Қазақстан темір жолы арқылы МҰНАЙ ҚАЛАЙ ҰРЛАНАДЫ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №10-11 (375) от 16 марта 2017 г.

 

Мәселенің мәні

 


Бүгінгі инженер, бұрынғы «КГБ» мен қазіргі «КНБ» капитаны, ақтөбелік теміржолшы Алдаберген Аймағамбетовтен редакциямызға хат келген еді. Осы хаттың жай-жапсарын тексеру, оны газетке басуға дайындау барысында біраз сұрақтар туындаған соң, Алдаберген мырзаны редакцияға шақырдық. Ақтөбедегі мұнай ұрлығы мен темір жол бойындағы былықтар туралы біраз мәселенің жай-жапсарын өз аузынан естідік. Мемлекет мүддесін қорғау жолында жәбір көріп, жергілікті жерде қудалауға түскен азамат жария етіп отырған жәйттер ҚР Бас прокуратурасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан жіті тексеруге алынады деген ойдамыз.

 

– Алдаберген мырза, ең алдымен сот пен оттың ортасына түсуіңізге себеп болған жағдай қалай басталғанын айтсаңыз…

– Даудың басы мені заңсыз жұмыстан шығарудан басталды ғой. Кейіннен 2011 жылы наурызда соттың екінші сатысындағы кассациялық алқасы менімен еңбек шартының бұзылуы заңға қайшы деп таныды. Бұрынғы жұмысым – Ақтөбе темір жол бөлімшесіндегі АСУ бөлімі бастығы қызметіне қайтадан орналастырды. Бірақ соттың шешімі орындалған жоқ. Менімен бұзылған еңбек шарты қайтадан жалғасқан жоқ. Себебі наурыздан кейінгі шыққан 22 қыркүйек айындағы шешім – алдыңғы соттың шешімін өзгертіп жіберген. Онда жұмыстың орнына «қызметке орналасты» деп, өңін айналдырып жіберген. Қызметке орналасқан адаммен еңбек шарты жасалмайды. Мені қызметке орналастың деп, үшінші рет жұмыстан шығарып жіберді. Осы шешімді облыс әкімі қолдап, Ақтөбе прокурорларының ешқайсысы назарға алмаған соң, Қазақстанның бас прокуроры Жақып Асанов мырзаға шағым жаздым. Сол кісі жағдайды түсініп, екі соттың: бірінде –жұмысқа, екіншісінде – «қызметке орналасты» деген шешімін көріп, облыс покуратурасына тапсырма беріп, ақыры 2017 жылы наурыздың 7-сінде жәбірленуші болып танылдым. Соттың шешімі орындалмағаны анықталды, қазір тергеу жұмысы басталды.

– Сіздің бас прокурор Асановқа дейінгі қудалауға түсуіңіздің астарында қандай себеп барын ашып айта аласыз ба?

– Ең басты себеп – мұнай ұрлығы. Біздің Ақтөбе темір жол бөлімшесінде 2006 жылдың аяғынан бері Ресейден келген мұнай жүгінің коды станцияда өзгертіліп, оны композит жүгінің кодына айналдырып, шетелге жөнелтеді. Бұл – жүк алушы, кеден мен станция қызметкерлерінің арасындағы үшжақты жасалатын әрекет. Жүктің кодын өзгертіп, мұнай ұрлаушыларға сыбайлас болатын – станция басшылығы. Міне, осы қылмысты мәселені көтергеннен бастап, қудалауға түстім.

– Демек, сізге қатысты сот шешімдерінің бұрмалануына мұнай ұрлаудың «майталмандары» қатысты екен ғой…

– Әлбетте, дәл солай! Мен – теміржолшы маманмын, жол бойындағы жүк тасымалы қозғалысының барлық бүге-шігесін білемін. Сотта менің мұнай ұрлауға қатысты көтерген шуымнан кейін, облыстық прокурор келіп, қылмыстық іс қозғап, іс қаралып, үкім шықты. Бірақ мені ол іске куәгер ретінде қатыстырмады. Ол үкімді кейін тауып алдым: 80 беттік үкімге өзім анализ жасап, кестесін түздім, Қазақстан темір жолының анықтағанын сотта қаралған іспен салыстырдым. Екі жылда (2007–2008) 730 күн бар десек, сот өз шешімінде 60 күнді ғана көрсеткен. Қалған 630 күнде қолды болған мұнай туралы сөз жоқ. Мұнай ұрлаушылар 60 күнде мемлекетке 5,5 миллиард теңге мұнайға шығын келтірсе, қалған 630 күндегі мұнайдың қаржысы кімнің қалтасына түскен? Мемлекетке 5,5 млрд теңге емес, кемінде 100 млрд теңге залал келтірілген деп есептеймін. Мұнайдың контрабандалық жолмен елден шығарылуына байланысты келтірілген шығын қандай қалталарға кетіп жатыр?

