«Общественная позиция»
(проект «DAT» №47 (364) от 22 декабря 2016 г.
ДАТ-САУАЛНАМА
Міне, тағы бір жылды тарих қойнауына тапсыру тақаты таяу қалды. Халқымыздың «ескі жыл – есірке, жаңа жыл – жарылқа» деген ниет-тілегімен «ДАТ» басылымдар жобасы белсенді қоғам азаматтары арасында сауалнамалық сұхбат жүргізген еді. Ескі жылды шығарып салып, жаңа жылды жақсы үміттермен қарсы алар сәтте өткенге шолу жасап, биылғы қоғамды мазалаған ортақ ойларды топшылау нәтижесі төмендегідей болды.
Дос КӨШІМ, қоғам қайраткері: ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСІ бір жерді тесіп шығады
– Өтіп бара жатқан жылы есте қалатын басты оқиға – Жер мәселесі екеніне ешкімнің дауы жоқ шығар. Қазақтың намысын жаныған «Жер дауын» шешуді ел президенті неліктен 5 жылға кейін шегерді? Жер кодексінің жекелеген баптарына мораторий жариялау себебі неде деп ойлайсыз?
– Меніңше, бұл оқиғаның басты себебі – биліктің бассыздығы, шектен шығуы, өзінің қызмет етіп отырған халқынан өзін ақылдымын деп санауы сияқты. Бұл, өкінішке қарай, кез келген шексіз биліктің басты ауруы. Олар өздерін халықтың қызметшісімін, халықтың ойын, мақсатын жүзеге асырушы ғанамын деп ойламайды, «мен осы бір ақымақ тобырды бастаушымын, сондықтан барлығын өзім кесіп, өзім шешемін» деп ойлайды. Әсіресе демократияның (халық билігі) иісі мұрнына бармайтын адамдардан құралған мемлекеттерде бұл дерт кең таралған.
Қазақ елі де адам құқықтарын терең меңгерген, азаматтық қоғамның принциптерін, демократия құрылымдарын жатқа айтатын елдерге жатпайды, бірақ ғасырлар бойы келе жатқан ұлттық қасиеттерін – ұлттың құндылықтарын – жоғалтпаған халық. Сондықтан жерге, тілге, дінге қатысты мәселелер әрқашан бір жерден тесіп шығады. Бұл – қазақи мінез, қазақи тәрбие, қазақи менталитет. Орыс тілді биліктің бұл қасиетті түсінуі қиын деп ойлаймын.
Жер кодексінің кейбір баптарына мораторий жариялаудың басты себебі – ойламаған жерден туған қазақ қарсылығын тоқтатудың басқа жолы қалмағаны болар деп ойлаймын. Меніңше, осы жағдайда Жер мәселесін талқылауға арналған Қоғамдық комиссия да үлкен жұмыс атқарды. Жер кодексінің ішіндегі кемшіліктер мен жерді бөлу, жалға беру, жеке меншікке сату мәселесін шешетін комиссиялардың жұмыстарындағы жариялылық пен ашықтықтың сақталмауы, т.б. мәселелер ашылды. Оларды шешу үшін президенттің жариялаған бір жылының жетпейтіні анық болатын. Өкінішке орай, басты мәселе – жерді сату мен шетелдіктерге жалға беру мәселесі сол күйінде қалды…
– Биылғы жаздағы Жер мәселесіне қатысты оқиғалар (митингілер, қамаулар, қылмыстық және әкімшілік соттар) қазақ ұлт патриоттарының басын біріктіріп, белсенділігін арттыра алды ма?
– Жоқ! Меніңше, Жер комиссиясына кірген ұлтшыл азаматтар ғана сол комиссия шеңберінде жақын араласып, тактика мен стратегиямызды үйлестіру жұмыстарын жүргізді, бірақ оны «ұлтшылдардың бастары бірікті» деп атау артық сияқты. Біздер әлі күнге дейін құрылымдық деңгейде біріккен жоқпыз. Алайда Жер мәселесі ұлтшылдардың бір орталыққа бірігу қажеттілігін тағы да бір дәлелдеді деп ойлаймын.
– Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығын лайықты дәрежеде атап өтуге қазақстандық билік не себепті құлықты болмады?
– Өз басым биліктің Желтоқсан оқиғасына қандай көзқарас ұстанатынына көңіл бөлмейтін деңгейге жеттім. Шынында да, неліктен біз билікке қарап жалтақтай береміз?! Әлде қазақ халқының барлығы мойындаған Желтоқсанды билік мойындамаса, сол күн атаусыз қалады деп қорқамыз ба?
Желтоқсан – мемлекеттің мейрамы, мемлекеттік мереке емес, ол – ұлттық мереке, ол – қазақ халқының кез келген уақытта әділетсіз қоғамға қарсы көтеріле алатындығының көрінісі. Меніңше, біздің билікке қазақ жастарының әділетсіз жүйеге қарсы көтеріле алатындығы жақпайтын сияқты («Ұрының арты қуыс» дегендей…).
Негізі, Желтоқсанды тойлаудың қандай лайықты дәрежесі болуы керек – білмеймін… Құран оқу, еске алу, осындай қанды оқиғаның енді қайтіп қазақ даласында қайталанбайтын қоғамды орнату ғана желтоқсандықтарға лайықты дәреже болмақ. Біз билікті сынауға құмармыз, бірақ халық пен билік денелері жабысып қалған сиам егіздері емес қой. Егер билік халыққа көңіл қоймаса, халық та билікке жоғарыдан қарай білуі керек. Мүмкін, билік сонда ғана ойланатын болар.
Айта кету керек, жер дауынан кейін биліктің бағытында да белгілі бір өзгерістер болды. Мұхтар Шахановты, Әзімбай Ғалиды, Әміржан Қосановты, осы сұхбаттың иесін, т.т. мәжілістің жұмысшы топтарына шақыра бастады (Бірақ ең қызығы – бұл жерде де биліктің сасық қулығы қалмайды екен – сол жұмысшы топтарға біздер өзіміздің қаржымызбен барып келуіміз керек екен. Мұндай жағдайда айына 120 мың теңге жалақы алатын Дос Көшімнің Астанаға барып келе алмайтыны түсінікті болар. Бірақ кейіннен биліктің: «Міне, біз оларды заң шығаруға да қатыстырдық, бірақ келмеген өздері кінәлі», – деп айтуына толық болады).
Алғаш рет желтоқсандықтарға 30 жылдыққа арнап шығарылған төсбелгі табысталды, Жаңа жылдық шыршаларды Тәуелсіздіктен кейін орнату да халықтың көтерген мәселесі, қысқасы, өзгерістер де бар. Әңгіме сол өзгерістер мемлекеттің халықтың көңілін уақытша аулау тәсілі емес, нақты саяси бағыты болуында сияқты. Оны болашақ көрсетеді.
Уәлихан ҚАЙСАРОВ, қоғам қайраткері: Биліктің берекесіздігіне ХАЛЫҚТЫҢ КӨЗІ ЖЕТТІ
– Биылғы жылғы мәжіліс сайлауы, билік басындағы ауыс-түйістер мемлекеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдайына ықпал ете алды ма?
– «Ықпал» дегеннен гөрі, президенттің басшылығымен бір жылдың ішінде істеп үлгерген «іс-шаралар» деп айтуымыз керек шығар. Өйткені былтыр тамыз айында өзінің нұсқауымен болған ұлттық валютаның девальвациясы халықтың әл-ауқатын айтарлықтай төмендетті. Одан кейінгі сайлау мен ауыс-түйістер де өз нәтижесін берген жоқ. Керісінше, бұл биліктің қолынан ешнәрсе келмейтініне халықтың көзі тағы да бір рет жеткен сияқты. Оған соңғы кездерде әлеуметтік желілерде президент және жалпы үкімет туралы келемеж-анекдоттардың көбейіп кеткені дәлел.
– Үкімет басшылығынан «КНБ» төрағалығына ауысқан Кәрім Мәсімов ел экономикасын дағдарыс тығырығына тап қылса да, жуықта жоғарғы мемлекеттік марапатқа ие болды. Үкіметті он жылға жуық басқарса да, экономиканы тұралатып тастаған Мәсімовке бұл марапат не үшін берілді деп ойлайсыз?
– Жалпы, Мәсімовтің бірнеше рет үкіметті басқарған жылдарын Қазақстанның тұрғындарынан гөрі, президенттің өзі ғана білетін, елден жасырған бір құпиясы бар. Халық болса, Мәсімовтың «мәселесін» төл теңгенің төрт рет құнсызданғанымен және ұлттық экономиканың терең дағдарыстарымен байланыстырады. Әзірше Қазақстанда мемлекеттік марапаттар, сыйлықтар және қызметтік лауазымдар адамдардың жеке қабілетіне қарай емес, оның билікке толық берілгеніне қарай беріледі. Осы саясаттың нәтижесі елге әшкере болып жатқанын билік білсе де, білмегенге салып бағуда.
– Мұхтар Әбілязовтің француз түрмесінен босап шығуы қазақстандық оппозицияның жандануына әсер етеді деп айта аласыз ба?
– Әлбетте! Әбілязовтың өзі «Ютубқа» берген сұхбатында толық жауап берді деп айтуға болады. Бұған қоса, ондай өзгерістерді жүзеге асыру үшін Мұхтардың шексіз мүмкіндікке қолы жетті. Әсіресе халықтың биліккке наразылығы, бір адамның президенттік тақта отыз жылға жуық отырғаны, ұлттық валютаның жыл сайын құнсыздануы, бағалардың өсуі, жемқорлықтың жайлауы – айта берсек, ұзын-сонар тізім таусылмайды. Яғни, бүгінгі билікке қауіп төніп тұр деп айтуға болады. Осы жағдайды билік сезбей отырған жоқ. Сондықтан алдағы күрес екі жаққа да өте ауыр болатын түрі бар. Осы мәселені Әбілязов та ескергені жөн деп санаймын…
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы: Қайғысы – қуанышынан басым БОЛҒАН ЖЫЛ ДА ӨТТІ
– Өтіп бара жатқан жылдың басты саяси тренді (Жер мәселесінен басқа) не болды деп ойлайсыз?
– Меніңше, бұл әттеген-айы табысынан, қайғысы – қуанышынан әлдеқайда басым түскен кезекті жылдың бірі болды. Алдыңғыларынан жалғыз ерекшелігі – бұған дейін қордаланып, шешілмей келген түйткілдер бұрыннан бетер ушыға түсуі. Елдің тыныс-тіршілігі нашарлады, тиісінше әлеуметтік наразылық күшейді. Көше араласаң да, Интернет кеңістігін кезсең де, көзге түсетіні дәл осы. Азаматтарымыз алаңға шыққан қарсылығы тек Жер дауы екенін білдірмейді. Өзіне-өзі қол жұмсап жатқандардың саны көбеюі, жастардың шетелге безуі, қылмыс пен лаңкестіктің кеңінен етек жаюы – жағдайдың шиеленіскенін айғақтайды.
Алайда билік тарапынан көріп отырғанымыз – аталған қиындықтарды еңсеру мен елдің ахуалын жеңілдетудің орнына сол баяғы ескі әуен: салық пен айыппұлды көтеру, Ұлттық және Зейнетақы қорына қол салу. Жемқорлықты ауыздықтаудың орнына араны одан бетер ашылды. Шындықты айтып, халықтың мұңын шаққандарды тыңдаудың орнына оларды қыспаққа алып, бас бостандығынан айыруға білек сыбана кірісті. Ал енді ащы ақиқаттан безіп, оған тұтас қауымды сендіру мақсатында –той-томалақтан көз ашпау, теледидарды әзіл-сықақ пен келімсектердің құлына айналдыру, жағымпаздық пен жеке басқа табынушылық шектен шығып, бір-бірін ордендермен марапаттауы – қолдан берген мүмкіндіктерін пайдалана алмай, босқа кеткен кезең де осы шығар!
– Биыл Алаш қозғалысы мен Ұлт-азаттық қозғалысының 100 жылдық датасы билік тарапынан не себептен лайықты дәрежеде атап өтілмеді?
– Қарап отырсақ, 2016 жыл біздің еліміз үшін маңызды тарихи да саяси оқиғаларға толы болды. Өзіңіз айтып отырған Алаш қозғалысы мен Ұлт-азаттық қозғалысының 100 жылдығымен қатар, Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын, Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығын, Жаңаөзен қырғынының 5 жылдығын атап өтсек болады. Осы оқиғаларды егеменді ел ретінде терең ұғынып, бостандық жолында ерлік көрсеткен тұлғаларды ұлықтап, барымызды жинақтап алуға керемет мүмкіндік туып еді. Оны да үстіртін де формальды іс-шаралармен жаба салды. Кейде ресми орындар Қазақтың шын мәнісіндегі тарихын біліп-тану, оны дәріптеу былай тұрсын, тіпті мойындауға құлықсыз сияқты. Басқаша болған жағдайда жоғары мінбелерден Қазақ мемлекетінің тарихы тек 1991 жылдан бастау алады, Ұлы дала хандарының бірі де мемлекеттікті баянды етуде айтарлықтай іс тындармаған сыңайдағы сөздерді естір ме едік?
Әрине, жанға бататын, намысқа тиетін нәрселер. Онын себебіне келер болсақ, ең алдымен шынайы Тәуелсіз ел бола алмағанымыз, отарлық һәм құлдық сана-сезімнен арылмағанымыз деп білемін. Және ең өкініштісі – бүгінгі саяси элиталар жағдайды қалыпқа келтіруге мүдделілік танытпауы. Сондықтан бұл міндет ерте ме, кеш пе, саяси сахнаға келетін жаңа ұрпақтың қолынан келеді деп сенемін. Халық болып осы бағытта жұмылуымыз қажет. Онсыз ұлт ретінде өзімізді танып, мықты мемлекет орнатуымыз, демек, жарқын болашаққа қол жеткізуіміз неғайбыл.
– Жуықта ел президенті мемлекеттік құрылымдар арасында билікті бөлісу мүмкіндігін тағы да сөз етті. Н.Назарбаевтың бұл емеурінін сіз қалай түсіндіңіз: қоғамды кезекті алдарқату ма, жоқ әлде транзиттік кезеңге дайындық қамының басталғаны ма?
– Ешқандай транзиттік кезең басталған жоқ. Ол жайында президенттің өзі де талай рет биліктен кетпейтіндігін, денсаулығы мұрсат берсе, басшылықта отыра беретіндігін айтқан болатын Ал уақыт өткен сайын жүргізіліп тұратын сан алуан әкімшілік, құрылымдық, басқа да реформалар қандай да алға басу мен жаңашылдық әкелетініне өз басым сенбеймін. Соңғы ширек ғасырда ондайдың қаншасы жарияланды? Сонда шенділердің санының артқанын есептемегенде, не тындырылды?
Сөз болып отырғаны сыртқы пішінін косметикалық, сәл көрікті етіп, ішкі мазмұнын баяғы қалпында сақтап қалудың қамы ғана. Тиісінше, түбегейлі саяси реформалар іске аспай, сөз жүзіндегі емес, нағыз демократия орнықпай, оның негізгі құндылықтары болып табылатын сөз бостандығы, митингтер мен шеру еркіндігі, баспасөз бен соттың тәуелсіздігі, биліктің халық бақылауында болуы қамтамасыз етілмей, ешнәрсе өзгермейді. Бірақ бұл мақсатқа қол жеткізу үшін қоғамның өзі оянуы қажет, әрбір азамат Қазақстан – менің Отаным, менің ұрпақтарымның жері, мен оның болашағына жауаптымын деп сезінуі керек. Ал тәубешілдікке жүгініп, жұмған ауызды ашпай отыра берсек, аянышты жағдайдан айықпайтынымыз анық.
Мұхан ИСАХАН, дінтанушы: ҚАНДЫ ҚАСАП ОҚИҒАЛАР – жіберген қателігіміздің қайтарымы
– Өтіп бара жатқан жылы қоғамда дінаралық жік (дәстүрлі ислам мен салафизм арасындағы) өрши түсті. Бұл жікшілдіктің басты себебі неде?
– Әсілі, Ақтөбе мен Алматы қаласындағы орын алған содырлық оқиғаға қарап, осылай ой-қорытынды шығарсақ, қателескен боламыз. Себебі дәстүрлі ислам мен салафизм арасындағы жікшілдіктің ушыға түскеніне талай жылдар өтті. Сарапшылар Қазақстан қоғамында бір-біріне қарсы екі діни лагерь шеп құрып, қырғи-қабақ рәуіште қырқысып келе жатқанын айтып-ақ келеді. Мысалы, ақпарат кеңістігінде белгілі бір діни тұлғалардың дәрпін асыруға немесе қаралауға бағытталған ауық-ауық мәліметтер жарық көреді. Мылтықсыз майдандағы бұл ойындардың астарына үңілетін болсақ, бір-біріне қарсы діни топтардың арасында нән соғыстардың жүріп жатқанына көзіңіз жетеді.
Ал елімізде орын алған соңғы лаңкестік оқиғалар мәселенің шырқау шегіне жеткенін әйгілейді. Жалпы, бұл соғыстың тарихы – арысы мың жыл, берісі үш ғасырдың еншісіне тиесілі. Ақида тақырыбындағы антропоморфизм (Жаратушыны жаратылысқа ұқсату) мен транцедентті (Құдайдың заты ақылға сыймайды) түсініктер, фиқһ тақырыбындағы захиршілдік (буквализм) мен рационалды әдіснамалардың қайшылығы ешқашан толастаған емес. Тек сунниттік ислам мен неохарижиттік ағымдардың арасындағы шақпақ әр дәуірде әр кеңістікте шағылып отырды. Тәуелсіздік алған жылдары билік діни мәселелерді реттеуде тәжірибесі болмағандықтан, осы бітіспес даудың дәні Қазақ топырағына себілуіне жол беріп алды. Себілген ұрық екі мыңыншы жылдардан кейін бүр жарып шығып, өнім бере бастады. Ағымдағы жылы орын алған қанды қасап оқиғалар – тоқсаныншы жылдары жіберген қателігіміздің қайтарымы десек болады.
– Қоғамдағы салафизм ағымын ауыздықтау мәселесінде қазақстандық билік тиімді қадамдар жасап жатыр деп ойлайсыз ба?
– Салафизм мәселесін ауыздықтауға билік қал-қадерінше тиісті шаралар жасап бағуда. Бірақ түбегейлі еңсеруге нақты қадамдар жасалды деуге әлі ерте. Тегі, 2011–2012 жылдары орын алған лаңкестік оқиғалардан соң билік батыл қадамдарға бару керек еді. Дегенмен, мәселені бейбіт жолмен реттеуге қолынан келген шараларды іске асыруда. Мысалы, 2012–2017 жылдар аралығында діни экстремизм мен терроризммен күрес бағдарламасы қабылданып, осының аясында көптеген алдын алу шаралары жүргізілді. Атап айтар болсақ, Дін істері комитеті тарапынан РАТТ (республикалық ақпараттық түсіндіру тобы) және ҚМДБ тарапынан РАНТ (республикалық ақпараттық насихаттық топ) құрылды. Бұдан өзге әрбір облыс пен қала және аудандарда ЖАНТ (жергілікті ақпараттық насихаттық топ) жасақталды. Осы құрылым өкілдері еліміздегі діни тұрғыда ушығып тұрған өңірлерде мыңдаған кездесулер мен жиындар өткізіп, теріс діни бағытта жүрген қаншама отандастарымыздың бетін қайтарды.
– Қазақстандағы діни мәселелерді реттеу мақсатында құрылған жаңа министрліктің қызметіне қандай баға бересіз? Әсіресе салафизммен күрес мәселесі тұрғысында бұл құрылымның өкілеттігін арттыру қажет деп санайсыз ба?
– Жаңадан құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жұмысына баға беруге әлі ерте. Әйткенмен, ведомствоның аты өзгергенмен, бұл уәзірлік 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол кезде (2011 ж.) Дін істері агенттігі болып құрылған еді. 2014 жылы үкімет құрылымы қайта жасақталғанда, Дін істері агенттігі Дін істері комитеті болып құрылып, Мәдениет және спорт министрлігінің құрамына өтті. Осы жылы жоғарыда айтылған содырлық оқиғалардан соң билік Дін істері және азаматтық қоғам министрлігін құрды. Әлбетте, биліктің бұл қадамы оң өзгерістерге мұрындық болады деп ойлаймын. Әсіресе министрліктің құрамына Дін істері комитетімен бірге Жастар комитетінің енуі құптарлық жайт. Себебі қазір дәстүрлі емес діни ағымдар негізінен жастар арасында қанат жайған. Аталмыш екі комитеттің бір уәзірліктің құрамында болып, қанаттаса бірге жасауы – діни мәселелерді реттеуге оң септік ететініне үміттімін.
Сауалнама жүргізген –
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»