«Общественная позиция»
(проект «DAT» №45 (362) от 08 декабря 2016 г.
Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын (ТКК) жоюды көздейтін заңдық процедураларды тоқтатуға шақырды. Құқық қорғаушылар Шымкенттің экономикалық соты 5 желтоқсанда Қазақстан Әділет министрлігінің ТКК-ге қарсы шағымын қарауға кіріскенін айтады. Құқық қорғаушылардың кеше таратқан мәлімдемесінде Қазақстандағы өнеркәсіп саласы жұмысшыларының өзге кәсіподақтарына да жойылу қаупі төніп тұрғаны айтылады.
Human Rights Watch-тың Еуропа және Орталық Азия бағдарламалары бойынша директоры Хью Уильямсон Қазақстан халықаралық міндеттемелеріне сай жұмысшылардың ерікті түрде бірігуіне рұқсат беруі тиіс дейді. Құқық қорғаушылар медициналық жұмысшылар, көмір өндірушілер және басқа да салалар қызметкерлерін біріктіретін ТКК мен оның филиалдарын жою – конфедерацияны Қазақстанда 2014 жылдан күшіне енген Кәсіподақ туралы заңға сай Әділет министрлігінде тіркеуге қою әрекеттерінен соң жасалып отыр дейді.
Заңда кәсіподақтарды тіркеу талаптары күшейген және ол кәсіподақтар қызметі туралы халықаралық заң талаптарына қайшы келеді. «Қазақстан кәсіподақтарды үкімет емес, жұмысшылар құратынын және ол жұмысшылар құқығын қорғау үшін қызмет ететінін есте ұстауы тиіс. Қазақстан билігі кәсіподақтарды қауіп көзі емес, ел дамуында үлкен рөл атқара алатын маңызды институт ретінде көруі тиіс», – дейді Уильямсон.
Өткен айда HRW баяндамасын жариялап, Қазақстанды жұмысшылар құқығын, оның ішінде жиналу, бірігу және ереуіл өткізу құқығын бұзып отыр деп айыптаған. Құқық қорғаушылар Еңбек кодексі мен Кәсіподақ туралы заңды халықаралық талаптарға сәйкестендіруге шақырады.
Azattyq.org