«Общественная позиция»
(проект «DAT» №40 (357) от 03 ноября 2016 г.
ДАТ!
• Жарты әлемді дүр сілкіндірген Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығын атап өтуге бір жарым ғана ай қалды. Бұл айтулы датаны мемлекеттік деңгейде өткізуге қазақстандық билік тарапынан не істеліп жатыр?
Бірден айтайық – шөптің басын сындырған қимыл жоқ. Дегенмен, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан бүгінгі белсенді азаматтардың мұрындық болуымен қазан айының соңында Астанада үлкен халықаралық конференция өтті. Осы орайда біз «ДАТ!» айдары аясында белгілі журналист, «Желтоқсан жылнамашысы» атанған жазушы Талғат АЙТБАЙҰЛЫН әңгімеге тарттық.
–Талғат мырза, 25 қазан күні Астанада ұйымдастырылған «Қазақстандағы Желтоқсан (1986) көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» деп аталатын халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып келгеніңізден хабардармыз. Халықаралық деңгейде өткен бұл конференцияның бұған дейінгі желтоқсандықтар жиынынан өзгешелігі болды ма?
– Бірінші кезекте айта кетейін, Желтоқсанның тайталасы әлі біткен жоқ. Сол бір ызғарлы желтоқсаннан бері отыз жылға таяу уақыт өтсе де, көтеріліске байланысты соңына жетпей, аяқсыз қалған, түйіндеуді қажет ететін мемлекеттік мәселелер жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Саяси-құқықтық бағасы берілмеді, статусы айқындалмады. Қан төккен, ажал құшқан, алаңда болғаны үшін азап шеккен, тағдырлары тас-талқан күйге ұшыраған қаһармандарымыздың ерлігі ескерілмеді. Осы мәселені тиянақтайық деген ниетпен қаншама конференциялар өтті. Мәселен, сондай үлкен жиынның әуелгісі Желтоқсанның он жылдығы кезінде Ғылым академиясында ұйымдастырылды. Кең ауқымды талқылау болды. Басты баяндаманы сол уақытта мемлекеттік хатшы қызметін атқарған Халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Әбіш Кекілбаев жасады. «Желтоқсан – оқиға емес, көтеріліс. Бүкіл сипаттары соған сай келеді», – деп түйіндегені оған қатысушылардың бәрінің көкейіне қонған.
Алайда әлі де зерттеуі, зерделеуі кем Желтоқсан ол туралы сөз еткен, мақала жазған талайлардың қолданысында оқиға ретінде көрініс тауып қала берді. Содан кейін де көтерілістің 15, 20, 25 жылдығы кезінде ғылыми-практикалық конференциялар әр деңгейде ұйымдастырылды. Бірақ Астанада өткен «Қазақстандағы Желтоқсан (1986) көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» деп аталған соңғы ғылыми-практикалық конференция деңгейіне жете алмаған. Бұл, атауы аңғартып тұрғандай, облыстық, республикалық емес, халықаралық ауқымға иек артқан конференция болды. Ол алыс шетелдері, таяу шетелдері бар – он елден зерттеуші ғалымдар, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер қатысқан айтулы ғылыми шара болды. Мұндай деңгейлі жиын бұған дейін болған емес. Қатысушы елдер қатары бұдан да көп болар ма еді, «Әттең, тонның келтесі-ай» дейтін жағдай кедергі, қолбайлау болмағанда…
– «Ол «қолбайлауыңыз» қаржы деген мәселе екені түсінікті, бұл бүгінде мемлекетіміздің өзін тұқыртып тұр. Ал енді бізге түсініксіздеуі – Желтоқсан көтерілісі Алматыда өткенімен, жөн-жосығы бөлек халықаралық конференцияның айдаладағы Астанада өткені қалай?
– Желтоқсан – қазақ халқының қасиетті тарихы. Ол сонымен бірге арада қаншама жылдар өтсе де, тәуелсіз елміз деп, малақайымызды аспанға атып, жарыла жаздап жүрсек те, әлі күнге дейін саяси-құқықтық бағасын ала алмай келе жатқан қасіретті тарихымыз; халықаралық конференция неге ана жерде өтті, неге мына жерде өтпеді деп сарсаңға салуға мүлде келмейтін тағдырымыз біздің. Бұл бәрінен бұрын халқымыз, қазағымыз үшін керек тарих! Сондықтан Қазақстанның ғана шеңберімен шектеліп қалмай, әлемдік мән-мазмұнға ие осындай басқосу жиындарын көтерілістің бесігі болған Алматыда ғана емес, Астанада, одан ары асып Абылай хан ордасы болған киелі өңірде, тіпті өткен жылы ғана Қазақ хандығының 550 жылдығы дүркіретіп тойланған Тараз төрінде айқайлатып, айбарлатып өткізсе де, әбден жарасар еді.
Қасиетті қазағымыздың мәңгілік мақтан етер Бауыржаны (Момышұлын айтамын) «Адамдардың бәрі бірдей патриот болуы мүмкін емес, ілуде біреуі ғана патриот болады» демейтін бе еді? Міне, сондай, өмірін Желтоқсанға арнаған ардақты ағамыз денсаулығының жоқтығына, дімкәстігіне қарамай, ел аузына іліккен осы конференцияны өткізуге құлшына кірісті. Ол – Сабыр Ахметжанұлы Қасымов деген кешегі Желтоқсан шындығын ашуға барын салған заңгер, саясаттану ғылымдарының кандидаты, Конституциялық соттың мүшесі, одан кейін сенатор болған азамат!
Бір сәт өзің де ой сарабына салып көрші, Бақытгүл, мына уақытта мұндай халықаралық ауқымдағы үлкен жиын емес, үйге екі кісі шақырып, шәй берудің өзі оңайға соқпайды ғой. Қымбатшылық қылқындырған қиын кезеңде тірлік кешіп жатырмыз. Мемлекетті малданып, халықтың ен байлығы есебінен симпозиум, форумдар өткізгіш, стратегиялар жасағыш мырзалар мен ханымдар өз қалталарынан қазағымыздың мәртебесін өсірер осындай келелі басқосу жиынын жасай алар ма еді?..
Сондықтан бұл секілді халықаралық ғылыми-практикалық конференция неге Алматыдан аулақта – Астанада өтті деп күмәнданудың, соған ұйтқы болған азаматтарды кінәлаудың ешбір реті жоқ!
– Жөн-ақ дейік, бірақ біз әлдекімге кінә тағудан аулақпыз. Дегенмен, сол көтеріліске қатысқандарды «іріктеп» шақырды деген әлеуметтік желілердегі пікірге не дер едіңіз?
– Бірден ашығын айтайын, өзім әлі де компьютердің тілін білмейтіндіктен, әлеуметтік желілерде кімнің не деп жатқанынан бейхабармын. Енді алматылық азаматтарды «іріктеп» шақырды деп, бармай қалғандарына өкпе-наз айтушыларға бағыштайтын уәжім: Астанадағы осы конференцияны өткізудің қам-қаракетімен сабылып, сарсылып жүрген азаматтар ешкімді бөле-жара шақырған жоқ. Мәселен, Желтоқсан көтерілісіне байланысты айғақ-кітаптардың 8 томын шығарған, енді көтерілістің 30 жылдығына дейін тағы да екі томын қолға тигізіп, он томдық қомақты еңбек етіп, елге ұсынуды мақсат етіп, ештеңеге мұршасы келмей жүрген мына менің өзім де арнайы шақырту қағазын алмадым.
Ал ақылдасу ретінде үй телефоныма да, ұялы телефоныма да әлденеше рет хабарласқан Сабыр ағамыз: «Бауырым, сен көтерілістің халықаралық салмағы бар айтулы оқиға екенін айта алатын, зерделеп жүрген зерттеуші ғалымдарды, олардың шетелдік әріптестерімен байланыстары бар-жоғын білесің ғой», – деді. Желтоқсан оқиғаларына байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі Комиссияның құрамында айрықша қызмет еткен Алматы архитектура-құрылыс институтының аға оқытушысы, Қазақстан адам праволары жөніндегі қоғамдық комитеттің қосар төрағасы болған Нинель Фокинаны сұрады. «Литературная газетадағы» «Оқшантайдан шыққан адам» деген мақаланың авторы Владислав Янелесті, кезінде оқырмандар қолдан-қолға тигізбей оқыған, «Бірлесу» газетінде басылған Д.Қонаев туралы «Күнгей мен көлеңке», А.Статенин жөніндегі «Партия кімді тәрбиелеген» деген екі материалды жазған Нина Савицкаяны іздестірді. Арада бірер күн өткенде «Комсомольская правдада» «Желтоқсанда, Брежнев алаңында» дейтін материалы жарияланған А.Мурсалиевті таптым деп хабарласты.
Міне, осылай Қазақстан тарихшылары қауымдастығы Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғалымдарымен бірлесе, пікірлесе жұмыс істеп, олардың шетелдік әріптестерін тапты. Сол кісілерге хабарласты, шақырту қағаздарын жіберді. Тағы бір білуімше, Алматыдан Астанадағы конференцияға әдейілеп барған тарихшы ғалымдар Мәмбет Қойгелдиев, Болатбек Нәсенов, Талас Омарбеков, жазушы әрі тарихшы ғалым, Желтоқсан кезінде қудалау көрген Бейбіт Қойшыбаев, ұлтшылдығы үшін бір емес, екі рет сотталған композитор, қоғам қайраткері Хасен Қожахмет, листовка таратқаны үшін үш жасар қызына қарамай, түрме торына тоғытылған Жансая Сәбитова…
Солардың бәрі де Астанаға өз қаржыларымен барып қайтты. Сол секілді өз ықыластарымен сапарлаған ұзын саны жүзге жуық алматылық желтоқсаншылар да дәл солай етті. Жатқан қонақ үйлерінің ақысын өз қалталарынан шығарды. Олардың дені кейінгі кездері осындай шараларда аса белсенділік танытып жүрген «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық патриоттық қозғалысы ұйымының мүшелері. Бұдан басқа да ұйымдардан бірді-екілі, бәлкім, одан да көп өкілдер қатысты. Сол себепті дәл осы іспетті ұлттық, халықтық мүддені ту етіп көтерген жиын шараларына шақыру күтпей, құрмет дәметпей барған жөн-ау деймін. Біз бәріміз 86-ның ызғарлы желтоқсанында солай еттік емес пе?!
– Сонда халықаралық дейтін дәрежелі осы жиынды өткізуге, оның қаржылық жағын қамтамасыз етуге кімдер атсалысты?
– Кімдер деп көбейтудің орайы келе қоймас. Әуелі бір-ақ азамат тәуекел етіп, жеке басына бар ауыртпалықты көтергісі келген екен. Ол – «Астана-жиһаз» жеке меншік кәсіпорнының иесі Нұрлан Есқалиев. Кейін Нұрланның өзімен де жеке сөйлестім. Сөйтсем, ол көтеріліске қатысушылардың бірі болыпты. ҚазМУ-дың заң факультетінің үшінші курсында оқып жүрген кезі екен. Ұсталады, әрине, содан кейін айыпталады. «Коммунист едім, Компартия қатарынан шығарылып, оқудан қуылдым» дейді. Мұхтар ағамыз басқарған комиссияның араласуымен оқуына қайта қабылданады. Сырттай оқып бітіреді. Міне, осы азамат қолға алынғалы жатқан шара туралы естісімен, қол ұшын беріп, демеушілік жасауға өзі құлшынып, мүмкіндігінің барынша атсалысады.
Енді мен осы жерде халықаралық конференцияның жабылар сәтіндегі Сабыр Ахметжанұлының әңгімесіне тоқталайын. «Мен бүгін бақыттымын. Олай дейтінім, 30 жыл бойы осылай етсек екен, көтерілістің әлемдік сипаты бар екенін халықаралық конференция өткізу арқылы барлық елге білдірсек екен деген ізгі мақсатыма жеттім. Бұны ұйымдастырудың оңай еместігін басы-қасында жүрген бәріміз әбден сезіндік. Қаржы жағы қатты қинады. Нұрлан інім Желтоқсан көтерілісі кезінде ғана емес, одан кейінгі уақыттың бәрінде рухының мықты екенін, азаматтық өресінің биік екенін көрсете білді… Енді тағы бір айтатын нәрсе… – деп, Сабыр аға сәл кідіріп, зал толы жұртқа барлай көз салды. – Алайда осыны айтсам ба екен, әлде айтпасам ба екен? Өйткені ол азаматтың өзі ешкім білмесін деп еді…».
Сол сәт залдан «Айтыңыз, айтыңыз!» деген дауыстар бір-бірін жауып кетті. «Ендеше айтайын. Бір күні бәрің өте жақсы білетін, көтерілістен кейін сотталған тоқсан тоғыз желтоқсаншының бірі болып, түрме тозағынан өткен сол азамат маған келіп: «Сабыр аға, ақша жоқ деп қиналғанды қойыңыз. Ақша табылды» деді. «Иә, ол қайдан келген мол ақша?» деп сенер-сенбесімді білмей қуанып кеттім. «Мен үйімді саттым. Абақтыдан да аман келдім. Үйсіз жүріп те күнелттім. Енді қазақ үшін, халқым үшін тағы да бірер жыл пәтер жалдап тұруға болады ғой» деді. «Не дейсің?» деппін… – Ол кісі осылай деді де, жұтынып, көмейіне тас кептеліп қалғандай, бір сәт сөйлей алмай тұрып қалды. Көзінен ащы жас ақты… Залда сол сөзін қыбыр қақпай тыңдаған талайлардың қыстығып жылағанын көрдім, айналайын Бақытгүл!..
– Ақиқаты да, қасіреті де ресми мойындалмаған көтеріліске 30 жыл толады десек, бұрынғы КСРО елдерінің бірқатарында (Украина, Грузия, Балтық жағалауы елдері) кеңестік режимнің қолдан жасаған қанды қырғындарына баға беріп, өз халқының санасы мен зердесін коммунистік зардаптан жуып-шаю науқанын жүргізіп жатыр. Әрине, қызығатын нәрсе. Міне, осындай сәтте Астанада өткен конференция көтерілістің саяси бағасын бағамдауға себепші болады деп ойлайсыз ба?
– Әлбетте, дәл солай болады, бұл шараны сондай мақсат үшін жасалған қарышты қадам деп ойлаймын. Бұрын Желтоқсан көтерілісі туралы өзіміз ғана айтып, оның үстіне биліктің бишігін үйіргендер де: «Сендер – тәуелсіздік қарлығаштарысыңдар. Кеңестер Одағын ыдыратуға бастамашы болдыңдар. Сол арқылы социалистік жүйенің біржола күйреуіне ерекше үлес қостыңдар», – деп, көтермелей сөйлеп, көпшіктерін қалыңдатып қойып, аспандатып тастайтын. Дәл осылай екенін халықаралық конференцияда сөз алған шетелдік азаматтардың бәрі де ауызға алды, өзіміз айтып жүретін пікірімізді шегелеп, нықтай түсті. Желтоқсан көтерілісі әлем елдері бейнесінің өзгеруіне ықпал еткенін жан-жақты талдап, жасаған баяндамалары арқылы ғылыми ой түюге мүмкіндік жасады.
Енді бір мезет ол кісілер кімдер еді дегенге де келейін: Латвияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Юрис Погребнякс, Венгрияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани, Б.Н.Ельцин атындағы Қырғыз-Ресей Славян университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі, Қырғыз парламентінің экс-спикері Зайнедин Курманов, Варшавадағы Азияны зерттеу институтының директоры Владыслав Соколовски, Түркияның Эрджиес университетінің профессоры Абдулкадыр Ювалы, Москвадағы Ресей Мемлекеттік гуманитарлық университетінің кафедра меңгерушісі, психология ғылымының докторы Владимир Кудрявцев, Ресей президенті жанындағы Ресей Ғылым академиясы Сібір басқару институтының саясат және халықаралық қатынастар факультетінің деканы Сергей Козлов, Баку Мемлекеттік университеті түркология кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рамиз Аскер, Моңғолияның мемлекет және қоғам қайраткері, Моңғолия парламентінің вице-спикері және Әділет экс-министрі Цог Логийн, Киев университетінің профессоры Пётро Токарь, Ресей Жаратылыстану академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов. Осы кісілердің және басқа да толып жатқан зерттеуші ғалымдардың, қайраткерлердің жасаған баяндамалары, сөйлеген сөздері халықаралық конференция жұмысы жөніндегі арнайы жинақта жарық көреді. Ал оған дейін Астанада өткен үлкен ғылыми-практикалық басқосу жиыны көтерілістің саяси бағасын анықтауға себепші бола ма, болмай ма деген сауалыңа нақты жауап беру үшін, конференцияға қатысушылар қабылдаған қарарды «ДАТ»-та жариялау үшін ала келдім (қараңыз).
– Ал осы конференцияға билік тарапынан қатысқан лауазымды шенеуніктер болды ма? Жоқ әлде әдеттегідей «өз қотырларыңызды өздеріңіз қасып», бос бу шығарып тарқадыңыздар ма?
