«Общественная позиция»
(проект «DAT» №38 (355) от 20 октября 2016 г.
Тәбәрік
Біздің анықтама
Хамит Ерғали (1916–1997) Гурьев облысының Новобогат ауылында (қазіргі Атырау облысы, Исатай ауданы, Хамит Ерғали атындағы ауыл) дүниеге келген. 1939 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне қабылданды. 1940-45 жылдары Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. 1945-50 жылдары Республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде тілші, 1959 жылға дейін Қазақстан жазушылар одағының поэзия секциясының, Қазақтың Мемлекеттік көркем әдебиет баспасы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.1959 жылдан өмірінің ақырына дейін бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысқан. «Әке сыры», «Үлкен жолдың үстінде», «Біздің ауылдың қызы», «Құрманғазы», «Күй дастан», «Оралдағы отты түн», «Аңыз ата», «Қыз-хисса», «Жылдар, жылдар», «Суыт жүріс», т.б. дастандары бар ондаған кітабы шыққан.
Өткен сейсенбі күні Алматыда қазақ поэзиясының көрнекті эпик ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы Хамит Ерғалиевтың туғанына 100 жыл толуына орай салтанатты кеш өтті. Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген салтанатты кеште белгілі ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулет мерейтой иесінің бар болмысын ашып беретін баяндама жасады.
ХАМАҢ ДЕГЕН ЕКЕН…
Академик Ахмет Жұбанов пен Хамит Ерғалиев бірде Іле бойындағы бір үйде қонақта болып, түс қайта қалаға қайтады. Ахаң өзінің «ГАЗ-21» машинасын жүргізіп келе жатады. Мамыр айының тамылжып тұрған кезі екен. Жол бойының табиғаты малына құлпырып көз тартады. Осынау табиғат құшағына сәл аялдап, бір тыныс жасағысы келген Хамаң машина жүргізіп келе жатқан Ахаңның көңілін аулап, бір сөз бастапты.
– Аха! – дейді Хамаң.
– Әу!
– Дүниенің жүзінде менен құдай ақын бар ма?
– Дүниенің жүзі болған соң, сізден де мықтырақ біреулер болатын шығар.
– Ойбай-ау, жоқ қой ол!..
Ахаң «мұнысы қалай?..» дегендей Хамаңа күдіктене бір қарап қояды. Хамаң болса шыншыл шыраймен әлгі пікірін орнықтыра түскісі келгендей:
– Шын, Аха! Дүниедегі ақын атаулының табынар тәңірісі жалғыз мына мен! – дейді.
Осы кезде Ахаң қабақ шытып:
– Осындай сөздің керегі не, бүгінгі жұрттың ішінде осыны да өсек қыла алатындар бар! – депті.
– Ал егер мен дәлелдесем ше?..
– Е, немен дәлелдемексіз?
– Білсеңіз айтыңыз, дүниенің жүзінде, қай континетте, қай елдегі ақынның шофері академик? – дейді Хамаң.
Сонда Ахаң заулатып келе жатқан машинасын дереу тежеп, жол шетіне тоқтатыпты да:
– Мұндайда шофер кісі тоқтап тұрып күлмесе болмайды! – деп, кеңкілдей күлген екен.
Мұнан әрі машинаның қобдишасы ашылып, табиғат аясында екі тарлан рахаттана тыныс алысса керек.
***
Ақын Тұманбай Молдағалиев жайған дастархан басында Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков, Сағи Жиенбаев бастаған бір топ ақындар болса керек. Бір кезде сөз кезегін Ғафу Қайырбеков алады да, ықылас-ілтифатын орталарындағы жасы үлкен ағасы Хамит Ерғалиевке арнайды: «Бір топ жүйрік даланың шаңын аспанға көтеріп шауып келе жатыр, – деп бастайды Ғафу әдеттегідей арқалана сөйлеп. – Көп дүрмектің алдында даланың ауасын еркін жұтып, ақ боз арғымақ келеді. Сол арғымақ – Сізсіз, Хама. Мен анау көп шоғырдың ішіндемін».
Хамаң бұл сөзге қатты толқып, көзі жасаурап, орнынан тұрып, Ғафуды құшақтап, үнсіз сүйеді.
Содан бір мезгілде сөз кезегін Хамит Ерғалиевтің өзі алғанда: «Ғафу, рас айтасың, бір топ жүйрік даланың шаңын аспанға көтеріп, шауып келе жатыр. Сол даланың таза ауасын еркін жұтып, мен ағып келе жатқанымда, соңымнан қара үзбей келе жатқан торы құнанның демін естимін. Адымымды кең алып сермей түсемін. Әлгі құнан да қалысар емес, маған жетер-жетпес жерде келе жатыр. Сол – сенің құнаның, Ғафужан!» – деген екен.
Кейін, арада жылдар өткенде, Тұманбай Хамаңа еркелеп, әлгі сөздерді еске алып: «Хама, сол жолғы қалың дүрмектің ішінен тай мінген Сағи екеуміз көзіңізге түскен жоқпыз ба?!» – деп әзілдейді ғой.
Сонда Хамаң ақын інісін бәленбай жыл бұрын өкпелетіп алдым ба дегендей көңілмен қауқылдап: «Тұмаш-ау, бар болғанда қандай, сол көп дүрмектің ішінде жұлдыздай ағып, суырыла шауып келе жатқан қос қоңыр – Сағи екеуіңнің тайың болатын!» – деген екен.
***
Хамит Ерғалиев бірде Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының председателі Саттар Имашевқа кіреді де, өзінің қартайған жасын ескертіп, Отан соғысына қатысқанын айтып, енді жүріп-тұрудың қиын екенін білдіре келіп, машинасына бір шошала салдырып ала алмай жүргенін айтады.
Саттар Имашев болса, қазір елдің тұрмысының түзелгенін, машина алушылардың көбейіп кеткенін, қалада машина қоятын жердің жоқ екенін айтып, қараспан орнатады ғой. Сол кезде Хамаң өзінің зор дауысымен қарқылдап тұрып күледі.
– Неге күлдіңіз? – деп таңырқай сұрайды Саттар Имашев.
Хамаң күлкісін тыйып, орамалымен суланған көзін асықпай сүртіп:
– Жай, әншейін, ат қора сала алмайтын корольдің болатынына күліп отырмын! – деген екен.
Сонда Саттар Имашев:
– Болды, болды, Хама, дегеніңіз орындалады! – деп, абдырай жауап береді.
Ақселеу Сейдімбектің
жазбасынан алған –
«Әдебиет порталы»
Пайым
Қазақстан сотынан ӘДІЛЕТ ІЗДЕМЕ…
Қаламдас інім Сейітқазы Матаевпен таныс-біліс болғаныма отыз жыл. Әу дескенде-ақ оның: ақкөңіл, кішіпейіл, іскер, елгезек екенін аңғардым. Ол Н. Назарбаев мырзаның құзырында қызмет істеген жылдарында сан адамға шапағаты тигенін білемін. ҚазТАГ басшылығына барысымен, халыққа жетуі тиіс жаңалықтардың аясы кең, әділетті болуына күш салды. Журналистер одағын басқарған жылдардағы тың әрекеті – Қазақстанның алыс-жақын елдермен заман талабына сай мәселелерді қамтып, алмасып тұратын ҚазТАГ бөлімшелерін ашқаны.
Міне, осындай азаматтың кенеттен қылмысты аталып, айлап үйқамақта ұсталып, ақырында сотталып, түрмеге кете барғанына мен де сенбеймін! Баласы Әсет Матаев та, қазекем айтқандай, «қосақ арасында бос кетті» деп білем.
Матаевтардың басына қара бұлт үйірілуіне 2015 жылдың соңғы айларында ҚазТАГ хабарлары арасында тым жоғарыда отырған бірер мырза-ханымдардың қоғам мүддесіне кереғар қылықтары туралы деректер себепші болды-ау деп ойлаймын. Сейітқазы Матаев соттағы соңғы сөзінде атап айтқандай, Н.Нығматулин мырзаның ҚазТАГ-ты тартып алуға ашық кіріскені сол тұс екен. Бірақ ол Сейітқазыны оңашада «балаңды, немерелеріңді ойла» деп қорқытпақ тұрғай, тіпті ешбір бопсаға мүлде қатысы жоғын мәлімдеп, періште кейпіне еніп жүре берді. Ал сот айыпталушы Матаевтардың қорғаныс мақсаттағы талап-тілектерін ескермей, үкім шығара салды.
Сол сәтте Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақияновтың 2002 жылы өзіне болған жасанды соттағы соңғы сөзі есіме түсті. Оны жариялаған тәуелсіз газет тігіндісін дереу ақтарып, іздегенімді тауып алдым да, мынаны оқыдым (түпнұсқа бойынша):
«…Четыре месяца десятки следователи и «свидетели», буквально под микроскопом изучали всю мою жизнь в надежде найти хоть какие-то очень нужные им свидетельства коррумпированности и корыстолюбия. И не смогли этого сделать… Я доказал свою невиновность. Повлияет ли это обстоятельство на приговор суда? Нет. Приговор суда был известен давно, еще до его начала… Мне совершенно ясно, что приговор будет обвинительным: меня отправят в тюрьму на семь лет… В заключение хочу обратиться к суду. Ваша честь! Я хорошо понимаю, что каждый делает свое дело, и наш суд является всего лишь исполнителем заказа… Я ничем не могу облегчить Вашу совесть. Еще древние говорили, что судья, осуждающий невинного, осуждает самого себя. Подумайте об этом и постарайтесь найти в себе мужество поступить по правде» (шілде айының 31-күні).
Сот, Ғалымжан алдын ала білгенін айтқандай, 7 жыл түрмеге кескен үкімін оқып тынды. Үкімде Ғалымжанның мемлекетке 2 миллион теңге зиян келтіргені айтылды, жеке басының пайдасына жұмсады немесе талан-тараж қылды дегендей сөз жоқ. «Келтірген зияны» – облыс бюджетінің бір бабындағы 2 миллион теңгені екінші бабына аударып пайдалану туралы шешім шығарғаны.
Ал 2003 жылы мамыр айының 7-сі күні Астанада Қазақстанның Жоғарғы сотының үкімі оқылды. Онда «республиканың көлік және коммуникация экс-министрі Абылай Мырзахметов 3 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін кінәлі деп танылып, шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айырылсын» делінді де, айыпталушы сот залында бостандыққа шықты.
Иә, біздің сот қалай екен?!. Мемлекетке 2 миллион теңге зиян келтірген кісіні 7 жылға түрмеге тығып жіберді де, 3 миллиард теңгені жымқырғанға 5 жыл шартты жаза берді. Сол сорақылықтан кейін өз басым біздің бүгінгі сот жүйемізден әділдік іздегенше, Есілден алтын балық іздеу дұрыс деп ұйғардым. Ол ойымды Сейітқазы мен Әсет Матаевтарға болған сот бекіте түсті.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