ЕЛДІ БАСҚАРУДЫҢ «Шығыс даналығы» ХАЛЫҚҚА НЕ БЕРЕДІ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №6 (370) от 16 февраля 2017 г.

Билікті бөлісу ме, ишара ма?

 


 

Нұрсұлтан Назарбаевтың соңғы жолдауы мен Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарына қатысты елге танымал тұлғалар арасынан ой-пікір айтуды сұраған едік. Осы орайда белгілі ғалым Қанағат Жүкешов ел президентінің «саяси жүйені демократияландыруы» қоғамға не береді деген сипатта төменгідей пікір білдірді.

 

Дүние жүзі елдерінің арасында парламент алдымен Англияда – сонау XIII ғасырда-ақ пайда болғаны белгілі. Оның құрылымы мен атқаратын қызметі біртіндеп айқындалды. Мәселелерді қарау реттіліктері мен парламенттің өкілеттігі XIII–XIV ғасырлар ішінде бірізділікке түсті. XIV ғасырда ағылшын парламенті заң шығару ынтасын толық иеленді.

Ағылшын корольдері арасынан да парламентті айналып өтіп, «заңды күші бар жарлықтар» шығаруға әуестік танытқандары болды. XIV ғасырда король II Эдуард осындай әрекеттерге ұмтылыс жасады. Ұзаққа созылған қақтығыстарда парламент корольдің қысымына төтеп беріп, өзінің құқықтарын қорғап қалды. Парламент корольдің жарлықтарының тек орындауға қабылданған, қолданыстағы заңдарды жүзеге асыру үшін сол шеңберде ғана жүруі жағдайын бекітіп берді.

Біз арада алты-ақ ғасыр өткеніне қарамастан, президенттің кейбір құзіреттіліктерін парламент пен үкіметке беру қажеттігіне ақылымыз енді ғана жетіп отырғанын керемет көрегендік, озық реформа ретінде қабылдауымыз керек.

Ағылшынның ұлы философтарының бірі Джон Локк қоғамда заңдылық пен әділдік орнауы үшін, мемлекеттік биліктің бөлінуі қажеттігін сонау XVII ғасырдың өзінде-ақ бірінші болып көтерген болатын. Ол билік: а) заңды; б) атқарушы; в) одақтық болып бөлінуі керек деген формуланы ойлап шығарды. Кейіннен француз философы Ш. Монтескье биліктің үшінші тармағын сот билігі деп өзгертуді ұсынды.

1689 жылғы «құқықтар жөніндегі билль» бойынша ағылшын королі парламенттің келісімінсіз заңдардың әрекетін тоқтату құқығынан айырылды. XVIII ғасырдан бастап ағылшын заңдары парламент депутаттарының король билігінен тәуелсіздігін толық қамтамасыз ететін болды. Англия классикалық парламентаризм еліне айналды. Осыдан кейін алақандай Англияның дүниежүзілік тарихта қалай тауға шауып, төске өрлегені әркімге аян.

Ғылымдағыдай, саясат пен құқық салаларында да уақыт сынынан өткен, өркениет дамуында ақталған, әмбебап қағидалар бар. Оларға биліктің үш тармаққа бөлінісі, олардың өзара қатынастарын арасалмақтылық және тежегіштік ұстаным бойынша жүзеге асыруы, азаматтардың заң алдындағы теңдігі, соттардың тәуелсіздігі, сайлаулардың мерзімді өтуі және ашықтығы, азаматтардың бейбіт шеруге шығуы, митинглер ұйымдастыруы тағы басқалар жатады. Президенттің Үндеуінде нақты көрсетілгендей, «тұтастай заманауи даму логикасына арқа сүйеу» деп осыны түсінуіміз керек.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін америкалық адмирал Д. Макартур Жапонияны жалғыз өзі билеп, айналасы 6,5 жыл ішінде осы ұстанымдарды құбылтпай да, бұлжытпай да, пәрменді енгізіп кеткен болатын. Нәтижесінде соғыстан қирап, қаңырап қалған Жапония небәрі 15 жыл ішінде экономикасы жағынан дүние жүзінде екінші орынға бір-ақ шықты.

Қазір билік бөлінісі схемасын шын ниетімен демократиялық даму тетігі ретінде қабылдап алған қоғамдар мемлекеттік билікті әділ жүзеге асыруды қамтамасыз етіп отыр. Ел басқарудың бұл үлгісі өмірлік тәжірибеде толығымен ақталды. Осы бағытты ұстанған елдер қарыштап алға дамыды.

Сол кездің өзінде турашыл, заңшыл Батыс елдері басқарудың бұл формуласын қабылдап қана қойған жоқ, оның мызғымастығын қамтамасыз етуді де ұмытпады. Ол үшін биліктің аталған үш тармағы арасалмақ және тежегіштік механизмімен жұмыс істеуі керек. Бұл механизм билікті тармақтардың бірі иеленіп кетпеуін қамтамасыз етті. Осы қағидалар толық ұстанылғанда, қоғамның шашау шықпай, тәртіппен, орнықты дамуына жол ашылады.

Мінеки, осы қағидаларды бұлжытпай орындаған қоғамдар жер және еңбек ресурстарының тапшылығына қарамастан, қарышты алға басты. Қазір дүние жүзінің елуден астам елі осы ұстанымдарды ұстанып басқарудың арқасында «алтын миллиард» деп шартты аталған топқа еніп, өркениет көшін бастап барады.

Әрине, бұл қағидаларды өзге елдер де қабылдады. Қазір дүние жүзінің басым көпшілігі осы формуланы қолданып, ел басқаруда. Бірақ олардың бәрі толыққанды даму жолына түскен жоқ.

Неге? Әлде билік бөлінісі, арасалмақ және тежегіштік ұстанымы дегендер барлық елде, барлық жағдайда жетістікке жеткізе алмай ма?

Жоқ, әрине. Шығыс елдерінің басшылығына кездейсоқ келгендердің бәрі өз қоғамын алға жылжытуға мүдделілік танытпайды. Олар дүние жүзінің алдыңғы қатарлы елдері ұстанып отырған басқару тетіктерінен ашық бас тарта алмай, конституцияларына жазып қойып, іс жүзінде оны жүзеге асыруға ынтықпады. Оны қойып, биліктің бар тетіктерін пайдаланып, демократияның арбасының доңғалағына «таяқ тығып» отырады.

Конституцияға дұрыс жазып қойып, басқаруды теріс атқарды. Мемлекеттің күш және медиа ресурстарын әлдекімдердің құпияларын жасыруға, әділеттікті талап еткен адал адамдарды қудалауға жұмсады. Оның ақыры өндірістің тоқырауына, әлеуметтік жағдайлардың шиеленісуіне, білім мен ғылымның тоқырауына, бұқараның толық фрустрация күйіне түсуіне алып келеді.

Олардың айтқан уәждері де өтірікшінің көлгірсуі екені анық: біздің елдің менталитеті басқа ғой; еліміздегі жағдай басқа ғой; Батыс елдері бұл жолды жүздеген жылдарда өтті ғой; біздің өз жолымыз бар ғой… деген сияқты. «Демократия біздің қазір қолданатын әдісіміз емес, түпкілікті мақсатымыз, оған біз кейін жетеміз» деп, биліктегі заңсыз болуын ұзарта түскісі келеді. Соның салдарынан кейбір қоғамдар даму тұрмақ, бұрынғы отарлық жағдайынан да төмен түсіп, кері кетті.

Ал «Шығыс даналығы» деген бізге де тән. Аталған ұстанымдарды біз де «халықтың менталитетіне», «қоғамның ерекшелігіне» «шығармашылықпен икемдеп», 2050 жылға бір жетіп алсақ, одан ары, құдай бұйырса, мұнайдың бағасы аяқ астынан көтеріліп кетуі әбден ықтимал емес пе?!

 

 

Қанағат ЖҮКЕШОВ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн