18 жаста тұрмысқа шығудың АРТЫҚШЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №37 (354) от 13 октября 2016 г.

 


 

 

 

 

Қазіргінің қыз-келіншектері «не мансап, не отбасы» деп екінің біреуін таңдай алмай, бас қатырып жүр. Көптеген бойжеткендердің «отбасын құрсам, үйде отырып қаламын» деген қорқынышы басым. Сондықтан олар күйеуге шығуға асықпайды.

 

18 жасында тұрмыс құрып, бүгінде көпбалалы ана атанған, қызметінде табысқа жете білген танымал тележурналист Салтанат Қалиева NUR.KZ порталына арнайы сұхбат беріпті.

Жасы 40-тан асса да, сырт келбеті мен сымбаты сақталған Салтанат Қалиева мұның сырын ішкі жан дүниесінің жастығымен және тұқымқуалаушылықпен байланыстырады.

«Негізі, 40-тан асқан соң ғана қартайып бара жатқанымды сезе бастадым (күледі). Керемет күтініп жүрмін деп айта алмаймын. Ел қатарлы таңертең-кешке бетімді жуып, крем жағамын. Дене сымбатына келер болсам, төрт баламды өзім босандым. Үшінші қызымнан кейін мені «семізсің» деп, эфирге жібермей қойған. Жаңалықтарды жанымдай сүйгенім соншалық, аз уақыттың ішінде арықтап, эфирге қайта оралдым. Қосқан артық салмақтан спортпен шұғылдану арқылы арылып жүрдім… Адам алдына мақсат қойса, оған деген ынтасы болса, бәрі де мүмкін. Жалпы, жастық сезім бойда емес, жүректе болады. Менің кеудемде әлі сол арманшыл, қиялшыл кішкентай қыз отыр. Ол қызды мен жақсы көремін және оны ешқашан сатып кетпеймін. Мүмкін, бар құпиям осында шығар», – дейді тележурналист.

Салтанат Қалиева жан жары Бағдат Қожахметовпен отасқанына биыл 23 жыл толыпты. Жақында олар тұңғыш қыздары Айдананы ұзатқан болатын. Қазақы дәстүрге сай тұңғыштарын ата-апасының қызы деп атайды екен. Ата-енесімен төрт жыл бір шаңырақ астында тұрған Салтанат ханым ене мектебінен қалай өткенін баяндап берді.

«Енемнен көп нәрсе үйрендім. Ол кісі маған тамақтың түр-түрін пісіруді үйретті. Осы 23 жылда бір дауыс көтергенін естімеппін. Енемді үлгі тұтамын. Мен үшін анам екеуі қатар тұр», – дейді ол.

Жастай тұрмыс құрған Салтанат «Жас отбасының аяқтан тұрып кетуі неге байланысты?» деген сауалға жауап іздеп көрді. «Меніңше, отбасы болып қалыптасуы үшін ата-аналар мүлде кіріспеуі керек. Екеуі не көрсе де, өздері шешсін. Өздері көмек сұраса, қол ұшын созсын. Келіп ақыл сұрап жатса, ақыл-кеңесін айтсын. Осының өзі жеткілікті. Егер көмектескің келсе, кедергі жасама дейді емес пе?!

Екіншіден, отбасының бақыты екі жастың өздеріне тікелей байланысты. Көп жағдайда табысты ер адамның артында әйелдің еңбегі жатыр. Бірақ әйел қанша жерден барлық қиыншылықтарға төзіп жүре берсе, ал жолдасы өзгермесе, оның бәрі бекер. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты шаңырақтың шайқалмауына әйел де, еркек те жауапты.

Бағдат екеуміз екі сөмкені арқалап, Алматыға арман қуып келдік.Біраз жыл пәтер жалдап тұрдық. Барлық қиыншылықтарды бірге көрдік. Астанада екі қызымызбен кішкентай жатақханада да тұрдық. Қазір, құдайға шүкір, балаларымызды аяқтандырдық. Түбінде осындай деңгейге жететінімізге сендім», – дейді тележүргізуші.

«Қыздарымды қатал ұстаймын. Әр сағат сайын маған қай жерде, не істеп жүргендері туралы есеп беріп отырады. Қыз баланы қа­дағаламаса болмайды. Қабағымнан қорқады. Бірақ өсе келе, қыздарым менімен сырлас болып кетті. Өздерін құрбымдай көремін. Олардың достарын, араласатын ортасын жақсы танимын», – дейді көпбалалы ана.

Салтанат ханымның айтуынша, ер баланың тәрбиесі мүлде өзгеше. «Ұлдарға ауыр сөз айта алмайсың. Олар біреудің болашақ қамқоршысы, бір жанұяның отағасы. Сондықтан кішкентайынан біз – аналар солай тәрбиелеуіміз керек. Мен оларды болашақ жарларына дайындап жатырмын. Кейін келіндерім осы ұлдарым үшін жыламаса екен деймін», – деп жеке ойымен бөлісті журналист.

Салтанат Қалиеваны қазіргі қоғамдағы шектен шығушылық алаңдатады. «Әркім ойына не келсе, соны істейтін болды, тіпті айтуға ауыз бармайтын, жиіркенішті жайттар көбейіп барады.Тоқалдар тақырыбын да айналып өте алмаймыз. Жасарамыз деп пышаққа түсіп, беті қисайған бірінші әйелдерінің проблемасы өз алдына. Адамдар бұзылды ма, заман бұзылды ма?! Меніңше, бүгінгі қоғам құлдырап бара жатыр. Тек бір Аллаға сиыну ғана қалды», – дейді журналист.

NUR.KZ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн