«Общественная позиция»
(проект «DAT» №10-11 (375) от 16 марта 2017 г.
Наурыз-нама әзілдер
«Новый год» мерекесін әлем халқы тойлайды.
Әдетте желтоқсан айының орта тұсынан басталатын думандық шаралар қаңтардың алғашқы декадасынан аса «жығылады».
Ал Наурыз мейрамы – өз Жаңа жылымыз емес пе?
Мені мынадай «ыңғайсыз сұрақтар» жиі мазалайды:
1. Мәңгілік елге «Наурыз мейрамы» қаншалықты маңызды? Аталмыш мерекенің бүкілхалықтық шара ретіндегі салмағы неге «Новый годтан» кем түседі?
2. Мерекені өткізу шаралары неге жасанды?
3. Қазақтың Наурыз мейрамы неге «шапан киіп, көже ішумен» ғана шектеле береді?
4. Наурыз тарихы мен ата-баба дәстүрі жайлы «ағартушылық» жазбалар мен роликтерден аса алмаймыз. Жыл сайын сол көрініс… Жыл сайын «сол жартас…»
5. Мейрам неге мей-рам-дал-май-ды?
Неге осы күні көсемсіп, ақыл айта береміз? («Новый год» мерекесінде «Иссус ағайдың мамасы қай «роддомда» босанып, неге осы себепке байланысты 2017 жыл бойы уақыт санап жүргеніміз жайлы «танымдық» әңгіме айту ешкімнің ойына да кіріп шықпайды ғой).
6. 22 наурыз – жыл басы ма, жоқ әлде «қазақтың дәстүрі туралы ашық лекция оқу күні» ме?
7. Наурыз мерекесі – жыл басы болса, оны неге думандатып, түнде немесе таң алдында қарсы алмаймыз?
8. Бүкіл отбасымызбен желтоқсанның 31-і күні сағат 00.00-ді тағатсыздана күтіп, Құдайдан жақсылық пен жаңалық дәметіп отырамыз. Ал 21 наурыздан 22-сіне ауған түні неге пысылдап ұйықтап жатамыз? (Ертеңіне «қисық қалпақ, жылтыр шапан» киіп, көшеге шығып көже ішу үшін бе?).
Сіз не айтасыз?
Серік АББАС-ШАХ
«СЦЕНАРИЙ»
Көптен бері фантастика жанрында бір сценарий жазсам ба деген ой толғандырып жүр еді. Кейін Голивудқа жолым түсіп жатса, сол жақтан продюсер табылып қалар. Сол сценарийді жазудың уақыты келген секілді. Фильмнің сюжетін аздап таныстыра кетейін.
Күндердің бір күнінде Джокер (Ерлан Сағадиев) қазақ xалқының болашағына балта шаппақ болып, қазақ тілін жоюдың амалын ойластырады. Оны естіген Бетман (Бекболат Тілеуxан) бір рет қарсыласады да, шаршады ма, кім білсін, талықсып ұйқыға кетеді. Дәл осы тұста қытай бетінен асып келе жатқан бір топ босқынға вампирлер шабуыл жасады деген жедел xабар келіп жетеді. Оны естіген xалық батыры Супер Мен (Мұxтар Тайжан) тамнан тамға секіріп, бірден сол бағытқа қарай бет алады. Трансформерлер (оппозиционерлер) жер шарына әлі жақындай қоймаса керек, бұл жағдайдан бейxабар болды.
Осы тұста Сара Джесика Паркер (Баян Есентаева) «Секс в большом городе» фильмінің үшінші бөліміне түсіп жатқан болатын. Ал Малефисента (Дариға Назарбаева) болса, бірде Джокерді қолдаса, бірде Бетманды қолдап, бірде опера айтса, бірде би билеп, өмірден өзінің ізгілікті жолын әлі таба алмай жүрген еді. Таяу батыста Халк (Мұxтар Аблязов) босап шықты дегенді естіп, Изгойдың (Н.Назарбаев) қаны басына шабады. Изгой қатты сасқаннан Торды (Иманғали Тасмағамбетов) марсқа (Мәскеуге) қол жинауға жібереді. Тор ол кезде Изгойға сатылып кеткен. Жотаның төменгі жағында адамдар мен зомбилер әлі қырқысып жатады. Ал принцесса Диана (Бакытгуль Хаменова) болса жер шарының атауын Изгойдың атымен атаймыз деп бет бақтырмайды. Фильмнің соңында барлығы өз мұратына жетеді. Бірақ көп ұзамай, фильмнің екінші бөлімінде қайта жауласады.
P.S. Бұл фильмнің сюжет желісі фарс немесе комедия жанрына ұқсағанымен де, түсіргенде нағыз фантастика болып шығады. Иә, жаза берсең, Қазақстан деген бітпейтін бір ертегі.
Әзірге белгісіз, бірақ
талантты режиссер –
Еңлік СЫДЫҚОВА