Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ: Батырлар рухынан қорықсақ, ҚАНДАЙ ЕЛ БОЛҒАНЫМЫЗ?!

«Общественная позиция»
(проект «DAT» №9 (326) от 3 марта 2016 г.

Мерейтой мезеті

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ:
Батырлар рухынан қорықсақ,
ҚАНДАЙ ЕЛ БОЛҒАНЫМЫЗ?!

Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР-на еңбегі сіңген қайраткер, белгілі ақын Серік Тұрғынбекұлы 70 жасқа толды. Секең – Иран Ғайып сияқты, біздің газеттің тұрақты авторы.
Неге «сияқты»? Себебі бұл ақындардың поэзиясында азаматтық рух, ол рухта бүгінгі қытымыр күннің сарыны бар. Әлбетте, қазақта ақын аз емес. Олардың поэзиясында азаматтық үн, ұлттық мүдде жоқ деп айтуға болмас. Талай дүние тылсымда жатқаны анық: көпшілігі запыран-заман жырларын қолжазба күйінде сақтап, жарыққа шығаруға жүрексініп жүргені сезіледі. Ал Серік – қоғамды меңдеген құқайды «ұрып қойған» ақын. Сондай «ұрып қойған» өлеңдері уақ-уақ біздің газетте жарияланып тұрады.

– Сіз Қазақстан Жазушылар одағының өткен ғасырдан келе жатқан егде мүшелерінің бірісіз. Міне, енді алты белесті артқа тастап, жетпістің желкесіне мінер тұста, біз Сізді баяғы Абыз жасына жетті деп есептейміз. Осы белесіңізбен құттықтай отырып, Абызға бірнеше сұрақ қойғымыз келеді…
– Рахмет! Алдымен «Абыз» дегеніңе тоқталайын. Сұрағыңды сонан соң қоярсың. Бұл өзі аса жауапты, екінің біріне айтыла бермейтін қасиетті, қастерлі сөз деп есептеймін. Абыз деген атқа кешегі Әбіш (Кекілбаев – Ред.) лайық еді. Әттең, тірі кезінде оған лайық осы сөзді қадап айта алмадық. Енді өлгеннен кейін «Әулие» деп, «Әмбие» деп шулап жатырмыз. Оның өзі де, сөзі де, болмыс-бітімі де өз замандастарынан әлдеқайда озық ерекше жаратылған жан еді. Әбекеңе біз азаматтық тұрғыда емес, мемлекеттік көзқараспен баға бердік. Еңбек Ері атағын алды. Бұл атақ «Әбіш Кекілбаев» деген киелі есімнен әлдеқайда төмен еді. Қазір екінің бірі, кез келген бизнесменнің ақша беріп, ала беретін атағына айналып кетті. Сонда Әбіштің даралығы қайда? Одан гөрі, жаңағы өзің айтқандай «Абыз», «Би», «Қаһарман» деген атақ болса, аз да болса Әбекеңнің болмысына жақындар еді.
Ал шынтуайтына келгенде, әртістер болса бір сәрі (олар көрермендердің алдына күнде шығады ғой), жалпы атақты қаламгерге, әйгілі жазушыға қосақталған марапаттың түкке керегі жоқ. Әбіш Кекілбаев қырғыздың Шыңғыс Айтматовы сынды әлемдік деңгейдегі жазушы. Ал Шыңғысты марапат-лауазымымен ешкім атамайды. Айтматов! Сол жетіп жатыр. Әбіш те солай. Мәселен, бұл күндері дүйім ел 85 жылдығын тойлап жатқан Мұқағали Мақатаевтың Мемлекеттік сыйлықтың иегері екенін көпшілік біле бермейді. Оның үстіне оған бұл атақ көзінің тірісінде емес, өлгеннен кейін берілді. Өйтіп қаламгерді атақпен «қорлауға» болмайды. Мұқағали бұл атақтың деңгейінен көзінің тірісінде-ақ биіктеп кеткен ақын: Абай, Мағжан, Қасым сияқты. Оның өлеңін жұртшылық атағына қарап оқымайды. Оны халық сүйіспеншілігіне бөлеген – өлеңі. Мұқағали Мақатаев – ақын. Осы сөзден артық марқұм Мұқаңа да, қалың елге де ештеңе керек емес.

– Осынша қазбалап кеткеніңізге қарағанда, атақ беруші орындарға бір өкпеңіз бар-ау, шамасы…
– Жоқ, жеке басыма байланысты ешкімге өкпем жоқ. Жазушылар одағы болса, ол әлдебір ақын-жазушыны атақ-марапатқа ұсынушы ғана орын. Қолында тікелей ештеңе жоқ. Себебі ол бар-жоғы қоғамдық ұйым ғана. Әуелде Конституцияны түзегенде, әлдебір қаскөйлер тәуелсіз мемлекетке тәуелді жазушылар болсын деген ниетпен, бүкіл Кеңес үкіметінің өзіне қозғау сала алатын қаламгерлерді қолда ұстау үшін осылай жасаған.

– Белгілі бір одақтың қорасына әртіс, суретші, мүсінші сияқты шығармашылық адамдарының бәрі қамалған жоқ па?
– Жазушылардың күйі солай болған соң, басқалар қайда барады? Үкімет оларды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыр. Мәселен, қазір әншілер ақша табу үшін тойларға көп барады. Бай адамдардың ықпалында болады. Олар ақша табудың барлық тетіктері мен тәсілдерін бес саусақтай үйреніп алды. Бәрі бірдей демеймін, әрине, бұрыннан ары бар, атағы бар, абыройы бар, біраз әншілерге олардың әлі де тісі бата бермейді.
Бірақ ақыл емес, құлқынға ерік берген мына заманда бәрін күтуге болады. Қазір ақша болса, бәрін жасауға болады деген харам ой екінің бірін билеп алған. Бүгінгі күн кітап оқудың, ғылым-білім тоқудың заманы емес, даңғаза-шоудың заманы. Өйткені әлдебіреулер одан да өз нәпақасын тауып отыр.

– Жазушылар одағына өкпеңіз жоқ екен, онда Мемлекеттік сыйлыққа бірнеше рет ұсынылып, іріктеуден неге өтпей қалып жүрсіз?
– Құлаған жалғыз мен бе, осы сыйлық алғандардың алды – алты рет, соңы – ең болмағанда екі рет құлағандар. Бірден ұсынылып өтіп кеткендер өте сирек. Сондықтан мен енді оны қалыпты жағдай деп есептеймін.

– Соған қарамастан, әлі де додаға түсіп, бақ сынау ойыңызда бар ма?
– «Жығылған күреске тоймайды» деген рас екен. Иә, ден сау болса, әлі де бақ сынап көрер ойым бар.

– Ал сонда ақын-жазушыға қосарланған атақ қажет емес деген ұстанымыңыз қайда қалады?
– Шын ақын болсаң, шығармашылық жолдың шырғалаңына төзу керек. Бәлкім, бір жолғы ұсынған шығармаң, шынында, төрт аяғы тең, кем-кетіксіз дүние емес шығар. Енді не де болса, келесі шығармалардан жақсылық күтейін деген ой жетегінде боласың. Мұның өзі сені тың серпінге, жаңа шығармалар жазуға шыңдайды. Оның сыртында әр жылдарда өтіп жатқан ұлылы-кішілі (республикалық, халықаралық) жыр мүшәйралар жарысына қатысып, көп жағдайда жолым болып жүр. Мәселен, өткен жылы «Қазақ хандығының 550 жылдық» тарихи мүшәйрасына қатысып, бас жүлде алдым. Бір-екі мүшәйрада автокөлік мінгенім де бар.
Ал Мемлекеттік сыйлыққа келсем, жолын тауып, алып жатқандардың қуанышына мен де қосылам. Бірақ Мемлекеттік сыйлық бірыңғай билікті мақтағандарға, соларды жақтағандарға, яғни жағымпаздыққа жол ашса, ондай әдебиеттің маңдай соры бес елі деп бағалар едім. Өкінішке орай, кейінгі сыйлықтарға билік араласып, беделі кетіп барады. Енді айтыстың өзі биліктің уысына түсіп тұр. Билік араласқан жерде әдебиет те, өнер де болмайды. Оларға еркіндік керек.
Қоғамда қалыптасқан осындай жағдайға байланысты бір шумақ өлеңім бар еді:
Тым тереңге
бойламай,
Ақын қамын ойламай.
Бір сүйекке
Жүз итті –
Таластырып
қойғаны-ай!..

– Сайлау науқаны басталып жатыр ғой. «Ақ жолдағы» ақ жал ақындардың бірі едіңіз: дауысқа түсіп, депутаттық додаға қатысып көрмедіңіз бе?
– Атай көрмеңіз! Сайлаудың нағыз лас саясат екеніне көзім жетті. «Ақ жолдан» бір емес, бірнеше мәрте дауысқа түстім. Бәрі есептеулі, бәрі өлшеулі…
«Ақ жолдың» өткен сайлауына бірыңғай қалталылар қатысып, ақшаның арқасында парламент партасына отырды. Сондағы бір жиналыста менің қатты сөйлегенім бар: «Бірде-бір Алаш арыстарының кім екенін ажырата алмайсыңдар, Әлихан Бөкейхановты, Ахмет Байтұрсыновты, тіпті Абайды оқыған жоқсыңдар. Мемлекеттік тілден мақұрымсыңдар. Тек қана қалталарың қалың, соның арқасында партияға бүгін кіріп, ертеңіне парламент мүшесі болдыңдар. Бізде он жыл осы партияның пұшпағын илеп жүргендердің бірде-біреуі ілікпей отыр: Айталы, Исраил, Ханбибі, әнші керек пе – міне, Мыржықбаев, әртіс керек пе, әні – Асылболат Ысмағұлов».
Партия басшылығының бірі де міз бақпады. Бәрі ақшаларын өткізіп қойған. Өйткені партияда ақша жоқ, өзін-өзі қаржыландыру керек. Дұрыс делік. Сонда «Алаш» партиясы басты нысанаға алған Алаштың сөзін құндап, өзін насихаттап жүргендердің бірде-біреуі жарамағаны ма? Өздері мемлекеттік тілге шорқақ. Оны қойшы, тіл білмесе де жүре береді ғой. Бәрінен бұрын қалтаның күші басым болғасын, ренжігеніміз рас. Бұрынғылардың көбісі сол жолы партиямен қош айтысты. Мен әлі мүшемін. Мақсатым – депутат болу емес. Алаштың сөзін бүкіл мінберден асыра алсам, арманым болмас еді. Әттең, не керек, ол бір қол жетпейтін арманға айналды. Енді жетпіске келгенде маған не керек?! Ұлттың сөзін сөйлеп, халыққа игі тілегімді жеткізе алсам, жарап жатыр. Әзір мені «Ақ жолдан» қуып жатқан ешкім жоқ. Әлі де жүре тұрғым келеді. Себебі онда «Алаш» платформасы бар. Алаш ардагерлеріне қатысты соңғы жылдары көп жұмыстар жасалды. Солардың бел ортасында жүрсем, жарап жатқан жоқ па?

– Туған жеріңіз Торғайға барып тұрасыз ба? Ел ішіндегі жағдай нешік екен?
– Туған жеріне жиі барып тұратын бірден-бір ақын – осы мен шығармын. Барған сайын жүрегім ауырып қайтады. Соның бәрі Торғай өзенінің жылма-жыл тартылып бара жатқанынан болып отыр. Кеңес үкіметі жылдары толассыз таситын бұл Торғайға не болды? Әркім әртүрлі пікір айтады. Біреулер айтады, Торғайдың анау Ұлытау жақ бастауында, Маятас жағында алтын, күміс өндірісі бар: соған есепсіз су байлаған дейді. Енді біреулер айтады: қараусыз қалған далада өзенді әркім өзінше пайдаланып, керегінше бөгет салып, өз қажетіне жарату үшін арнасын бұрып әкеткендер бар дейді. Торғайдың сараң тасуы салдарынан сарсаңға түскен ел қайда барарын білмей, тығырыққа тірелген күй кешуде. Әлдебіреулер айтады: соның бәрі анау қасындағы Байқоңырдан есепсіз ұшып жатқан ракеталардың қырсығы дейді. Жылма-жыл киіктердің топырлай қырылуына себеп болып отырғаны да содан дейді кейбір білгіштер.
Осындай сауалды жүйелеп, себеп-салдарын тауып, халыққа түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Ондағы халық та, далада өріп жүрген аң да – бір. Көбісі ол өңірге аң аулау, балық аулау машығымен барады. Қырылып жатқан киіктерге пысқырып та қарамайды. Өткен жылы Торғай даласында жаппай киік қырылғанда, сіздің газет қана ашына жазып, өзімнің жанайқайымды әйтеуір «ДАТ» арқылы халыққа жеткіздім. Ал үкіметтегілер бұл оқиғаны сан-саққа жүгіртіп, ақыры адамның ақылына сыймайтын дүдәмал дәлелдерімен жұмбақ күйінде қалдырды. Себеп-салдарын ашып айтпады…
Ал осы Торғай даласының жер көлеміне кемінде үш Франция, бес Бельгия сыйып кетеді екен. Жер қойнауын ақтарып қалсаң, тұнып тұрған қазба байлық! Мал өсіруге таптырмайтын жер. Аталарымыз кешегі Кеңес үкіметінің кезіне дейін мыңғырған мал өсіріп, тау-тау астық алған. Жеке облыс болып, Арқалық қаласының абыройы асқақтап тұрды. Қаладағы боксит қоры таусылуға айналды деген – жәй сылтау ғана. Ол таусылса, тағы бір кен байлығы қойнын ашып, тұтасып жатыр. Зерттеушілер бұл далада мұнайдың орасан зор қоры бар екенін тамсана айтады. Көмірден де кенде емес. Жер асты су қорлары қолға алуды күткелі қашан. «Іздестірсе – резерв көп» деген Кеңес үкіметінде бір келелі сөз бар еді. Сол сөз мағынасын әлі жойған жоқ. Сонау Ұлытаудан батысқа қарай Ырғызға дейінгі аралықтың асты-үсті толған ырыздық.
Менің жаныма бататыны Абай мен Шәкәрімнің елі – Семей мен Ахмет пен Міржақыптың жері – Торғайдың елеусіз қалып, бүтін байлығының игерілмей жатуы. Ең бастысы – рухани қазына. Бұл қарапайым халықтың емес, тікелей ел басқарып отырған шекпенділер мен шенеуніктердің кінәсі деп білемін.

– «Шенеунік» демекші, Сіздің осындай бір өлеңіңіз бар еді ғой?!
– Иә, бар, оқып берейін:
Білімсіз,
Надан нәтінде.
Өресіз –
Өмір дерегі.
Шенеунік болған
сәтінде.
Шіреніп шыға келеді.

Білмейсің,
Болжап тегі кім?
Ойламай қамын
өзгенің.
Шенеуніктердің
көбінің
Шел басып кеткен
көздерін.

Шұрайлы шықса
жер – егін,
Дихандар байғұс
баптаған.
Шенеуніктерді
көремін.
Шегірткелердей
қаптаған.

Кембағал жансың –
Кем мүлкі –
Бармасаң
«Тақсыр, ләппайға!»
Байлық пен мансап
соныкі,
Шенеунік болмай –
бақ қайда?!

Жүрегі –
Жұрдай намыстан.
Бөліп алады сыйды да.
Тек солар ғана –
данышпан,
Қалғаны түгел –
миғұла.

Қаймығам мен де
несінен.
Сол шығар маған
керегі…
Шенеунік көрсем,
Шетінен –
Шықпыртып алғым
келеді.

Сөзімнің соңы
тым келте,
Созбалап қайтем
көп бекер.
Шенеунік көрсем,
Шымкентше,
«…О шешең!» дегім
кеп кетер!

– Торғайда экология ғана емес, әлеуметтік-тұрмыстық ахуал да оңай болмай тұрған сияқты ғой…
– Торғай туралы сөз қозғалса, маңдайыма тастай тиетін бір тақырып бар. Ол тас жолға байланысты. «Нұрлы жол» бағдарламасымен Астанадан батысқа қарай бағыт түзейтін тас жолдың жыры әзір бітетін емес. Басы мен аяғы жоқ, бір бітпейтін әңгіме. Біздің естуімізше – елордадан бастау алған тас жол Қорғалжын өңірін басып өтіп, Терісаққанды тіліп өтіп, Арқалықтың іргесінен Амангелді, Жангелдин аудандарының үстімен Ырғызға тірелуі тиіс-тін. Оның үстіне бұл жоба «Нұрлы жол» бағдарламасымен жүзеге асатын болған соң, халықтың сеніміне селкеу түсе қойған жоқ әлі. Айтыла-айтыла темір жолдан күдер үзген халық «ең болмаса тас жол түссе екен» деп, екі көзі төрт болып отыр. Жағдай осы қалыпта жалғаса берсе, ол өңірде жастарды тұрақтандырудың өзі бір қиямет-қайым болғалы тұр.

– Жақында ел арасында президент Назарбаевтың Алматыдағы бір сапарында шаршы топтың алдында сөйлеген бір сөзі халық арасында зор дүрбелең тудырды. Маған мынадай өсек (слух) жетті деді президент: бір мекемеге орыс тілді адам орыс тілінде өтініш айтса, оған орыс тілінде жауап қайтарылуы тиіс…
– Естідім! Енді бұл елбасы араласатын іс емес. Өзі де айтып отыр ғой: прокуратура неге тексермейді деп. «Слухты» жеткізген кісі неге тікелей прокурордың өзіне шықпайды? Енді бұл президенттің аузынан шыққаннан кейін, заңға айналып, қазақша жауап берген қазақ байғұс жазасын тартып жатқан шығар. Мен солай деп ойлаймын.
Осының бәрі – қазақ тілін құнттамағандықтан, оның қадір-қасиетін түсініп, тыңдамағандықтан туындап отырған жай. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр өтсе де, басыбайлы бір дұрыс заң қабылданбағандықтан болып отырған бассыздық. Мен мұны мемлекеттік тілді талқыға салып, тәлкек ету деп түсінем. Мемлекеттік тіл ешқашан да сөзбұйдаға салынбайды. Конституциялық негізде қатаң заң жүзінде жұмыс істеп, жүзеге асуы керек еді. Әттең, амал не?! Біздің елде олай болмай отыр.

– Сіздің «Кейкі батыр» дастаныңызды әдеби орта жылы қабылдады. Осы шығармаңызға халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алдыңыз. «Махамбет және Жәңгір хан» дастанына да Махамбет сыйлығын алғаныңыз белгілі. Мұны әдейі айтып отырған себебім – Сіз осы тұлғалар туралы дастан жазып қана қоймай, оны әрі қарай діттеп, зерттеп, зерделеу жағынан да күш салып келесіз. Енді осы шығармаларыңыздың жалғасы бола ма?
– «Кейкі батырды» киноға лайықтап жазып жатырмын. Өйткені оның өмір-трагедиясы бір дастанмен немесе бір драмамен тәмамдала салмайды. Ол біртұтас эпопеяға лайық тұлға ғой.
Ал Махамбетке келетін болсам, ол туралы Әбіш Кекілбаев, Әнес Сараев, оның әр жағында Берқайыр Аманшин түбегейлі зерттеп, жеке-жеке кітап шығарса да, қайталанбас тұлғаның белгісіз қырлары әлі де жеткілікті. Соларға сүйене отырып, Махамбетті одан әрі толықтырып жазып жатырмын. Әсіресе өткен кітапта кемшіндеу соққан Исатай тұлғасына көбірек көңіл бөлдім.
Қазір Кенесары туралы үлкен дастан жазып жатырмын. Үзінділері біраз баспасөздерде жарияланып үлгерді. Кенесары – телегей-теңіз дүние ғой. Бас-аяғын түгендеп болу мүмкін емес.
«Басы» дейтін себебім – Кенесары мен Кейкінің басы орыс империясына қарсы басқыншы ретінде Санкт-Петербургтің жасырын қоймасында жатқаны анық. Оны біздің зерттеуші-жазушылар Тұрсын Жұртбай мен Думан Рамазан өз көзімен көріп қайтты. Сол кезде дайын басты алып кетудің де орайлы сәті келген. Қымбат қаражат та сұрамаған. Бірақ үкіметтің құлықсыздығынан қасиетті екі Бас та құлыпқа түсіп кетті.
Біреулер маған айтады: «Кенесары мен Кейкінің басын туған топырағына әкелуді қаламайтындар бар. Себебі ол қасиетті Бастар өз топырағындағы денесіне қосылса, халықтың Рухы оянып кетеді-мыс», – дейді.
Астапыралла! Батырлар рухынан қорықсақ, қандай ел болғанымыз?!

– Рахмет, аға! Мерейтой құтты болсын!
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн