакторы орынбасарына осыны түсіндіреді. Одан әрі Бауыржан Момышұлы былай деп жазады: «Мен көпұлтты әскери бөлімге командир болдым. Мен барлық солдаттарға тең қарауға тырыстым. Менің ашуым да, жүрек сезімім де барлығына бірдей еді. Өйтпесем, әртүрлі ұлт солдаттары маған өз командиріміз деп қарамас еді. Украин солдаты «батько», қазақ «ақсақал» деп атамас еді… Совет офицерінің саяси келбеті осындайдан көрінсе керек. Қызыл Армиядағы достық, бауырмалдық ерекшелігі де дәл осында. А. Бектің саяси кінәсі де осыдан келіп шығады».

Одан әрі Баукең автор А. Бектің повестегі көркемдік, мазмұндық олқылықтарына тоқтады. «Дивизияның созылып жатқаны ғана бар, ұрыс жүргізілуі жоқ дерлік. Сондықтан Панфилов образы солғын шыққан. Ең аз дегенде, Булычев совхозы, Осташево, Спасск-Рюховские тұсындағы ұрыстарды қысқаша болса да, міндетті түрде жазу керек деп санаймын. Ол дивизияның ұрыс жүргізіп жатқанын көрсету үшін керек.

Панфилов-Ползунов арасындағы диалог нашар, менің қолжазбамда ұсынғанымдай қысқа қайырылмайды.

Шабуыл формальді түрде, әйтеуір жазыла салынған және өте сәтсіз шыққан. Шабуылдың табиғаты бейнеленбеген….

Исламқұлов бейнесі сұрғылттау. Оқушы есінде қалатындай емес. Ол повестің үшінші және төртінші бөлімінде негізгі кейіпкерлердің біріндей болып суреттелетін болады».

Б. Момышұлы көптеген ескертулерін қолжазбаның шетіне жазғанын еске салып, оны Бектің өзіне түгел жеткізгенін және 1944 жылғы 2 апрельде «Знамя» журналы өкілі қатысып отырғанда бірқатар мәселелерді баяндағаны туралы мәлімдейді.

Хаттың соңында Баукең былай деп жазғанын оқып берді: «Менің ескертпелерім бүкіл повестке тұтастай және толық қатысты емес, ол негізінен сәтті шыққан. Ескертпелерім оның нақтылы кемшіліктерін көрсетуге бағытталған, оларды автордың ықыласы түссе, таяуда түзете алады, сөйтіп көңілдегідей толықтырып жақсартады. Сөйтсе де, жоғарыда көрсетілген олқылықтар орын алып қала берсе, повестің екінші әңгімесі баспаға беруге әзір емес деп есептеймін және жеке принципті мәселелер бойынша түбегейлі өзгертуді талап етеді деп санаймын.

Бұл хаттың текстімен Бек танысты және өзінің келісімін берді.

Гвардиялық полковник Бауыржан Момышұлы».

Одан соң Баукең қабағын түйіңкірей отырып, Михайловаға жазылған хаттың бір данасы республикалық мемлекеттік орталық архивте, өзінің жеке қорында – 1942, тізбе-2, іс-309, 1–10-беттерде тігулі екенін ескертті.

Баукең орнынан тұрып, жағасы, етек-жеңі өрнектелген барқыт шапанын, оқалы тақиясын киіп алды да, әлгі хат тігулі папканы бұрыштағы шкафқа апарып қойды. Таяғымен еденді ақырын тақылдатып, аяңдап бара жатқан көк шапанды, көк тақиялы аталарымыздан аумай, жылы ұшырай қалды.

– Мына кісі қуыс үйден құр шықпасын, не әзірлігің бар, – деп жеңгейге айқай салып, ас үйге қарай бет алды. Мен Баукеңнің «Знамя» журналы редакторының орынбасары Е. Михайловаға жазған хаты туралы шамырқанған ойға баттым. Бірақ сол хатта көрсетілген жанға батар жәйттер «Арпалыста» кездеспегені үшін өзімді-өзім жұбатқандай болдым. Бірақ ондайға көңіл бөлмегендіктен байқамадым ба, деп те қобалжи бердім. Кейінірек кітапты тағы оқып, салыстыру керек деген ой толқытты. Сонда жазушы түзеткен, қысқартқан тұстар да айқындалуы мүмкін, Ал енді кітапта қазақ намысына тиердей сөздер кездеспегені анық. Ендеше ол жазушыны Баукең талаптарынан қорытынды шығаруының нәтижесі болар деп ұйғардым. Жалпы бұл хаттың, сондағы қатты ескертулердің «Арпалыс» повесі саяси-көркемдік дәрежесін көтеруіне шешуші ықпал еткеніне енді анық көз жеткізуге болады…

(Жалғасы бар)

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн