«Общественная позиция»
(проект «DAT» №4 (368) от 2 февраля 2017 г.
Бейсенбідегі бетпе-бет
Алғашқы еңбек жолын дикторлықтан бастаған белгілі тележүргізуші Жанат Бақыт бизнеске кетті. Он екі жыл бойы телеэкранда жүрген ол кенеттен жұмысын тастауға неге бел буды? Бизнестегі Жанат ханымның кәсібі қалай жүріп жатыр?
– Жанат ханым, сіз халыққа көгілдір экран арқылы танымал едіңіз, енді «бизнес-вумен» болып кеттіңіз. Сән үйіңіздің жұмысы қалай жүруде?
– Шүкір, жаман емес. Эфирге қазақша киініп шыққанымда, көп адам қызығып: «Біз де кигіміз келеді, қайдан сатып алсақ екен?» деп жиі сұрайтын. Сол кезде маған неге Қазақстанның әр қаласындағы дизайнерлердің басын қосып, дүкен ашпасқа деген ой келді. Жалпы, кез келген бизнес – тәуекелді талап етеді: кәсібің өрге домалай ма, әлде құлдырай ма? Қомақты қаржы салып, жаңа кәсіпті бастағанның өзінде тоқтап қалуы мүмкін. Ал керісінше, аз ақшамен бастасаң, «жүріп кетуі» ғажап емес.
Сол себепті мен бизнесті несие алмай, қарызға кірмей бастап көруді ойластырдым. Басқы кезде қаланың шет жағынан арзандау дүкенді жалға алдым. Ішін өзім әдемілеп жабдықтадым. Үйден басы артық жиҺаз апардым да, «біссіміллә» деп бастап кеттім. Бастамасы жаман болмады, сатып алушылар күн санап көбейе берді. Сөйтіп, екі айдан кейін халық көп жүреді-ау деген қаланың орталығынан бутик аштым. Арада бес ай өткен соң, одан да жақсы жерге көштім. Шүкір, аяқтан тұрып келеміз.
– Бірнеше жыл қызмет істеген телевизия саласынан кетуіңіздің бірнеше себебін естіп те жүрміз. Дегенмен, жаныңыз сүйген кәсіпті бірден басқа салаға айырбастау сіз үшін оңай болмаған шығар?
– Дұрыс па, бұрыс па, білмеймін – өз басым кез келген шаруаны қолыма алғанда, артқа қарайламай, тәуекелмен кірісіп кетем. Кешегі күн – тарих. Тіпті қанша өкінсең де, ол күн қайта айналып келмейді. Сол сияқты болашақта мені не күтіп тұрғанынан хабарсызбын: бүгін – жұлдызсың, ертең ешкім болмай қалуың да мүмкін. Сондықтан он екі жыл бойы қызмет еткен журналистика саласын жеке кәсіпке айырбастау мен үшін қиын болмады.
– Осы орайда арнайы байқау ұйымдастырып, астыңыздағы темір тұлпарыңызды жеңімпазға сыйға тарттыңыз. Бұл тұтынушы тартудың ғана амалы болды ма?
– Кез келген адам біреуге емес, өзіне жұмыс істегісі келеді. Себебі біреуге «бағынышты» адам ерте ме, кеш пе, орнын босатары сөзсіз. Жеке кәсіппен айналысу өзіме ұнайды. Бұл жерде өзің үшін жұмыс істейсің, жанталасып еңбек етесің. Қалтаңда ақшаң да болады. Ал жалқаулыққа салынып, бір жерде жүре берсек, көк тиын да болмайды.
Иә, дүкеніміз жаңадан ашылып жатқаннан кейін, оған жарнама қажет болды. Сол себепті көлігімді «құрбан» етуге тура келді. Әрі осы конкурс арқылы әділдіктің, адалдықтың не екенін көргім келді: алты мың теңгеге тауар алып, көлік ұтып алған адам қандай сезімде болады? Соны көргім келді. Бәрі таза, шынайы, тікелей эфирде өтті. Байқаудың енді қайталану, қайталанбауы – алдағы уақыттың еншісінде. Егер танымал автосалондар ұсыныс білдірсе, неге келіспеске?
– «Он екі жылдың қалай зу етіп өткенін байқамай қалдым. Не өспедім, не өшпедім» депсіз бір сөзіңізде…
– Көп жылдар журналистикада жүрсе де, экранға шыға алмаған жандар бар. Ал мен он сегіз жасымда бірден көгілдір экранға топ ете қалдым. Мұндайды кім қаламайды дейсіз? Әдемі киініп, бетіңді бояп, дайын мәтінді оқып кетесің. Бірақ жаңалықтың жетпіс пайызын, яғни қара жұмысын журналистер атқарады. Олар болмаса, жаңалықтар да шықпайды. Мен қазіргі кезде дикторлықпен бірге тілшінің жұмысын да бірге қатар атқармағаныма өкінемін. Егер алдағы уақытта телевизия саласына оралып жатсам, бұл қателікті міндетті түрде түзетемін. Болашақтан зор үміт күтемін.
– Вокзалда тауар тасып, киім арқалап жүрудің шаруасы теледидарға қарағанда әлдеқайда ауыр шығар?
– Негізі, қай саланы да оңай дүние деп айта алмаймын. Дикторды ел «жылтырап отырып, дайын мәтінді оқи салады, бұл бәрінің қолынан келетін іс» деп айтып жатады. Шындығында олай емес, тікелей эфир − ол үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені ол жерде ешнәрсені өзгертуге келмейді. Қалай эфирге шықтың, солай бір орныңда қозғалмастан отырасың. Бір қате кетпеуі керек. Себебі көгілдір экранның алдында сізді миллиондаған көрермен көреді. Техника болған соң, телесуфлер жұмыс істемей қалады немесе эфирге кетуі тиіс шұғыл ақпарат кеп түсіп жатады. Сюжеттер дайын болмай қалады. Осындайда диктор оңай жол тауып, сол келеңсіз сәттен шығып кетуі керек.
Ал жаңа бизнесте қақаған қыс пен аптап ыстықта болсын, вокзалда ауыр сөмке көтеріп, басқа қаладағы дүкендеріме тауар жөнелтемін – бұл да жеңіл тірлік емес. Кейде таңғы сағат төртте пойыздан зат күтіп аламын.
– Жүк тасып жүргеніңізге намыстанбайсыз ба?
– Бұған мен несіне намыстануым керек? Мен еңбек етіп жүрмін. Бұл маңдай теріммен келіп жатқан адал еңбегім. «Мен тележұлдыз Жанат Бақыт едім ғой…» деп, бос қиялға беріліп, инста-парақшамды әдемі суреттерге толтырғаннан не пайда? «Қандай кереметсіз, күштісіз» деген пікірлерге сеніп, аяқты аспанға көтеріп жатсам – не болғаным? Әлде біреу аузыма тамақ сала ма? Жоқ!
Қазіргі уақытта құрдымға кетсең, кешегі жақсы досым, ажырамас әріптесім дегендер танымай кетеді. Тіптен үстіңнен басып-жаншып өтеді. Өйткені өмірдің заңы сондай!
Шыны керек, бизнесте аса қажет есеп-қисапқа онша ебім жоқ. Математика пәнін суқаным сүймейтін. Миллионнан әрі шатасатын едім. Алайда соның бәрін жедел меңгеріп шыға келдім. Бірақ жеке парақшама: «Экранға оралыңызшы, сағындық сізді» деген секілді xалықтың жылы лебізді хаттары келіп тұрады. Бірақ әзірге теледидардан демалып, кәсібімді аяқтан тұрғызсам деймін…
– Жанат ханым, енді сіз қарапайым көрермен ретінде қазіргі телеарналарға қандай баға бересіз? Сырттан бақылаған маман ретінде тележурналистиканың даму жағдайы қай деңгейде деп айтар едіңіз?
– Былай қарасаң, күн сайын жаңа техника, технология дамып жатыр. Өзіміз дамыған елу елдің қатарына кіреміз деп тыпырлап жүрміз тағы. Бірақ маған телевизия саласының даму тенденциясы құрдымға кетіп бара жатқандай көрінеді. Әлде интернеттің дамуы әсер етті ме екен деп те ойлаймын. Осы күні халық бұрынғыдай теледидар көрмейді.
Себебі жаңалықтың болатын сағатын күтіп отырғаннан гөрі ақпаратты ғаламтордан оқи салу тиімді.
Көрермен мен оқырманға обал жасап жатырмыз.Сайттарымыздың түрі анау: әншілер бір-бірінің сүйіктісін тартып алғанын жазады. Осыны жерден жеті қоян тапқандай, жар салып айтады. Мұны оқыған өскелең ұрпақ қандай тәрбие алмақ? Өз басым барлық телеарналардың ішінен санаулы ғана бағдарлама көремін.
– Теледидар мен радионың сапасын рейтингпен бағалау үрдісі шықты ғой: дегенмен, ұлттық-танымдық бағдарламаның рейтингі шоу-думаннан әлдеқайда төмен болатыны белгілі. Ендеше біз осы рейтинг деген бәленің кесірінен халыққа рухани насихат, тәлім-тәрбие беру жағынан кенде қалып жатқан жоқпыз ба?
– Иә, телеарналарда рейтинг деген бәле шықты. Соның салдарынан адамға ой салатын рухани-танымдық бағдарламалар тез жабылып қалады да, оның қасында «жұлдыздардың» ішкен-жегенін баяндайтын «өсекші» бағдарламалардың ғұмыры ұзақ болады. Өйткені оның рейтингісі жоғары. Ғаламторды ашсаң да, сол ақпарат, жаңалық оқиын десең де, баяғы жұлдыздарды әңгіме қылып жатады. Тіпті кез келген телеарнаны қоссаң да, солар жайлы көрсетеді. Былайша айтқанда, теледидарда көретін түк жоқ! Және интернет дамығалы да жаппай сауатсыздық белең алды. Сайтқа жарияланған мақала не болмаса жаңалықты оқыңызшы: қате деген өріп жүр. Бұл масқара! Ол жерде қарапайым жалғау мен шылауды ажырата алмайтын журналистер отыр.
– Жалпы журналистикада «Телевизия саласында көтерілгің келсе, «крышаң» мықты болу керек» деген сөз бар. Осы сөзге сіз қалай қарайсыз?
– Өкінішке орай, бұл сөздің растығына талай рет көзім жеткен… Бірақ білесіз бе – мәңгілік ештеңе болмайды. Бұған қазіргі сәтте айналамызда орын алып жатқан оқиғалар негіз бола алады. Ол «крыша» бүгін бар, ертең жоқ. Жалпы, кез келген биікке ешқандай «крышасыз», өз біліміңмен, мықтылығыңмен көтерілсең, ешқашан құрдымға кетпейсің.
– Бір сұхбатыңыздан «үйдегі қатып қалған заңдылық бойынша, кешкі сағат жетіде тамақ дайын болу керек» дегенді оқыдым. Бұл отағасының қаталдығынан туған тәртіп пе?
– «Ері тұрып, әйелі сөйлегеннен без» дейді. Қанша беделді, танымал, көрікті болса да, әйел адам ерінің алдында ығысып отыруы керек. Бұл «қорқу» емес, мұндай қасиет ер азаматқа деген құрметті білдіреді. Мәселен, анам марқұм әкемнің көзінше тіпті телефонмен сөйлеспейтін. Өз енемнен де осы қасиетті байқаймын. Ал күйеуіме келсем, биыл екеуміздің танысқанымызға 18 жыл бопты. Бір азаматтың үлкен отау иесі болатын уақыты. Ол мені сегіз жыл күткен. Арасында ренжісу, түсінбей қалу деген секілді жағдайлар да болды. Бірақ барлық «қиындықтарды» ақылға жеңдіріп, ақыры бас қостық. Екеуміз қыз-жігіт болып кездесіп жүргенде, кафеде тамақ ішу тұрмақ, кейде жаяу да жүрген кездеріміз болған. Өйткені автобусқа беретін ақшамызға балмұздақ алып қоятынбыз. Сөйтіп үйге жаяулатып қайтатынбыз. Жолдың ұзақтығынан, аяғымды тәпішке қажап кетсе де, сыр білдірмейтінмін. «Ақшаң жоқ, үйің, көлігің жоқ» демедім. Бірақ кейін көлікті де, үйді де қол ұстасып, бірге жүріп алдық.Екеуміз де адал еңбекпен келген нанның қадірін өте жақсы білеміз. Көп жағдайда шешімін таппаған нәрсе болса, жолдасымнан ақыл сұраймын.
Сырт көзге қарағанда, күйеуі әйелінен ақыл сұраған емес, керісінше, әйелі одан именіп отырса, жақсы көрінеді ғой.Бір-бірімізді қас-қабақтан білеміз. Отбасында сыйластық болса, оның тіреуі мықты болады екен. Ал әйелі таңнан кешке дейін қыдырып, ері жұмыстан келгенде тамағы дайын болмаса, үйде қайдан береке болады? Сол себептен біз арамызда реніш туындамас үшін, үйде осындай заңдылықты қалыптастырдық.
– Аяулы жар, үлгілі келін, ардақты ана болудың да өз сыры бар ғой. Сіздердің бақытты отбасы болуларыңыздың сыры неде деп айтар едіңіз?
– Ерлі-зайыптылар ренжіскенде, біреуі аузын суға толтырып отыруы керек. Аузына ақ ит кіріп, көк ит шығатын әйелдер бар. Ерінің намысына тиетін сөз айтады. Сөзден жеңілген ер адам соңында қол көтереді.Соңында бір-біріне деген көңілі суи бастайды. «Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық» – қанша жерден ынжық, не тентек болса да, ол − еркек. Сыйлауың керек. Сол ер-азаматқа әуелі қол көтеретін, не қолындағы затты лақтыратын әйелдер бар. Үйі жиылмай қоқып жататын, тамағы быламық болып, заттары шашылып, әр жерде жататын салақ әйелден еркек құтылғанша асық болады. Үйіне келгісі келмейді, сол себептен еркектер жылуды басқадан іздейді. Ал үйі мұнтаздай таза, киімі үтіктеулі, кешкі 7-де тамағы дайын, «ақша берсей, қатыныңмын ғой, баланы саған не үшін тудым!» деп қылқылдай бермейтін, ата-енесі келсе «аһ», «уқ» деп жақтырмай, ала көзденіп жүрмей, сыйлайтын, өзінің сымбатына да қарап, үнемі әдемі боп жүретін, балаға дұрыс тәлім-тәрбие берген әйелден еркек өлсе де айырылмайды! Біздің еш ренжіспей өмір сүріп жатқанымыз осы қағидаларды қатаң ұстанғаннан болар.
– Тележүрізушілер арасында эфирге қазақша киініп шығудың үрдісін өзіңіз бастадыңыз. Алдағы уақытта арналардан бағдарлама жүргізуге ұсыныс түсіп жатса, қайтер едіңіз?
– Білмеймін… Студент кезімде бірінші курстан бастап еңбекке араластым, осы жасыма дейін, тәуба, ешкімге алақан жайып көрмеппін. Қазіргі күні әкемнің газетін басқарып отырмын. Және бағдарлама жүргізуге ұсыныстар да түсіп жатыр, егер табиғатыма сай келсе, көгілдір экранға оралуым ғажап емес.
Сұхбаттасқан –
Анар ДӘУКЕН