«Общественная позиция»
(проект «DAT» №37 (308) от 29 октября 2015 г.
Апта аптығы
Қатер қайдан демеңіз
Бәрін әлемдік экономикалық дағдарыстан көріп жатырмыз ғой. Бірақ шын мәнінде әлемде олай болып жатқан жоқ. Мәселен, Қытай экономикасы биылғы үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша 6,9 пайызға өскен, алдыңғы екі тоқсанда ЖІӨ 7 пайыздан түспепті. Жапонияда жылдық өсім – 2 пайыз, Үндістанда – 7 пайыз, Вьетнамда – 6,5 пайыз, АҚШ-та ЖІӨ – 4 пайыз болса, Еуроодақта жыл соңына дейін өсім кемінде 1,5 пайыз болады деп күтілуде.
Сонда бұл қайдағы әлемдік дағдарыс?!
Дағдарысқа ұшырап отырған Бразилия мен Ресей сияқты шикізат экспортына, мұнай бағасына тәуелді елдер. Ал Қазақстанға не жоқ дейсіз ғой. Өте бай болуға міндетті Қазақстанның дағдарысқа ұшырауы – бұл ең алдымен үкіметтің экономиканы дұрыс басқара алмауының салдары. Мемлекет басшысы да, ғалымдар да «экономиканы әртараптандыру қажет» деп қаншама рет ескертті. Бірақ үкімет диверсификацияның тиісті тетігін жасай алмағандықтан, әртараптандыруды қамтамасыз ете алмады. Ол өзі – бүкіл экономикаға көзқарасты өзгертуді қажет ететін өте ауқымды шаруа. Көзқарас болса әлі күнге өзгермей тұр.
Ертең, 2016 жылы наурыз айында әлемдік рынокқа Иран мұнайы шыққанда, бір баррель мұнай бағасы 8-9 долларға дейін төмендейтін жағдай тууы әбден ықтимал. Ресей сияқты мұнайға тәуелді «одақтас досы» бар Қазақстанның халі сонда не болмақ? Біздің «дағдарысымыздың» бір ұшы соған байланған. Антидағдарыстық бағдарламада осы жағы ескерілсе ғой дейсің.
Ресей демекші, біздің саясаткерлеріміз мына бір шындықты білуге тиіс: Ресей де АҚШ сияқты Қазақстанның мықты экономикалық державаға айналуына ешқашан мүдделі болған емес! Орыс елі үшін Қазақстан – Батыс стандарттарына жарамайтын тауарларын өткізетін рынок қана. Есте сақтайық, Ресеймен достығының арқасында осы күнге дейін әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналған бірде-бір мемлекет болған емес! Тұңғиыққа батып бара жатқан Ресейдің сирағына өзімізді апарып тұзақтап ілуіміздің не қажеті бар?! Ортақ шекарамыз ұзын орыс елімен дос болайық, бірақ саяси, әрі экономикалық тұрғыда Ресейден тәуелсіз бағыт ұстанғанға не жетсін?!
Қазір біздің үкіметке мықты экономикалық менеджер қажет. Сыртқа қол жаятын үкімет елді тығырықтан шығара алмайды. Кәрім Мәсімовтің ішкі потенциалы баяғыда таусылған… Дағдарысқа қарсы әзірленіп жатқан мемлекеттік бағдарлама кімнің кім екендігін көрсетеді.
Иә, Қазақстанда дағдарыс өзінің қысталаң кезеңіне бет алғанын естідік. Алдымыздағы 2016–2017 жылдар экономикалық тұрғыда аса ауыр болатын түрі бар. Дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасының қандайы да Ұлттық қорға қол сұқпай тынбайды. Бірақ ол түпсіз бөшке емес қой. Оның үстіне Ұлттық банкіміз кеше 2015 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша, Қазақстанның сыртқы қарызы 155,2 миллиард (!) долларға жеткендігін хабарлады. Ол аз болғандай, Bank of America Merrill Lunch инвестициялық тобының сарапшылары «Қазақстан дефолтқа жақын 10 елдің ішінде 9-орында» деген болжамы да жүрек ауыртады. Әйтеуір енді «белдікті бекемдей» түсеріміз хақ.
Марат Тоқашбаевтың
«Фейсбук» парақшасынан