«91» ТОБЫН ҚОРЛАП, «Алаш» тобын» тыңдап КӨРМЕГЕН ҚАЗАҚҚА

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №37 (354) от 13 октября 2016 г.

 

Бір дабыраға екі пікір

 

Жуықта «Фейсбуктағы» парақшамда мынадай жөпелдеме жазба қалдырған едім. Ойым – тоқпақтың астында қалған «91» тобына араша түсу болатын: «Оу, халайық, айналдырған бес бала қалың қазақтың жастарын «гейропаға» алып кетеді деген не былшыл?! Жастарды тәрбиелейтін отбасы қайда, мектеп қайда, салауатты орта қайда? Осылардың бәрінен бес маңқа мықты болса – жетіскен екенбіз! Осы бес балада не құттарың қалды?! «Бір биеден ала да, құла да туады» дегенді місе тұтқан ежелгі қазақ сияқты кеңдіктерің қайда?! Не болды сендерге – бес балаға ата жауларыңдай шүйлігіп?! Ендігі болды емес пе, түге!!!».

Содан бүкіл желі біткенді ақтарып, «91»-ге сауға сұраған жазбаларды іріктеп алдым. Соның ішіндегі ерекше екеуін газет бетінде жария ете отырып, өнерден өзгеше өріс іздеген өрендерге қолдау білдіргенді жөн санадым. Бұнымды ұнатпағандар болса, Сәуле Әбединова айтқандай (қараңыз), «мені талап жеңіздер»…

Ермұрат БАПИ

 


 

«Ақжүніс» телебағдарламасын жүргізген танымал журналист Сәуле Әбединова атышулы Ninety One тобына қатысты пікірін білдіріпті. Оның пікірі ел айтып жүрген сыннан өзгеше. Оқып көріңіз.

 

«91» туралы айтайын… Менің балаларымдай ғана өрімдей жастар. Өз заманының сәнін қуған жасөспірімдер. Ауыздарынан ана сүті кеппеген деуге болады… Қабырғасы қатып, бұғанағы бекіп, қалыптасып келе жатқанда ТВ-дағы үлкен ағалары мен апалары олардың алдарына нені тосты – соны сімірді… оларды кәріс сериалдары тәрбиеледі… сол көрген «қаһармандарына» еліктеді.

 


 

 

Еліктеу жағынан жас тұрмақ, үлкендердің өзі алдымызға жан салмаймыз. Оларға не деп кінә артқандай-ақпыз??? Әрқайсыңыздың дәл солардай, өрімдей балғын жасыңыз бар – біріңіздің ұлыңыз, біріңіздің қызыңыз, біріңіздің іні-қарындасыңыз…

Сондай жасты лайдан алып, боққа салдыңыздар, боқтан алып лайға батырдыңыздар. Қалай ауыздарыңыз барады? Қалай қиясыздар?

Сіз бен біздің жас кезімізде не сән болды? Калакала шалбар ма? Кидік пе? Кидік. Банан шалбар ма? Кидіңіздер ме? Кидіңіздер. Шаштарыңызды желкеге дейін жалбыратып өсіріп, «Битлз»-ге еліктедіңіздер ме? Еліктедіңіздер… Цойға ше? Оған да еліктедіңіздер. Леонтьев «жұлдыз» болған жылдары ұл-қызға бірдей химка мода болмап па еді?

70-жылдардағы апаларымыздың суреттеріне қараңыздаршы – сандары жарқырап отыр… Олар үшін де сол сән болған. Ол кездің қысқа етек көйлектерін «Тақиялы періштеден» де көруге болады… Ол заманда 1-2 телеарна болғандықтан, эфирден жылына 2 рет қазақша әндер естілгендіктен, ақпарат дәл бүгінгідей жылдам тарамағандықтан – сол сахнадағы концерттерден, не ТВ-дан жастар нені көрсе – соны қайталады…

Яғни, жастыққа тән мінезі үшін, жастыққа тән қателігі үшін адамды соттауға, «өлтіруге», «азғын» деп даттауға бола ма? Қалай ауыздарыңыз барады?

Сыртқы киім, форма – ішкі мазмұнды сипаттай бермейді. Олардың сыртқы түрі, киімі сондай екен деп, оларды «гей» деуге моральдық қақымыз бар ма? Көзімізбен көріп, қолымызбен ұстадық па? Сахналық образ деген болады… Олар сахнада сондай образда көрінгенімен, өмірде сіз бен біздің балаларымыз секілді, бір шалбар, бір футболкамен жүрген балалар деп ойлаймын… Ал енді оларды «гей» дегендеріңіз… Жап-жас балаға солай айтуға өзіңіз қалай ұялмайсыз?

Жоқ, ондай образдарын құптаймын демеймін. Бірақ түсінемін. Қабылдай алмаймын, бірақ «сендердің талғамдарыңды осылай қалыптастырып тәрбиелеген қазақ ТВ-сына қарғыс болсын» деймін…

«Олай киінбеңдер» деуге де қақым жоқ. Жеке шаруасы, ата-анасы да емеспін. Өз балаларымызға сөзіміз өтуі қиын қазір… Өз баламдай, баламен жағаласып, оларға аузыма келгенді «оттай» берсем, менің кім болғаным?

Ал жарайды, олар «намыссыз» екен… Ұлттық намыстан жұрдай екен… Қазақ деген «ҰЛЫ» атқа лайық емес екен…

Сонда Сіз бен Біз бе ұлы қазақ?

«Ұлтын сүйген ұлы қазақ болсаңыз, қайсыңыз «Алаш» тобын тыңдап, қарық қып тастадыңыз? Кім дәстүрлі ән тыңдайды? 10 адам шықса – оған да рахмет… Ұлттық келбеті бар, «Мен – Қазақпын» деп менмұндалап тұрған «Алашты» немесе «Қоңырды» барлық қазақ жақсы көріп, әндері ауыздан-ауызға тарап, мыңдаған көрермендері залға сыймай жатқан кезі болды ма? Дәстүрлі әнді де тыңдамайсыздар ғой… «Інжу-Маржан», «Мәңгілік сарын» сияқты ұлттық дәстүрлі концерттерге баруға ақшаларыңызды қимайсыздар… Бәріңіз емес, әрине, бірақ дәстүрлі өнердің жетімнің күйін кешіп жүргені – қазаққа керек болмай, босағада қалғанынан.

Қайсыңыз ұлтшыл болып ұлттық басылымға – «ұлтымыздың басылымын қолдайық» деп, өз газет-журналдарын қызғыштай қорғаған кәріс пен ұйғыр, орыс пен өзбек сияқты – газет-журналға жазылдыңыз?

Сіздерге ұнамайды екен деп, «91»-дің тыңдаушысы азайып кетпейді, оларды жастар тыңдайды, жақсы көреді. Ал үйдегі жасыңызды «тыңдама» деп тыйып көріңіз…

Байғұстардың Ақтөбедегі концерттеріне «срыв» жасап…

Мықты болсақ, неге никабшыларды, хиджабшыларды, сақал қойма деп уахабистерді тыймаймыз?.. Әрине, оларға күшіміз жетпейді…

Мысалы, біздің үкімет үш жүз бәленбай грант бөліп, діни оқуды оқытуға жастарды тартып жатыр – ал ол діни оқудың не екені бір Аллаға аян… Уахабистердің басында шетелдерде оқып келген «имамдар» тұрғанын ескерсек – 323 грант бөлінген бұл діни оқу да күмәнді, ұлтымызға, мемлекетімізге келген «оба» емесіне, кім кепіл? Одан да мектеп, ЖОО бағдарламаларына Яссауи ілімін оқытуды енгізгеннің пайдасы әлдеқайда зор болмақ. Бұл басқа әңгіме, жарайды.

Өнерге қадам басқан жастардың өнеріне табыс тілейік. Еліктеу-солықтауы да басылар, ақыл да тоқтатар…

Ал кәсібиліктеріне дауым жоқ. Дауыстары әдемі, таза, тұнық. Өнерлері өрлей берсін!

Ал, мені талап жеңдер…

Сәуле ӘБЕДИНОВА,

Кaz.365info.kz

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн