Суббота , 5 июля 2025

Бекжан ТҰРЫС: Театрға көзі көретін, құлағы еститін ШЕНЕУНІКТЕР ҒАНА КЕЛЕДІ

«Обще­ствен­ная позиция»

(про­ект «DAT» №40 (357) от 03 нояб­ря 2016 г.

 

Бей­сен­бі­де­гі бетпе-бет

 


 

Театр әле­мін­де өзін­дік орны бар талант­ты, әрі бел­гілі актер Бек­жан ТҰРЫС жуы­қта «Намыс» ордені­мен мара­пат­талған бола­тын. Бұдан да басқа бір­не­ше сый-атаққа ие болған актер өткен жылы 50 жасқа толуы­на орай «Ұлым, саған айта­мын» атты моно­спек­таклі­мен жұрт­ты бір тебірент­кені есі­міз­де. Сұх­ба­ты­мы­зда қыз­мет, ман­сап­тан бұрын қаза­қтың тағ­ды­ры мен ұрпақ бола­шағы­на баса көңіл бөлетінін айтқан Бек­жан мыр­за ішкі жан тебіренісі­мен де бөлісті.

 

– Бек­жан мыр­за, тая­у­да сіз «Намыс» ордені­мен мара­пат­талған екен­сіз. Әле­умет­тік желі­де сіздің аты­ңы­зға құт­ты­қтау көп болды…

– Бұл жоға­ры жақтан беріл­ген мара­пат емес, қоғам­дық мой­ын­да­удың бел­гісі. Халы­қтың еңбе­гім­ді еле­гені деп білем. Бұған дей­ін Бауы­р­жан Момы­шұ­лы атын­дағы «Намыс» ордені қоғам аты­нан тап­сы­ры­ла­ты­нын өз басым біл­ген жоқпын…

Аллаға шүкір, мара­пат­тан құр алақан емес­пін. Бұдан басқа М.Мақатаев атын­дағы және «Дарын» сый­лы­қта­ры­ның иегері­мін. Бұлар – актер­дің еңбе­гіне көр­сетіл­ген баға шығар деп ойлай­мын. Маған халы­қтың ықы­ла­сы­нан асқан мара­пат жоқ. Ұста­зда­ры­мыз «Атақ ізде­ме, ол сені іздеп тап­сын» деп айтып оты­ра­тын. Сол сияқты біре­удің алды­на шығып, атақ сұраған да, ізде­ген де емеспін.

– Бұл мара­патқа сіз­ге дей­ін ие болған нарқасқа қаза­қтар­дан кім­дер бар еді?

– Бұры­нғы­ла­рын біле алма­дым. Ал білетінім – мұн­дай мара­патқа театр тара­пы­нан ие болған ешкім жоқ. «Намыс» орденін «ұлт­тың бет пер­десі» аталған Мәм­бет Қой­гел­ді, Әмин Тұяқов аға­ла­ры­мы­з­бен қатар алу – маған жақ­сы сезім тудыр­ды. Әр сана­лы адам­да «Мен мара­патқа ие бола­тын­дай, не тын­дыр­дым?» деген сұрақ бола­ды. Егер мен халқым үшін ешнәр­се жаса­маған бол­сам, онда маған мұн­дай мара­пат беріл­ме­уі керек еді. Сон­ды­қтан кіш­кен­тай бол­са да, сіңір­ген еңбе­гім, қосқан үлесім бар шығар деп ойладым.

– Деген­мен, бір сұх­ба­ты­ңы­зда «Атақ деген­ге мен аса қызы­ға бер­мей­мін…» деген екен­сіз. Содан да болар алға­шқы мем­ле­кет­тік атақты жасы­ңыз бел ортаға жет­кен­де алған екен­сіз. «Атақ адам­ды өзгер­те­ді» деген сөз бар. Сіз­де сол «өзгеріс» қалай болды?

– «Атақ адам­ды өзгер­те­ді» деген­ге кел­сек, бұрын қан­дай бол­сам, қазір де сол қал­пым­да қал­дым. Атақ қыз­метіңе деген жау­ап­кер­шілік­ті арт­ты­ра­тын болу керек. «Атақ-абы­рой­дың келуі де, кетуі де бір сәт­тік» деп баяғы­да ұста­зда­рым айт­пақ­шы, ең бірін­ші ұлтым­ның алдын­дағы абы­рой­ым­ды жоғалт­па­уды тілей­мін. Мағ­жан Жұма­ба­ев­тың «Мен үшін атақ − халқым үшін өлгенім» деген сөзі бар. Тит­тей бол­са да ұлты­ма үлесім тисе, маған одан артық құр­мет­тің, атақтың қажеті жоқ.

– Ал бүгін­де жас әнші, артист, актри­са­ла­ры­мыз «еңбек сіңір­ді» деген желе­умен небір атақтар алып жатқа­нын білесіз. Солар­дың көп­шілі­гі билік­ке «еңбек сіңір­ген» соң атақ алды деген сөз де қоғам­да жиі айты­ла­ды. Осы үрдісті қалай баға­лар едіңіз?

– Атаққа лай­ық сіңір­ген еңбе­гі шынайы бол­са, беріл­гені дұрыс та шығар. Досбол би: «Біздің кез­де бақ – бәсі биік адам­дарға ғана қона­тын сұңқар құсы сияқты еді. Қазір қай жер сасы­са, соған қона­тын қара шыбы­нға айнал­ды» деген екен…

Иә, атақты осы күні әркім ала беретін бол­ды ғой. Таны­мал­ды­лы­ққа қыз­мет ететін заман болып кет­ті. Кім таны­мал, соған атақ бере сала­ды. Бұрын театр­дағы жасы үлкен аға­ла­ры­мы­здың атақ­сыз жүр­генін көр­ген­де, біздің жаны­мыз ауы­ра­тын. Театр мен кино­ның қара жүгін арқа­лаған аға-әпке­лері­міздің өзі бер­тін келе атаққа қолы жетіп жатқан­да, кей­бір еңбе­гі сіңіп үлгер­ме­ген жаста­ры­мыз «еңбек сіңір­ген» деген атқа ие болады.

Айт­пақ­шы, осы­лай сөй­ле­генім үшін «Бек­жан біре­удің атағын қызған­ды» деген сөз­ге қалуым да мүм­кін. Бірақ қан­ша атаққа ие болып тұр­са да, сол адам­ның бет-бей­несі­нен оған қалай қол жет­кіз­гені айқын көрініп тұруы тиіс. Расын сөй­ле­сек, менің жасым­дағы есті аза­мат атақты ойла­май­ды. Қалға­нын біл­медім, өз басым ұлт бола­шағы­на көбірек алаң­дай­мын. Өзі­ме-өзім «ұлтым үшін мен не бітір­дім?» деген сұрақ қоя­мын. Мені мара­пат­тан бұрын, бүгін­гі ұлтым­ның өз бол­мысы мен қадір-қаси­етін арт­ты­ру ойла­ры маза­лап жүр. Бүгін­де біздің бол­мысы­мыз, руха­ни құн­ды­лы­ғы­мыз бәрі тона­лып, қаза­қы­лы­ғы­нан айнып бара жатыр. Мәде­ни­еті­міз де көмес­кі­леніп, өзгенікін көшір­гіш құлға айна­лу­да­мыз. Өзі­міз­ден кей­ін­гі ұрпақтың бола­шағы­на қат­ты алаңдаймын.

– Кей­де ара-тұра бас­пасөз бет­тері мен әле­умет­тік желілер­ден қазір­гі қоға­мға неме­се шене­унік­тер­ге қаты­сты сыни көзқа­рас­та­ры­ңы­зды бай­қап қала­мыз. Сізді басқа­лар сияқты «тыныш» жүр­гіз­бей­тін не күш, Бек­жан мырза?

– Оған ешқан­дай күштің кере­гі жоқ шығар. Табиғат­тың бер­ген мінезі. Мек­теп­те бізді адал­ды­ққа, әділет­тілік­ке, тура­шыл­ды­ққа, шын­шыл­ды­ққа үйрет­ті. Ұста­зым Шол­пан Жан­дар­бе­ко­ва театр­дың ішін­де­гі кем­шілік­тер­ді сон­дағы­лар­дың бет­теріне басып, кесіп айта­тын. Сол кісі­ден жұққан нәр­се. Осы­ным үшін мені жек көретін адам­дар­дың мол­дау екенін де біле­мін. Өйт­кені ешқа­шан әділ­дік­тен, шын­ды­қтан айны­ған емес­пін. Бәрі­міз жақ­сысын айта­мыз, ал жама­нын кім айта­ды? Билік­ке сон­да қай­сысы сын айта­ды? Олар­да қателік жоқ деп ойлай­сыз ба?

Біздің зия­лы­лар ара­сы­нан үкі­мет­тің шалыс басқан қада­мын айта­тын адам табу қиын. Тіп­тен олар өза­ра бір-біріне сын айта алмай­тын хал­ге жет­ті. «Өтірік­ші шын­ды көте­ре алмай­ды, өкпе­шіл сын­ды көте­ре алмай­ды». Билік­ке қазір сын айт­саң, сені қар­сы пікір біл­діру­ші, «оппо­зи­ци­о­нер» ретін­де қабыл­дай­ды. Мен қаза­ққа жау емес­пін – досы­мын. Қаза­қты жақ­сы көре­мін. Бәл­кім, сын­ды содан соң көбірек айта­тын шығармын…

– Қоғам мерезін ашық айтам деп жүріп, «өсу мүм­кін­ді­гін» жіберіп алма­ды­ңыз ба? Мәсе­лен, сіз­ден талан­ты асып тұр­ма­са да, жасы әлдеқай­да кіші әріп­те­стеріңіз театр дирек­то­ры неме­се театр ұжы­мы­ның көр­кем­дік жетек­шісі болып жатыр дегендей…

– Қыз­мет­те көтерілу­ге, бір жер­ге бас­шы болуға әуе­сті­гім жоқ. Дәл қазір қыз­метім­ді өсір­се, бас тар­та­тын едім. Бас­шы­лы­ққа шақы­рған ешкім жоқ. Тіп­тен ондай орын ұсын­бай-ақ та қой­сын. Бас­шы болу қолым­нан кел­мей­тін іс. Әркім өзінің сүй­ік­ті ісі­мен айна­лы­суы керек. Менің кәсібім − актер­лік. Өз ісім­нің шебері­мін деп айта ала­мын. Мен тағ­ды­рым­ды теат­рға бай­лаған­мын. Алла­ның бер­ген талан­тын алып жүр­сем болға­ны. Сон­ды­қтан мені актер­лік­тен басқа дүние қызықтырмайды.

– Беке, қоғам өкіл­дерінің қаты­суы­мен кешелі-бүгін Қаза­қстан­да «Мәде­ни­ет тура­лы заң» талқы­ла­нып жатыр. Бұй­ырт­са, ол тая­у­да пар­ла­мент­тің қабыл­да­уы­на түседі. Қоғам­ның мәде­ни­ет ата­улы­дан алшақтап бара жату себебі неде деп ойлай­сыз? Мәсе­лен, бірқа­тар қай­рат­кер аза­мат­тар бұны қоғам дамуы­ның тоқтап қалуы­нан, жаңа леп – өзгерістер­дің бол­мауы­нан көреді…

– Мәде­ни­ет­ке көңіл бөл­мей­тін­дік­тен кен­де қалып бара­мыз! Оны анау жоға­ры­да оты­рған­дар жөн­деу керек. Мәде­ни­ет­тің тағ­ды­ры­мен солар айна­лы­спа­са, онда сая­сат­кер болып қажеті не? Осы­ған дей­ін ондағы­лар эко­но­ми­ка деп кел­ді. Енді мәде­ни­ет­ке көңіл бөлетін уақыт туды.

Біз­де қазір халы­қтың сана­сын улап жатқан – жаһан­дық, жасан­ды мәде­ни­ет үрдіс алып бара­ды. Айғай-шудан құралған жалған пат­ри­о­тизм келе­ше­гі­міз­ге кедер­гі кел­тіреді. Осы күні тарихын, тегін біл­мей­тін ұрпақ өсіп келе жатыр. Ұлт­тың уызы­на той­маған ұрпақтың ертең­гі күні ұлтқа жаны аши­ды, баға­лай­ды деген­ге сен­бей­мін. Бәрі­міз кілең шоудың жете­гін­де кетіп бара жатыр­мыз. Бұл өте қорқы­ны­шты. Теле­ар­на­ны қоса қал­саң – шоу.

Ұлт­тың сөзін сөй­леп жүр­ген қан­ша­ма аза­мат­та­ры­мыз бар. Даңғыр­лаған музы­ка­лар­дың орны­на солар­ды көбірек наси­хат­та­май ма?! Кезін­де қанқұй­лы Гит­лер «Кез кел­ген елдің сана­сын мағы­на­сыз әндер­мен жау­лап алуға бола­ды» деген екен. Осын­дай сақты­қ­па­лы-соқ­пақты заман­да көшті алға бастай­тын жан­дар­дың жоқты­ғы қын­жы­л­та­ды кейде.

– Бұрын­да­ры бір сұх­ба­ты­ңы­зда: «Біздің шене­унік­тер теат­рға кел­мей­ді» деп айтқан екен­сіз. Бүгін­де сол жағ­дай өзгер­ді ме? Теат­рға келетін кон­тин­гент­тің негізін қан­дай әле­умет­тік топқа жатқызасыз?

– Теат­рға көзі бар, құлағы ести­тін адам ғана келеді. Шене­унік­тер әлі де кел­мей­ді… арғы жағын айт­па­сам да түсін­ген болар­сыз. Теат­рға билет алып жатқан бір шене­унік­ті көр­ген емес­пін. Бір депу­тат­тың қой­ы­лы­мы болған­да ғана қуа­ны­шы­на ортақ­та­сып оты­ра­тын жанын­дағы жол­даста­рын ертіп келуі мүм­кін. Ал бір күнім­ді теат­рға арнай­ын­шы деген неме­се театр­дың жағ­дай­ын арнайы сұрап кел­ген бір­де-бір депу­тат­ты көрмедім.

Шене­унік­тер теат­рға кел­ме­ген соң, өнер­дің жолы оңай емес екенін біл­мей­ді. Қан­ша­ма жаста­ры­мы­здың бас­па­на жағ­дайы өте қиын. Сол жас актер­лер­ге жатақ­ха­на бер­се де болар еді. Бірақ ондай­ды көр­ген де, есті­ген де емеспін.

– Темір­бек Жүр­ге­нов атын­дағы Өнер ака­де­ми­я­сын­да сабақ беріп жүр­ген кей­бір ұста­здарға көңіліңіз тола ма?

– Қазір ака­де­ми­ядағы ұста­здар қауы­мы­на көңілім онша тола бер­мей­ді. Заман­даста­рым мен кей­бір аға­лар бұл сөзі­ме рен­жі­месін: бірақ ол жер­де сахна көр­ме­ген, не актер болып қалып­тас­паған адам­дар сабақ беріп жүр.

– Бүгін­де сахнаға шыға­руға дай­ын­дап жүр­ген қомақты рөліңізді айта оты­рып, шығар­ма­шы­лық жаңа­лы­қтарға да тоқта­ла кетсеңіз.

– Жақын­да теат­ры­мы­зда «Ақта­стағы Ахи­ко» атты тари­хи дра­ма­ның пре­мье­ра­сы өтті. Баға­сын көре­рмен­дер бере жатар. Ол жер­де қаза­қы бол­мысын жоғалт­паған, өзім­нің табиға­ты­ма сай келетін қарт кісінің бей­несін сомдап шықтым. «Ұлым, саған айта­мын» моно­спек­таклі­ме бай­ла­ны­сты әр жер­ден «Тек Алма­ты ғана емес, басқа жақта да қаза­қтың бар екенін ұмыт­паңыз!» деген хат­тар келу­де. Соған бай­ла­ны­сты алдағы уақыт­та гастроль­ге шығу жос­па­рым­да бар. Бірақ спек­такль­де­гі рөл­дер­ден босай алмай жатыр­мын. Теат­рға бай­ла­нып отырмын.

– Бүгін­гі театр­лар кей­ін­гі жыл­дарғы тоқы­ра­удан шықты деп айта ала­сыз ба?

– Кеше­гіні бүгін­гі­мен салы­сты­руға бол­май­ды. Қол­дан кел­ген­ше еңбек етіп жатыр. Біздің театр тоқы­ра­уда бол­ды деп айта алмай­мын. Өзін­дік орны, дәре­же­сі бар. Керісін­ше, еңбек еткен ұлы­ла­ры­мы­здың кезін­де театр жаңа­рып отыр­ды десе бола­ды. Жаңа кел­ген бас­шы­ла­ры­мыз бар күш­терін салу­да. Қалай бола­рын бола­шақ көрсетеді.

– Осы сұх­бат­та біз сұра­маған, бірақ өзіңіз айт­сам дей­тін қан­дай мәсе­ле­ге көңіл тоқтатқан­ды қалар едіңіз?

– Іште жүретін ішкі ойлар­дың бәрін айту мін­дет емес шығар?! Берісін айтар бол­сақ, қоғам­нан сұлулық кетіп, адам­дар­дың бет-бей­несі бұзы­лып бара­ды. Шын­ды­ққа бір табан жақын бола алмай келе­міз. Қари­я­сы жоқ елміз. «Әй» дей­тін сонау Асқар Тоқ­па­но­втар біз­ге дәл қазір керек. Бауы­р­жан Момы­шұ­лы сияқты бәрін қағып тастап оты­ра­тын ата қажет. Баяғы­да сөздің құдіретін білетін қазақ едік. Бізді оқы­тқан ұста­здар «Шын талант − ұлт­тың үні болып сөй­лей­ді» дей­тін. Сон­ды­қтан ішім­де­гі сөзді сүбелі сұх­бат­пен ғана емес, сахна­да да айтып жүр­ген адам­мын. «Ұлым, саған айта­мын» деген моно­спек­такль­де бүгін­гі әр ойлы қаза­қтың ішін­де жүр­ген дүниені айт­тым. Пен­де­шілік­тің құр­са­уы­нан шыға алмай жүр­ген аға­ла­ры­ма деген назым бол­ды бұл. Бірін­ші­ден, мерей­той жасай­тын адам­дарға сабақ бол­сын дедім. Екін­ші­ден, шынын­да, бола­шақ ұрпақтың тағ­ды­ры­на алаң­дай­ты­ным­ды көр­сет­тім. Осы арқы­лы есті адам­дар­ды селт еткізіп, естерін жинатқы­зғым келді.

«Мен – пат­ри­от­пын» деп кеудесін қаға сөй­лей­тін кісілері­міз ұлт­тың басы­на қауіп төн­се, үні шық­пай қала­ды. Тіп­тен заман­даста­рым­ның ара­сы­нан «Ұлт тағ­ды­рын ұлт­тың тілі шеше алмай­ды» деп, ана тілін орыс тіліне жығып бер­ген «сахна жұл­ды­зда­рын» біле­мін. Ал солар­дан не күту­ге бола­ды? Бұл қыз­меті жоға­ры, қолын­да билі­гі бар адам­дар­дың алдын­да жал­пақтай­тын заман бол­ды. Өңшең жан­дай­шап­тар­дың мекені. Осын­дай қоғам­да ешкім­ге керек бол­май қала­мын ба деген қорқы­ныш іштей мүжиді.

– Сұх­ба­ты­ңы­зға рах­мет, аға!

 

Анар ДӘУКЕН,

[email protected]

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн