«Общественная позиция»
(проект «DAT» №39 (310) от 12 ноября 2015 г.
Дүниені қонышынан басқан…
Халықтың қазынасын қылғытқан «Қазақмыстың» қомағайлары өзін «жердегі жарты құдайдай» сезінеді. Олар компанияның құлағын ұстаған В.Кимнің қарапайым кенші немесе бүйірі қабысқан байытушы сияқты «жалдамалы жұмысшысы» екенін есіне де алмайды. Бар айырмашылық – жалғыз жалақысында. Кенші мен байытушының тапқан-таянғаны күнкөрісіне зорға жетеді, ал басшылыққа бір табан жақын тұрғанның табысы оны он орап алады. Сосын олар ойына келгенін істейді.
«Сынықтан басқаның…»
Қазақта осылай басталып, «бәрі жұғады» деп аяқталатын мағынасы мықшиған мақал бар. Осы «Қазақмыстың» жастар одағы құрылтайшысы болып табылатын «Мысты өңір» газеті» ЖШС-нің директоры З.Исмагуловаға арнап айтылғандай. Неге?
«Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» С.А.Тысевич деген бір мықты бар. Егер ол болмағанда, «Қазақмысың» қолайлы қызметкер таппай, қараң қалғандай-ақ екен. Қандай қасиетімен көзге түскенін қайдам, компанияны «оңтайландыру» опырып бара жатқан қиын кезеңде Антон ақсақалдың ұлы Сергей қос қызметтің құлағын ұстап отыр.
Самайын қырау шалып, шашы селдіресе де, Сергей жастар одағы төрағалығының тізгінін басқаға беретін емес. Оның үстіне «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағы төрағасының орынбасары» деген лауазымы тағы бар. Кеншілер, байытушылар мен металлургтер «арқа еті арша, борбай еті борша» болып тапқан жарытымсыз жалақысынан бала-шағасының аузынан жырып төлеген жарнасының қызығын көріп, екі жалақы алып, жырғап жүріп жатыр.
«Мына екеуі де сайланбалы қызмет қой, көпшілік сенім артып жатса, азамат қалай бас тартады?» деп отырған шығарсыз?! Бір қарағанда солай. Бірақ «Қазақмыстағы» қоғамдық қызметтен қадір-қасиет кеткелі қашан?! Оған баратындар кімнің қас-қабағына қарау керектігін біледі, әйтеуір жарна төлейтін жұмысшыларға емес. Егер басшылықтың көңілінен шықпасаң, бықпырт тигендей қылады. «КәсіпҚазақмыс» – сондай қитұрқылықпен құрылған «қалтакәсібиодақ».
Сол Сергей серің кезінде жастар одағында істеген, кейін көптің күшімен «КәсіпҚазақмыстан» қуылып, жұмыссыз жүрген, қазақшаны қақпайтын З.Исмагулованы биыл мамырда «Мысты өңір» газетіне басшылыққа тағайындады. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген рас екен, ол келген бетте бір кездегі тәлімгерінен үйренген тәжірибесін қолдануға кірісті.
Өзінің осалдығын білетін басшы жанына жағымпаздарды жинады. Олардың атын атап, түрін түстемей-ақ қояйық, бізге белгілісі: ұжымның өзге мүшелерінің қарсылығына қарамастан, бір адамға – бір жарым, екіншісіне – екі жалақы кесіп берді. Есесіне келген бетте, мамырдан бастап, журналистерге қаламақы төлеуді тоқтатты. Оған: «Оу, мұның не?» дейтін тірі жан табылмады.
«Жеке меншік компанияның ішкі шаруасына біз араласпаймыз. Қаражаты көтерсе, қанша жалақы төлесе де, өзі біледі», – дейді Жезқазған қаласы прокурорының орынбасары Жанболат Мұқышев.
Сөйтсек, құдіретті «Қазақмыс» прокуратураңа да пысқырмайды екен.
«Жалған диплом» жәрмеңкесі
«Биыл «Қазақмыста» жалған дипломмен ұсталған жиырма шақты адамның ісін сотқа өткіздік. Көпшілігі көптен қызмет істейтін, жасы елуді еңсеріп қалған адамдар», – дейді қалалық ІІБ анықтау (дознание) бөлімінің бастығы Біржан Базарбаев.
«Қазақмыста» жастардан жасырын, ересектер арасында «Жалған диплом жәрмеңкесін» ұйымдастырып жүрген біреу бар-ау, сірә?! Соның «игілігін» көріп отырғанның бірі – аймақтық «Мысты өңір» газетінің дизайнері Ульзира Жанназарова, жасы елуден асқан. Алпыс жол ақпарат жаза алмаса да, «шынайы берілгендігі үшін» З.Исмагулова редактор етіп тағайындаған. «Қосымша қызмет» түрінде. Мұның мәні – дизайнерлікке қосымша редакторлықтың жарты жалақысын алады, бірақ бұрынғысынша газет қаттай береді.
«Қазақмыста» ештеңеге таң қалуға болмайды. Елдің еті үйренген, «е-е» дейді де қояды. Мынау да – соның бірі. Қазақша шығатын газетті ана тілінде жібі түзу екі ауыз сөз құрастыра алмайтын З.Исмагулова сияқтылар басқара береді. Өз өмірбаянын қатесіз жазуға қабілеті жетпейтіндер газетке «редактор Ульзира Жанназарова» деп қол қояды. Мейлі ғой, бірақ бір «бір-ақ!» болмаса.
ЖезқазғандаУ.Жанназарованы білетіндер оның қалай редактор болғанына әлі түсіне алмай жүр. Бұрын елден «сатушылық курсты бітірген куәлігі бар, кезінде көкөніс дүкенінде сауда жасаған» деп еститінбіз. Сөйтсек, оның білімі – орта, дизайнерлік мамандықтың өзін жол-жөнекей (практик) меңгерген болып шықты. Жұртқа «жоғары білімді журналистпін» дегені жалған екен.
«Университет ректораты Ульзира Сержанқызы Жанназарова 2011 жылы «журналистика» мамандығы бойынша күндізгі және сырттай бөлімді бітіргендер тізімінде жоқ екендігін хабарлайды» дейді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры М.Бүркітбаев мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі ауданаралық Жезқазған аймақтық басқармасына жіберген жауабында.
Жуырда осы жауап негізінде Жезқазған қалалық ішкі істер басқармасы «Құжатты қолдан жасау» бабы бойынша іс қозғады…
Жағымсыз жаңалықтың жамиғатқа жария болғанына айдан асты, ал Ульзира түк болмағандай «редакторлығын» атқарып жүріп жатыр. Бірақ «Қазақмыстың» басшыларына бәрібір!
Аспандағы «айқас»
Қыркүйектің ортасында «Қазақмыстың» қызметкерлеріне қатысты қолайсыз алыпқашты әңгіме тарады: «Үш бірдей білдей басшы араққа сылқия тойып алып, Қарағандыға қатынайтын ұшақты жолай Жаңаарқаға қондырмақшы болыпты-мыс». Көңілге қонбайтын қисын!
Алайда сол оқыс оқиғаға қатысты не компания басшылығы, немесе оның баспасөз қызметі жақ ашпады. Ондай үнсіздік жұртшылық арасында әртүрлі өсек-аяңның өрістеуіне түрткі болатыны белгілі. Бұл жолы да гу-гу әңгіме жердің беті түгілі, шахтаның шыңырауын шарлап кетті.
Алдымен алғашқы нұсқасын айтайық.
«Қазақмыс» корпорациясының бас директоры Б.Қрықпышевтің жақын жолдасы, «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің бас директоры Қайрат Шалмағамбетов, қызметін бас директормен бірге бастаған, корпорацияның қауіпсіздік және еңбек қорғау жөніндегі директоры Қанат Шайқыбеков, денсаулық қорғау және зиянның орнын толтыру департаментінің директоры Қайрат Мейрамұлы «жол жуамыз» деп, жоғарыдағыдай жайсыз жағдайға ұшыраған. Бары – осы!
Бірақ оның мазмұнын былайғы жұрт былай байытады. «Аз болып қалған соң, жолай Жаңаарқаға түстенгісі келген ғой», «Ұшақ пен отарбаны шатастырып алған шығар», «Құдайдан қорықпай, стюардессаға көзін сүзіпті», «Ұшақта үшеуі ғана емес, «Қазақмыстан» он екі адам болыпты», «Қайрат Шалмағамбетов ұшақ бортында болмапты, бірақ компаниядағы бір мықтының балдызын бүркемелеп, болмаған істі мойнына алыпты»… Осылай өрнектеліп кете береді.
Таяуда «Қазақмыс» корпорациясы баспасөз қызметінің басшысы В.Магайға телефон шалдым: «Қайрат Шалмағамбетов, Қанат Шайқыбеков және Қайрат Мейрамұлына қатысты қолайсыз әңгіменің тарағанына екі айға жуықтады. Ел арасында өсек өріп жүр. Бірдеңе демейсіңдер ме?».
«Менің де білетінім шамалы», – деді ол.
«Онда ол үшеуімен кездесуді ұйымдастыршы», – деп өтіндім.
«Қайрат Мейрамұлымен сөйлесіп көрейін. Ал анау екеуін жұмыстан шығарып жіберген, қайда жүргенін білмеймін», – деді Владимир Сергеевич.
Сөзіне онша сене қоймасам да, телефон қоңырауын күтіп жүрмін…
Әлібек ӘБДІРАШ,
журналист,
Жезқазған қаласы