«Общественная позиция»
(проект «DAT» №9 (373) от 8 марта 2017 г.
Сонымен, айналасы бір айдың ішінде тұтас бір елдің Конституциясына ылдымжылдым өзгерістер мен түзетулер енгізілді. Маманзаңгерлер мен саясатшылардың пікіріне қарағанда, бұл өзгерістер болашақ үлкен саяси реформаның бастамасы ғана екен. Әрине, Ақорданың ниеті дәл осылай болса, бұл ойжоралғыны жақтаған жөн.
Бірақ сол өзгерістердің ішіне «Конституцияда белгіленген мемлекет тәуелсіздігі, біртұтастығы және территориялық тұтастығы, оны басқару формасы, бұған қоса тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалаушы, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы салған негізгі принциптерді және оның мәртебесін өзгертуге болмайды» деген арнайы бапты тықпалаудың қаншалықты қажеті бар еді? Жандайшаптар мен жағымпаздар Конституцияға алғашқы президенттің – елбасының ел «іргесін қалаушылық» еңбегі енбей қалса, Ата Заңның өңі кірмей қалады деді ме?
Сол «өзгерісті» тықпалаған жантықтардың есінде болар: кезінде жер шарының жартысына жуығын алып жатқан Кеңестер деген ел болғанын; оның Леонид Брежнев деген коммунистік көсемі болғанын; ол көсемнің көптеген кірпішкірпіш кітаптары болғанын. Кеңестер Одағының бес дүркін батыры атанған сол көсемнің кітаптары қазір қайда? Оларды қалың қойнаудағы ауылдың көп жылдан бергі кілттеулі кітапханасынан да таппайсың – 90шы алапат жылдары бәрі пешке жанып кеткен. Себебі қағазы қатты, беттері жылтырақ болған соң, ол кірпішкітаптарды «басқа жерде» рахатына пайдалануға келмеді.
Әлбетте, республика Конституциясына ондай талапай тағдыр бұйырмасы анық – елдіктің ерен заңы есерліктен есен қалары сөзсіз. Бірақ, құдай сақтасын, Қазақстанның тәуелсіздігі мен біртұтастығы бұзылмаса да, мемлекетті басқару формасын «өзгертуге болмайды» деген қасаң қағида қайдан шықты? Атақты алтыншы бабы бар (КПССтің басшылық рөлі жөніндегі) Кеңестер Одағының Конституциясы қайда қалып еді? Баршаның аяғын бір етікке тыққан оның «басқару формасы» бүгінде қай архивте жатыр?
Парламент партасында паң пошыммен отырған жарамсақ депутаттар «ірге қалаушыны» Конституцияға іреп тыққанда, осы жағдайды ойламады дейсіз бе? Ойлағанда қандай! Бірақ жантықтық жанына жаққан жақыбайлар елдің ертеңін емес, бүгінгі биігін – шыққан шыңым деді ме екен? Осындайда ғой – коммунистік көсемдердің көсегесі көгермей кеткен келешегі еске түсері.
Ермұрат БАПИ