Мәселен, Қандыағаш станциясы бойынша, «КНПЗ-Трейд» және «Вернал-Ойл Казахстан» ЖШС-і жүк жөнелтушілері 2007 жылдан бастап, 2008 жылды қоса есептегенде, «композит жүк» деген код арқылы вагон-цистерналармен шикі мұнай тасымалдаған. Ал «композит жүк» пен мұнайдың бағасы арасында қандай айырмашылық барын есептеп көріңіз. Үш рет жүргізілген тексеру барысында Қандыағаш станциясынан 2007-08 жылдар аралығында қоса есептегенде, «композит жүктің» коды соғылған вагондармен мыңдаған тонна шикі мұнай сырт елге жіберілгені анықталды.

– Сонда «композит жүктің» ішінде не болуы керек?

– Дәл осы арадағы композит жүк дегеніміз – өңдеуден өткеннен кейінгі мұнайдың қалдығы. «Композит» пен шикі мұнайды тасымалдау тарифы арасындағы айырмашылық жер мен көктей, мәселен, бір вагондағы жүктің айырмасы – 47 мың теңге. Тасымал вагондарға «композиттің» орнына шикі мұнайдың тиелгенін темір жол басшылығы білмеуі мүмкін емес.

– Ал шикі мұнайды ұрлауды ақтөбелік лаңкестерден құралған «ОПГ» ұйымдастырды деген дақпырт шындыққа саяды деуге бола ма?

– Мәселенің үстінен дөп түстіңіз! Қандыағашқа жақын жердегі Темір, Кеңқияқ, Шұбарши мен Ақтөбеде лаңкестік оқиға болғаны естеріңізде болар. Ол іс жабылды деп жүргенде, 2016 жылы маусым айында қанда оқиға тағы да қайталанды. Арасында бір ай өтпей жатып, шілде айында Кеңқияқтың қасындағы тоғайда қару асынған сақалдылар жергілікті тұрғындарға мал жайғызбайтыны, шөп шаптырмайтыны, орман алқабын атыс алаңына айналдырғандары жөнінде «Диапозон» газетінде жазылды. Мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы капитанымын ғой: осы мәселені қорытындылап, комитеттің облыстық департаментіне, ҰҚК-не жаздым. Мұнай ұрлығының ашылмағанын, қолды болған ақша осы лаңкестердің қолына түсті деген күдігімді ашып айттым. Сол арыздан кейін мені ҰҚК басшылығы қабылдады: «Сырттан келетін ақшаға бақылау жасап, жолын жауып отырсыздар, сонда елдің ішінде, орманға тығылып, қару асынғандар қыруар қаржыны қайдан алып отыр?» – деп, сұрағымды төтесінен қойдым. Қалай болғанда да, осы қылмыстың бетін ашуға бел будым. Кейіннен біраз істің беті ашылғаны жөнінде облыстық газеттерде жария болды. Ал осы жылғы ақпанның 26-сы күні комитеттің қызметкерлері мені тауып алып, осы іс бойынша куәгерлікке тартты. Қолымнан келгенше көмектесіп жатырмын, менің жазған арызымнан кейін де талай деректердің беті ашылған екен, тексеру-анықтау істері жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесін дер уақытында білетін боласыздар, тергеу құпияларына байланысты алдын ала айта алмаймын.

– Ал ұрланған мұнайдан түсетін қыруар қаржы қайда кетіп жатыр ойлайсыз?

– Ұрланған мұнайдан түскен қаржы «террорист-діншілдердің» қолына түскеніне күмәнім жоқ. Мұнай ұрлығы Ресеймен тығыз байланысты. Өйткені мұнай тиелген вагондар Ресейден Қазақстанға келеді. Мұнда жүктің коды «композиттікке» өзгертіліп, кері қарай экспортқа-мыс жөнелтіледі. Мұнай вагондарының Қазақстан арқылы шетелге жөнелтілу себебі – Ресейде экспортталған мұнайдың әр тоннасына 276 доллардан төленуі керек. Ал Қазақстанда сыртқа шығарылатын мұнайға қосымша құн салығы жоқ.

– Сіз жәбірленуші ретінде тартылған тергеу ісі ақыр соңында сізді қайтадан жұмысқа алу мәселесін шешеді деп ойлайсыз ба?

– Мәселенің қызығы да осы болып тұр. Менің осы іске қатысты шағымымды прокуратура ҰҚК-не бермей жатыр – түрлі тосқауылдар қоюда. Комитет өздігінен ол істі өз қарауына ала алмайды – процедуралық тәртібі солай. Бұған елдің Бас прокуратурасы рұқсат беруі тиіс.

Енді менің ісімді қарап, заңсыз шешім шығарған екі судьяның қызметтеріне сәйкестігі жөнінде мәселе қарауға қатысты наурыздың 2-сінде президентке арыз жаздым. Сол арызымның ішінде мемлекетке шығын келтірген мұнай ұрлығы жөніндегі қылмыстық іс біресе ашылып, біресе жабылып жатқанын да жаздым. Сол істі ҰҚК-не беру жөніндегі ұсынысымды да ұмыт қалдырған жоқпын. Әзірге менің ісім прокуратурадан шыға алмай тұр.

– Өзіңіздің жеке басыңызға қоқан-лоққы жасап жүргендер бар ма?

– Онсыз бола ма? (Күлді). Облыстық БАҚ беттеріне шыққан екі мақаладан кейін, темір жолдың Ізғұлов деген бір басшысы Астанадан арнайы ұшып келді. Менімен сыйласатын ақсақалдарға түні бойы хабарласып: «Қайта-қайта жазуын қоймады, ақша керек шығар, сөйлесіңіздерші», – деп өтініш жасапты. Сол кездесуге барған екі ағамыз менің тамырымды басты. «Ағалар, мен сіздерді сыйлаймын, Ізғұлов ақша деген әңгімені бекер айтып отырған жоқ – күні ертең менің өзім ұсталып кетуім мүмкін, араласпаңыздар, өзім бастаған істі аяғына дейін жеткіземін», – дедім. Ақсақалдың біреуі айтыпты: «Алдабергеннің жазғаны орынды, станция аумағына кіретін жерлер мен темір жол тармағы заңсыз жекешеленгенін елдің бәрі біледі, ол айтқанынан қайтпайды, әуре болмаңдар», – депті.

Ал жеке басыма келсем, ұлым жақсы бір фирмада атқарушы директор еді – жұмысынан шығарып жіберді. Өзімнің денсаулығыма зиян келді: екі рет инфаркт алдым. Бір жыл азап шегіп, «мәдени концлагерьде» отырғандай, ештеңе істемей отырып қалдым. Маңайымда жүрген жора-жолдастың бәрі менен қашты. Дегенмен, әділеттің ауылына жететін күн жақын қалғанына сенемін. Себебі бас прокурор Жақып Асановтың өзі менің мәселеме оң көзімен қарады. Жақып мырзаға сіздердің газеттеріңіз арқылы ағалық алғысымды білдіргім келеді. Әділетті жолдан таймаса екен деймін. Алты жылғы арпалыстың соңы оңды болады деп сенгім келеді. Жұмысқа қайта орналастыру туралы сот шешімі орындалмаған кезде жәбірленушінің, яғни менің арызым бойынша қозғалған қылмыстық іс тек қана медиациялық тәртіппен тоқтатылады немесе соттың үкімімен кінәлілер жауапқа тартылады.

– Ал егер екінші тарап сізден кешірім сұрап келіп жатса ше?

– Егер кешірім сұрап, менің шығындарымды өтеп жатса, оларды жазалатып, бала-шағасын аңыратып қайтем? Басым аман, бауырым бүтін. Менің мақсатым – келешекте әділет қуған ел азаматтары мен сияқты заңсыздықтың құрбаны болмаса екен деймін.

Ал мемлекеттің байлығы – мұнайымыз қолды болып, оның қаржысы жол торыған қарақшының уысында кетпеуі үшін, қолыман келгенше тергеу-тексеру амалдарына көмектесем.

– Ендеше іске сәт, Алдаберген мырза!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

 

 


 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн