НЕ СӨЗ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №40 (357) от 03 ноября 2016 г.

Апта аптығы

Темірқазық


Сөйлегенде сужұқпас жылпың жорға Нұрекең соңғы кездері сөзден сүрінейін деген сияқты. Бұл әлде қартайып, шау тартқан шалдықтың белгісі, әлде «мен білем» деген дағдарыс дағдыға айналып кеткен, қазақтың қарапайым атауындығы «мылжыңдықтың» кері болса керек.

Қараңыз – таяуда ғана ел президенті қаржы министрі Бақыт Сұлтановты қабылдады. Бұлардың екеуара сөзін бағып, қасында тұрған ешкім болмағаны анық. Бірақ елбасының есебін түгендейтін баспасөз қызметі мен кернейші телеарналар сол кездесудің біраз егжей-тегжейін тарқатыпты. Сондағы президенттің айтқаны (жолма-жол):

«Төрт көлігі барлар біреуінің құнын берсін. Бұған мемлекетімізде рұқсат бар. Қаржы министрлігі 5 миллионға сатып алған үйін жүз мың деп көрсеткендерді жіті бақыласын. Яғни, біз осыншама ақшаға үй сатып алуға рұқсат береміз. Ал рұқсат бар жерде, салық та бар», – депті Нұрсұлтан Назарбаев.

Осындағы «төрт көліктің біреуінің құнын берсін» дегені не сөз? Есі дұрыс адам «біреуінің құнын» теп-тегін қалай береді? Арамтамақ үкіметті адал ақшасымен жарылқаудың орнына бұл өмірден «төртінші» көлік мінбей-ақ өтпей ме?

Жоқ, «төртіншісін», тіпті «бесіншісін» мінсін. Бірақ осының бәрін ол өз атына жазып алатын ақымақ па? Бір отбасында төрт адам болса, төрт көлік төртеуінің атына жазылуы – Қазақстан түгілі, Марста да солай шығар…

Ал «осыншама ақшаға үй сатып алуға рұқсат береміз» дегенін қалай түсінеміз? «Бізі» кім – өзі ме, өкімет пе? Өзі болса, бір айтқаны бар еді: «Байыңдар, ауқатты адамы көп қоғам – бай қоғам» деп. Өкімет болса –халықты қанау арқылы күн көрген өкіметтің билік басында отырғандардан басқаға керегі бар ма?

Ендігісі мынау – «құн төлесін» деп, халықтың қалтасына кезекті қолды сұғуға ишара білдіріп отырғаны. Иә, бұл үкімет халықтың мүлкін заңдастыру арқылы ақша тапсын. Тіпті мемлекеттік меншікті жаппай сатып, қазынаның жыртығын жамаймыз деген «жалмау» саясатына да тірі жан қарсы шыққан жоқ. Сатсын – бұған дейін кім қой депті?!

Бірақ сатарға түгі қалмаған соң, халықтың қалтасына «қол сұғудың» соңы жақсылыққа апармаса керек-ті. Біріншіден, бұ халықтың 90 пайызында «төрт көлік» түгілі, тышқақ лақ қалғаны – некен-саяқ. Екіншіден, бір басында «төрт көлігі» бар бақуаттыларды халықтың арасынан емес, Ақорданың айналасынан іздеу керек. Үшіншіден, тіпті ел ішінде «төрт көлікті» қатар мінгендер болып жатса, ондайлар бәлелі қуысқа бармақ тықпайды: оларға «құн төлеуден» бұрын, сол «төртінші» көлігін өртеп жіберген тып-тыныш тірлік болады.

Төртіншіден, «Фейсбук» желісінен бір жазбаны оқыдым (алда-жалда қауіпке қалдырмайын деп, аты-жөнін атамадым). Ол былай деп жазыпты: «Бір кісі 4 көлігі барлар біреуін өкіметке берсін депті. Өзінің байлығы 100 миллиард «долдыр» деп естіп ем. Соның 25 миллиардын, күйеу баласының 1 миллиардын салыққа құйса, 30-дық емес, 10-дықты қақыратып кіріп барып, «нұрланайын» деп тұрмыз ғой, обшым…».

Бесіншіден, бұл жазбаға алып-қосарым жоқ…

Ермұрат БАПИ

 

 

Уақыт уыты

«Днодан өттік» дей ме? Қалай өттік осы, суы тартылғасын өттік пе, әлде прәм судың астымен дноны басып-басып өтіп кеттік пе? Қашан өтіп жүрміз? Пәмитімде дым жоқ…

  • Шара Тұрмағанбетованың ФБ-парақшасынан.

 

 


 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн