МАЙДАНГЕР АҒА соңында ұлағатты ұрпақ қалдырды

Өткен жылдар беттері парақталып, жылдар алдыға жылжығанымен, оның көкжиегі бүгінімізбен, болашағымызбен тығыз байланысты. Өйткені «Өткенсіз – бүгін жоқ, бүгінсіз – ертең жоқ», «Тарихы жоқтың – болашағы жоқ» дейді дана халқымыз.

Иә, бүгінде тәуелсіз еліміздің ауызбіршілігін сақтауға ұйытқы болған қарияларымыз – біздің асыл қазынамыз, тірі тарихымыз. Олар өздері бейнетін де, зейнетін де көрген соңғы жүз жылдың басты оқиғаларының нағыз куәгерлері. Сондықтан да олардың кешегі және бүгінгі, ертеңгі болашақ жайлы, адамдық құндылықтар туралы өміршең ой толғамдары, ұлымызды ұлағатты, қызымызды әдепті етіп өсіру жолындағы аналық, аталық жанашыр аманат – лебіздері баршамыз үшін зор ғанибет.

Кешегі ата дәстүріміз бен бүгінгі заман талаптарын өзара үйлестіре отырып, балаларын, немерелерін тәрбиелеу барысында адамгершілік пен мейірімділіктің ғажайып үлгілерін көрсетіп, көненің көзіндей тәрбиеге толы тағлымымен айналасына үлгі болған, ел үшін, жер үшін қан майданда ерлік көрсеткен жандардың бірі – Қарашев Шолпанқұл ата туралы сыр шерткім келеді.

Ол кісі 1925 жылы 20 мамырда дүниеге келген. Қарапайым отбасынан шыққан Шолпанқұл атаның жастық шағы соғыс жылдарына тұспа-тұс келді. Сол кезде небәрі 18 жастағы өрімдей жас жігіт Шолпанқұл Іле аудандық әскери комиссариатынан шақыру қағазын алып, 4 сәуір 1943 жылы қан майданға аттанады.

Ұлы Отан соғысында 205-атқыштар полкінде бөлімше командирі, кіші сержант шенінде II Украина фронтында соғысқа араласады. Батыс Украинаны фашистерден азат етуге қатысқан. Украинаны неміс фашистерінен азат ету жолында қоршауда болған. Басынан өткен қиыншылықтарға қарамастан, аш-жалаңаш жүріп, қоршауды бұзып, тұрақты армияға қосылды. Сол Батыс Украинада Елтушки деген деревняны азат ету кезінде оң аяғынан ауыр жарақатпен қоса контузия алып, дәрігерлердің талабы бойынша майданнан Жетіген ауылына қайтқан.

Майданнан алған ауыр жарақатына қарамастан, 40 жыл теміржолшы болып жұмыс істеді. Сол жылдарғы Темір жол министрлігінің Құрмет тақтасында үзбей суреті ілініп тұратын. Қарашев Шолпанқұл атамыз Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін көптеген медаль, орденмен марапатталған. «Ерлігі үшін» медалімен екі мәрте, I және II-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен наградталды.

Жары – Әлменбетова Күлшара екеуі 10 бала (8 ұл, 2 қыз) тәрбиелеп, өсірген. Күлшара апа да Ұлы Отан соғысында тылда аянбай еңбек етіп, «Еңбектегі ерен ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Қазіргі уақытта үлкен ұлы Болат – отставкадағы офицер, Тасболат – «СК Базис» компаниясының бас директоры, Мұрат – осы компанияда бригадир, Бекболаты әкесінің жолын қуып, теміржолшы болған. Талғат – «Самшит-строй» компаниясында құрылыс бастығы, Қайрат, Самат деген ұлдары құрылыс саласында, қара шаңырақ иесі Кенжебек – жеке кәсіпкер. Екі қыздың үлкені Батиха – зейнеткер, Әлия – «Алматы газ тармағында» қызмет етеді. Осыншама ақылдарына көркі сай тәрбиелі балаларды өсірген атамыз бен апамыз 54 жыл тату-тәтті бірге өмір сүрген. 24 немере сүйіп, өмірден озған. Екеуі де өмірде асқан абыройы мол, сыйлы, өте еңбекқор, адал жандар еді. Қарашевтар отбасының ерекшелігі – артында қалған ұл-қыздары қазіргі уақытқа дейін Ұлы Жеңіс күнін аса құрметпен атап өтетіні және барлығы қара шаңыраққа жиналып, әке-шешесін еске алып, қадір тұтатындығы.

Соңында осындай өнегелі ұрпағын қалдырған майдангер ағаның өмір жолы жетігендік жеткіншектер үшін ұмытылмас шежіре болып қалмақ.

Риза САУЫРБАЕВА,

Жетіген ауылы

№ 3 орта мектептің мұғалімі,

Алматы облысы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн