Суббота , 5 июля 2025

ДЕЙСАЛ (Сатиралық ертегі)

«Обще­ствен­ная позиция»
(про­ект «DAT» №8 (325) от 25 фев­ра­ля 2016 г.

Уақыт уыты

ДЕЙСАЛ
(Сати­ра­лық ертегі)

Әлқисcа, ықы­лым сон-о‑у заман­да, Хан мен сұл­тан аман­да, алы­ста емес тая­у­да, Көк­тіреу Хан­ның кезін­де, Хан сарай­дың өзін­де Дей­сал деген бір даны­шпан өткен екен. Оның әншей­ін ғана дей салға­ны­ның өзі елді есі­нен тан­ды­рып, таң­дай қаққы­зып, қар­сы сөз айтуға шама­ла­рын кел­тір­мей, тек бас шұлғып көн­ген­нен басқа амал­да­рын құр­тқан екен деседі көр­ген­дер. «Дей­сал демесін, десе – көнесің!» – деген сол дәуір­де қатқан қағи­да болған екен!
Ол күн сай­ын күн батар алдын­да сарай­дың биік мұна­ра­сы­на шыға­ды екен. Бүкіл халық Дей­сал­дың аузын бағып, не дей сала­ды екен деп, тым-тырыс тұра­ды. Дей­сал сөз­ге дай­ын­да­лып, тамағын қыр­нап, көк­жи­ек­ке көз жіберіп, бір­де батып бара жатқан күн­ге қарап, бір­де жер­ге қарап, өзіне көз тік­кен қалың көп­ті ойлы көзі­мен бір сүзіп шыға­ды екен. Дей­сал осы­лай ойла­нып тұрған­да, қара халы­ққа дем алуға бол­май­тын көрі­неді. Ұзақ ойла­нып тұрып, бір кезде:
– Бүгін, міне, сей­сен­бі бол­ды. Ал ертең – сәр­сен­бі бола­ды! – дей сала­ды екен! Ойпырм-ой, ғылым мен тех­ни­ка­сы дамы­м­аған ол заман емес, үйде оты­рып-ақ ғалам­тор­дан жұл­дыз санаған осы күн­гі даны­шпан ай мен күн­нен жаңы­лып оты­рған мына заман­да ертеңіңді дәл айта­тын мынан­дай ғұла­ма­ны кім көр­ген! Дүй­ім жұрт Дей­сал­дың көре­ген­ді­гіне таң­да­нып, үйіне қайтады.
Таңер­тең оян­са, шыны­мен Сәр­сен­бі! Дей­салға табын­бай көр осыдан!
Көк­тіреу Хан биле­ген ел әлем­ге Түлік­ті ел деген атпен таныс екен. Ол елдің жан-жағын­да Өрік­ті ел, Шаян­ды ел, Торай­лы ел, Орман­ды ел деген басқа да елдер болып­ты. Біздің Дей­са­лы­мыз шежі­ре бой­ын­ша Өрік­ті елде туы­лған көрі­неді, одан бір бәле­ге ұры­нып қуы­лған көрі­неді. Содан қашып, Шаян­ды елді пана­лай­ды, содан Торай­лы­ны ара­лай­ды, сосын Орман­ды­ны жаға­лай­ды. Солар­дың суын ішіп, дәмін татқа­сын, тілін үйре­неді, көп тіл біл­гесін, ерекше күй­ге енеді. Ақы­ры Орман­ды елге құда­лы­ққа барған Көк­тіре­у­ге жолы­ғып, Орман­ды елдің пат­ша­сы Бар­ма­ту­ха IV-ші еке­уіне тіл­ма­штық істе­ген көрі­неді. Сол кез­де Көк­тіре­удің беліне өзі Шаян­ды елі­нен ұрлап қашқан алтын бел­бе­уді іле қояды да, Көк­тіре­у­ге ауа­дай қажет екенін біле қояды.
Міне, сол күн­нен бері Дей­сал Түлік­ті елге келіп, сарай­дан орын ала­ды, бір­те-бір­те Бас уәзір болып қала­ды. Өзі ғана орны­қ­пай, Жей­сал деген әкесін, Беретұр деген шеше­сін, Ертең­ке­лем деген інісін, Көрей­ін­ші деген қарын­да­сын бала-шаға­ла­ры­мен сарай­ға көшіріп алып­ты-мыс. Бірақ оның бұл ағай­ын­да­ры сарай­да тұр­май, ел ішіне кіріп кетіп­ті. Әкесі әр үйден жей салып, шеше­сі әркім­нен бере тұр деп алып кетіп, інісі ертең келем деп қайт­пай кетіп, қарын­да­сы көрей­ін­ші деп алып, бер­мей кетіп, сәті­мен күн көріп кетіп­ті. Оларға қара халық Дей­сал­дың жұраға­ты болға­сын ләм демеп­ті. Түлік­ті елдің халқы малы аман бол­са бол­ды, алданға­нын ар сана­май­тын, тоналға­ны­на торс етпей­тін көн­біс ел екен.
Күз­де егінін орып, жай­ла­удан түс­кен ел енді не бола­рын біл­мей, Дей­сал­дың аузын бағып, сарай алаңы­на тағы жина­ла­ды. Дауыл­паз­дар дүң­гір­леп, жар­шы­лар аттан салып, сарай алды­на әскер жиып, думан­да­тып, Көк­тіреу Хан шыға­ды. Елді бітік шыққан егіні­мен құт­ты­қтап, жай­ла­удан түс­кен семіз мал­дан сой­ғы­зып, сабан­той жасай­ды. Той тарқай­тын кез­де мін­бе­ге Дей­сал көтеріледі. Жұрт демін ішіне тар­тып, қыбыр етпей қатып қала­ды. Дей­сал үнсіз көк­ке көз жібе­реді. Алаң­ның үстін­де айна­ла ұшқан қарға­ларға құлақ түреді. Маңай­дағы алыс-жақын елдің бәрін ара­лап, бір­не­ше тіл­де сөй­лей­тін Дей­сал қарға­ның да тілін білетін­ге ұқсай­ды. Қарға­ның қарқы­лын ұзақ тың­дап тұрып, бір кез­де көп­ке қарайды:
– Аман-есен күзді өткізіп­піз, енді амал жоқ, қыс бола­тын бол­ды! – дей салады!
Апыр­май, сон­да жұрт­тың қуанға­нын көр­сеңіз! Қуан­бай қайт­сін енді, ойлаңыз­шы, ауа рай­ын дәл болжай­тын жер­сері­гі бар, тау мен тас емес, жел­дің суретін түсіретін фото­ап­па­ра­ты бар қазір­гі дамы­ған елдің төрін­де оты­рған біздің өзі­міз биыл қарға жары­май, қыс па, көк­тем бе, күз бе деп дал бол­дық. Дей­сал­дай әули­ең бол­са, сон­ша тех­ни­ка­ның қажеті қанша?!
Айтқа­нын­дай қыс бола­ды. Дей­сал­дың дер кезін­де ескерт­кені мұн­дай жақ­сы болар ма, ел дай­ын­да­лып, жем-шөбін, отын-суын қам­дап, қыстан қысыл­май шығады.
Сол қыста қыр­сық шалып, Дей­сал­дың тілі бай­ла­нып қалып­ты! Қыс аяқта­лып бара жатқан­да, сарай сасқа­лақтап, жұрт­тың дег­бірі қашып, енді не күз келіп егін ора­рын, не жаз келіп жай­ла­у­ға бара­рын біл­мей, дал бола­ды. Қара халы­қта сарай­ға қараған­нан басқа не амал бар – сарай бол­са үнсіз. Дей­сал­дың тілі жоқ! Көк­тіреу Дей­салға жал­тақтап, күп­ті бола­ды. Елге не дерін біл­ме­ген­нен асқан өлім бар ма?! Дей­сал тілі бол­ма­са да, жазуға ике­мі келіп, Ханға бір жапы­рақ хат береді. «Бір­деңе дей салы­ңыз» – деген жазу екен. Дей­сал­дың дегені­мен жүретін халық қана емес, Хан­ның өзі де екенін жоға­ры­да айт­тық қой. Жиналған тобы­рға Көк­тіреу шыға сала, ойла­нып, толғанған болып, ұзақ тұра­ды да:
– Бір­деңе! – дей салады!
Жұрт­тың есі шыға­ды! «Бір­деңесі» несі, ойбай?» «Түсін­бедік қой?» – деу­ге дәр­мен жоқ, Хан­ның айтқа­нын түсін­бей, өле алмай жүр­ген ешкім жоқ, әркім «Бір­деңені» өзін­ше топ­шы­лап тұрып қала­ды. Осы сәт­те сарай жыр­шы­сы, сарай­той­дың Бас аса­ба­сы Шай­на­п­бер жырау дом­бы­рас­ын қолға алып, шырқай жөнеледі.
– Уа-а-а-а-ау!
Көк­тіре­удей Хан берген,
Тәңірім­нен айналдым!
«Бір­деңе!» – деп дәл айтқан,
Әмірің­нен айналдым!
Қалың елге сыйлаған,
Өмірің­нен айналдым!
«Бір­деңесі» несі деп,
Мен де бір сәт ойландым.
Бір­деңеңіз жөн екен,
Ақы­лы­ңыз кен екен,
Бір­деңе деген сөзіңіз
Өси­ет­ке тең екен! – деп, ағы­зып келіп, бұқа­ра халы­ққа «Бір­деңенің» әрбір әрпін тал­дап береді!
«Б» дегені – «Бәлелі жер­ге бас сұқпа!»
«І» дегені – «Ілгері бекер аптықпа!»
«Р» дегені – «Рахым­шыл бол, шаптықпа!»
«Д» дегені – «Дүние-мүлік жинама!»
«Е» дегені – «Еңбек­тен жан­ды қина да!»
«Ң» дегені – «Ңаңай бол­ма бекер­ге!». «Ңаңай» деп Хан ием жалқа­уды мең­зеп отыр! – деп, Түлік­ті елдің сөздік қоры­на су жаңа сөз ендіріп жіберді!
«Е» дегені – «Елім менің!» – дегені емес пе?! – деп еңіреп жібер­ген­де, жиналған ел өксі­гін баса алмай, маң­дай­ы­на біт­кен жалғыз Ханы «Елім» деп еңіреп оты­рға­ны­на жүре­гі шыда­май, «Көк­тіреу Күн­нен жаралған» әнін орын­дап, үйіне тарайды.
Деген­мен, енді күз­ге дай­ын­да­ла­рын, не көк­тем­ге әзір­ле­нерін біл­мей кет­ті. Ел болған соң, бір зерек бала бола­ды ғой, ертесін­де сол бала:
– Был­тыр қар ері­ген соң, көк шығып, көк­тем болып еді ғой, биыл да солай қар еріп жатыр, күн­гей­де ептеп көк шығып­ты, демек көк­тем бола­ды, көк­тем­нен кей­ін жаз келеді! – дей сал­ма­сы бар ма?!
Шыны­мен де көк­тем шыға кел­ді! Одан кей­ін жаз бола­ры сөз­сіз ғой демек?! Аңда­май сөй­ле­ген ауыр­май өледі, әлгі бала­ны бір күні жен­дет­тер келіп дедек­тетіп сарай­ға ала жөнел­ді. Дей­сал­дың көзі тірісін­де қыстан кей­ін көк­тем шығарған адам­ның оңға­нын көріп пе едің­дер? Әлгі жүгір­мек бір­ден зын­данға тастал­ды. Әділ қазы­лар­дың үкі­мі былай бол­ды: «Қыстан қысы­лып шыққан халы­ққа кере­гі қор жинап ала­тын күз еді. Хан сарай­ы­мен ақыл­дас­пай, тақыр көк­тем шыға­рып жібер­гені үшін тоқ­сан дүре соғы­лып, алты жыл зын­дан­да жатады!».
Енді шығар көк­тем шығып қой­ды, одан кей­ін жаз кел­ді. Одан әрісін Дей­сал да айта алмай­ды, бала да ар жағын айтып үлгер­ме­ген қал­пы зын­дан­да. Халық қай­та дал бол­ды. Енді қай­те­ді? Жаз­дан кей­ін не?!
Көк­тіреу Хан Дей­салға қарай­ды, Дей­сал жер­ге қарай­ды. Тағы да «Өзіңіз ама­лын тауып, бір­деңе деңіз» – деген хат жаз­ды. Алды­ңғы «Бір­деңе­ден» кей­ін Дей­сал­дың сарай­дағы абы­ройы онсыз да құл­ды­рап бара жатқан. Хан­ның аузы­на сөз түс­пей­ді. Не де бол­са тәу­е­кел­ге бел буып, ел алды­на шықты. Қара құрым халық жым болып, құлақ түр­ді. Көк­тіреу көк­ке бір, елге бір қарап, ұзақ тұр­ды. Жаз­дан кей­ін не бола­рын Хан басы­мен біл­мей тұрға­ны­на өкін­ді. Ақы­ры ақы­рын ғана:
– Жаз­дан кей­ін, бұй­ы­рға­нын көресің­дер, соған көнесің­дер! – дей салды.
Жұрт үнсіз тара­ды. Сол күн­нен бастап Түлік­ті ел жаз­дан кей­ін күз­ге, күз­ден кей­ін қысқа, сосын көк­тем мен жазға амал­сыз көн­ді­гіп кетіп­ті. Күн­делік­ті күн­тіз­бе­ден де шата­сып, сей­сен­бісі қашан, сен­бісі қашан деп, біраз сан­сы­рап жүріп, апта­сы­на бір күн – дүй­сен­бі, қалға­нын түгел сәт­ті күн – сәр­сен­бі етіп алып­ты. Бір­те-бір­те Дей­сал­ды да ұмы­тып­ты. Ол сарай­да қал­ды ма, жоқ жер ауып кет­ті ме – ол жағы әлі күн­ге бей­мәлім. Баяғы­дай күн­де кеш­ке сарай алаңы­на жиы­ла­тын әдет те жой­ы­лып­ты. Тек жылы­на бір рет «Бір­деңе» күні ата­лып өтетін болып­ты. Сол күні Көк­тіреу Хан аузы­на түс­кен сөзді дей сала­ды екен. Оны жан­дай­шап­та­ры халы­ққа тал­дап, тара­тып, келесі жылға дей­ін уағы­здап жүреді екен. Соңғы жылы Көк­тіреу елге:
– «Хара­шо!» – деп­ті дей­ді. Түлік­ті елде мұн­дай сөз жоқ көрі­неді. Тәп­сір­ле­уші ғалым­да­ры ол сөзді үш күн тал­дап, ақы­ры елге былай деп таратыпты:
«Х» – «Хан қай­да бол­са, халық сонда!»
«А» – «Ауыр­май­ды жүрек, ауырмайды!»
«Р» – «Рен­жітіп алма сен мені!»
«А» – «Артым­нан жаман сөз айтпа!»
«Ш» – «Шай ішіп кет­сең қайтеді?»
«О» – «Оты­рған қыз орын табар!»
P.S.: Сөй­тіп, Түлік­ті елге бүлік­ті елдің тілі бір­те-бір­те сің­ген екен дей­ді ежел­гі ертегі.
Асқар
НАЙМАНТАЕВ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн