АМЕРИКАНЫ – ТРАМПТАН, Еуроодақты – ыдыраудан ҚАЛАЙ ҚОРҒАУҒА БОЛАДЫ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №1 (365) от 12 января 2017 г).

 

Қырғи-қабақ әлем

 


 

Джордж Сорос 2017 жылғы өзгерістер мен қауіп-қатерлер туралы

 

«Европейская правда» әйгілі қаржыгер және филантроп Джордж Соростың «Ашық қоғамды қорғау қажет» деген мақаласын жариялады. Онда жаңа АҚШ әкімшілігі туралы, оның диктаторлық режимдермен (оның ішінде ресейлік режим де бар) мүмкін болатын байланысы, жақын болашақта кездесуі мүмкін проблемалар туралы Соростың болжамдары ашық айтылған. Ықшамдалып жарияланып отырған мақаланы аяғына дейін оқып шығуға кеңес береміз, ол соған тұрады.

 

Саяси жүйенің екі түрі бар: бірінде адамдар өз мүдделерін қорғайтын көшбасшыларын сайлайды, екіншісінде – көшбасшылар өз мүдделері үшін қол астындағылардың тағдырын тәлкекке салады. Ағылшындық философ Карл Поппердің ықпалымен мен бұлардың біріншісін – ашық қоғам, екіншісін – жабық қоғам деп атадым.

Әрине, бұл классификация тым қарабайырлау.

Тарихта мұның бірнеше деңгейі мен варианттары кездеседі – жақсы жұмыс жасап тұрған және ештеңе де қолынан келмейтін мемлекеттер бар. Бәрі де әр кезең, әр жердің сол сәттегі нақты жағдайына байланысты. Дегенмен де, мен осы екі типтегі режимді айыра білген пайдалы деп есептеймін. Мен біріншісінің белсенді адвокатына, ал екіншісінің қарсыласына айналдым.

Қазіргі тарихи кезең мен үшін өте ауыр болып тұр – ашық қоғам кризисте, ал жабық қоғам, фашистік диктатура мен мафия билеген мемлекеттер өрлеу үстінде.

Бұған қалайша жол берілді? Меніңше, мұны тек былай ғана түсіндіруге болады: сайланған басшылар өз сайлаушыларының күткен үдесінен шыға алмады, олардың ойлағанындай болмай шықты, сөйтіп олардың демократияның негізгі түрлері мен капитализмнен әбден көңілдері қалды.

Былайша айтқанда, сайлаушылардың көпшілігі элита демократияны өздерінен ұрлап алғанын сезініп отыр.

СССР тарағаннан кейін АҚШ демократия прициптері мен еркін нарықты ұстанған жалғыз ғана астам держава болып қалды. Содан бері болып өткен жалғыз ғана өзгеріс – қаржы нарығының жаһандануы. Оны жақтаушылар жаһандану ортақ байлықтың еселенуіне алып келеді деген сенімде болды. Егер ұтысқа шыққандар өз жетістіктерін ұтылғандармен бөліссе, бәрібір ақыр аяғында ұтыста болады деп есептелді. Бірақ бұл алдамшы аргумент, өйткені ұтқандар бәрібір ұтылғандардың жоғалтқандарының орнын толтыра алмайтындығы ескерілмеді. Дегенмен де, ұтқандар осы аргументті қолдау жолында бірталай ақшаларын жоғалтты. Бұл еш кедергісіз, еркін кәсіпкерлікке сенетіндердің жеңісі еді, мен оларды «нарықтық фундаменталистер» деп атаймын.

Қаржылық капитал экономикалық дамудың ажырамас құрамдас бөлігі, сондықтан тек кейбір дамушы елдер ғана өз қаржыларымен өздерін қамти алды, ал жаһандану орман өртіндей жайылып кетті. Қаржылық капитал салық пен реттеуден қашып, еркін қозғалысқа түсудің мүмкіндігі туды.

Жаһанданудың ұзаққа кететін экономикалық және саяси салдары бар. Ол бай және кедей мемлекеттердің экономикалық байланысына алып келді, сонымен қатар ол бай және кедей мемлекеттердің теңсіздігінің ұлғаюына да соқтырды.

Бұдан дамыған елдердегі жалпы халықтың 1%-дан да азын құрайтын ірі қаржы капиталының иелері ұтысқа шықты. Түскен табысты бөлу саясатының жоқтығы наразылықтың көзі болып отыр, мұны демократияға қарсы күштер ұтымды пайдалануда. Бұдан басқа да әсіресе Еуропада қосымша факторлар жеткілікті.

 

Мен әуел бастан-ақ Еуроодақтың құрылуының белсенді жақтаушысы болдым. Ортақ игілік үшін өз суверенитетінің белгілі бір бөлігін беруге дайын демократиялық мемлекеттер ассоциясының құрылуы – ашық қоғам идеясының жүзеге асуы деп есептедім.

Еуроодақ, Поппер «әлеуметтік сатылы инженерия» деп атаған сферада батыл эксперимент түрінде басталды. Көшбасшылар алдарына қолжетімді мақсат қойды, фиксацияланған график түзді, әрбір қадам келесі қадамға жол ашатынын айқын сезіне отырып, алға қойған мақсаттарына жету жолында барлық ерік-жігерлерін жұмылдырды.

Еуроодақта көмір мен болаттың еуропалық бірлестігі дәл осылай құрылып дамыды. Бірақ артынан іс кері кете бастады. 2008 жылғы тоқыраудан кейін тең дәрежедегі ерікті бірлестіктер кредиторлар мен борышкерлер одағына айналды. Мұнда борышкерлерге өз міндеттемелерін орындау қиындай түсті де, кредиторлар олар бағынуға тиісті өз шарттарын қоя бастады.

Бұл қарым-қатынастар тең және ерікті емес еді.

Германия Еуропадағы гегемон мемлекетке айналды, бірақ ол гегемондар атқаруға тиісті міндеттемелерді орындай алмады. Атап айтқанда, ол өзіне тәуелді адамдардың мүддесінен гөрі, өзінің жеке мүддесін көбірек қорғаудан әрі аса алмады.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі АҚШ пен 2008 жылғы тоқыраудан кейінгі Германияның өзіндік ұстанымдарын салыстырып қараңыз: АҚШ бүкіл ЕО-ның дамуына алып келген «Маршалл жоспарын» құрды, ал Германия өзінің жеке мүддесіне ғана қызмет ететін қатаң экономика бағдарламасын іске қосты.

Екі Германия қосылар алдында бұл ел Еуропа интеграциясының басты қозғаушы күші болды: олар барлық уақытта да қарсыласқандарды жеңу үшін өзінен сәл артығырақ беруге дайын еді. Маргарет Тэтчердің ЕО бюджетіне қатысты барлық талаптарын орындаудағы Германияның қосқан үлесі естеріңізде ме?

Бірақ екі Германияның «1-ге 1» моделі бойынша қосылуы тым қымбатқа шықты. «Lehman Brothers» құлдыраған кезде Германия өзіне қосымша міндеттеме алатындай соншалықты бай емес екендігін мәлімдеді. Кейін Еуропа қаржы министрлері жүйесі бірде-бір маңызды қаржы ұйымдарының құлауына жол беруге болмайтындығын мәлімдеген кезде Германия канцлері Ангела Меркель өз электоратының нені қалайтынын дәл бағамдай отырып, ЕО-ның әрбір мүше-мемлекеті өз қаржы ұйымдарының жағдайына өздері қамқорлық жасауы тиіс деп мәлімдеді. Бұл дезинтеграция процесінің басы болды.

2008 жылғы тоқыраудан кейін ЕО және Еуроаймақ бұдан әрі әрекет жасауға қабілетсіз бола бастады. ЕО-ға мүше елдердегі басымдыққа ие көрсеткіштер Маастрихт келісім-шартында көрсетілгеннен басқаша сипат ала бастады, бірақ бастапқы келісім-шартты өзгерту қиын, тіпті мүмкін емес, өйткені ол өзгерістерді қайта ратификация жасау мүмкін емес еді.

Сөйтіп Еуроаймақ ескірген заңдылықтың құрбанына айналды. Аса қажетті өзгерістерді енгізу – қабылданған құқықтық құжаттың осал тұстарын айналып өту арқылы ғана мүмкін болды. Осылайша ЕО билік органдары күрделене түсті, ал сайлаушылар олардан қашықтап, жаттана бастады.

Еуропаға қарсы қозғалыстардың күш алуы – басқару институтының өз функциясын атқаруына одан да зор зардабын тигізді. Дезинтеграция күштері 2016 жылы тіпті күшті импульс алды – алдымен Англия «Brexit»-і, сосын АҚШ-та Трамптың сайлануы, сосын 4 желтоқсанда италиялық сайлаушылардың басым бөлігінің конституциялық реформадан бас тартуы ауыр соққы болды.

Осылайша демократия кризисті бастан өткеруде.

Тіпті демократия жөнінен әлемнің жетекші мемлекеті АҚШ-тың өзі диктатор болуға өларман алаяқтың ел президенті болып сайлануына жол берді. Трамп өзінің сайлау алдындағы бөспелігін біраз жеңілдеткенмен де, ол өз тәртібін де, өз кеңесшілерін де өзгерткен жоқ. Оның кабинеті – өз ісін жетік білмейтін экстремистер мен доғарыстағы генералдардан құралған.

 

Алда бізді не күтіп тұр? Мен АҚШ-тағы демократияның өз позициясын сақтап қалатындығына сенімдімін. Конституция мен басқа да институттар, мысалы, 4-ші билік, атқарушы биліктің асыра сілтеушіліктеріне, сөйтіп нағыз диктатордың пайда болуына қарсы тұра алатындай жеткілікті әлеуетке ие деген ойдамын. Бірақ АҚШ жақын болашақта тек өзінің ішкі күресімен айналысатын болады, бұл уақытта азшылық қиыншылықта қалады. Өйткені АҚШ әлемнің басқа елдерінде демократияны қорғауға және алға жылжытуға мүмкіндігі болмайды. Керісінше, Трамп билігі диктаторларға майдай жағады. Ол кейбіреулердің АҚШ-пен компромисске келуіне мүмкіндік берсе, басқалардың өздерінің бұрынғы істерін еш кедергісіз жалғастыра беруіне жағдай туғызады.

Трамп принциптерді қорғауға емес, келісімге келуге тырысады.

Өкінішке орай, оның негізгі электораты мұны қолдайтын болады.

Мені әсіресе ЕО тағдыры қатты алаңдатады. Оның басқару концепциясы ашық қоғам концепциясымен мүлдем қиылыспайтын Ресей президенті Путиннің ықпалына түсіп қалу қаупі зор. Путин бұл жағдайда пассивті пайда көздеуші емес, ол осындай жағдайды туғызу үшін аз жұмыстанған жоқ.

Ол өз режимінің әлсіз тұстарын түсінді: ол табиғи ресурстарды барынша пайдалануға қабілетті, бірақ экономикалық өсімді қамтамасыз етуге қабілетсіз. Ол Грузиядағы, Украинадағы және т.б. жердердегі «түсті» революциялардың өзіне қауіптілігін сезе білді. Алдымен ол әлеуметтік медиа-ресурсты өз бақылауына алуға тырысып көрді. Артынан ол тамаша қадам жасады: әлеуметтік медианың бизнес-моделін дезинформация мен фейк-жаңалықтар таратуға, сайлаушыларды бағытынан адастыруға, демократиялық елдерде жағдайды тұрақсыздандыруға пайдаланудың жолын тапты.

Тап осылай ол Трамптың жеңіп шығуына да көмектесті.

2017 жылғы Нидерланды, Германия және Италия сайлау науқандарында да тап осы жағдай орын алуы әбден мүмкін. Францияда екі жетекші кандидаттың екеуі де Путинге жақын және оның бабын табуға тырысуда. Олардың қайсысы жеңсе де, Путин үшін fait accompli, яғни біткен іс болады.

Мен Еуропаның көшбасшылары да, азаматтары да бұл жағдайдың олардың құндылықтары мен өмір сүру образдарына қауіпті екендігін түсінеді деп үміттенемін. ЕО-ның өзі осы құндылықтарға негізделіп құрылған.

Мәселе мынада – демократияны тұрақсыздандыруға бағытталған, Путин қолданып отырған әдісті фактілерге сыйластықпен қарауды қалпына келтіруге, нақты жағдайды дұрыс бағамдай білуге қолдануға болмайды.

Еуроодақ экономикалық өсімнің баяулауымен, босқындар мәселесінің бақылаудан шығып кетуі салдарынан тарап кету қаупі алдында тұр.

Енді Еуроодақ 1990 жылдары СССР өткерген тәжірибені басынан өткеруге тиіс.

ЕО-ны қайта құру үшін, оны құтқару керек екендігіне сенетіндер жақсы қорытынды алу үшін қолынан келгеннің бәрін жасауға тиісті.

Джордж СОРОС,

қаржыгер және филантроп

 

• Мақаланы қазақ тіліне аударған Қуаныш Еділхантегі (Ақтау)

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн