«Общественная позиция»
(проект «DAT» №10 (327) от 10 марта 2016 г.
Өз аузынан
Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы:
ҮШ МИЛЛИОН ҚАЗАҚ
елге келсе, көп мәселе шешіледі
Социал-демократиялық партия – менің түсінігімде үлкен саяси партиялардың бірі. Қазақтың жалпақ тіліне аударсақ, демократия бәрімізге ауадай қажет, ал «социал» дегеніміз – әлеуметтік деген сөз, оның ішіне әділет те, теңдік те, бәрі кіреді. Сол үшін де осы партияға бүйрегім бұрады. Осы жолы менің ерекше назарымды аударған – қазақтың көші-қонына, қазақтарды көк тудың астына, атажұртқа жинауға өз үлесін қосып жатқан ЖСДП басшыларына рахмет! Мұндай әңгіме басқа партияларда жоқ. Осы партияның бағдарламасынан, тұғырнамасынан көші-қонға назар аударғанын көріп, разы болдым.
Партиялық тізімдегі Рахым Айыпұлы – біздің көші-қонның бірден-бір жоқшысы, оралмандардың құқығын жоқтаушы, көші-қонды тоқтап қалған кезінде қайта тірілтуге тырысқан азаматтардың бірі. Соңғы бес жылда көші-қон тоқтап қалды, оған бөлінген ақша қайда кеткенін білмеймін, бөлінген квота қайда ауысып кеткені белгісіз. Квота – үкіметтің жиырма мың шаңырақты көшіріп алуына жұмсалатын қаржы. Жиырма мың шаңырақ дегеніңіз – жүз мың қазақ: соған да қанағат тұтқанбыз, енді соның өзі де тоқтап қалды.
Осы мәселеге тікелей араласып жүрміз, менің шығармаларымның басты тақырыбы да осы көші-қон, сырттағы қазақты тарту, көк тудың астына жинау. Көші-қонмен айналысқан адаммын, біреу білер, біреу білмес, бүгінгі күнге дейін айтылмай келді: 1962 жылы көктемде бір ғана Тарбағатай уалиятынан (Қытайдағы) жиырма күннің ішінде, сәуірдің 10-нан мамырдың 1-не дейін, екі жүз мыңға жуық қазақ шекарадан көшіп өткен жоқ, босып өтті деуге болады. Империяның шекарасын бұзып өтті. Сол көштің идеологы болған, бұйдасын ұстап келген адам алдарыңызда сөйлеп тұр.
Сонан бергі менің көкейімді тескен мәселе – миллион қандасымыз келеді: оларды қатарымызға неге қоспаймыз, олардың қатарынан неге бір депутат шықпайды? Осы жолы Жалпыұлттық социал-демокартиялық партияға бүйрегімнің бұруы – оның бағдарламасында оралмандардың жағдайы қамтылғаны, көші-қон мәселесімен айналысып жүрген Рахым Айыпұлын мәжіліс депутаттығына үміткерлердің тізіміне қосыпты, осының бәрі партияға назарымды бұрды. Бұл – ЖСДП бағдарламасының жан жақтылығын, халыққа жақындығын, халықтың көкейінде не жатқанын білгендігін көрсетеді. Қазақтың басын құрау – нөмір бірінші саясат болуы керек. Егер сенің азат ел екенің, тәуелсіз мемлекет екенің рас болса, шетте жүрген: біреу 5 миллион, енді біреу – 6 миллион дейді, қазақты ішке тартуымыз керек қой. Сол 5 миллионның тым болмаса 3 миллионы елге келсе, көп мәселе өзінен-өзі шешілер еді. Тіл, дін мәселесі, тағы басқа да көп нәрсе өзгерер еді. Билік болса, басқаша ойлайды.
2009 жылғы санақтың қалай өткені, нәтижесін үш рет жариялағаны естеріңізде бар ма? Едел-жедел республикадағы қазақтың саны 67,8 пайыз деп жариялаған еді, бір айдан кейін «қателік кетіпті», 65 пайыз екен деді. Екі айдан кейін жаңалап, қазақтар 63 пайыз екен деп мәлімдеді. Осының бәрі қитұрқы бақай есептен туындаған мәселе деп ойлаймын. Әлдекімдердің «подсказы», қазақты қайтсе 70 пайызға жеткізбеу, унитарлы-ұлттық мемлекетке жеткізбеудің амалы жасалып жатыр. Менің есебім бойынша, қазақ 70 пайыздан асып кетті. Сайлаудағы дауыс санау өз алдына бір мәселе болса, халықтың таза санын да өтірік жариялайды, соған ақиқат жетпейді.
Қазақ көркейсін, іргеміз берік болсын десек, әлі де санымызды көбейтуіміз керек. Жұрт банкідегі ақшасы мен қорадағы малын санайды. Өз басым шекара асып келгеннен бері қазақты санап жүрмін. ЖСДП сайлауда жеңіске жетуін, мол орын алуын, кемінде 10–15 орын алуын тілеймін. Сол орынды алса, менің кандидатым (меншіктеп алғандай болдым-ау) Рахым Айтыпұлы қалып қоймаса екен деп тілеймін. Өзара орын бөлгенде, Рахымды сырғытып жібермеңіздер! Біз де қатарға отырайық, төрге шығайық!
Жазып алған –
Айман ОСПАНОВА