– Желтоқсан деген сөз естілсе, биліктегілер селк ете түседі-ау деймін. Дегенмен, айта кетейін, көтерілістің бес жылдығы нағыз халықтық еске алу сипатында өткені есімде. Таңертең күн жауындатып, одан соң қарлатып кеткеніне қарамай, алаңға кісі көп жиналды. Үлкен мерекелерде Димаш Ахметұлы бастаған үкімет адамдары қаздай тізіліп, қол бұлғап тұратын мінбердегі бір шоғыр топтың ортасында Нұрсұлтан Назарбаев та тұрды. Құдай біледі, елбасымыздың елдің арасына қорықпай-үрікпей келіп, емін-еркін тұрған соңғы сәттерінің бірі сол болуы керек. Содан кейін айналасында қорғағыштары көбейді, тіпті еселеп арта берді. Халықпен бетпе-бет әңгімеден қашатын болды. Ол кісі өзі бастап сөйткен соң, өзіне ұқсап еліктеген көшірмелері де (министрлер мен әкімдерді айтамын) сондай түр танытып, мінез көрсететінді шығарды. Желтоқсаншылар шеттей бастады. Міне, биыл 30 жылдығы. Енді Астанадағыдай халықаралық деңгейдегі жиын өтпейтіні айдан ақиқат. Өкініштісі сол, үкімет үйінен де, Астана қалалық әкімшілігінен де ешкім қара көрсетпеді. Шіркіндер өтірік болса да, конференцияға келгендерге құттықтау жолдай салуды білмеді-ау!..
Енді оған кімдер келіп, не деді десеңіз, оған да тоқтала кетейін. ҚР сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов пен ҚР мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытбек Смағұлов құттықтау сөз сөйлеп, конференция жұмысына оң ықылас білдірді. Залдың алдыңғы қатарында ҚР парламенті мәжілісінің депутаты, Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Нұртай Сабильянов, ҚР парламенті мәжілісінің экс-депутаттары Серік Әбдірахманов, белгілі саясаткер Уәлихан Қайсаров және басқа да халық танитын біраз кісілер отырды. Алаңда атойлаған Желтоқсан батырлары бу да, шу да шығармай, тып-тыныш, кезегімен сөз алған шетелдік ғалымдар мен саясаткерлердің, сөйлеуші шешендердің ағынан ақтарыла жасаған баяндамаларын, лебіздерін ұйып тыңдады.
Арасында дүркірете қол соқты. Шыны керек, желтоқсаншылардың сөз тыңдау мәдениетін осылай әдемі сақтап, таңертеңнен кешке дейін қатарлары сетінемей отырғанын 30 жылда бір көрмеппін… Демек, халықаралық конференция бәріне ұнады. Көкейлеріндегі тыншу бермейтін бар мәселе қозғалды.
– Қазақстандық билік жар астында жасырынып тұрып, ың-шыңсыз өткізген осы шараға қарағанда, бұл конференцияны өткізуге рұқсат «птичка» қоюдың, билік үндемей қалды дегізбеудің амалымен берілген жоқ па?
– Тағы да шырылдаған шындыққа жүгінейін: бұл халықаралық ғылыми-практикалық конференция, орыстар айтатындай, биліктегілерге «моя хата с краю» деген сияқты тірлік болды. Сөйтіп, өткен тарихымызды, халықтық тағдырымызды биік бағалайтын бәріміз үшін мақтанып айтатын мәртебелі жиынға айналды десек, биліктегілер үшін «жай тірлік» қана болғандығы менің де ішімді удай ашытады.
Әлем елдерінің мемлекет және қоғам қайраткерлері мен әйгілі ғалымдары, зерттеушілері, саясаткерлері айрықша айтып, аса жоғары баға берген Желтоқсан көтерілісінің сыр-сипатын бағамдай алмай жатуымыз, әрине, көңіл құлазытатын өте аянышты жағдай. Бірақ осылай деумен ғана шектелеміз. Бүгінгі қоғамдық ахуалымыз осындай… Ұлт мәселесі, қазақ халқының мүддесі дегенде билік тізгінін ұстағандардың тұқырып, тұғжыңдап, үндері құмығып шықпай қалатынына әбден етіміз үйренді емес пе!
Сондықтан да Алашорда қозғалысының 100 жылдығы, осы қозғалыстың ұлы көсемі Әлихан Бөкейхановтың ЮНЕСКО бағдарламасына енгізілген 150 жылдық мерейтойы, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің ғасырлық атаулы тарихы өз дәрежесінде ескерілмей, бұған дейінгі сүрлеу-соқпағымен елеусіз өтіп барады. Желтоқсан көтерілісі де соның шоқпыт кебінін киді. Бүгінгідей биліктің пиғыл-пайымына салсақ, басқадай болуы әсте мүмкін емес…
Біздің әңгімеміз қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалыстарының заңды жалғасы секілді саналатын Желтоқсан көтерілісіне қатысты болғандықтан, бүкіл телекөрермендердің көз алдында болған, артынша үлкен газеттерде басылған елбасымен жүргізген сұхбатқа тоқтала кеткенім де жөн шығар. Ол өткен жылдың соңында болған еді. Сонда Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығына байланысты қойылған сауалға Нұрекеңнің жауабы қысқа қайырылып: «Қайрат Рысқұлбековке Халық Қаһарманы атағы берілді. Оны сонда бой көрсеткен жастарға марапат ретінде қарастыруға болады. Бұл күн менің Жарлығыммен Демократиялық жаңару күні болып жарияланды. Қатысушыларды еске қалдыру тұрғысында ескерткіштер орнатылды, көптеген көшелер Желтоқсан атына ие. Біздің жастарымыз патриотизм және өз елін қорғауға дайындық рухында тәрбиеленуге тиіс», – деумен түйінделді.
Ол кісі айтарын айтты, ал біз қандай ой түйеміз? Әрине, әрі-сәрі күйде қалдық. Көтеріліс атап өтілер күнге ай жарым ғана уақыт қалды. Әзірге қозғау байқалмайды. Сонда қалай, жалғыз Қайратқа Халық Қаһарманы атағы берілсе, ол атақ күллі қан төккен, ажал құшқан, атаусыз қалған, ауру-сырқаулы болған, бүгінде бейшараның күйін кешумен әзер жүрген сормаңдай желтоқсаншыларға ортақ па? Үйсіз-күйсіз, жерсіз қалып, кісі есігінде телмірумен күн кешіп жүрген оларға не дейміз?..
Әй, ағайын, осы кісілік пе? Өзгелерге өнеге, үлгі болатын үрдіс пе? Еткен еңбек, ел үшін, елдің ертеңі үшін, ұлт мүддесі үшін жасалған ерлік күрес мемлекет тарапынан бағаланбаушы ма еді? Ол қашан болады, қай кезде болады? Оны кім жүзеге асырады?.. Міне, бәрі-бәрімізді он ойландыратын, тоғыз толғандыратын толғақты мәселе! Астанадағы Сабыр Қасымов білек сыбана кірісіп, бәтуәлі етіп өткізген халықаралық конференция осындай келелі ой қозғап қана қоймай, әдемі нүктесін де қоя білді. Ендігі міндет жүгі – билікте!..
– Желтоқсандағы саяси қуғын-сүргін тарихына мемлекеттік мәртебе берілмеу себебі – Ресейді ашуландырып алмаудың айла-амалы деп ойламайсыз ба?
– Біз 300 жылдай орыс отаршылдарының қамытын киіп, тас қамауында болған халықпыз. Патшалы Ресейдің жүргізген зымиян саясатын коммунистік жүйе одан әрмен тереңдетті. Жаппай орыстана бастадық. Бодандық езгінің уыты басымыздан бақайшағымызға дейін бойлай енді, ұялап алды. Бүгінгі биліктің сана-сезімі, ой-түсінігінің әбден уланғаны сондай, өз еркіндігімізді алайықшы, іргеміздегі өзбектер мен қырғыздар секілді өмір сүрейікші деген халықтық таңдауымызға ден қояйын демейді. Сол себепті әрбір әрекетімізді, тіпті ауыздан шығар әрбір сөзімізді әлдеқашан бөлек, іргелі ел болған Ресейдің Мәскеуде отырған патшасының көңіл-күйін бағып, абайлап айтамыз. Қарапайым халықта, қазақтарды айтамын, оларда кінә жоқ. Билік тізгінін ұстағандарда ғой бар гәп! Олар кеше Компартия тұсында республикамызды басқарған еді, әлі де биліктен қол үзбей отыр. Олардың үкіметке әкелген ізбасарларының барлығы дерлік бодандық тәрбие тезінен өткендер. Шетінен орысшыл.
Сондықтан да сөз жүзінде тәуелсізбіз дегенімізбен, іс жүзінде бұрынғымызша Путин түшкірсе, жан ұшырып «жәрәкімалла» деумен келеміз. Оларсыз таңымыз атып, күніміз шықпайтындай… Әрине, содан кейін орыс патшалығының, одан соң кеңестік жылдардағы орыстардың мүддесін бәрінен жоғары қойған Мәскеудегілердің ұстанымына қарсы шыққан күресіміздің бәрі біздің орысшыл билікті үркітеді, олар туралы айттырмауға тырысады. Бұл бүгінгі қасіретіміз…
– Ал қазақстандық билік Желтоқсан көтерілісінің жас ұрпақты патриоттық сезімде тәрбиелеуге тікелей әсері бар саяси мәртебесін төмендетіп, оны әлеуметтік деңгейге түсіріп тастады деген пікірдің жаны бар ма?
– Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қыз-жігіттердің маңдайларын әжім торлап, шаштары бозқырауланды. Алаңда таяқ жегені, итке таланғаны, абақтыға қамалып көрген қорлығы, қуғын-сүргінге ұшырауы олардың жүректерін жаралады. Сонда бекер шығыппыз дейтін жағдайға келді. Бүгінгі биліктің «құрмет-сыйы» осындай…
Десе де, мен білетін желтоқсаншылар біз кеше мұзды алаңда бірге болып едік қой, бұдан кейін де қатарымызды бұзбайық, мақсат-мүддемізді бірге қорғайық, өз мәртебемізге қол жеткізейік деумен келеді. Осы оймен жүргендеріне енді ай жарымнан соң артық-кемсіз отыз жыл толады. Орда бұзар отыз жылда бастары піспеді, пісірмеді. Ақиқатын айтқанда, билік ұстанымына қолайлысы осы болды. Егер 86-ның желтоқсан айындағыдай ұйысып кетсе, ол жер сатып, елдің бар байлығын бұтарлап бөліп алған биліктегілерге үлкен қатер тудырар еді. Осыны әбден біліп алған. Биліктегілердің осы ұстанымы желтоқсаншылардың бір-бірлеріне деген қадірін қашыруға ықпал етті. Горбачевтің шовинистік шешіміне қарсы жұмылған жұдырықтай түйіліп мінез көрсеткен олардың сегіз-тоғыз ұйымы бар. Бір-бірлерін мойындамайды. Бастары қосыла қалса, «сен сотталмағансың», «сен алаңда болмағансың» деп кінәласады. 30 жылдықтың қарсаңындағы желтоқсаншылардың бет-бейнелері осындай…
Менің өкінішімнің үлкені – біз Желтоқсан көтерілісі қаһармандарының қайталанбайтын ұлы ерлігін жас ұрпақты ұлтжандылық, отаншылдық, мемлекетшілдік рухында тәрбиелейтін мектепке айналдыра алмадық. Бұл бүгінгі биліктің үлкен кемшілігі. Тамыры әріге кеткен осы кемістіктің салдарынан мақтанышымыз болуға тиісті Желтоқсан көтерілісі күні бүгінге дейін өз деңгейінде насихатталып, аталып өткен емес… Биыл да жетім қыздың тойындай болып өте шығар түрі бар…
– Халқымыздың хас батыры Бауыржан Момышұлы: «Әділет, шындық, ақиқат түптің түбінде жеңеді. Бір өкініштісі, ол сәл кешігіп жетеді» деген екен. Желтоқсан көтерілісіне қатысты осы «кешігудің» себебі бір ғана адамға – президент Назарбаевқа ғана тіреліп тұр деген пікірді қалай дамытар едіңіз?
– Тарихта тұлға дейтін ұғым бар ғой. Сөз жоқ, президентіміз – тұлға. Тұлғалық деңгейге биіктемесе, мұншама кеңістікті иеленіп, қисапсыз жер үсті, жер асты байлықтарын меншіктеген кең байтақ Қазақстанда 30 жылға жуық уақыт билік тізгінін ұстап тұра алар ма еді?! Ұнатайық, ұнатпайық – Назарбаев біздің президентіміз. Ол кісі жеке-дара авторитарлық билік құрып отыр. Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл бойы өзгермеген көзқарасы енді аяқ астынан басқаша бола қалады дегенге сенбеймін, сенбеймін және сенбеймін…
Алайда дау-дамайсыз ақиқат – ештеңе ескерусіз ұмыт қалмайды. Жақсылықтың да, жамандықтың да бағасы беріледі. Бұл – өмір заңы.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан –
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»
ҚАНДЫ ҚАРАР…
«Қазақстандағы Желтоқсан (1986) көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының Қарары (ықшамдалып жарияланып отыр).
1. 1986 жылғы қазақ жастарының Алматы мен Қазақстанның басқа да қалаларында орын алған тоталитарлық режим мен әділетсіз ұлттық саясатқа қарсы бағытталған наразылығы Желтоқсан көтерілісі деп аталсын;
2. Желтоқсан көтерілісіне белсене қатысқан барлық қатысушылары Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі жолында өмірі мен тағдырын құрбан еткен күрескер (Қаһарман) ретінде ресми мәлімделсін;
3. Қазақстандағы 1986 жылғы көтеріліс дүниежүзілік-тарихи мәні бар оқиға болып саналып, КСРО-ның құлауы мен социалистік лагерьдің жойылуына ықпал етіп, әлемдік геосаяси жағдайдың өзгеруіне әкелді деп танылсын;
4. ҚР Парламенті депутаттарына «Желтоқсан (1986 ж.) көтерілісіне қатысып, биліктің заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен құрбандардың барлығын ақтап, мәртебесін беру туралы» заң жобасын даярлау тапсырылсын;
5. «Желтоқсан-86» көтерілісіне 30 жыл толуына орай ҚР үкіметіне, барлық министрліктер мен ведомстволарға, әкімдіктерге орталық аппараттардағы секілді барлық облыстарда көтеріліске қатысушыларға құрмет көрсету белгісі ретінде өткізілетін іс-шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылсын;
6. Көтерілістің 30 жылдығына орай Алматы қаласында демеушілер есебінен мұрағаттық, фото-құжаттық, ұлттық рухани, адамгершілік-патриоттық және тағы басқа да тәрбиелік мәні бар залдар мен сақтау қоймаларын қамтитын «Желтоқсан-86 тарихи-мемориалдық орталығының» іргетасын қалап, кешенді құрылыс жұмыстарын бастау керек. Бұл оңтүстік астанамыздағы Желтоқсан құрбандарын еске алуға қолайлы тәрбиелік мәні зор, насихат жұмыстарын жүргізетін мінәжат орталығы болады;
7. ҚР Парламенті мен ҚР Білім және ғылым министрлігіне «Желтоқсан-1986» көтерілісін жан-жақты зерделеп, арнайы ғылыми-зерттеу бағдарламасын жүзеге асыру үшін бюждеттен қаржы бөлу туралы өтініш жасалсын;
8. Президент әкімшілігіне, Мемлекеттік марапаттау комиссиясына көтерілістің 30 жылдығына орай оның белсенді қатысушылары мен құрбандарын марапаттау туралы ұсыныстарды қолдау өтініш етілсін;
9. Қазақстан Республикасының Үкіметіне Желтоқсан қаһармандарын мәңгілік есте сақтау үшін арнайы қаулы қабылдауға (Пошта маркасы, кітап сериялары мен естеліктер, көтеріліс пен оған қатысушы батырлардың атына қала көшелерін беру, ескерткіштер, т.б. орнатуға) өтініш жасалсын;
10. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне, «Оқулық» орталығына, мектеп, колледж және жоғары оқу орындары оқулықтарының авторларына «Желтоқсан-1986» көтерілісіне қатысты арнайы тараулар енгізуге өтініш білдірілсін;
11. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевқа 16-17 желтоқсанды Жалпыұлттық Қаһарман-батырларды еске алу күні деп, ал Тәуелсіздік күнін «Алашорда» үкіметі құрылған 13 желтоқсанға (1917 ж.) ауыстыруға өтініш білдірілсін;
12. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне, жоғары оқу орындары ректорларына, гуманитарлық бағыттағы ҒЗИ директорларына, республиканың ғылыми және шығармашылық қоғамдарына жыл сайын халықаралық «Желтоқсан оқуларын» өткізуге ұсыныс жасалсын;
13. Жоғары оқу орындары ректорларына, магистранттар мен докторанттардың
ғылыми жетекшілеріне Желтоқсан көтерілісімен тікелей байланысты диссертациялық зерттеу тақырыптарын таңдау еркі ұсынылсын.