«Общественная позиция»
(проект «DAT» №10-11 (375) от 16 марта 2017 г.
Бейсенбідегі бетпе-бет
Әндерінен қазақылық әуен есіп тұратын белгілі әнші Индира Расылхан тыңдармандарын жалықтырып алудан қорқады. Бірақ әншінің өзі сахнаға сирек шығады. Неге? Әншімен сұхбатты оқып көріңіз.
− Индира ханым, кейінгі кезде сахнаға көп шықпайтын болып кеттіңіз ғой. Телеэкраннан да көрінбей жүрсіз…
− Астанаға қоныс аударғалы бері өз өнер мектебімді аштым. Шынымды айтсам, сол білім ордасының шаруасымен көп айналысып жүрмін. Жеке шығармашылығымнан гөрі, балалардың өнерлерін дамытуды жөн көріп жүрмін. Мектеп бойынша бірнеше жобалармен жұмыс істеудемін. Сондықтан соңғы кезде сахнаға көп шыға алмай жүрмін. Тіптен соңғы уақытта бейнебаян түсіруге де уақытым жоқ.
− Бәлкім, Астанаға көшу сізге кері әсерін тигізген шығар?
− Жоқ, бұл жаңсақ пікір. Бұл жақта ара-тұра концерттерге қатысып жүрміз. Керісінше, Алматыда іске асыра алмаған дүниелерім көп. Соны осы жақта қолға алуға мүмкіндік туды. Телеарнаның барлығы осы Астанада. Сондықтан көш маған кері әсерін тигізе қойған жоқ. Қайта өзімді басқа қырымнан шыңдап, танытып жатырмын.
− «Осы әнші жылтыңдап шыға берді ғой» деген жұрттың сөзінен қашқан едім» деп айтып жүріп, расында да, халықтың жадынан шығып қалам деген қорқыныш жоқ па?
− Ешқандай қорқыныш жоқ. Керісінше, экран бетін бермей, қайта-қайта жылтыңдап шығып кетуден қорқамын. Елдің назарын өзіме көп аударып, жалықтырып жібермейін деп ойлаймын. Даусымның ырғағы, орындаған әндерім, болмысым да халықтың есінен ұмытылмайтынына сенімдімін. Шәкірттеріңнің де өмірбақи есінде қаласың. Балалармен жұмыс жасап отырған соң, әр ата-ана көбінесе «Индира Расылхан не жұмыс жасап жатыр екен» деген қызығушылық танытуы әбден мүмкін. Әрине, үнемі сұраныста болу үшін, халық сені телеарнадан жиі көріп отыруы керек. Сол үшін шамам келгенше шақырған жерлерден қалмай, қатысып жүрмін.
Негізі мен – сахнаға сағындыртып шығатын әншілердің қатарынанмын. Қайта-қайта шығып, ел-жұртты мезі еткім келмейді. Тіпті Инстаграмға сурет саларда «қайта-қайта сурет салып кетті ғой» дейтін оқырмандардың да жоқ емес екендерін біліп отырамын. Сынның астында қалмасам деймін.
− Ал Астанада ашылған өнер мектебіңіз бүгінгі дағдарыстың жағдайында қалай күн кешіп жатыр?
− Дағдарыс деп отыратын адам сол баяғы орнында отыра береді ғой. Өсу, өну дағдарысқа байланысты емес. Халықтың жағдайы да соншалықты қиын деп айта алмаймын. Кез келген ата-ана балаларының болашағын ойлайды. Сол себептен қай кезде болсын, балаларын түрлі мектептерге беруді қиыншылық көрмейді.
− Дегенмен, күнделікті тамағын тауып жеуі қиындап бара жатқан халыққа өнер мектебіне баласын ақымен оқыту қиын емес пе?
− Балалар жалпы орта білім алатын мектептерде тегін оқып жатыр. Мәселен, емханаға да ақысыз қаралады. Қосымша сабағына ақша төлеп оқытуда тұрған еш қиындық жоқ сияқты. Біздің мектебімізге балаларын алып келіп жатқандар көп. Себебі мұнда олар қосымша білім алады. Таланты бар балаларды неге қолдамасқа, қолдау көрсетпеске?
Мектепте эстрадалық вокал, сахна тілі, актерлік шеберлік, түрлі музыкалық аспаптарда ойнауға үйретеді. Қазір балалардың қатысуымен қысқаметражды ойын-сауық танымдық фильм дайындап жатырмыз. Мектеп табалдырығын аттаған оқушы үш жыл білім алады. Оқуды тәмамдаған соң, арнайы куәлік беріледі.
− Сіз осы өнер мектебін ашқан кезде банктен несие алған жоқсыз ба? Оны сұрап отырғаным – бүгінгі қазақтың екісінің бірі кредиттің қамытын киген – несие жабу үшін ғана жұмыс істеп жүрміз дейді…
− Жоқ, несие алмадым. Себебі банктен ақша алатын болсам, бар тапқанымды ай сайын банк сорып алмас па еді?! Бұл өз күшіммен, кейбір жанашыр азаматтардың қолдау көрсетуімен ашылған мектеп. Былай қарап отырсаңыз, банктен кредит алып жасайтындай дүние емес. Балаларға жақсы тәрбие беретін тәлімгерлері бар және барлық аспаптармен жабдықталған жер болса, мектеп ашудың ешқандай қиындығы жоқ деп ойлаймын.
− Ал Алматы мен сіз барған Астананың халқында өнерге деген қандай айырмашылық бар екен?
− Қазақта «Су ішкен құдығыңа түкірме» деген мақал бар емес пе! Алматыдан ешқандай жәбір көрген жоқпын. Әрине, Алматыдағы халықтың көпшілігі қарапайым, менталитеті де басқа. Ал Астананың халқы басқашалау. Тұрғылықты адамдар бұл жақта орысша өскендіктен, қандай да нәрсе болсын өз уақытында, дер кезінде атқарылуын қалап тұрады. Қазақстанның әр аумағынан келіп жатқан өнер иелері көп. Қазақы салты басым облыстардан көшіп келіп жатқандары да бар. Соған байланысты Астана халқының менталитеті қазақылыққа қарай біраз ойысты. Осыдан екі-үш жыл бұрын халқы мүлдем басқаша еді. Қазір Астананың кез келген қызмет көрсететін жерінде қазақша сөйлейміз. Ертеңгі күні Астана қаласы да біздің Алматының халқы сияқты бір-бірін дос көретін, бауыр деп қарсы алатын мекенге айналатынына сенемін. Бұл жақтың халқы да өнерді бағалай біледі. Арқаның өнерін әлі күнге дейін ұстап тұрған, осы уақытқа дейін бізге дәстүрімізді жеткізген жұртты өнерден алыс деп айтуға болмайды. Шынымды айтсам, Астанаға көшкеніме қуаныштымын. Оның көркеюіне біз де үлесімізді қосуымыз керек шығар деп ойлаймын.
− Айтпақшы, соңғы кездері қазақ әншілері неге Астанаға көшкіш болып алды деп ойлайсыз? Мәселен, Американың атақты әншілері Вашингтонда тұрмайды ғой. Кезінде атағы әлемді жарған «Битлз» тобы да Ливерпульдан Лондонға көшпеген. «Өзіміздің» София Ротару да Қырымда жүріп-ақ бүкіл Кеңестер одағын табындырған… Ал біздің әншілер үшін Астананың Алматыдан не артықшылығы бар екенін сіз қалай бағамдайсыз?
− Астанада көп дүние енді ғана ашылып жатыр. Жақсы аранжировщиктер де келуде. Сапалы ән жазу студиясы да ашылады. Енді ғана бой көтеріп келе жатқаннан кейін Алматыдағы көптеген дүниелерді біз Астанаға әкелсек, қаланың көркеюіне үлес қосқанымыз шығар деп ойлаймын. Өз жеке басымызды ойлаған ештеңеміз жоқ. Бірақ «маған Алматы ыңғайлы, осында тұра берсем» деген де өнер адамдары бар. Айналдырған аз халықпыз, оның біраз бөлігін басқа ұлт өкілдері құрайды. Біздің қазақ өзі аз болса да, «ары тарт та, бері тарт» болып жатырмыз ғой. Неге бәріміз бірігіп еліміздің қалаларының бой көтеруіне атсалыспасқа?
− Сіз жайында «әнге деген талғамы өте жоғары» деушілер бар. Ән шырқап қана қоймай, оның сөзіне де мән беретін әншілердің қатарынан боласыз. Ендеше қазіргі эстрадада шырқалып жүрген әндердің сапасына қалай қарайсыз?
− Сөзіңіздің жаны бар. Расында да, мен әннің сөзіне өте кірпияздықпен қараймын. Себебі ол әнімен қоса сөзі де құлаққа жағымды болуы керек деп ойлаймын. Ән арқылы болашақ ұрпағымыз тәрбиеленеді. Сондықтан әннің сөзінің өзінде тәрбие жатуы керек. «Сүйдім-күйдім», «өлдім-талдым», «өртендім-жандым» деген сөздерден қандай тәлім алуға болады? Халықты тәрбиелеуге біз де өз үлесімізді қосып отырғандықтан, менің ойымша, айтар әрбір сөзімізге мұқият болуымыз қажет. Біз сөзге тоқтаған халықпыз, оған мән беріп, әр айтылған сөзден нәтиже шығарған бабалардың ұрпағымыз. Сол үшін де оған өте салмақты қараймын.
Иә, қазір мағынасы жоқ сөздерден құралған әндер көп. Дегенмен, мұның бәрі уақытша деп ойлаймын. Оның сахнадан, қазақ өнерінен жойылатын өз мезгілі бар. Халық әлі әуезді және мағынасы терең әндерді іздейтін болады. Өз басым келе жатқан ұрпақтан зор үміт күтемін. Ұлтымызды, жерімізді ойлайтын ұрпақ тәрбиеленетініне сенімдімін.
Әрбір отбасындағы үйде отырған аналарымыз осы тұрғыдағы мәселені қарастыратын болса, біздің ұлтымыздың тілінің жоғары, дәстүрінің тұғыры биік болуына атсалысқан болар еді.
− Сұхбаттың бірінде «Мен үшін ең үлкен атақ – «Индира Расылханның эстрада әншісі болғаны!» деп айтқансыз. Бірақ қатарластарыңызға қарағанда сіздің атақсыз жүргеніңіз көңілге қаяу түсірмей ме?
− Иә, мен үшін одан асқан атақ жоқ. Қай жерде болсын осыны айтып жүремін. Былтыр ғана Ұлықпан Жолдасов ағамыз ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атағын алды. Осы уақытқа дейін ол кісі қаншама ән шығарды, еңбектенді. Бірнеше әндердің композиторы, сахнада жүргеніне де біраз жыл болды. Сол кісінің өзі атақты енді алып отырғанда, оның қасында мен әлі де мұндай көлемде еңбек сіңірген жоқ шығармын деп ойлаймын. Жақсылықтың ерте-кеші жоқ, бәрі де өз уақытында болуы керек.
Көбінесе жұрт Қайрат Нұртастың атақ алғандығы туралы айтқысы келеді. Шыны керек, Қайраттың халық үшін жасағаны, Гүлзира ханымның тарапынан болсын атқарған еңбектері зор. Соншама ән жазу, оны халыққа тарату, ерінбей әр облыстарда концерт беру үлкен жігерлікті талап етеді. Мәдениет қайраткері деген атаққа лайықты іс атқарып жүр. Ал мен олар секілді таңертеңнен кешке дейін тыным таппай толассыз жұмыстар жасап жатқан жоқпын. Себебі отбасым, бала-шағам бар. Сол себептен бір жерде экраннан көрініп жатсам, енді бірде бала-шағамның жағдайына қарап қалатын кездер болады. Болашақта осы қазіргі жасап жатқан еңбегіміз еленіп жатса, тіпті жақсы. Әлі күнге дейін атақ алмағаным көңіліме еш қаяу түсірмейді.
− Шығармашылығыңызда қандай елеулі жаңалығыңыз бар?
− Асып кеткен жаңалығым жоқ. Жаңа әндер жазылып жатыр. Әзірге оны құпия ұстаймын. Жарыққа шығып жатса, тыңдайсыздар. «Индира Расылхан» өнер мектебінің балаларының қатысуымен «Наурызға асық» деп аталатын фильм түсірдік. Ол жерде тек актерлік шеберлікте оқитын балалар ойнайды. Алла қаласа, жақында мектебіміздің бір жылдығы болады. Әр облыстарда жыл сайын өткізілетін республикалық «Дарын 2016» деген конкурсым бар еді. Соны сәуірге жоспарлап отырмыз. Әзірге сол балалармен жұмыс жүргізіп жатырмын.
− Соңғы уақытта әншілер қауымы кино түсіргіш болып кетпеді ме осы? Кейде кәсіби режиссерлер ренжіп: «Әншілер кино түсіруді ақша табу деп ойлайды» дейді…
− Біздің фильмді кәсіби режиссерлар түсірді. Өзіміз режиссерлық жасап отырған жоқпыз. Бұл жердегі мақсатымыз – ақша табу емес, балалардың актерлік шеберліктерін арттыру, алған білімдерінің нәтижесін көрсету. Сахнада жүрген әншілеріміздің қайсысы қаншалықты фильм түсіргендерінен хабарым жоқ екен. Бірақ оған ешқандай қарсылығым жоқ. Егер кино түсіруге деген ынтасы болып жатса, неге өзін басқа салада сынап көрмеске?!
Сұхбаттасқан –
Анар ДӘУКЕН,