«Общественная позиция»
(проект «DAT» №2 (366) от 19 января 2017 г.
Аграрлық саясаттағы соқырлық
Серікболсын ӘБДІЛДИН
1994 жылы мемлекет басшысы «астық пен етті артық өндіріп отырмыз» деп көрсеткеннен кейін, 2000 жылдан бері «астық экспортын арттыруды қамтамасыз ету керек» дей бастады. Ал 2011 жылы астық өнімі жақсы болған кезде республика осы құнды өнімді сақтауға да, экспорттауға да дайын болмай шықты, содан кейін 2012 жылы астықтың жалпы өндірісі екі есеге азайған кезде үкімет кәдімгідей желпініп қалды. Сонда Назарбаевтың «көрегендігі» қайда?..
Қазақстан 2011 жылы 245,5 мың тонна ет пен ет өнімдерін импорттап, тек 1,6 мың тонна етті экспорттағанына қарамастан, президент аграрлы сектордың алдына 2016 жылы 60 мың тонна етті Ресейге импорттауға тапсырма берді. Сонда оның «даналығы» қайда?!. Өздеріңіз салыстырып көріңіз: XX ғасырдың 80–90-жылдары Қазақстан жыл сайын сыртқа 350–360 мың тонна ет шығаратын, ал тәуелсіздік жылдары импортқа тәуелді болып келеді.
Импорт идеологиясы да биліктен туындап отыр. 1994 жылы С. Терещенко премьер-министр болып тұрғанда «астықтың және басқа да ауыл шаруашылық өнімдерінің өзіндік құны биік, сондықтан оларды шетелдерден сатып алған бізге арзанға түседі» деп мәлімдеген. Міне, бұл үкімет басшысының шаруалардың тағдырына, ауыл тұрғындарына, жалпы алғанда, ел экономикасына «басы» ауырмайтынын көрсетеді! Бұған наразы болған азаматтар сол кезде «ФЗУшник пен заочник» Қазақстанды тақырға отырғызды» деп жүрді. Және олардың айтқандары айдай келді. Бір ғана 1994 жылы ішкі жалпы өнім 24,6%-ға қысқарып, 1995 жылы тамақ және жеңіл өнеркәсіп жойылды десе де болады. Назарбаев пен Терещенко «одағы» ел экономикасының 60%-ға жуығын жоғалтуға әкеп соқты. Талдаушылардың пікірінше, Сергей Терещенко тәуелсіз Қазақстанда үкіметті басқарған адамдардың арасында ең әлсіз премьер саналады, осыған орай, президент оған қандай жетістіктері үшін «Еңбек ері» атағын бергенін халық әлі күнге дейін түсіне алмай жүр.
Президенттің фермерлік саясаты тек аграрлық экономиканы ғана емес, барлық дерлік саланы қамтыды. Назарбаевтың өзі де, оның айналасында жүрген жағымпаздар да сол жылдардағы «ойранның» зардаптарын азайтып көрсету үшін, «барлық мемлекеттерде солай болған» деп жүрді. Шындығында, Одақтың ойран болуы – барлық тәуелсіз республикаларға үлкен проблемалар тудырды. Алайда олардың бәрі социализм кезінде қол жеткізген табыстары мен байлықтарын Қазақстан сияқты оңды-солды шашып, құртқан жоқ.
Мысалы, Өзбекстан егіс алқаптарының бір гектарын, малдың бір басын да жоғалтқан жоқ, қайта, керісінше, тәуелсіздік жылдары халық санын 1,5 есеге өсірді. Беларусь та совхоздары мен колхоздарын сақтап қалды және Жер туралы заңға сәйкес қазір, негізінен, жер пайдаланушы осылар болып саналады. Бұл елдің аграрлық экономикасы тәуелсіздік жылдары үнемі дамып, Ресей мен Украинаның шекаралас аймақтарына өзінің ауыл шаруашылық өнімдерін, әсіресе мал шаруашылығы өнімдерін тұрақты түрде жеткізіп тұрады. Осы екі мемлекет 1994 жылы өнеркәсіптік өндірістің бұрынғы деңгейін қайта қалпына келтірді.
Ал Қазақстанда ауылды соқыр саясатпен күйрету – қазақты күйзелтуге әкеп соқты.
Біздер, қазақтар, өзіміз туралы дана сөздерді ойлап табудың шеберіміз және соларды айтқан кезде рахаттанамыз. Сондай қанатты сөздердің бірі: «Біз мың өліп, мың тірілген қазақпыз». Ұлтымыздың көп ғасырлық тарихымен дәлелденген бұл философия шындыққа жақын. Сонымен бірге шапқыншылыққа бірінші кезекте қазақ даласы, қазақтар тұрып жатқан ауылдар мен елді мекендер ұшырап жатқаны да шындық. Тарих бізге сақ болуды талай рет үйретті, бірақ біз ұлт ретінде олардан сабақ алмай, сан рет қақпанға түсіп, үнемі қиыншылықтарды бастан кешіп келеміз. Мысалды алыстан алмай-ақ, адамның орта жасына сай келетін ХХ ғасырдың 30- және 90-жылдарын тілге тиек етейік.
Отызыншы жылдары РКП (Б)-ның Қазақ аймақтық комитетінің бірінші хатшысы Ф.И. Голощекин: қазақ ауылдарында «коллективтендіру» мен «кулактарды тәркілеу» науқанын жүргізеді, ал 90-жылдары Қазақстан Республикасының Бірінші президенті Н.Ә. Назарбаев (1990 жылдан бері мәңгілік) ауылдарды фермерлікке айналдырам деп, совхоздар мен колхоздарды құртты, яғни ұжымдық шаруашылықты жойды (реколлективизация). Осы трагедиялық оқиғалар жайлы мен көп айттым және аз жазғам жоқ. Бүгін мен бұдан бұрын айтып келген ойларды қайталамас үшін, кеңестік және тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдарында жүргізілген саясаттың халыққа тигізген зияны туралы және сол тарихи драманы өз көзімен көрген адамның сөзімен оқырмандарды таныстырайын.
Белгілі соғыс және еңбек, сондай-ақ Коммунистік партияның ардагері Аманжол Қалықов өзінің естелік кітабында былай деп жазады:
«Біз XX ғасырдың 30-жылдарындағы жаппай ашаршылықты бастан кешіріп, Екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыстың қатал сынынан өткен кезде сол ғасырдың соңында қайтадан қақпанға түскендей сезіндік, себебі Ақмола облысының Ерейментау ауданындағы өзімнің туған совхозым «Новомарковскийге» (бұрынғы Қаражар ауылы) барып, өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естігендерім – бұл жерде соғыстан кейін көргенімнен әлдеқайда нашар болып шығып, мені қатты таңқалдырды. Ауылдың өте ауыр жағдайға душар болғанын көріп, қайтадан ашаршылыққа келе жатырмыз ба? – деп ойлап қалдым. Совхоздар мен колхоздарды тарату немесе «реколлективизация» неге әкеп соғатынына сонда көзім жетті. Не істеу керек екенін ешкім білмеді». («Басымнан өткендер туралы» кітабы, 2010, 5–6-беттер).
Аманжол Қалықов 90-нан асқан қария, мен оны ар-намыстың адамы екенін мойындаймын және сол үшін сыйлаймын да. Оның қос дәуірді «коллективизация» мен «реколлективизацияны» этика тұрғысынан байланыстыра білгені үшін алғысымды айтамын. Кезінде депутаттыққа, сондай-ақ президентікке де үміткер болып жүргенімде, жүздеген елді мекендерде болдым, соның ішінде шағын қалаларды да көрдім. Сондықтан ауылдар тек ауыртпалықты бастан кешіп қана қойған жоқ, адам шығындары да орын алды, совхоздар мен колхоздардың мүліктерін бөліскен кезде нағыз қантөгіс те болды дей алам.
Тәуелсіздікке дейін мен қызмет бабымен ауыл шаруашылығымен көп айналыстым, сондықтан еліміздің барлық дерлік аудандарында болдым. Тәуелсіздік жылдары мәжіліс депутаты ретінде және режимге оппозицияда болғандықтан, бүкіл республиканы қайтадан араладым. Ауылдың ауыр халі туралы билік құрылымдарын да, сайлаушыларымды да хабардар етіп тұрдым.
Ауыл қазір экономикалық деңгейін ғана емес, әлеуметтік келбетін де жоғалтып алды. Ал ол жақта 7 миллионнан астам халық тұрады, бірақ олар социализм заманында өз қолдарымен құрған игіліктен айырылып қалды. Жастар жаппай қалаларға кетіп жатыр, ауыл тез қартайып барады, онда қалған қарттар өмірінің соңғы күндерін жоқшылықта, тіпті таза ауыз сусыз өткізіп жатыр. Алайда алысқа бармай-ақ, кешегі жіберген қателіктерден сабақ алып жатқан билік жоқ.
Тарихтан сабақ алу керек дегенде, мен – Голощекиннің «коллективтендіруі» мен Назарбаевтың «деколлективтендіру» саясаттарының тамыры бір жерде жатыр дегім келеді.
Біріншіден, екеуі де Қазақстанда бірінші басшының қызметін атқарды.
Екіншіден, екеуі де өздерінің аграрлық саясаттарын әкімшіл-әміршіл әдіспен, қысым мен қорқытудың күшімен жүзеге асырды.
Үшіншіден, олардың екеуі де шаруалардың, дихандардың пікірімен де, тілегімен де санаспады.
Төртіншіден, олардың саясаттары халықты аштыққа, кедейшілікке душар етті, шаруалардың көбі, ең алдымен қазақтар керемет шығынға ұрынып, жоқшылықты бастан кешті.
Ауылға деген көзқарасты түбегейлі өзгерту керек. Аграрлық экономикадағы құлдырауды «Агробизнес-2020» сияқты бағдарламалармен түзеу мүмкін емес, себебі онда агроөнеркәсіп кешенін (АӨК), ауылдың келбетін қалпына келтіретін не сандық, не сапалық бірде-бір көрсеткіштер жоқ.
Өкінішке орай, әдемі бағдарламаның мазмұны сенім ұялатпайды. Мәселен, талдау бөлігінде (8-бет): «Ауыл шаруашылық өнімдерінің жылдық орташа өсім қарқыны соңғы 5 жылда 19%-ды құрады» деп жазылған. Бұл дегеніңіз – ауыл шаруашылық өндірісі бес жылда екі есеге өсті деген сөз, бірақ сол өнімдер қайда? Мүмкін, осы бағдарламаны дайындаған адамдар сандарды шатастырып, корреляция әдісін пайдаланбаған шығар?
Бағдарламаны кезең-кезеңмен жүзеге асырудың нәтижелері ұрандар күйінде берілген (73–74-беттер). Ал 2013–2020 жылдары АӨК дамытуға арналған бағдарламаны жүзеге асыруға қажет ресурстардың өзі:
– көлемі жағынан бөлінген қаржы тең емес, мысалы, 2014 ж. – 471,6 млрд теңге бөлінсе, 2015 ж. – 281,6 млрд теңге ғана;
– атқарылатын іс-шараларды қаржыландыруға бөлінген жалпы 2,9 трлн теңгенің – 2,0 трлн теңгесі республикалық бюджеттен беріледі де, қалған соманы өз қаржыңнан, облигациялық заемнен, жергілікті бюджеттің есебінен тап дейді («Агробизнес-2020», 7-бет).
Бұл жерде ең бастысы – сандарда емес, аграрлық секторға басымдық берілу керектігінде. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, ауыл бұрын да, қазір де биліктің қарауынсыз, бас-көзсіз, назардан тыс қалып келеді. Ауыл тұрғындарының тауқыметтерін түсініп жатқандар да аз, оны ауыл шаруашылығын қаржыландыру деңгейінен-ақ көруге болады. 2012–2014 жылдарға бекітілген Қазақстан Республикасының бюджетінде бүкіл ауыл – су, орман және балық шаруашылыктарына – жалпы қаржы көлемінің 4,2% ғана қарастырылған. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялардың үлесі – республика экономикасына салынған жалпы инвестициялар көлемінің 2%-ға жуығын ғана құрайды.
Бұл маңызды көрсеткішті үш жылдық бюджет те, «Агробизнес-2020» да түзей алмайды. Оқырмандардың назарына бір мысал ұсынам: бұл сандарды салыстыру қисынсыздау болғанымен, ол кеңестік Қазақстанда ауыл шаруашылығы калай дамығанын айқын көрсетеді.
Мәселен, тәуелсіздік қарсаңында республикада ауыл шаруашылығының дамуына негізгі қаржылардың 1/3 бөлініп, пайдаланылған. Ал Қазақстанның ұлттық табысының құрылымда 1990 жылы ауыл шаруашылығының үлесі 41,8%-ға жеткен (ҚР Статагенттігі. Жылдық жинақ, Алматы, 1991. 131-6). 2011 жылы жалпы ішкі өнім көлеміңде бұл саланың үлесі 5,1% ғана болды.
Егер ауыл шаруашылығы кешенін шындап қолға алғысы келсе, оған «Агробизнес-2020» бағдарламасында қарастырылған қаржыдан бірнеше есе артық қаражат бөлу қажет және ірі кәсіпорындар мен тауар өндірушілерге инвестициялар салу керек. Олар жеткіліксіз болса, ұсақтарын ірілендіріп, жаңа агроқұрылымдар құрған жөн. Қазақстанның жағдайында ірі ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің артықшылығы дау тудырмайды.
Мысалы, Астананың жанында «Родина» ЖШС, «Ижевск» АҚ жақсы жұмыс істеп тұр, ал оларды басқаратын адамдар – бұрынғы «қызыл директорлар», бірақ олар өз ұжымдарын, өндірісін, инфрақұрылымдарды жұмыс істеп тұрған совхоздардың шеңберінде сақтап қалды. Президент бүгін Иван Сауэр мен Ибрагим Жангуразовтың еңбектерін оң бағалап жүр, Назарбаев бірақ осындай совхоздарды құртқан өзінің теріс саясатын мойындауға батпайды. Жүзден аса совхоздар мен колхоздардың жетекшілері тәуекелге барып, өз шаруашылыктарының аты мен мөрін өзгертіп, оларды сақтап қалды, артынан олар нарыққа жақсы бейімделіп, қарқынды дамып кетті.
Тағы бір маңызды мәселе туралы. Егер бір жерде АӨК-нің жаңа кәсіпорны ашылып жатса, мемлекет басшысы «бұрын мұндай болған жоқ. Бұл бірінші рет…» деп жатады. Мәселен, ол «Зенченко және К» деп аталатын сүт кешеніне барған кезде тура солай деді. Алайда Н. Назарбаев Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тұрғанда, осындай 147 сүт кешені, 500-дей бордақылау кешені, 47 құс фабрикасы, т.б. болған. Ал ол президент болған кезде олардың бәрі қайда жоғалып кеткені – басқа сұрақ?
Менің ойымша, бағдарлама әдеттегідей іс үшін емес, көз бояу үшін, ауыл тұрғындарын және еліміздің бүкіл халқын алдау үшін бекітіле салған дүние сияқты. Жауапкершілік, мінез, әдет-ғұрып қайда?!
Ауыл шаруашылық кешенінің проблемасын Астананың сұлулығымен сылап-сипауға болмайды. Өйткені ауылда үлессіз қалған кедей адамдардың саны Астана тұрғындарына қарағанда он есе артық. АӨК жүйесіне сауатты шешімдер, құрылымдық-ұйымдық өзгерістер қажет. Бірақ мұның бәрі саяси билік жүйесі құқықты жолмен ауысып тұрған кезде ғана болады. Мақала жас буынның назарына біздің қателіктерімізді қайталамасын деген үмітпен ұсынылады.
• Редакциядан: Серікболсын аға Әбділдиннің «Тұңғыш төраға – Первый председатель» кітабын газет редакциясынан сатып алуға болады. Редакцияның мекен-жайы: Алматы қаласы, Сейфуллин даңғылы (Рысқұлов даңғылынан жоғары, «Север» ательесі аялдамасы), 288-үй. 3-қабат. 307-бөлме. Тел. 382-72-30.