ЖОО ТҮЛЕКТЕРІ ЖҰМЫССЫЗ ЖҮР – ендігісі 3 жыл мамандық МАЛАЙЫ БОЛАДЫ

 

 

Қазақстанда соңғы 9 жылда оқу орындарын бітірген түлектердің арасындағы жұмыссыздар саны 23 мыңға жетті, делінген ҚР ДСӘДМ баспасөз қызметі таратқан хабарда.

 

Ведомство сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, ҚР ДСӘДМ «Жұмыспен қамту жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы» АҚ (әрі қарай – «ЖҚЖ АТО») сарапшыларының мәліметінше, соңғы 9 жыл ішінде Қазақстанда 2015 жылдың 2 тоқсанының қорытындысы бойынша жалпы жұмыссыздар санының 2006 жылмен салыстырғанда 625 мыңнан 449 мыңға қысқарған жағымды динамикасы байқалады.

Сонымен қатар сарапшылар жұмыссыздар арасында алғаш рет жұмыс іздеушілер үлесінің артып келе жатқанын айқындады. «2006 жылдан жалпы жұмыссыздар ішіндегі жоғары оқу орындары түлектерінің үлесі 20,1%-дан (118 мың адам) 2014 жылы 28,2%-ға (124 мың), 2015 жылдың екінші тоқсанында 32,4%-ға ұлғайды. Бұл екінші тоқсанда еңбек нарығына мектеп, колледж, техникум мен ЖОО түлектерінің қосылуымен байланысты», – деп есептейді сарапшылар.

Сарапшылар бірқатар қаржылық және сараптама ұйымдарының болжамдары бойынша Қазақстан экспорттайтын мұнай және өзге де шикізат ресурстарына баға сол деңгейде сақталатын болса, онда жақын аралықта еңбек нарығындағы бос орындар санының азаюы мүмкін екендігін жобалайды.

Ал жуықта ғана ҚР парламентінің сенатында қабылданған «Білім саласындағы жекелеген заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» заң жобасының талаптары бойынша, жоғары оқу орнын грантпен бітірген түлектер алған мамандығы бойынша үш жыл көлемінде жұмыс істеуі тиіс. Әрине, бұл өте дұрыс талап. Бірақ тек ресми дерек бойынша 23 мың түлек жұмыссыз жүрген кезде, жыл сайын грантпен ЖОО бітіретін мыңдаған түлекке мамандық бойынша жұмысты кім тауып бермек?! Ал сол түлектердің 25 пайыздан астамы заң және экономика мамандары болса, қабылданған заңның талабын орындау мүмкін болмасы айдан анық.

Сырым ДАТОВ

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн