Астанада Сирия соғысының ТАҒДЫРЫ ШЕШІЛМЕДІ немесе Нобель сыйлығын алуға жасалған кезекті қадам

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №3 (367) от 26 января 2017 г.

 

Сымбылсыз саясат

 


 

Астанада екі күн қатарынан өткен Сириядағы ахуалды реттеу жөніндегі келіссөздердің қорытындысы бойынша Сирияның қазіргі билеушісі Башар Асадтың жақтастары мен оппозиция өкілдері және қарулы оппозиция делегациясы бір келісімге келе алмады. Ал келіссөздердің бастамашысы болған Түркия, Иран және Ресей делегациясы қорытынды қарар қабылдады. Қабылданған қарар БАҚ өкілдеріне таныстырылды. Оған Асад жақтастары да, олардың негізгі оппоненттері де қатыспады. Біз жабық есіктің арғы бетіндегі тараптардың тартысы қызу болғанын кейін білдік.

 

Екі күндік талқы кезінде тараптар арасында жанжал да болды, оппозиция өкілдері мен Асад жақтастары арасында көптеген келіспеушіліктер орын алды. Жабық есіктің арғы бетінде не мәселелер талқыланды, тараптар қандай уәж келтірді – ол туралы ресми ақпарат таратылмағанымен, біз делегация өкілдерін «дәретханада ұстап алып», сұрап білдік.

Сөйтіп, қабылданған қарар бойынша, ДАИШ-пен соғыс жалғасатын болыпты. Ендігі жерде Түркия, Ресей және Иран тарабы лаңкестік топпен бірлесіп күрес жүргізбек. Бұл жолда Сирия оппозициясын терроршы деп танитын Ресей тарабы қарулы оппозицияны ДАИШ жақтастары деп есептемейтінін мәлімдеді. Сонда бұрын қалай болған?

Осы тұста ескере кетер жәйт – өткен жылы Мәскеудегі үш жақты кездесуде Астана процесіне бастама көтеріп, Сириядағы соғысты тоқтатуды қолдайтынын ашық айтқан РФ президенті Владимир Путин еді.

Астана процесі басталардан бірнеше күн бұрын Ресейдің «Россия-1» арнасындағы Владимир Соловьевтың «Поединок» бағдарламасында шығыстанушы, РФ армиясының полковнигі Семен Багдасаров пен оның жақтастары «Әзірге соғыс жүріп жатқанда, сіз бен біздің жұмысымыз бар деген сөз. Американдық «палачтардан» қай жеріміз кем?» деген еді.

Бүкіл дүние жүзі Батыс санкциясының төпелеуінде қалған РФ экономикасы әскери техника саудасымен ғана өзек жалғап отырғанынан хабардар. Біз бұны Путиннің саяси риторикасы деп түсіндік. Сириядағы соғысқа демеу болып, Асад әскеріне көмек көрсетіп отырған да дәл осы Ресей екені тағы рас.

Ал тағы бір ресейлік саясаткер Евгений Сатановский Сирия мәселесін «Женевада талқылау тиімсіз, себебі онда Башар Асад жүйесіне қарсылық әм саяси талаптар қозғалады. Еуропа басшылары Башар Асадты авторитар билеуші деп таниды. Ал Астанада әуелгі кезекте қанды қақтығыстарды толық немесе уақытша тоқтату және Сирия халқына гуманитарлық көмек жеткізу мәселелері қозғалады» деп болжам жасаған болатын.

Сириялық «Джейш әль-Ислам» оппозициялық ұйымының жетекшісі Мұхаммед Аллуш (суретте) Астанадағы келіссөздер оң нәтиже бермесе, Дамаск үшін соғысты жалғастыратынын айтты.

«Біз Сириядағы қанды қырғынды, соғысты тоқтату мақсатында келіп отырмыз, – деді Мухаммед Аллуш. – Сирия халқын, оның бейбіт тұрғындарын террордан әм басқыншылықтан қорғау үшін барлығына дайынбыз. Шынында, билікті қантөгіс арқылы басып алып, сол тақта өмірінің соңына дейін отыруды көздеген жандар бар. Оған жол жоқ. Біз бүгін Астанаға Сириядағы тұтқындалған әйелдер мен балаларды босату үшін келдік. Біз – Сирияның оппозициялық тобы, кез келген тәуекелге сақадай саймыз. Дегенмен, қазіргі президент Башар Асадтың авторитарлық режимін қолдамаймыз. Біз Конституциялы мемлекет боламыз. Астана Сириядағы соғысты тоқтатуды көздейді. Соғыстың тоқтағанын біз де қалаймыз. Алайда біздің оппоненттеріміз талаптарымызды ескермесе, Астана келіссөздері оң нәтиже бермейді. Бұндай жағдайда біз соғысамыз».

Аллуштың айтқанын қолдайтын тараптар бар. Мәселен: «Біз көпірме көп сөзден гөрі, нақты іске көшуіміз керек. Расында, соғыс кімге керек дейсіз? Біздің қолымызда соғысты тоқтатуға арналған өзіміздің жеке жоспар-жобамыз бар. Түркия мен Ресей талаптары өздеріне ғана тиімді. Біз бұған келіспейміз. Сирияны азат ету үшін тәуекелге дайынбыз! Сирия халқының тағдыры екі күнмен шешіле салмайды. Қарастыратын мәселелер көп. Ресми құжат дайын емес», – дейді Сирияның қарулы күштік құрылымының өкілі, оппозиция мүшесі Усама Абу Зейд (суретте).

Ал оппозицияға қарсы тарап – Башар Асадтың өкілдері не дейді? «Біз Астанаға базарда сауда жасау үшін келмедік. Нақты шешімдер қабылданды. Әрине, мұнда шетелдік мүддеге жұмыс жасап отырған, тіпті террористік оқиғаларға қатысқан өз еліміздің адамдарымен бір үстелде, бір бөлмеде отыру біз үшін ауыр тиді. Олар Иранның Астанадағы келіссөздерге қатысуына наразылық танытты. Біздің делегацияның Астанаға келуіне қарсы болған – Түркия еді, – деді Сирия ресми өкіметінің мүшесі Джафар әл-Башари (суретте – сол жақта).

Айта кетейік, Астанадағы жиынға Халықаралық бақылаушы болып БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сирия мәселелері жөніндегі өкілі Стеффан де Мистури арнайы қатысты. Де Мистури мырза келіссөздер болар алдында қатысушы тараптармен жеке-жеке кездескен болатын. Тіпті президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болып, Астана процесін оң нәтижемен аяқтауға барын салатынын айтқан еді.

Сириядағы ахуалды реттеуге бағытталған негізгі алаң – Женева еді. Бұл Түркия, Ресей және Иран тараптарының бастамасымен өткен Асад жақтастары мен оппозиция өкілдерінің келіссөздері болды. Сирия мәселесін бетпе-бет талқылауға Женева тиімсіз орта деп баға берілді. Себебі Женева – Еуропа жері. ЕО елдері Сирияның қазіргі билеушісі Башар Асадты авторитарлық режимді ұстанушы деп таниды. Женевадағы кездесуде негізінен – Башар Асад билігін қолдау я қолдамау алдыңғы шепте талқыланатындықтан, Ресей үшін Астана – ең тиімді «алаң». Оның үстіне Түркия – Қазақстан сияқты мұсылман мемлекеті. Ал Ресей солтүстікте жатыр. Қазақстан Каспий арқылы Иранмен де шекараласатындықтан, үш жақ келіссөздерді өткізу туралы ұсынысты Қазақстан президентіне айтқан. Саяси аренада бітімгерлік миссиясымен танылып жүрген Н. Назарбаев бұған жоқ демеген.

Бұл екі арада Қазақстанның Сириядағы жағдайды реттеуге 700 мың доллар және 500 тонна азық-түлік және гуманитарлық көмек бөлгені белгілі болды. Бұның сыртында Астана келіссөздерін өткізуге жұмсалған қыруар қаржы тағы бар. 300-ден астам шетелдік БАҚ өкілдерін және шетелдік делегацияны күтіп алуға қанша қаржы жұмсалғаны әзірге белгісіз…

Дегенмен, Астанаға аттай қалап алдыртқан Сирия қарулы оппозициясы Астана қарарына қол қоймады. «Біз қол қоймадық. Кепілдік жасап отырған үш тарап қарар қабылдады», – деді делегация мүшесі Яхия әл-Ариди.

Сөйтіп, алашапқын болған кездесу оң нәтижесін бермеді. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мырза Астана диалогын ашу барысында Н.Назарбаевтың ресми мәлімдемесін оқып берген болатын. Онда жоғарыдағы фактілер көрсетілген.

Сөз соңында: Қазақстан президенты бүкіләлемдік Нобель сыйлығына бірнеше мәрте ұсынғаны белгілі. Астана келіссөздері төңірегінде сөз қозғаған ресейлік саяси шолушы Аркадий Дубнов (http://obozrevatel.com/blogs/71280-nazarbaev-poshel-na-sblizhenie-s-zapadom.htm) дәл осы бітімгерлік миссиясы үшін Қазақстан президенті тағы бір мәрте Нобель сыйлығына ұсынылуы мүмкін деп жазады.

 

 


 

Сарапшы не дейді?

 

Ерлан ҚАРИН:

Тараптарды тоқайластыру – БҰЛ ДА ЖАҚСЫ НӘТИЖЕ

 

Алты жылда ауызбіршілікке келе алмаған Сирия соғысы мәселесін талқылаған «Астана процесі» не берді? Осы сұрақ төңірегінде Қазақстандағы Стратегиялық зерттеу институтының директоры Ерлан Қарин не дейді?

 

– Әуелі Астана процесі туралы айтайықшы. Екі күн қатарынан келіссөздер жүргізген тараптар шыға бере бір-біріне дүрсе қоя берді. Бірлі-жарым келісімдер болғанымен, негізгі миссия орындалмады. Сізше осы жиынның негізгі нәтижесі қандай?

– Мен нәтижелі болды немесе болмады деп айта алмаймын. Себебі әу бастан Астанадағы процестерде барлығы жиналып келіп, Сириядағы жанжалды тоқтатудың жолын бірден табады, соғысты тоқтата салады деген болжам болмады. Астанадағы келіссөздер бұл Женевадаға келісссөздердің алдындағы маңызды рөл атқаратын жиын ретінде қарастырылды. 5–6 жылда Сирияның оппозициялық қарулы топтарының өкілдері мен Сирия үкіметі өкілдері алғаш рет бір үстелдің басына жиылды. Бұның өзі нәтиже. Егер алғашқы жиында-ақ тараптар ымыраға келеді десек, асыра айтқандық болар еді.

Бірақ кешегі қабылданған бірқатар құжаттар болған кездесудің нәтижелі болғанын көрсетеді. Себебі мұнда кездесулердің аяғына дейін жетпей үзіліп қалуы немесе тараптардың бірі кездесу залын тастап кетуі секілді жайттар орын алмады. Бұның ықтималдылығы жоғары еді. Көріп отырғаныңыздай, қатысушы тараптар аяғына дейін отырды. Түркия, Ресей және Иран – үш жақты ортақ мәлімдеме жасалды. Осы үшеуі Сириядағы бейтарап аймақтарда оқ атпауды бақылайтын механизм жасайтын болды. Сондықтан Астана кездесуі сәтсіз деп айта алмаймын. Әрине, толық шешім шықпады. Ең бастысы, Астанадағы кездесулер жалпы Сириядағы процесстерге, онда тұрақтылықты орнатуға жаңа серпін бергені сөзсіз. Бұл алдағы уақытта Женевада өтетін кездесулердің нақты күн тәртібін айқындауға мүмкіндік берді.

 

– Дегенмен, кеше Сирияның оппозициялық қарулы тобының жетекшісі Мұхаммед Аллуш мырза келіссөздер оң нәтиже бермесе, соғысты жалғастыра беретінін, ал тағы бір оппозиция өкілі Яхия әл-Ариди келісімге қол қоймағанын айтты.

– Мұндай пікірлер Сириядағы қалыптасқан әскери жағдайларға байланысты болды. Әрине, күні кеше ғана қару асынып жүрген тараптардың өкілдері есіктен шыға сала, «біздің көңіліміз толды, келістік» дей салмайды. Келіссөздер аяқталған жоқ. 6 ақпанда Женевада кең форматта үлкен кездесу болады. Бұл бейбіт келіссөздердің басы ғана. Келесі келіссөздерге ұтымты позиция жасау үшін, ықпал ету үшін, осы тектес пікірлер айтылады. Анығырақ айтсақ, екінші жаққа қысым жасау үшін, бұндай мәлімдемелер жасалуы заңдылық. Егер келіспеген болса, келіссөздер залын тастап кетер еді. Бірақ барлығы соңына дейін қатысты, шыққан соң әрқайсысы әртүрлі пікір айтты. Себебі олар саяси қарсыластар емес. Бұлар қарулы, әскери қарсыластар. Бұлар 5-6 жыл бойы бір-бірімен соғысып жүрген азаматтар. Кешегі келген 15 сириялық оппозициялық қарулы топ болды. Әрбір топта ең аз дегенде 1200–4000-ға дейін, ең үлкен дегендерінде 40 мыңға дейін әскер бар. Былайша айтқанда – содырлар.

 

– Сирияның билік өкілі Джафар әл-Башари Астанаға келген оппозиция өкілдерінің қатарында террористер де болғанын атап өтті. Расында, террористердің өкілін елге шақырту – үлкен тәуекел емес пе? Бұл қауіпті процесс қой…

– Мұны Сирия үкіметінің өкілі айтып отыр. Әрине, ол Сирияның оппозициялық топтарын мойындағысы келмейді. Бұл енді Сирияның ішкі қарама-қайшылықтары. Оны тәптіштеп айтып жатудың қажеті шамалы. Сондықтан террористік ұйымдар деп атайды. Бірақ бұл кездесуге қатысып отырған топтарды халықаралық ұйымдар, БҰҰ «сириялық оппозициялық топ» деп мойындайды. Егер де ол жерде «Джебхат ән-Нусра» секілді ұйымдардың өкілдері болса, әрине, онда әңгіме басқа. Екіншіден, сириялық оппозициялық күштер бірыңғай ұйым емес.

Бұл әртүрлі саяси платформадағы, саяси ұстанымдағы қарулы топтар. Бұл шарттық жиынтық. Бұлардың бірі сунниттік топтар, енді бірі жихадшылар… Халықаралық ұйымдар террористік ұйым деп мойындаған топтар Астана процестеріне қатысқан жоқ.

 

– Неге Астана? Сирияның саяси шолушыларымен ой жарыстырғанда, олар Астана мен Женева келіссөздерінің айырмашылығы жер мен көктей дейді. Шынында, Женевада саяси мәселелер сөз болса, Астана қанды қырғынды тоқтатуды алдыңғы планға көтеріп отыр. Бірақ біз бұл процеске тіпті бақылаушы болып та қатыспадық. Бастамашы – Түркия мен Ресей. Бақылаушы – БҰҰ мен АҚШ. Бізге бұдан келіп-кетер пайда не? Тағы да құр далақбайлану ма?

– Бұл оқиға өте маңызды екенін естен шығармайық. Біз әуелі бұл процестің ауқымын түсініп алайықшы. Мен білемін, әртүрлі пікірлер айтылады. Барлығы бірдей қабылдамайды. Дәл осы оқиғаға қатысты дұрыс түсінік болуы керек. Бұл үлкен маңызға ие. Біріншіден, Сирия дағдарысы жекелеген аймақтық кикілжің емес, халықаралық қауымдастық назар аударып отырған мәселе. Сирия дағдарысы бұл тек қана Сирияның емес, Ирактың да бірқатар территориясын қамтып отыр. Ирак қазір кем дегенде 30 пайыз ықпалынан айырылды.

Ол жерде әлемнің көптеген елдерінен содырлар бар. Сондықтан бұған тек Қазақстан немесе кепіл болып отырған үш мемлекет қана емес, күллі дүние жүзі көз тігіп отыр. Халықаралық масштабтағы талқы.

Сириядағы содырлар – халықаралық құрамда. Ондағы радикалды ағымда жүргендердің 3/1-і Орталық Азия мен Ресейден келген азаматтар. Онда Қазақстан азаматтары да аз емес.

 

– Сіз сол елге оралған содырлармен кездесіп жүресіз ғой…

– Рас, олармен кездескенде, маған не үшін барғандарын айтады. Олардың барлығы десек те болады – саяси күштердің идеологиясына алданып қалғандар. Жаза басып, бөтен миссияның ойыншығы болғандар. Кейін өздерінің қателіктерін түсінгендер. Сондай содырлардың қатарында әлі де қанша қазақстандық жүр…

Дұрыс айтасыз, біз ұйымдастырушы емеспіз. Біз диалог орнату алаңы ғана болдық. Бұнда талқыланған ең бір өзекті мәселе – қанқасапты тоқтату. Сосын азып-тозған Сирия жұртына халықаралық ұйымдар тарапынан гуманитарлық көмек жеткізуді қамтамасыз ету. Бұл ең басты миссия еді. Кеше БҰҰ өкілі Стеффан де Мистури мырзаның өзі де айтты ғой, «бейбіт адамдардың өмірін сақтап қалуға алғашқы қадамдар жасалды» деп. Бұл мұсылмандық тұрғысынан да сауапты іс. Мейлі, азын-аулақ қаржы кеткен шығар. Бірақ бұл – керек десеңіз, халықаралық ұйымдарға үлгі болды. Қазақстан өзінің бітімгерлік миссиясын нақты іспен дәлелдеді.

 

– Осы тұста Қазақстанның географиялық орналасуы да Астананың бітімгерлік алаңы болуына тиімді секілді…

– Тағы бір мәселе – Қазақстан мен ОА өте қиын геосаяси аймақта орналасқан. Бұл жерде Ресей мен Қытайдан өзге Иран, Түркия, Пәкістан секілді аймақтық державалар бар. Осындай жағдайда Қазақстан үшін екі жол ғана бар. Біріншісі – саяси күштер есеп айырылысатын алаң болу. Яғни, буферлік зонаға айналу. Бұл дегеніңіз – соғыс алаңы болу. Екіншісі – бейтарап бітімгерлік аймақ орнату. Қазақстан осының екіншісін таңдады. Неге оны қолдамауымыз керек?!.

 

– Бітімге келмеді ғой. Есесіне әлемдік БАҚ-тың басты тренді Астана болды. Бұл да өз кезегінде Қазақстан үшін имидждік жоба секілді көрінді…

– Қазақстан үшін, Астана үшін бұны имидждік жоба деп түсінбеу керек. Әрине, шетелдік 300-ден астам БАҚ-тың басты ақпараттық лентасындағы негізгі тренд Астана процесі болды. Мен қарап шықтым, «The New York Times» секілді бірқатар шетелдік басылымдар Астананы нысана етіп алды. Бұл, біріншіден, Қазақстанның субъективті мемлекет екенін, дербес ел ретінде әлемдік деңгейдегі бітімгерлік миссияны орындай алатынын көрсетті.

 

– Рахмет, Ереке, ісіңізге сәттілік!

Топтаманы дайындаған

Нұргелді ӘБДІҒАНИҰЛЫ –

Астанадан арнайы

«D» үшін

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн