«Общественная позиция»
(проект «DAT» №38 (355) от 20 октября 2016 г.
Пікірсайыс: НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
«Жас Алаштағы» (№ 52) талқылауға («Қазақ тілі мен тарихы – ұлттың алтын қазығы») қатысты осы материалды жазбауға ерік күшім жетпеді. Өзгеге бұрылмаймын деген жоспарымды талқылаулардан туған ой түйдектері бұзып жіберді: санамды да, қолымды да билеп алып, еріксіз компьютер столына отырғызды.
Айтушы көп екен, айтылған ой мен идея да баршылық. Олардың бәрі болмаса да, дені көңілге қонарлықтай болса, іштей құптап отыра берер ме едім! Бірақ айтылған уәждердің ішінде ақиқаттан алыс жатқандары, бұқаралық сананы теріс бағыттап жіберетіндері бар екен. Мінеки, мазаны кетірген осылар болды. Құдайға шүкір, бізде сұңғыла жігіттер де баршылық қой. Олар айтқан келелі ой, қонымды идеяларға тоқталмай-ақ қояйын. Ал математик Асқар Жұмаділдаевтың пікірлеріне қатысты үндемей қалу мүмкін болмады.
Бұл жігітпен түрлі басқосуларда ұшырасып, пікірлерін естіп жүрміз. Өзі бір тұнық адам, ішкі жан әлемінің тазалығы әр сөзі мен әрекетінен сыртқа шапшып көрініп тұр. Отаны мен халқына, олардың келешегіне деген ізгі ниеттілігімен көпшілікке танымал, әр кез ашық және ұлағатты ойларымен сүйіспеншілікке бөленіп жүрген азамат еді. Бірақ осы жолғы мәнге қатысты айтқандарында ұшқарылық басым болды.
Әрине, адамдардың бір сөзін дұрыс айтып, екінші бір сөзінен ағат кетіп жатуы сирек кездесетін құбылыс емес. Ондайдың бәріне жармаса жауап қатуды ешкім мұрат тұтпайды. Анауысы дұрыс еді, мынауысы көңілге қонбады дей саласың да – ұмытасың. Ал бұл жолы үнсіз қала алмауымның себебі мынада болды. Ғылыми дәйексіз пікір өзектілігі жойылмайтын тақырыпқа – қазақ қоғамының рухани дамуына, солардың ішінде білім беру мәселелеріне қатысты айтылды. Және газеттің сипаттауы бойынша, оларды көпшілік қолдап шығыпты.
Әрине, кез келген пікірдің өмір сүруге қақысы бар. Дегенмен, Асқардың бұл жолғы үрдісті пайымдарына орай өзімнің зерттеулерімнен іріктеліп алынған, мәнге қатысты тұжырымдарға сүйене отырып, дискурсқа араласуды қажет деп есептедім.
***
А. Жұмаділдаевтың 1-тезисі: Тіл бес функция атқаруы керек. Олар: 1 – отбасы; 2 – бизнес; 3 – саясат; 4 – экономика; 5 – ғылым мен технология.
Бұлар – тілдің атқаратын функциялары емес, тілдің 50 әрекет аясының бесеуі ғана. Ал тіл адамдардың өмірлік қызметінде коммуникативтік, номинативтік, ақпараттық, танымдық, прагматикалық, коннотативтік, психологиялық, адамдарды жүздестіруші және эстетикалық функциялар атқарады.
***
А. Жұмаділдаевтің 2-тезисі: «Қазақта мықты поэзия, мықты әдебиет бар». Иә, Алашорда қайраткерлерінің қолымен қазақ тілінде өз дәуірі адамының талабына сай көркем әдебиет жасалды. Кеңес кезінде қазақ тіліндегі көркем әдебиет ауыл адамының талғамына лайықталып жасалды. Ал қазіргі поэзияны, прозаны «мықты» деп айтуға келмейді.
Жазушылардың өздерін тыңдайық:
«Бүгінгі прозамыз сауатсыз. Бір жолын шаршамай оқып шыға алмайсың. Маған бір қап прозаны әкеліп бергенде, жариялауға тұратын бір шығарма таба алмаймын… Қазіргі жазушыларда табиғатына қонған интеллект жоқ». (Қ. Ысқақ. ҚӘ. 25-31, 05, 2012 ж.).
«Сұрғылт белдеуге келіп тірелдік (көркем әдебиетте – Қ.Ж.). Мемлекеттік сыйлыққа татитын ешкім де, еш шығарма да жоқ. Обскурация фазасы төніп тұр» (Г.Бельгер. Плетенье чепухи. 21-я тетрадь).
«1991 жылдан бастап, 2015 жылға дейінгі аралықта әдеби процесс тоқтап тұр… Поэзияда жаңалық жоқ. Нәтижесінде әдеби өлімге пара-пар жағдайға тап келіп отырмыз» (Е. Раушанов. http://kitap.kz).
Тәуелсіз зерттеулердің қорытындылары бойынша, қазақ тілінің қазіргі аномал қолданылу жағдайы көркем әдебиеттің інжуі мен маржандарын ғана емес, әдеби журналдарды толтыруға пайдаланатын орта қол романдар жазуға мүмкіндік бермейді. Әзірше қазақша мәтін жаза алады деген санатқа қосуға болатын, қазақ тілі аномалды белдеуге толық кірмей тұрғанда тілі шыққан, көзі тірі жазушылар – 55-60 жас шамасындағы және одан егделер, «аққу зарын» (лебединое песня – Ред.) айтып болғанша, қазақ көркем әдебиеті кеңістігінде біршама дискурстар жалғаса тұрады. Аталған санаттағы жазушылардың соңғы шығармалары тұтастай қазақ әдебиетінің де «аққу зары» болып шығуы мүмкін. Одан кейін, белгілі бір уақыт шамасында бұл тілде бай жазушылардың (тілі мен елестетуі жағынан емес, сөздің тура мағынасында) клик-пик-флик тұрпатындағы иллюстрациясының өзі көлемнің басым бөлігін алатын мерейлік-өмірбаяндық «романдар» ғана жазылатын болады. Одан кейін қазір ешкім сипаттап бере алмайтын уақыт келеді. Егер…
Бұл – осы жолдардың авторының немесе әлдебір мүдделі топтың қиялынан немесе олардың эмоциясының жетегіне ілесуден туған асығыс синопсис емес. Қазіргі қазақ тілінің өмір сүру ареалын, сөздік қорын, қолданылу практикасын – тілдің идея тудырушы және репрезентациялаушы қабілетін бажайлай отырып шығарылған қорытынды (қараңыз: «Қазақ тілінде қандай мәдениет жасалды?» // Жұлдыз, № 1, 2016 ж).
Әдебиет қана емес, көркемөнердің барлық жанрлары да қаусап тұр. Ән жанры ауылға қашу, отбасы мүшелері және сүйгенін сағынудан басқа тақырыпқа шамасы келмейтін өнерге айналды. Таяуда «Астана-опера» театры ғажап ғимаратқа қоныс аударды. Ал опера және балет жанрында соңғы 25 жыл ішінде қазақ тілінде бірде-бір жаңа шығарма жазылған жоқ және жазылмайтын деңгейге жетіп отыр. Құбылыс қазақ ауылы мен Ла-Скаланың арасы тым алыс жатқанын айғақтап тұр.
Иә, қазақ тілінде, таралымы аз болса да, жыр жинақтарының жарық көріп жатқаны рас. Бірақ оларды поэзия екен деп малдануға болмайды. Өйткені олардың бәрі тек тұрмыстық тақырыпты ғана қозғайтын, әбден таптаурынға айналған тіркестермен жазылған, виршеплет (дарынсыз, мәнсіз өлең құрастыру – Ред.) деңгейіндегі дүниелер. Олар да сұраныс тудыратын дүниелер емес, оқырманды селт еткізер идеясы да, ойы да жоқ. Азаматтық тақырып көтерілмейді, саяси лирика жоқ.
***
Бүгінгі қазақ зиялылары алтын мен қорғасынның диффузияланған қабатындағы шекаралық межеде. Бұлжымас ғылыми дәйекті тұрғы ұстайтын деңгейге дейін өскен жоқ. Саясаттан, ғылымнан, тарихтан аздаған хабары бар. Кейбіреулерінің ұлтшылдығы мығым. Бірақ онысының сенсуалдық жағы басым, саяси корректілік жағы солғын. Кейбіреулері әсіре дәстүршіл. Кейбіреулерінің ғылыми атағы бар. Диссертацияны Кеңес кезінде қорғағандарының зерттеулерінің татымды жаңалығы болғандары да бар. Ал соңғы онжылдықтарда қорғағандары туралы мұны айту қиын. Дерліктей бәрі мемлекеттің жалпы дамуы стратегиясына немесе рухани салалардағы күрделі, мысалы, тілге қатысты әмбебап теорияларға келгенде, шорқақтай береді. Бір тәуір идеясын келесі бір сауатсыз қадамымен бұлыңғырлап жүреді. Кең сарайлардың жарық дәліздерінде ағылшынның классикалық костюмін киіп бара жатып, ауылынан арқалап келген бір қап көңін шашып бара жатады. Олардың рухани әлеміндегі когнитивтік күрделілік құбылысы ұлттық мемлекеттің орнықты даму стратегияларын айқындап алуға мүмкіндік бермейді.
Көп нәрсе айтылып жатады, талқыланған болып жатады. Комиссиялар құрылып жатады. Шешімдер қабылданып жатады. Жоғарғы орындарға талаптар қойылып жатады. Ұжымдық арыздар жөнелтіліп жатады. Таяуда Алматы қаласының азаматтарының 160-шы үндеуі жарияланған екен. Дискурс бар, бірақ нәтиже жоқ. Және оның ешқашан болмайтыны априори белгілі.
***
Осыған қатысты бір формула келтірейін. Бар сұрақтың жауабын бере алатын бір ғана абсолют бар. Ол – Құдай. Ал пайғамбардың айтқан он сөзінен бір қателік, он ісінен бір кемшілік кетіп отырады.
Адамзаттың тарихи есінде сақталып қалған ұлылардың он сөзінің екеуі, он ісінің екеуі теріс болып шығып отырады. Мұны intellectual quotient (IQ) коэффициенті ретінде алып, пайдалы әрекет пропорциясын 8х2 формуласымен өрнектеуге болады (бұл жерде 8 – дұрыстықты, 2 – қателікті білдіреді). Бұдан ары осы үлгімен алғанда, әр елдің ұлы деп танылғандарының IQ коэффициенті – 7х3. Дамыған елдердің қатардағы зиялысының, ғалымының көрсеткіші – 6х4. Жоғары дамыған және артта қалған елдердің шекаралық межесінде тұрған қоғамдардың зиялыларының потенциалы – 5х5.
Ал дамудан артта қалып, отарлық тәуелділікте болған елдердің (Қазақстан солардың ішінде) зиялы санатындағыларының IQ деңгейі – 4х6. Осы формула қазіргі қазақ зиялыларының зияттық деңгейін біршама жақын көрсетеді. Демек, біздің зиялыларымыздың он сөзінің төртеуі дұрыс болғанда, алтауы қате, он ісінің төртеуі пайдалы болғанда, алтауы зиянды болып отырады. Көпшілік жағдайда бұдан да төмен – 3х7 болып шығып жатады.
Осы шкалаға салып отырып, қазақ тілінің қазіргі күйі мен перспективасын былай долбарлауға болады. Қазақ тілінің мәселелерін шешуге бағытталған соңғы 25 жылда жасалып жатқан әрекеттердің ішінарасы болмаса, көпшілігі далбаса болып шықты. Биліктің де, жеке қайраткерлердің де, солардың ішінде оппозициялық бағыттағыларының да айтқан сөздері мен қылып жүрген әрекеттері нәтиже бермеді. Бұдан былайғы кезеңде де сөз бен әрекеттің пайдалы әсері осы деңгейден аспаса, елдегі автохтонды ұлттың үлесі 99 %-ға жеткеннен кейін де, тіл мемлекеттік мәртебесіне сай қызметін атқара алатын сатыға көтеріле алмайды. Бұрын отарда болған елдердің көбінің практикасында жергілікті халықтың үлесі артқан сайын, оның тілі де үстемдігін арттыра береді деген қағида қоғамдық практикада ақталған жоқ.
Саяси кеңістікте әрекет еткен азаматтардың, ұйымдардың әрекеттері де осы деңгейде болды. Небір ұтымды сәттер пайдаланылмады. Жетекшілерінің интеллекті жетпеді.
Біз барлық жағдай бола тұра, құқықтық мемлекет құра алмадық.
Біз барлық жағдай бола тұра, дамудың индустриялы баспалдағында өмір сүретін азаматтық қоғам құра алмадық.
Жер, тіл, білім беру, ауылды кедейлік пен әлеуметтік дерттердің иектеуі, мәдениеттің құлдырауы қақындағы мәселелердің ешқайсысы бабын тапқан жоқ, таяудағы онжылдықтарда бабын табатын түрі де жоқ.
Өйткені біздегі күрес себеппен емес, салдармен жүріп жатыр. Құбылыстың түпкілікті себебін ешкім білмейді. Білетіндер бар дегенге сенгің-ақ келеді. Бірақ дұрысы мынау деп, алға ентелей шығып жүргендері тым аз және оларды көпшілік түсіне бермейді. Ондайлар қылаң бере-ақ, артынан ит жүгіреді. Қазақтың қазіргі жағдайын «өзің білме, білгеннің тілін алма» деген тіркеспен сипаттауға болады. Бұл қарғыс емес, қалыптасқан констилляцияның сипаттамасы.
Қазақ зиялыларының көбінің білетіні – себептердің үштен біріне жуығы. Бәрінің білмейтіні – себептердің үштен екісінен астамы. Тегі қазақ зиялысының IQ коээффициенті төмен деген жорамалдың қате болғанын қалай қаласам да, өмірлік практика соның салдарымен қасқа маңдайымнан үнемі ұрып келеді.
***
Осы талқылауларға қатысқандардың ішінде емшек тағамен саясаттың мұзы үстінде нық тұратын, өз тұрғысына берік, еңіреп жүрген ерлер де болды. Талай от кешкен, тасқыннан өткен, биліктің батпан шоқпары маңдайын талай жарса да, мойымаған Рекең (Сәрсенбайұлы), әділдік үшін жан пида деп, ұлағатты сөз айта білетін, майталман жазушылар – Қ. Жұмаділов, М. Шаханов, Д. Исабеков, озық ойлы саясаткерлер Ә. Қосанов, А. Сарым, Р. Жұмалы, солармен ат тізгінін қосқан достарының алдына әркім бас иеді. Бұлар – қазақтың жаңа тарихында есімдері қалатын қаһармандар.
Бір өкінерлігі сол – осы атпал азаматтардың әр жиында айтылған асыл сөздері, жылт еткен жақсы ойлары жинақталмай, тұтас тұжырымдамаға айнала алмай жүр. Саяси қызмет деген ғылыми дәйекті, саяси сындарлы, құқықтық сауатты стратегия бойынша, жоспарлы жүруі тиіс. Сонда ғана нәтижелі іс тындыруға болады. Жиналып алып, ауыз көпірте «бу шығарып» болған соң, әркім өзінің «тауып айтқанына» масайрап, жайбарақат тарап кеткеннен ештеңе өнбейтінін сезетін кез жетті. Қазақтар судың иірімі сияқты, тарихи айналсоқтықтан құтылып шығу жолдарын қайткенде тезірек табуға тырысуы керек.
Өйткені қазірдің өзінде кері үдеріс болмайтын белдеуге жақын келіп тұрмыз. Негізінде шешілмейтін түйін болмайды. Ақыл мен ғылым бар бұғаудан құтқара алады.
***
А. Жұмаділдаевтің 3-тезисі: «Білім – ақпараттың көкесі. Оқу деген – ақпарат алу деген сөз».
Тұнықтық үшін алдымен терминдерді саралап алу керек. Педагогикада қалыптасқан ұғым бойынша, білім беру (орысша – образование) үш компоненттен тұрады. Олар: тәрбие, мәдениет және білім (знание) компоненттері. Сонда білім – ақпараттың көкесі емес, өзі болып шығады. Бірақ салауатты ғалымдар білімді тәрбие мен мәдениеттен кейін қояды. Алдыңғы қатарлы дамыған елдерде «көкенің» орнында білім емес, тәрбие тұр.
Бұл стратегияның сырын мен түсіндірмейін, сонау XVII ғасырда ғылыми негізде, байсалды талдап берген ағылшынның ұлы философы және педагогі Джон Локк түсіндірсін. Ұлы сөзді қайталауда ұяттық болмайды. Ол өзінің ұстанымын былай алға тартқан болатын: «Сіз менің оқытуды соңғы орынға қойып, оған аз көңіл бөлгеніме таңданатын боларсыз. Бұл сізге оғаш, тіпті кереғарлыққа ұқсас болып көрінуі мүмкін… Сонда қалай, деп сұрайсыз Сіз, бала оқи және жаза білмеуі керек пе? Асықпаңыз, өтінемін. Оқыту, жаздыру, ғылымға үйрету – бұлардың бәрін мен қажет деп есептеймін, бірақ бұл басты емес. Мен ғылымға үйретудің баланың дамуына септігін тигізетінін ешқашан жоққа шығармаймын… Баланы оқытқан жөн, бірақ ол одан да маңызды сапалықтарды дамытуға қосымша құрал ретінде екінші қатарда тұруы керек. Баланың мінезін қалыптастыру игі зерделі… оның жақсы бастамаларын сүйіспеншілікпен қолдау және дамыту, жағымсыз бейімділіктерін биязы амалдармен ысырып тастап, түзетіп отыру, оның бойына жақсы әдеттерді сіңіру. Мінеки, ең бастысы осы. Егер сіз осылардың қамын ойластырсаңыз, онда бұған ғылымға үйретуді қосуға болады» [Локк Джон. Соч. Т. 3 М.: 1988. 546-547-б.б.].
Бұл симбиоз – «тұлғаны тәрбиелеу – алдымен, білім беру – артынан», екінші сөзбен айтқанда, тұлғаны жетілдіруге бағытталған білім беру парадигмасы соңғы жарты мыңжылдықта Батыс өркениеттерінің суырылып алға шығуын қамтамасыз етті. Қазір де дамыған демократиялық қоғамдар осы стратегияны ұстанып, өркениет көшінің алдында маңып барады.
***
А. Жұмаділдаевтің төртінші тезисі: «Қазаққа ең керегі – математика, физика, химия… Осы пәндерді ана тілімізде оқытатын жағдайға жеттік» деп қуануымыз керек».
Бұл пәндер ана тілінде сонау Кеңес билігі жылдарында да оқытылатын. Қазір ғана қол жеткізіп отырған жетістік емес. Ал қазақтың ғылым мен техника саласындағы тындырып жүргендері шамалы екені баршаға белгілі. Қазақ балаларының арасынан математикадан халықаралық олимпиадаларда орын алып жүргендер болса да, олардың арасынан математиктер шығып жатқанынан, олардың бірдеңе тындырып жатқанынан бұқара хабарсыз.
Жағдайдың осылай болып отырғанына қатысты журналист Ж. Сүлеев былай деген екен: «Құдай бізге егемендік алып берді. Ал неге соңғы жиырма бес жыл ішінде бізде Айтхожин немесе Сұлтанғазин деңгейінде ғалымдар шықпады» [Сулеев Ж. Интеллигенция: смена вех и поколений // Central Asia Monitor 25-31. 07. 2014.].
***
А. Жұмаділдаевтің келесі тезистері «қазақша оқыту методикасы қалыптасты»; «Болашақпен» оқып жүргендердің 80 %-ы қазақ мектебін бітіргендер»; «министр айтады: «қазақ мектептеріндегі балалардың білімі төмен» деп. Бос сөз!»; «жақсы мұғалімдер де жетіп артылады»; «қазақтың оқуға деген ынтасы өте жоғары»… дегендерінің бәрі даулы.
Осы «ЖА-ның» бетінде жоғарыда айтылғандарға қарама-қарсы пікірлер талай басылды. «Қазақта математиктер бар» деп малданған А. Жұмаділдаевтің өзі осы газетке берген сұхбаттарының бірінде Математика институтының тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда жас ғалымдармен толықтырылмағанын атай келіп: «Біздің Математика институтында… ат ауыстыру көп, бірақ заты өзгерген жоқ. Математика саласында ғалым көбейген жоқ. Бәрі сол баяғы адамдар» [Бізге жалған намыстың керегі жоқ // Жас Алаш. 13.03.2014.] деп қынжылған болатын.
***
Енді А. Жұмаділдаевтің тезистерінің «көкесіне» назар аударайық: «Кеңестік оқу жүйесі жақсы болатын. Қайтадан сол жүйеге оралуымыз керек».
Мінеки, бұл – су айырығын айқындайтын, ұлт тағдырын шешуге тура қатысы бар мәселе. Бұл жерде сөз қоғамның білім беру парадигмасын айқындап алуы туралы болып отыр. Тарата айтқанда, қазіргі қазақ зиялысы бәрінен бұрын мына мәселелердің бетін ашып алуы керек:
Қазақ кеңестік білім беру үлгісінде қала беруі керек пе, әлде Батыстың озық елдерінің үлгісіне ауысуы керек пе? (Бұл жерде сөз білім берудің формалық емес, мазмұндық жағы туралы болып отыр).
Кеңес кезіндегі білім беру жүйесі, расында да, дүние жүзіндегі ең үздік пе еді?
Қазіргі қазақстандық білім берудің құрамы мен мазмұны Ресейдікінен алшақ па?
Қолданыстағы білім беру стандарттары кімнің қолымен жасалған?
Бұл сұрақтардың жауабы бірер абзацпен, тіпті бір мақаламен берілмейді. Бұрынғы кеңестік – қазіргі ресейлік білім беру стратегиясының мәні мен мазмұны, оның дамыған Батыс елдерінің білім беру стратегиясынан ұстанымды айырмашылығы, Ресей педагогтарының өздерінің осы стратегияға көзқарасы және Қазақстанның білім беру стратегиясы туралы көлемді мағлұмат баспасөзде жарияланған болатын (қараңыз: «ДАТ», №№ 34-46, 2015, №№ 1-3, 2016.; «Трибуна», №№ 35-46, 2015 г.).
Енді мыналарға назар салып көрейік.
Біріншіден, Ресейдегі білім беру жүйесі Кеңес кезіндегіден өзгеше ме? Иә, біраз ұстанымды емес өзгешеліктер бар. Ресей кеңестік жүйені реформалаған жоқ, тек бірқатар жетілдіру шараларын жасап, негізінен, знаниецентристік стратегияны сақтап қалды.
Ал 2002–2013 жылдары қолданылып келген қазақстандық білім беру стандарттарын арнайы шақырумен Ресейден келген педагогтар жасап берген болатын. Қазіргі қолданыстағы (2013 жылғы) стандарттар бұрынғының аздап құрылымдық өзгеріс енгізілген, «жетілдірілген» нұсқалары. Демек, бұл жерде оралу деген сөз орнында тұрған жоқ. Қазақстан бұрынғыдай, білім беру саласында Ресейдің құшағынан шыққан жоқ.
Екіншіден, оқырман мынаны біліп алуы керек: сөз біздегі білім жүйесіне енгізілген құрылымдық өзгерістер (бакалавриат, магистратура, ЕНТ т.б.) туралы болып отырған жоқ. Мәселе білім берудің мазмұны, құрамы және идеялық бағдары ресейлік үлгіде қалып отырғанында болып отыр.
Кеңестік білім беру бағдарламалары өте ауыр болатын. Оқушылардың басым бөлігі меңгере алмайтын. Соның салдарынан бүкіл жүйенің жұмысы өрескел формалыландырылған болатын.
Кеңестік білім беру жүйесінде орныққан знаниецентристік бағыт қоғамды техника және технология салаларында кейбір эфемерлі жетістіктерге жеткізді. Сондықтан ол милитаристік экономикаға негізделген, агрессиялы сыртқы саясат жүргізуге бейімдік танытатын тоталитарлық режіммен жақсы қабысты. Сол арқылы Ресей ғарыштық және әскери технологияны жетілдіре беруге қазір де барын салуда.
Ал знаниецентризм, білім беру стратегиясы ретінде қабылданып алынғанда халықты жалпы мәдениетпен, гуманитарлық біліммен, демократиялық және құқықтық санамен жеткілікті қаруландыра алмайды.
Мұндайда қоғам құндылық бағдарларынан көз жазып қалады, менталитеті жаман жаққа өзгереді, сонысымен тығырыққа тіреледi, біржақты технократтыққа ұрынады: ракеталары мен бомбалары көп, бірақ халқы құқықсыз және мәдениетсіз болып шығады. Кезінде құдіретті мемлекет болған Кеңес Одағының түбіне жеткен осы – білім беру стратегиясы ретінде таңдалып алынған знаниецентристік бағыт деген түсіндірудің дұрыс деп қабылданғаны рухани салаларды зерттеушілерге аян.
«Кеңестік білім беру жүйесі мықты болып еді» дегенді күнделікті баспасөзден жиі естуге болады. Бұл уәжді айтушылар дәлел ретінде КСРО-ның ғылымдағы, қару шығарудағы, әсіресе ядролық-ғарыштық аялардағы жетістіктерін тізе бастайды.
Иә, КСРО-да аталған салаларда жетістіктер болғаны рас. Алайда кеңестік білім беру жүйесін әспеттеушілер Кеңес халқының құқықсыз, әлеуметтік белсенділіктен жұрдай, билік қалай айдаса – солай жөңкілетін, саяси сауаты төмен тобырға айналғанын, тоталитаризмнің түнегінде күн кешкенін, Коммунистік империяның заманауи ашық дүниеде өзгелерше өркениетті өмір сүруге қабілетсіздігінен құлағанын естен шығарады.
Егер кеңестік знаниецентристік білімді ең жетілген деп есептесек, онда дүние жүзіндегі ең озық елдер деп знаниецентризмді Кеңес Одағынан қабылдап алған Иранды, Иракты, Кубаны, Қытайды, Пакистанды, Солтүстік Кореяны және бұрынғы кеңестік республикаларды тануымыз керек. Бұлардың кейбіреулерінің қолында атом қаруы бар, енді біреулері халқы жаппай сауатсыз, мәдениетсіз қалып, әлеуметтік ауруларға белшесінен батып отырса да, қалайда жаппай қыру қаруын иелену үшін жанталаса ұмтылуда. Қазір бұрынғы социалистік елдердің қайсысы (Прибалтика, Шығыс Еуропа) Ресейден іргесін аулақ салса, солар дамудың бетбұрысын түзеп отыр. Ал Ресейдің ықпалынан шыға алмағандардың, соның ішінде қазақтардың тағдыры бұлдыр.
Батыс елдерінде индивидтің азаматтық, жалпымәдениеттік білім алуына барлық жағдай жасалған, адамға еркіндік берілген, құқықтары қорғалады, шығармашылық еңбегіне жол ашылған. Қоғамның дамуы оның әр мүшесінің тұлға ретінде дамуына негізделген. Осы ұлы қағида білім беру үдерісінде тұлғаны жетілдіру парадигмасы бойынша жүзеге асырылады.
Ал ресейлік знаниецентристік парадигма еркіндікті шектеп қана қоймайды, мектепте бағаны босқа алуды әдетке айналдырған, есейгенде инфантилизмге бой алдырған, шала сауатты, құқықсыз адамды илеп шығаруда. Бағдарламаларға математика мен өзге техникалық цикл пәндерін шектен тыс тықпалаудың салдарынан оларды оқушылар меңгере алмайды. Бұл пәндерді меңгермеу шынжыр реакциясын тудырып, өзге пәндердің де меңгерілмеуі жағдайына соқтырып отырғаны белгілі. Тоталитарлық режім азаматы бәріне, соның ішінде өзінің жеке бас мүддесіне де формалы қарайтын, әлеуметтік-психологиялық делсалдықтан шыға алмайтын бейшара күймен өмір сүріп жатыр. Ресей академиктерінің өздері де бұл мәселені талай көтерді.
Орыс знаниецентристік мектебі Орталық Азия халықтарының мәдени деңгейін Орталық Африка деңгейіне түсіріп қана қойған жоқ, ол орыстардың өздерін де ауқымды деградацияға ұшыратып отыр. Орыс деревнясындағы орта мектептен бітірушілер үш-ақ сөз біліп шығады. Олар: «огурец», «сало» және «самогон». Қатып қалған тоталитарлық ойлаудың салдары болып табылатын оқулықтардағы догмалардан орыстардың басы айналып, азаматтық қоғамда өмір сүруге компетенттігі жетпейтін, мәдениеттен де жұрдай, еңбек етуді де білмейтін, тамақ жеуші тобырға айналуда. Қазір Ресей парламенті арамтамақтықпен күрес жүргізу мәселесін көтеріп жатыр. Оларда жатыпішерлердің шамасы 16,4 млн мөлшеріне жеткен деген ресми деректер ұшырасуда (http://nvdaily.ru/info/86062.html).
Оның себебі біреу – знаниецентристік білім беру бағытын ұстанудың бұқараның саяси-құқықтық мәдениетінің кежелеп қалуына, жалпы сауатының төмендігіне әкеліп соқтыруы, соның салдарынан халықтың салауатты өмір салтын ұстана білмеуі. Басқаша айтқанда, орыс халқының ашық, құқықтық қоғамда өмір сүруге жетесінің жетпеуі.
Ресей Кеңестен кейінгі кезеңде де заманауи құқықтық мемлекет болып құрыла алмады. Бүгінгі Ресей субқұрлыққа жайғасқан, ортағасырлық әскери орден сияқты. Жемқорлар мен саңылаусыз технократтар шоғырланған Ресей билігінің әрекеті заманауи құқық реттілігімен қабыспайды, ракеталары мен бомбаларын санап, алдыңғы қатарлы, өркениетті қоғамдарға қоқаңдайды да отырады.
Ал қазақтың басына төнген қырсықтың бәрі осыдан – Ресейдің знаниецентристік білім беру стратегиясынан шыға алмауында. Ресейдің білім беру стратегиясына қайта ауысуды көксеп отырған А. Жұмаділдаевке айтылар уәж мынау: Қазақстан Ресейдің білім беру үлгісімен осындай тығырыққа ұшырап отыр.
Қазақ балаларының көсегесін көгертуді ойлаған адам, керісінше, жас ұрпақты әбден тығырыққа жеткізген ресейлік білім беру үлгісінен, ал қазақтың мемлекетін Ресейдің саяси итпегінен құтқарудың қамын ойлауы керек. Білім беру саласында ресейлік знаниецентристік бағытты ұстану – А. Жұмаділдаевтың және оны қолдап отырған көпшіліктің ғана емес, тұтастай қазақ педагогикасының, мемлекеттің білім беру бағытын жасап отырған идеологтардың стратегиялық адасуы.
***
Енді саяси өмірде болып жатқан құбылыстарға қатысты кейбір сұрақтарға жауап іздеп көрейік:
Жер мәселесіне қатысты шулардан не шығады?
Қазақ тіліне қатысты 25 жыл жүргізілген шаралар қандай нәтижеге әкеліп тіреді?
Білім беру саласында алға жылжу бола ма?
Премьер-министрді ауыстырған соң, экономиканы өрлеу жолына салуға бола ма?
Бұрқыратып жазып, сабап, сынап жатырмыз. Осыларды «көтіне қыстырып» жатқан ешкім бар ма?
Жалпы, қазақ ояна ма? Ұлт ретінде ұйымдасқан, саяси партия деңгейінде, сауатты әрекетке баратындай деңгейге жете ме?
Жалпы осы қазақтың қазіргі бүкіл халық болып қатысып жатқан әрекеттерінен қандай нәтиже шығады?
Осы сұрақтардың бәріне берілетін үш қана дайын жауап бар:
Жоқ! Жоқ! Жоқ! Бұл әрекеттердің ешқайсысынан, ешқандай пайдалы нәтиже күтуге болмайды.
Неге?
Өйткені қазақтардың сөйлеп жүрген сөзінің, қылып жүрген әрекетінің пайдалы әсер коэффициенті 3Х7. Істеп жүргенінің бәрі іргетасы қаланбаған үйдің қабырғасын тұрғызамын деп, виртуал кеңістікте салбыраған, далбаса тіршілік.
Соңғы онжылдықтардағы бұқаралық қозғалыстардың қайсысы саяси және құқықтық жағынан сауатты ұйымдастырылып, ауыз толтырарлық нәтижеге жеткізді? Бұған дейінгі толып жатқан бейбіт демонстрациялар мен митингтерге шақырудан не шығып еді?
Оппозицияның жетекшілері жанталасты. Олардың арасында нағыз патриот, халқы үшін жан пида деп жүрген, барын салатын адамдар болды. Бастарын бәйгеге тікті. Ал халық олардың соңынан ермеді ғой.
Осыдан кейін ойланбай, бір кетпенді қайта-қайта басып, өз маңдайыңа өзің ұра бергеннен ақылың кірмесе, «ақымақтыққа қарсы құдайдың өзі де дәрменсіз» (Ф. Шиллер) деп, басыңнан сипағаннан басқа не күтесің? Бағанадан бері айтқандарымның логикалық ақырына енді ғана жақындағандаймын. Қисын бойынша, бұдан осы жолдарды оқыған қазақ мына бір сүраққа келіп тірелуге тиіс: НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Бәсе, не істеу керек? Білгің келе ме?..
Қанағат ЖҮКЕШЕВ,