Арман ШОРАЕВ, журналист: Қазақ ұлтшылдығын ҚҰБЫЖЫҚ ЕТІП көрсетудің қажеті жоқ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №8 (372) от 2 марта 2017 г.

Азаматтың айтары

 


 

Өкінішке қарай, Кеңес заманында мектепті бітіріп, жоғары оқу орнын тәмамдасам да өз тарихыммен мақтана алмадым, себебі мен өз тарихымды білмедім. Ал қазір ғалымдар бұл бағытта күнде бір жаңалық ашып, елді қуантып жатыр. Егер Кеңес заманы әлі өмір сүргенде, қазақтар да аты мен тегіне дейін орысша аталатын чукча мен жақұттардың тағдырын қайталар ма еді, қалай?..

 

Әрине, ұлтшылдық мәселесін қозғайтын саясаткерлердің саяси алаңға шығуы көпті алаңдатады. Оны түсінемін. Мұндай саяси топ өкілдерінің көзі ашық, көкірегі ояу, бірнеше тілді білетін, Қазақстанның өркендеп-дамуын мақсат тұтқан алашордашылардан еш айырмашылығы жоқ.

Ұлтшыл-патриоттық саяси күштер 10–15 жылдан кейін Қазақстанның саяси өміріне белсенді араласатын болады. Олардың орны осы күнге дейін онсыз да ұзақ уақыт ойсырап тұрды. Өздеріңізге белгілі, қазіргі саяси партиялар мен қозғалыстар демократияны тек бетперде еткен квази-ұйымдар екені ешкімге жасырын емес…

Мәңгілік дүние жоқ. Кезінде әлемді дүрілдеткен ұлы Шыңғысхан империясын немесе КСРО державасын алыңыз, жұрнағы да қалмады ғой. Мен билікке ұлтшылдар келіп, бәрін сыпырып тастайды деп айтпаймын. Олар қоғамдық өмірдегі өзіне тиесілі орынды басады. Бұл – заңды құбылыс, одан қашып құтылу мүмкін емес.

Енді 20 жылдан кейін Қазақстанда қазақ тілін білмейтін адамды таппайсыз. Демек, бізде өз тарихын жақсы білетін, аса қадірлейтін жастардың саны артып, елдің саяси өміріне белсенді араласа бастайды.

Қалай дегенмен де, көптеген сарапшы қазақ ұлтшылдығын саяси қозғалыс ретінде көргісі келмейді. Әрине, өкінішке қарай, ұлтшылдар ішінде көзқарас қайшылығы, жікшілдік бар. Оларды бір күш қып қосатын бас керек, әрине. Мысалы, Айдос Сарым, Расул Жұмалы секілді… Олар ұлтшыл-патриоттардың локомативі бола алар еді.

Ал фашистер, ультрарадикалдар деген біз емес. Ондайлар біздің елімізде жоқ, оған сенімдімін. Қазақстанда радикализм орын алса, оған ұлтшыл-патриоттардың еш қатысы болмайды, ол тек діни негізде өрбуі мүмкін.

Өйткені қазақ табиғатынан, жаратылысынан толерантты, төзімді, бейтарап халық. Мұны тарих дәлелдеп берген. Мәселен, қазіргі Ресейдің скинхедтерін алайық, бізде адамның түріне, түсіне қарап, ешкімді төмендетпейді, ренжітпейді. Керісінше, қазақ кез келген адамды үйіне қонақ етіп, төріне шығарып, тәттісі мен дәмдісін ұсынады.

Бізде ұлтшылдық туралы мынандай жаңсақ түсінік қалыптаса бастаған: «Орыс тілінен басқа қазақ тілін білсе, ол – ұлтшыл, ал тек орыс тілін білсе, ол – интернационалист…». Күлкілі ғой, әрине, бұл дұрыс емес.

Мысалы, мен орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімімін, ең сүйікті ақыным — Есенин, ең сүйікті жазушым – Достоевский, бірақ бұл менің қазақтығымды, қазақ халқына деген сүйіспеншілігімді жоққа шығармайды ғой. Мен өз басым ана тілімде сөйлегенді жақсы көремін, Қазақстан азаматтарының барлығы қазақ тілін еркін меңгерсе деп армандаймын.

Ұлтшылдардың қазақ тілін дәріптеуі – қалыпты құбылыс, бұл қандай да бір қорғану амалы емес. Өмір сүріп жатқан елдің тілінде сөйлеуді уағыздауға ешкім бас көтеріп, қарсы шықпайды.

Өз басым ұлтшыл-патриот ретінде кинотеатрларда, қоғамдық орындард берілетін ақпараттың барлығында қазақ тілінің басымдық алуын қолдаймын. Бұл да заңды тәжірибе. Мұндай талап қоюшы адамды шовинист және тағы басқа деп кемсітуге өз басым қарсымын.

Тұрмыстық деңгейде қандай да бір шиеленістер орын алып тұрады. Бірақ барлық елде бәрі орнында тұрмайды ғой. Сондықтан түймедейді түйедей етудің керегі жоқ.

Қазақ ұлтшылдығынан қорқудың, оны қорқынышты етіп көрсетудің де керегі жоқ. Оның жақсы жақтарын, керісінше, бізге дамыту керек.

Мәселен, жақында «Құнанбай» фильмін тамашаладым, дала заңы – билердің төрелігі, Жеті жарғының қаншалықты әділ әрі ашық болғанын көрдім. Оның жанында қазіргі сот жүйесі сын көтермейді. Өткеннен неге сабақ алмасқа? Біреудің қаңсығын таңсық етіп қашанғы жапсыра береміз?

Қазақ ұлтшылдығының кемшін тұсы да бар. Қазақ бүкіл әлемнен алшақтап, өзінің әлеміне оңайшылықпен өзгені кіргізбейді. Бұл дұрыс емес. Бізге үнемі ашық болу керек.

• Дереккөз: 365info.kz

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн