«Общественная позиция»
(проект «DAT» №9 (326) от 3 марта 2016 г.
Елім деген ер болған
ҰЛТ ПЕН ҰЯТТЫ
ҰЛАҒАТ ЕТКЕН
Болатхан Тайжанның өмірінен штрихтар
Алдағы 7 наурызда мемлекет және қоғам қайраткері Болатхан Тайжан тірі болса, 75 жасқа толар еді. Ұзақ жыл кеңестік, кейін тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қызметінде, сыртқы экономикалық байланыстар саласында қызмет еткен қарапайым жанның сырт көзге байқалмаған, бірақ білген адам тереңіне бойлай алмайтын болмысын бүгінгі ұрпақ біле ме? Ұлтының мақтанышы атануға лайық тұлғаның мерейтойы қарсаңында Болатхан ағаның аруағына тағзым етіп, осы тұрғыда біраз сыр шертуді жөн көрдік.
Ұлт мүддесін ойлаған нағыз азамат кез келген жағдайда өзінен бұрын халқына пайда беретін, еліне қажетті шешімдер қабылдайды. Өйткені мұндай тұлғаның болмысын абыройы мен ұяты айқындайды. Осындай қасиеттерге ие жан ғана ұлтына, өзі өмір сүрген ортасына деген сүйіспеншілігін, адалдығын, кіршіксіз таза қалпын сақтай алады. Міне, Болатхан Тайжан ұлтының ұлы деген атқа лайық болған азаматтардың үркердей тобына жататын осындай таутұлға болған-ды.
Кез келген адамның өмір жолын, ұстанған құндылықтарын анықтайтын қарапайым штрихтар болады. Мәселен, оқушы Болатхан кеңес кезінде жалғыз қазақ мектебі болған Алматыда орысша оқыса да, ұшқан ұядан алған ұлттық тәрбиесі оның болмысын бодандық қамытынан аман алып қалды. Алтыншы сыныпта жүргенде, КСРО тарихын: «Бұл Ресей империясының тарихы. Оқулықтағы қазақтардың, басқа ұлттардың тарихы жарты беттен аспайды. Ал мен өз елімнің, қазақ халқының тарихын оқығым келеді, орыстардың тарихын оқымаймын!» – деген Болатхан Тайжан мектептен қуылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Бұл қаршадай балаға отбасынан сіңген тәлім екені даусыз. Әйтпесе о заманда мұндай антикеңестік де-марш кімнің ойына кіріп-шыққан «бұзақылық» дерсіз.
Ұлтжандылық, еліне деген сүйіспеншілік Болатхан Тайжанмен бірге өсті, жүрегінде жетілді. Мәскеу Мемлекеттік Халықаралық қарым-қатынастар институтына (ел ішінде «МГИМО» аталған) оқуға түскен соң, Кеңестер Одағы құрамындағы қазақтың бодан тірлігін бұрынғыдан бетер түйсінді. Олай дейтініміз, бір естелігінде жазғандай, орыс мектебін бітірген бозбала «өзін желкелеп жүріп», өзінің ана тілін аз уақытта толық меңгеріп алды. Себебі кез келген ұлттың бірден-бір ерекшелігі – оның тілінде екенін түсінді. Бір қолында қазақша кітап, екінші қолында – сөздік. Осылай ол таза орысша ортада жүрсе де, қазақшаны қажетсіну арқылы ұлттық ерекшелігін түгендеп алған-ды.
Бөкең қазақ тілін үйрену, білу қиын дегендердің, Абайша айтқанда, «тілін кесу керек» деуші еді. Қазақтың тілі құрдымға кетіп барады, жоғалуға айналды деген секілді салы суға кеткендердің шарасыздығын да қабылдамайтын. Мысал ретінде ағылшындардың отары болған Уэльс халқын келтіретін. Ол туралы: «Жүздеген жыл бойы олар ана тілінде сөйлемеген. Уэльс тілінде бірнеше сөзден ғана тұратын тас жазу сақталған. Бірақ соның өзінен олар тілді қайта жаңғыртып, ақырында Уэльс тұрғындары ана тілімен қайта табысты», – дегені бар.
Ұлттың ұлағатын ұғынуға деген ұмтылыс Мәскеуде оқитын бір топ қазақ жастарына жаңаша жігер берді. Сөйтіп, олар қазақ жастарының ұйымын құрады. Бұл атақты «Жас тұлпар» еді. Ұйымды құрған Мұрат Әуезов пен Болатхан Тайжан бастапқыда қазақ жастарының оқудан шығып қалмауына ықпал етуді көздеді. Кейіннен қазақтарды «оқудан шығару» саясаты астарында ұлыорыстық шовинизм қитұрқысы барын білген «жастұлпарлықтар» ұлттық мүдденің мұқтаждығын сезінді. Қаншама қазақ студентінің пікірлесетін ортасына айналған ұйымның отырыстарында әңгіме бірте-бірте оқу туралы ғана емес, қазақ халқының жағдайы, оның тілі, ұлттық қасиеті мен тарих жағына да ауды. Сөйтіп, «Жас тұлпар» ұлттық болмысты, өткенін білуге ұмтылған, азаттық пен теңдікті ту еткен қазақ жастарының ортасына айналды. Болашақ қазақ зиялыларының қалғып кеткен қазақи рухын оятуға күш салған сол ұйымның белсендісі әрі табандысы – Болатхан Тайжан еді.
Ол жайлы Мұрат Әуезов өз естелігінде: Басында «Жас тұлпар» концерт ұйымдастыратын, студенттік жатақханаларда оқу мәселесін жақсартамыз деген ниетпен құрдық. Бөкеңнің белсенділігімен «Жас тұлпар» жүйелі ұйымға айнала бастады. Сол кездің өзінде Болатхан кеңестік жүйені «отаршыл», «тоталитарлық жүйе» деп айтатын.
«Біз осы империяның құрамында құрып бара жатқан елміз, соған қарсы шығуымыз керек» деген ұғымды ең бірінші, алтыннан құйылған оқтай әрқайсымыздың санамызға ендірген сол Болатхан болды», – деп ағынан жарылады. Кейіннен Болатхан Тайжан дипломат ретіндегі қызметін енді бастаған шағында Кеңес Одағында арабтанушы мамандар тапшы еді. Ал Бөкең студент кезінде-ақ өзінің қазақ тілімен бірге ағылшын және араб тілдерін де меңгеріп алған еді. Сондықтан араб тілін білмейтін кеңес дипломаттары «МГИМО» студенттерін қызметке тарта бастаған кезде талап тұрғысынан танылған жастардың қатарында Болатхан аға да болды. Тағдырдың сыйына қараңыз – Кеңес Одағының сол кездегі бас хатшысы Никита Хрущев Египетке ресми сапармен барғанда, президент Гамаль Абдель Нассермен келіссөзге аудармашы ретінде жас Болатхан Тайжан тағайындалады. Осындай мемлекеттік маңызды жұмыстарды ойдағыдай атқарған жас дипломаттың қызметтік мансабы тез өсе бастайды.
Бөкеңнің дипломатиялық қызметі мен өмірінің біраз бөлігі әлемдегі ең мазасыз әрі қауіпті өңір – Таяу Шығыстағы араб елдерінде өтті. Әне-міне Израильмен соғысамыз деп, ішкі қайшылық пен саяси тұрақсыздықтан, текетірестен көз ашпаған араб әлемінде жүрді. Өзі айтқандай, осы араб елдеріндегі төрт бірдей мемлекеттік төңкерісті көзімен көрді. Осындай қауіпті жағдайда жүріп, Болатхан Тайжан кәсіби біліктілігімен қоса, қайраткерлігімен, адамгершілік болмысы биік қасиеттерімен көзге түсті.
Болатхан аға Еуропада дипломатиялық қызметте болды. 1968 жылы сол кездегі Чехословакиядағы көтеріліс КСРО-ның осы елдегі жас консулы Болатхан Тайжанның сарабдал саясаткерлігін жақсы көрсетті. Бұл туралы: «Бірде-бір кеңес азаматының қаза болуына немесе жарақат алуына жол бермеген Кеңес Одағының осындағы өкілдігінің мықтылығы сезіліп тұрды» деп жазылған батыстық газеттің бір данасы Болатхан Тайжанның жеке мұрағатында сақталып қалған екен.
Осы мұрағаттан Бөкеңнің өміріне қатысты штрихтар іздестіре отырып, қағазы сарғайып кеткен бір қолжазбасына кез болдық. «Біздің дипломаттар қазақтың тілін, әдебиетін, тарихын жақсы білуі керек, – деп жазыпты ол мұнда. – Өйткені жұмыстан тыс уақыттағы кез келген әңгіме Қазақстан туралы, оның тарихы, мәдениеті, құндылықтары туралы болады. Ана тілін білмейтін, мәдениетінен хабарсыз дипломаттармен сөйлескен шетелдіктер сенің туған елің туралы қандай пікірде болады? Бұл бүтін мемлекеттің беделіне үлкен нұқсан келтіреді».
Тағы бір басылымға берген сұхбатында Болатхан Құлжанұлы былай депті: «70-жылдары Мәскеудегі Пушкин атындағы орыс тілін зерттейтін ғылыми-зерттеу институты орыс тілінің фразеологиялық сөздігін шығарады.
Үлкен бір институт тек қана осымен айналысады. Төрт мың тұрақты тіркес жинапты. Ал марқұм академик С. Кеңесбаев ағамыз жападан-жалғыз өзі ғана, жұмыстан кейін, үйінде отырып, қазақ тілінде он бір мың фразеологиялық тіркес тауыпты. Салыстырып қараңызшы! Сонда Ресейдің бізді соңғы жылдары сонша қаралап, мәдениеті, тілі жоқ деп басып тастауына қандай негізі бар?!».
Тағы бір штрих: Бөкең Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық комитетінде жұмыс істеп жүрген кезінде Мәскеудегі өкілдікке «қазақша басатын, жазатын машинка» жіберуді сұрап, хат жолдаған екен. Сол хаты үшін кеңестік шолақ белсенділер мен әсіре «интернационалшылар» Болатхан Тайжан «ұлттық мәселе көтерді» деп, соңына да түскен екен. Бірақ Бөкеңнің жоғары кәсіби біліктілігі мен білімдарлығы олардың аяқтан шалып, қызметтен шеттетуіне жол бермеді. Керісінше, осындай «сенімсіз», «теріс көзқарастағы» маман бола тұра, Қазақ КСР СІМ-нің Бас хатшылығына дейін өсті.
Дипломатиялық қызметпен жырақта жүрсе де, Болатхан Құлжанұлы бір сәтке елінде болып жатқан оқиғалардан шет қалмады. Мәскеу Геннадий Колбинді Қазақстанның бірінші партиялық басшысы етіп тағайындағанда, ол Оңтүстік Йемендегі КСРО елшілігінің Бас консулы еді. Сонда елшілікте болған бір жиында «орталықтың» жергілікті халықпен санаспаған ұр да жық саясатына наразылығын ашық білдірген екен. Бұл – қылышынан қан тамып тұрған Кеңестер Одағы кезінде болған жағдай.
Кейінірек тәуелсіз елдің дипломатиялық қызметін қалыптастыруға атсалысқан кезінде де Бөкең ұлт мүддесін жоғары қою қағидасынан айнымады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары барлық келісімдер мен қажетті құжаттарды тек қазақ тілінде жүргізген жалғыз елші болғанын бүгінде ҚР Сыртқы істер министрлігінде жүргендер біле ме екен?
Дипломатиялық қызметте жүріп, Ислам әлемі мен Қазақстанның қарым-қатынасын күшейтуге де аса мән берді. 90-жылдардың басындағы сыртқы байланыс пен сауда көрсеткіштерін қарасақ, еліміздің өркендеуіне Түркия, Мысыр және басқа да мұсылман елдерінен едәуір қаржы тартылғанын байқаймыз. Ал осындағы араб әлемінен елге инвестицияның келуіне Болатхан Тайжанның сіңірген еңбегі аса зор. Кейін Сыртқы экономикалық байланыстар (СЭБ) министрінің бірінші орынбасары болған кезінде Азияның даму банкі секілді азулы халықаралық қаржы ұйымдарымен алғаш рет байланыс орнатып, тығыз әріптестікке бастаған да осы Тайжан болатын.
Сонымен бірге ол Қазақстаннан пайда табуға келген шет мемлекет басшыларымен, трансұлттық алпауыт компаниялардың президенттерімен де терезесі тең дәрежеде сөйлесе білді. Оқырманның есінде болса, ҚР СЭБ министрлігінің алғашқы министрі халықаралық қатынастардан мақұрым адам болды (марқұмның атын атау артық болар). Осы кезде ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев дипломатиялық қатынастардың білікті маманы Болатхан Тайжанға шетелдік инвесторлармен жұмыс жүргізуді, тиісті заңдар мен келісім-шарттар жасауды тікелей тапсырады. Осы өкілеттікті ел мүддесіне пайдаланған Бөкең шетелдік компаниялар басқарылуына беріліп жатқан кен орындары мен өндіріс ошақтарынан түсетін пайданың жартысынан астамы Қазақстанда қалуына күш салды.
Бұл кезде елге келіп жатқан өндірісті басқарушы немесе кен орындарын жекешелендіруге тырысқан шетелдік компаниялар пайданың 80 пайызын өздеріне алып, тек 20 пайызын Қазақстанға қалдыру туралы ҚР үкіметіне ұсыныс жасаған болатын. Ал Бөкең шетелдік инвесторларға бұл үлес керісінше болуы керектігі жөнінде талап қойды.
Осы орайда тағы бір штрих келтірейік: 90-жылдардың басында Қазақстандағы ең алғашқы ірі инвестициялық жоба – Теңіз мұнай кенішін игеруге американдық «Шеврон» компаниясы (кейіннен – «Теңізшевройл») келді. Сондағы ұзаққа созылған әрі тартысты өткен келіссөздер барысында Болатхан Тайжан ел президентіне мынадай жазба жолдаған екен: «Ұсынылатын роялти деңгейі құбырмен кеткен мұнайдың әр тоннасына шаққанда, 40 жылдық уақыт ішінде орташа 20 пайыз болуы керек… Біз ұсынған роялти мөлшері шетелдік әріптесіміз салған шығынның үстінен 18–20 пайыз табыс көруге мүмкіндік беретінін есептедік. Бұл әлемдегі мұнай бизнесіндегі кез келген көрсеткіштерден жоғары. «Шеврон» компаниясы ел басшылығымен көмірсутек шикізатын ұқыпты пайдалануға және қосымша өнімдерді де өңдеуді қалыптастыруға міндеттеме алуы тиіс…».
Бірақ кейін белгілі болғандай, Болатхан Тайжанның ұсынысы өтпей, ҚР президенті шетелдіктер жасаған ұсыныстың жетегінде кетті. Ел мүддесін ойлап, келіссөз барысында алған бетінен қайтпаған Болатхан Тайжан қызметінен босап қалды. Сонымен бірге Қазақстан да ұтылып тынды: бүгінгі ақпарат көрсетіп отырғандай, Теңіз кенішінің мұнайы толығымен «Теңізшевройлдың» үлесінде қалды, ал компания тек салық төлеп, жұмыс берушінің рөлін ғана атқарады.
Болатхан Құлжанұлының экономикалық саясатта ұлттық, мемлекеттік мүддені табанды түрде қорғауға бар күш-жігерін салғанына осы жағдай жарқын мысал болса керек. Осы орайда ол өзінің бір сұхбатында: «Мен өз мүддемді ойласам, шалқып-байып өмір сүрер едім. Оған мүмкіндігім көп болды. Бірақ уақыт алдында, ұрпақ алдында жүзіме қара күйе жаққым келмеді», – депті.
Тілге тиек болған осы «Шевронмен» шайқастан кейін Болатхан Тайжан Қазақстанның Малайзиядағы елшісі болып кетті. Осы жоғары дипломатиялық қызметте жүріп, сыртқы экономикалық байланыстар үшін аса маңызды тарифтер тізбегін түзейтін Гато келісімін тапжылмай отырып, ағылшын тілінен аударып шықты. Әлемнің өзге елдерімен Мәскеусіз, дербес қарым-қатынас, сауда-саттық жасай бастаған жас Қазақ мемлекеті үшін аса маңызды құжаттың аудармасы қаншама экономикалық пайда әкелгенін шотқа салып, ақшамен есептеу мүмкін емес.
Болатхан Тайжан жас тәуелсіз мемлекеттің қажетіне жарайды деген құнды дүниелерді қазақша сөйлетуді міндеті санады. Бірнеше тілді жетік меңгерген ағамыздың тағы бір сүйікті аудармасы – талай нарықтық экономика мамандарының, тіпті бірқатар ел басшыларының жата-жастана оқыған оқулығына айналған Махатхир Мохаммадтың кітабы. Малайзия премьер-министрінің «Малайзиялық валюта дағдарысы. Бұл қалай және неліктен болды?» деген кітабы Болатхан Тайжан осы елде елші болып жүргенде жарық көрді. Батыс елдерінде бестселлерге айналған дүниені Бөкең бірден орысшаға аударып, қолжазбасын президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдады. Аудармамен танысып шыққан малайзиялықтар оны кітап етіп басып шығаруды ұсынған. Ең қызығы – малайлықтар Махатхир Мохаммадтың еңбегін орыс тіліне аударған Ресей және Түркіменстан ғалымдарының да нұсқасымен танысып шыққан соң, дәл Болатхан Тайжанның аудармасын лайықты деп тауып, 2001 жылы баспадан шығарды. Малайзияның өткен тарихынан қазақтың басынан өткендерінен көп ұқсастық тапқан ол Малайзияның даму жолындағы тәжірибені меңгеруді маңызды деп санады. Малайзияның экономикасынан бөлек, тіл, діл, дін жағынан қолға алған саясатынан үйренетін тұстарды жадымызға ұстауымыз қажет дегенді ел басшыларының санасына салумен болды.
Тәуелсіз Қазақстанның Мысырдағы тұңғыш елшісі болған кезінде де жергілікті мысырлықтардың құрметіне ие болды. Болатхан Тайжанның өзгені жақынындай сыйлап қана қоймай, оларға өз халқын сыйлата білгеніне тағы бір штрих келтірейік: Араб еліне талай қаржысын салып, мамандарын оқытып, техника, технологиясымен бөліскен кеңес үкіметі қанша тырысса да, Мысырдың астанасы Каирдегі бір көшені кеңес көсемдерінің атымен атай алмай кетті. Есесіне, Қазақстанның Мысырдағы елшісі Болатхан Тайжан Каир қаласының бір көшесіне Абайдың есімін бергізді. Перғауындар еліне барғанда, Каирге жол түсіп, сол көшеге кезіксеңіз, қазақ, ағылшын және араб тілдерінде: «Бұл ұлы ақын – Абай Құнанбайұлының атындағы көше» деген тақтайшаны оқисыз.
Қызметтен кетіп, еңбек демалысына шыққан кезінде де Болатхан Құлжанұлы құр қарап отырмады. Елдегі саяси-экономикалық өзгерістерге, қоғамда болып жатқан оқиғаларға көзқарасын білдіріп, ұсыныстарын айтып жүрді. Кәнігі дипломат әрі экономист ретінде Қазақстанның барлық елмен таразының тең басындай көп векторлық саясат ұстанғанын қолдады. Дегенмен, бірінші кезекте Орталық Азиядағы көршілермен қоян-қолтық араласуды, олармен барлық салада әріптестік орнатуды жақтайтын. Түбі бір түркі әлемінің Батыс өркениетінің жетістігін пайдаланып, бірге дамығанын көкседі. Және мұның бәрі ең алдымен ұлттық, мемлекеттік мүдде тұрғысынан сараланып, салмақтанып барып қолға алынуы тиіс деуді де ұмытпады.
Болатхан Құлжанұлының өмір бойғы арманы – халқының Тәуелсіздігі еді. Ол арманы жүзеге асып қана қоймай, Бөкеңе сол ұлы мұрат жолында күресу, тер төгу, тәуелсіздіктің іргетасын қалау бақыты бұйырыпты. Бұл жағынан Болатхан Тайжанның үлесі ұлтқа қызмет етуді бақытына балап кеткен Алаш арыстарынан бір мысқал кем емес. Өйткені Болатхан Тайжан да ғұмырын екі қасиетті ұғым – Ұлт пен Ұятқа қызмет етуге арнады. Адал қызмет етті. Және Ұлтының Ұяты болуға лайық ұлдарының қатарына қосылды.
Бейбарыс БАЙСУАН
(«ДАТ»-тың тапсырмасы бойынша жазылды)