Салтанат БАҚАЕВА: Күйеуім мені ӨНЕРДЕН қызғанбайды

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №39 (356) от 27 октября 2016 г.

 

Бейсенбідегі бетпе-бет

 


 

 

«Арнау» тобының әншісі Салтанат БАҚАЕВА бүгінде екі баланың анасы және ибалы келін болып отыр. Жақында ғана телехикаяға түскен ол әңгіме барысында өнер жолындағы барлық жетістікке «таныс арқылы емес», өз күшінің арқасында жеткендігін айтты. Және өзіне сыни көзбен қарайтын оқырмандарына жауап берді.

 

– Салтанат, жақында сіз түскен «Айман-Шолпан» телехикаясында екі кейіпкердің ролін қатар ойнағаныңыз өз көңіліңізден шықты ма?

– Оның бағасын бірінші кезекте көрермен беруі керек: қазір телехикая телеарнада жүріп жатыр. Көрерменмен бірге телехикаяны өзім де көріп жүрмін.

Негізі, Айман мен Шолпан – екеуі екі түрлі роль. Айманның рөлі көңілімнен шықты десем болады. Ал Шолпанның образын қаншалықты аша алғаным туралы ешнәрсе айта алмаймын. Бірақ екі рольді де жақсы алып шығуға барынша тырыстым. Әлеуметтік желіге: «Шынымен де, егіздің сыңары бар ма?» деп жазатындар көп. Соған қарағанда, біз, яғни түсу тобы, мақсатымызға жете алдық деп ойлаймын. Фильмде тұрпаты екі бөлек адам жасауды көздедік, соны барынша орындадық. Ал халық өз бағасын бере жатар.

Егер рольді дұрыс сомдай алмаған болсам, желіден жылы ықыластағы сөздер естімес пе едім? Адамның өз жұмысына ешқашан көңілі толмайды. Сол сияқты телехикаяның кейбір бөлімдерін көріп отырғанда, «әттеген-ай» деген өкініштерім болып тұрады.

 

– Сіздей жас актриса үшін екі кейіпкердің ролін қатар ойнау оңай болмаған шығар?

– Әрине! Өйткені отбасылы адаммын. Бір жағынан, үйде ата-енем, балаларым мен жолдасым күтіп отырса, екінші жағынан, «Арнау» тобының жұмысы бар. Соның бәрін бірге алып жүру қиындау болды. Дегенмен, жақын адамдарымның түсіністікпен қарауының арқасында көп нәрсеге алаңдамадым. Тек телехикаяны нәтижелі ойнап шығуды көздедім. Ал түсу тобы менің жағдайыма қарайласты. Киноға түсіп жүріп, баратын концерттеріме қатысып, театрдағы қойылымдарыма да үлгеріп жүрдім.

Ал «оңай болмаған шығар» деп, актерлік шеберлік жағынан сұрасаңыз, мен өнерге кеше ғана келген актриса емеспін. Бұл салада жүргеніме жеті жылдай уақыт болады. Осы аралықта Мұхтар Әуезов атындағы Академиялық драма театрында қызмет еттім. Әрине, бұл мерзімде көп нәрсе үйренуге болады. Дегенмен, әлі де үйренетін дүниелер жетерлік. Әкемтеатрынан алған тәжірибемді осы телесериалда пайдалана алдым. Жалпы, біршама жыл театрда істеп барып, кино саласына енді келгенім дұрыс болды деп ойлаймын. Егер оқуды бітіре сала фильмге түскенімде, мұндай рольдерді шынайы, әрі дұрыс алып шыға алмайтын едім.

 

– Қазіргі өнер адамдары бесаспап десе болады. Соның бірі – өзіңіз: сахнада ән айта сала, тележүргізушілікке жүгіресіз; одан соң – спектакль бар; арасында киноға да түсесіз. Осылай сапырылысқан жұмыспен жүріп, театрдан қуылғаныңызды естігенім бар еді…

– Бұл осыдан бір жыл бұрын болған жағдай… Гастрольдетіп жүргенде, кезекті қойылымға кешігіп қалғаным бар. Театр – кейінге шегере салатын экран емес. Иә, осы кінәм үшін мені жұмыстан шығарып жіберді. Араша түсерліктей, артымда тіреп тұрған ешкімім жоқ. Сөйтіп, біраз уақытқа дейін келісім-шартпен тек қойылымдарға ғана қатысып жүрдім. Бірақ кейіннен қайтадан театрдың штатына кірдім. Әрине, жұмыстарымның бір-біріне кедергі келіп қалатын кездері болып тұрады. Себебі бәрін бірдей алып жүру оңай емес.

 

– Негізгі мамандығыңыз актриса бола тұрса да, халыққа бірінші кезекте әнші ретінде таныс болдыңыз. Ал соңғы үш жылда ғана көріне бастаған кинодағы карьераңызға қалай тап болдыңыз?

– Негізі «шақырған жерден қалма» дейді ғой. Сондықтан кинодағы бағымды сынауға шақырған көптеген кастингтерге қатысып жүремін. Бәлкім, бұған дейін де шақырмаған жерлерге де барып, режиссерлермен сөйлесе беру керек пе еді? Бәлкім, сол кезде киноға ертерек келер ме едім?

Әзірге бұйырғаны осы. Негізі, кино саласында жүргендерге жүзім таныс. Фильмінде сені көргісі келген режиссер артистің артынан жүгірмей-ақ, өзі шақырып алады. Әйтпесе соңғы фильмнің кастингіне тек мен ғана емес, беделді актрисалар мен эстрадада жүрген бірнеше әнші қыздар да қатысты. Өнерде жүрген құрбыларымның көпшілігі сол жерде болды. Бірақ солардың ішінен роль маған бұйырған екен…

 

– Бұлай сұрақ қойған себебім – бүгінде танысың болмаса, киноэкранға шыға алмайсың деген сөз бар. Осымен келісесіз бе?

– Өз басымда ешбір танысым жоқ. Кинодағы рольдеріме актерлік шеберлігімнің қалыптасып қалғаны арқасында өтіп жүрген сияқтымын… Режиссерлер де кеше келген қызды киноға ала салмайды. Егер, әрине, оның артында желеп-жебеп тұратын адамы болмаса.

Иә, сөзіңіздің жаны бар: біздің бүгінгі телеэкранда таныс арқылы шығу деген «дәстүр» пайда болған екен. Дегенмен, өзіңнің актерлік күш-қуатың, талантың болса, түбінде жерде қалмайсың. Талантыңды көрсеткің келсе, шеберлікті шыңдай жүріп, кастингтен қалмау керек. Себебі қазіргі уақытта «өнерге таласы бар» адам көп: әсіресе әдемі қыздардың күні туып тұр…

 

– «Әйтсе де, сіздің инста-парақшаңызды қарап отырып, актерлік шеберлігіңізге күмән келтіруші оқымандардың пікірін кезіктірдім…

– Ол оқырманға не дейін? Сөз бостандығын пайдаланып, өз ойын айтқысы келген шығар. Жұрттың бәріне жүз пайызға ұнай алмайсың. Әр адамның өз түсіну, түйсіну, талғам деңгейі бар. Мәселен, кейбір адамдар қазақ киносын мүлдем көрмейді. Жақтырмайды. Меніңше, қаның қазақ болса, бірінші кезекте қазақи дүниені менсінбеу райынан арыла білу керек. Бәлкім, қазақ киносын мүлдем көрмейтін немесе түсінбейтін адамдар ғана осылай жеңіл-желпі пікір жазатын шығар.

Ал тағы біреулері мені актрисалық емес, адами тұрғыда жақтырмауы мүмкін. Сондықтан ондай адамға маған қатысты нәрсенің бәрі жаман болып көрінуі ықтимал. Ал ондай адамдарға мен ештеңе айта алмаймын. Бірақ бір қызығы, сол адамдар мені қанша жек көрсе де, күндіз-түні менің инста-парақшамда отырады. Пікір жазады. Демек, менің өмірім оларға қызық болуы мүмкін. Тіпті әр қылығым қытығына тиіп жатса да, инста-парақшама кіруін қоймайтындар бар. Негізі, адамның психологиясы қызық қой…

 

– Сол оқырмандарыңыздың ішінде біреуі: «Нұржан Салтанаттың күйеуі – Ред.) бауырымды киноға тартып көрмедіңіз бе?» депті. Жалпы шоу-бизнесте , не болмаса күйеуін экранға «сүйреп» жүргендер аз емес. Сізде осы секілді ой бар жоқ па?

– Қолымнан келсе, бейнебаяныма бүкіл отбасымды түсіруге дайынмын. Реті мен қисыны келіп тұрса, бұл әбестікке жатпайды. Егер отбасылық әнге бейнебаян түсірсем, неге күйеуімді алып шықпасқа? Нұржан реңді, сымбатты жігіт. Ол да бейнебаянға түсуге қарсылық білдіре қояды деп ойламаймын. Айтпақшы, Нұржан бір фильмнің эпизодына түскен болатын. Егер кейін актер болып кетіп жатса, таң қалмаңыздар… күлді).

 

– Парақшаңыздағы жазбалардың арасында: «Кинодағы жігіттерден күйеуіңіз қызғанбай ма?» деген сұрақ көзіме түсті…

– Екеуіміз қосылған соң, Нұржанның маған қойған өз талаптары бар. Байқасаңыз, телехикаяда менің ешкіммен құшақтасып, сүйіскен эпизодым жоқ. Сондықтан қызғаныш тудыратындай себеп те жоқ…

 

– Сонда «қызғаныш тудыратыны» фильмдегі ашық көріністер ме?

– Жоқ, Нұржан бәлендей бір нақты талап қоймайды. Ең бастысы, ол маған сенеді. Оның маған деген сенімін біле тұрып, мен де азаматымның арына «түрткі» боларлық артық кино-қылық жасамауға тырысамын. Біріншіден, біз бір-бірімізді сыйлаймыз. Екіншіден, мен оны қатты сүйемін. Күйеуім мені өнерден қызғанбайды. Керісінше, күйеуімді мен көп қызғанамын. Неге екенін білмеймін…

 

– Білуге тырысып көрмедіңіз бе? Мәселен, отбасындағы келіспеушіліктер «артық әңгіме» тудырмай ма?..

– Егер бір сұраққа келіспей қалып жатсақ, оны екеуара талқыға саламыз. Содан кейін ғана барып бірлескен шешім қабылдаймыз.

Көбінесе Нұржанның уәжі дұрыс болып шығады. Оның менен жеті жас үлкендігі бар: өмірді көбірек көргендігімен көп нәрсені жақсырақ біледі. Мен қанша тырысып, «өз айтқанымды болдырам» десем де, соңы қате болып қалады. Сондайда ол: «Мен саған айттым емес пе?» деп, өзімді ұялтып тастайды.

Мен әйел пендесі болған соң, эмоцияға көп берілемін. Ақылға салып жатпаймын. Қазақшалап айтқанда, ұшқалақ мінезім бар. Ал Нұржан өте салмақты. Оның сол мінезі мен тұрпатын құрметтеймін. Жалпы, Алла ерлі-зайыптыларды қарама-қайшы мінезбен жарастырады екен. Мәселен, мен ақшаны тез құртып қоямын. Ал Нұржан отбасылық әр шығынды ойланып барып жұмсайды.

 

– Бір телебағдарламада қайын атаңыз: «Келінім әр таң сайын иіліп сәлемін беріп тұрады» деп айтқан еді. Сақа келін болған соң, сол қазақы дәстүр ұмыт қалған жоқ па?

– Орамал тақпасам да, күнделікті сәлемімді салып тұрамын. Мұны маған анам үйреткен. Қазақтың дәстүрін ұстанамын, ата-анамның берген тәрбиесі солай. «Үлкенге сәлем салғаннан сенің белің сынып қалмайды» деп, анам айтып отырады. «Олар – сенің күйеуіңнің ата-анасы, сен жолдасыңды қалай жақсы көрсең, ол кісілерді де солай сыйлауың керек» деген ата-анамның ақылдарын есімнен шығармаймын.

 

– Инста-парақшаңыздағы бір оқырман: «Сізге стилист керек, біртүрлі киінесіз» деп жазыпты…

– Жоқ, стилист маған керек емес. Өзіме ұнаған киімді кие беремін. Киім киюде басқалардың пікіріне жүгінуге мәжбүр емеспін…

 

– Сізді өмірде ғана емес, өнерде де ерке актриса дейтіндер бар. Сіздің бұл мінезіңізді көпшілік «мақтаншақтықпен» салыстырып жатады. Сіз көбінесе қай кезде мақтанасыз?

– Менің жарнамаға түскен роликтегі роліме қарап, мақтаншақ дейтіндер бар шығар. Себебі, тапсырыс берушілердің талабы бойынша, ол роликтің мазмұны солай болуы керек. Жарнама жасау – қазіргі уақытта менің бір кәсіби салама айналды десем де болады. Инста-парақшамда миллионға жетерлік оқырманым болған соң, маған әртүрлі компаниялардан нешетүрлі сыйлық келіп жатады. «Сыйға – сый, сыраға – бал» дегендей, оған рахмет айтуың керек емес пе? Сол үшін мен оларды жарнамалауға мәжбүрмін. Бірақ бұл менің жеке басымның мақтанышын білдірмейді. Керісінше, мен сыйға тартқан дүниелердің барлығын көрсете бермеймін. Егер соны тұтасымен инста-парақшама салсам, онда не боларын білмеймін. Оқырмандар менің парақшамды мүлдем көрмейтін болатын шығар…

 

– Той әндерінің қаптап кеткеніне реніш білдіріп: «Бәлкім, бұл менің кемшілігім шығар, бірақ біз лирикалық, сыршыл әндерді ғана айтамыз» деп, «Арнау» тобының атынан айтқаныңыз бар екен. Мүмкін, бұл пікіріңіз лирикалық орындаушыларды тойға аз шақырудан туған ой шығар…

– Иә, «Арнау» тобы тойда билейтін әндер айтпайды. Репертуарымыз махаббаттың сырын шертетін әуезді-лирикалық әндерге толы. Соған қарамастан, халықтың сұранысына иеміз. Соған қуанамын. Әйтпесе сұранысқа ие болу үшін, әдейілеп той әнін жазған емеспіз. Жақында көңілді ән жаздық. Тойдағы халыққа тек секіріп билейтін әндер ғана емес, жақсы көңіл-күй сыйлайтын әуенді әндер де қажет.

 

Анар ДӘУКЕН,

[email protected]

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн