ҮНДЕУ және жалтарма ЖАУАП

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №4 (368) от 2 февраля 2017 г.

 

Хал қалай, мектеп?

 


 

Өткен жылдың қараша айының соңында «Ағартушы» қоғамдық қозғалысының мүшелері және елдің бірқатар облыстарының ұстаздары, ата-аналар қол қойып, мектепте «үштілділік» оқу жүйесін қолдануға қарсылық белгісі ретінде Үндеу жариялаған еді («Аbai.kz», «Жас Алаш», «ДАТ»). Ол үндеуде «үштілділіктің» болашақ ұрпаққа төндірер қаупі мен мұғалімдерді жергілікті әкімдердің «қара жұмысына» жегуді тоқтату және «электронды күнделік» мәселесі, газет-журналдарға зорлықпен жаздыру, тағы басқа да өзекті тақырыптар қамтылған болатын.

 

Бұл үндеуді «Ағартушы» қоғамдық қозғалысының мүшесі Айман Сағидулла Білім және ғылым министрлігінің ресми өкілі Бағым Көптілеуоваға Қазақстан мұғалімдері атынан тапсырған болатын (http://khabar.kz/kz/m-ra-at/ba-darlamalar/item/71478-bilim).

Өткен жылы 2 желтоқсанда берілген үндеуге осы қаңтардың 20-ында министрлік тарапынан жауап келген екен. «Аталған үндеуде Қазақстанда мектеп пен білім беру саласындағы ортақ тақырып сөз болса да, министрліктен келген жауап Алматы облысының Қарасай ауданына ғана қатысты болып шықты», – дейді үндеуге бастамашылық жасаған белсенділердің бірі Айман Сағидулла.

«Мен мектептердегі өрескел жағдайды жарыққа шығарғаным үшін екі жыл бойы көптеген қысымдар көрдім. Халық қолдап, қудалаудан аман-есен қалдым. Қазір аудандағы білім бөлімінің бастығынан бастап, мектеп директорына дейін ауыстырылды. Қарасай ауданында мұғалімдерді ауыр жұмысқа салу, концерттерге билеттерді зорлықпен сату тоқтатылды.

Дегенмен, бүкіл Қазақстанның ұстаздар қауымының жанайқайы сияқты үндеуге Қарасай ауданының білім бөлімінің жұмысын көлденең тартып, жалтарма жауап беру – Білім министрлігінің жұмысына үлкен сын. Үндеуде көрсетілген жалпыға ортақ ірі мәселені жеке ауданның жағдайымен алмастырған министрлік білім саласын сүт зауытымен «шатастырып» алғанға ұқсайды», – дейді азаматтық ұстанымы берік белсенді Айман Сағидулла.

Мейіржан ТЕМІРБЕК,

«Ағартушы» қоғамдық

қозғалысының мүшесі

 


 

ӘБДЕН КҮЙІНГЕН МҰҒАЛІМ мектептердегі былық-шылықты жариялады

 

Қазақстандағы мектеп мұғалімінің өмірі – жүйке жұқару мен кедейшілікте өтеді. Оқытушы кәсібін сауапты іс дейтіндер мені кінәлайтын болар. Бірақ сауапты іс пен жоғары мақсаттар туралы оқытудың алғашқы жылында-ақ ұмытып кетесің.

 

Менің ойымша, мұғалімдікке бос уақыты көп немесе жалғызбасты, отбасын құру, балалы болуды қаламайтын адам баруы керек. Өздеріңіз түсініп отырғандай, аталмыш нұсқалардың барлығы мүмкін емес. Ондай адам жоқ.

Менің жасым 30-да. Орта мектепте ағылшын тілінен сабақ беремін. Менің жеке өмірім де, артық ақшам да жоқ, айналысып жатқан ісіме қанағаттанбаймын. Қазақстандық мұғалімдер дөрекі оқытушылар мен есерсоқ басшыларға, білім жүйесіндегі бей-берекетсіздікке қарсы тұруға талпынып жүрген, ешқандай құқығы жоқ адамдар. Балалардан бастайық. Мен алғаш мектепке мұғалім болып орналасқанда, оқушыларды барынша қызықтыруға тырыстым. «London is the capital of Great Britain» деуден арыға бармайтын мұғалімдерге қарағанда, менде басқа оқыту әдісі болды. Сүйікті ағылшын әндерін оқушылармен бірге аудардым. Оқушылар қызықты ағылшын телехикаяларын субтитрмен көре алу үшін, барлық жаттығуларды аз уақыттың ішінде жасауға тура келді. Сабақтан тыс уақытта балалар ағылшын тілінде сөйлесуімді сұрайтын. Олардың көзі жанып тұрды!

Оқушылар «Қызықты ағылшын тілі» пәнінің уақытын ұзартып, зеріктіретін ағылшынды мүлде алып тастауымды сұрады. Отандық авторлардың сапасыз кітаптарын оқығысы келмеді. Авторлар – қазіргі заманның адамдары, алайда оқыту әдісі ескіріп кеткен. Мен жоғары сыныптың мұғалімі болсам да, кітаптар мектепке дейінгі балаларға арнап жазғандай әсер қалдырады. Балалар әртүрлі болады: оқушылардың жеткіншек кезеңін, өмірге қызығушылығын, олардың бойында гормондар түзілетін ересек кезін, басқа да мәселелерді ескеру қажет. Иә, менің мұғалімдік жұмысым да көз жассыз болмады. Бұған 9-сыныпта оқитын оқушылардың бірі себепкер болды. Ол үнемі сабаққа кешігіп келіп, сабақ кезінде белсенділік танытпай, пән бойынша ешқандай білімі болмағандықтан, сәйкесінше тоқсанның соңында оған қанағаттанарлық баға ғана қойдым. Мұны білген ата-анасы бүкіл мектепке жанжал шығарып, сотпен қорқытты.

Бұған дейін сыйлап келген директорым мені шақырып алып, бағаны төртке түзетуімді сұрады. «Бізге артық бас аурудың қажеті не? Әкесінің байланыстары мықты», – деді директор құлағыма сыбырлап. Шынымен де, өздерінің еркетотай балаларына бағаны сатып алып беретін «үлкен» адамдарға қарсы не істей аламыз? Келесі тоқсанда «ақылды» оқушыға төрт қойғаным оның сабаққа мүлде келмеуіне мүмкіндік берді. Құдайға шүкір, оқушылардың көбі үйінде жақсы тәрбие алғандар. Олар бұл жағдайға түсіністікпен қарады.

Енді график жөнінде. 24/7 – бұл біздің ұран: сенбіліктер, мәдени шаралар, қағазбастылық, ата-аналарға хабарласу, бітпейтін жиналыстар… Бұл үшін мұғалімге ақша төленбейді. Мұғалімдердер сағатына ғана ақша алады.

Мектепке келетін комиссия – бұл бөлек тақырып. Комиссия бізді түртпектемеуі үшін, оларға сыйлық жасаймыз. Оған қаржы жинау жасырын түрде жүреді…

Біздің мектептерге артық кінә таға алмайсың. Егер ешқандай жабдық болмаса, жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінбесе, еден жуушылардың жалақысы 50 мың теңге болса, мектептерге не деп кінә артуға болады? Біз онымен қоймай сыйлық жасаймыз. Баймыз ғой себебі…

Жас мұғалімдерге өсуге ешқандай мүмкіндік жоқ. Осы жылы мен жұмыстан шығамын және бұл тозаққа қайтып оралуға ешқандай ниетім жоқ. Оқушылар сағынатынын айтып жатыр. Әрине, мен де оларды сағынамын. Бірақ қайтесің, тек оқушыларға деген махаббатпен ғана өмір сүре алмайсың. Сондықтан, қымбатты ата-аналар, біз туралы жаман пікір білдірердің алдында біздің орнымызда болып көріңіздер! Сіздер бұл жерде бір сағат та тұра алмайтындарыңызға сенімдімін. Ал ай соңында мардымсыз жалақыны көргенде, жылап жібересіздер!

Айыптамаңыздар! Одан да балаларыңызға қазақстандық мұғалімдердің еңбегін сыйлауды үйретіңіздер!

• Рandaland.kz сайтында жарияланған хатты қазақ тіліне аударған Qamshy.kz.

 


 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн